Балтабаев Ержан Жұмақанұлы,

Тургалиев Нурқуйса  Оразайұлы

Алматы

 

КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҒЫН АЛДЫН-АЛУДЫҢ ПЕДОГОГИКАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ

 

Қазіргі заманда жас ұрпақты өз мемлекетінің саяси-әлеуметтік, қоғамдық құрылымын, заңдарын, рәміздерін, адам құқықтары мен бостандықтарын, заңда бекітілген міндеттерін білетін және осы аталынған институттарды қадірлейтін, оларға қол сұқпайтын құқықтық саналы, әрі мәдениетті тұлғаны тәрбиелеу өмір талабы, қоғам қажеттілігі, мемлекеттің көкейкесті мәселесі. Оған дәлел, Қазақстан Республикасының Үкіметі қоғамды демократияландыру, заңдылық пен құқықтық тәртібін нығайту, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтау мәселелеріне баса назар аударатындығы ерекше аталынған [1, 53]. Сондай-ақ, бұл мәселе Қазақстан мемлекеті тәуелсіздік алғаннан бастап мемлекетіміздің өзекті мәселелерінің бірі ретінде қарастырылуда. Елімізде тарихта біршама уақыт бойы өмір сүрген тоталитарлық тәртіп пен жан-жақты тәуелсіздіктен кейін Қазақ мемлекетінің тарихында тұңғыш рет 1991 жылы желтоқсанның 16 жұлдызында “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” Заң қабылданғаны белгілі. Бұл құжатта: “Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі Қазақстан халқының еркін білдіре отырып, адам құқықтарының жалпыға бірдей деклорациясында, халықаралық құқықтық жалпы жұрт таныған өзге де нормаларында баянды етілген жеке адамның құқықтары мен бостандықтарының үстемдігін мойындай отырып, қазақ ұлтының өзін-өзі билеу құқығын растай отырып, азаматтық қоғам және құқықтық мемлекет құруға бел байлағындығын басшылыққа ала отырып, бейбітшілік сүйгіш сыртқы саясат жүргізе отырып, ядролық қаруды таратпау принципі мен қарусыздану процесіне адалдығын мәлімдей отырып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін салтанатты түрде жариялайды” (1) – делінген.

Социолистік өмір мен қағидалардан дереу бас тарту, бүкіл қоғамдық формацияны күрт өзгерту, сонымен бірге жаңа қоғамдық қатынастарға көшу және осыған байланысты туындаған күрделі өзгерістер қарапайым халықтың өмірінің нарықтық қатынастың қатал қыспағына түсуіне және үнемі ауысып жатқан саяси өзгерістерге тәуелді болуларына әкеп соқтыруда.

Осының салдарынан тек идеология саласында ғана емес, сонымен бірге ең маңызды экономика саласында да дағдарыс туды.

Экономикалық құлдырауымыздың салдарынан азаматтардың көпшілігінің табысы мен өмір сүру деңгейі нашарлап кетті. Жұмыссыздық, жалақы мен зейнетақыны уақытылы төлемеу сияқты келеңсіз жағдайлар етек алды. Қазір көпшіліктің көзі жеткендей, елімізде қоғамдық және құқықтық тәртіптің деңгейі едәуір төмен түсті. Қатарынан қабылданып жатқан құқықтық немесе ұйымдастыру шараларына қарамастан еліміздегі заң тәртібін бұзушылық, әсіресе қылмыстық ахуал күрделі күйінде қалып отыр.

Республика бойынша жалпы алғанда кәмелетке жасы толмағандардың саны еліміздегі жалпы адам санының 33 %-ын құрайды. Кәмелетке жасы толмағандар арасындағы қылмыстылықтың ең бір қауіпті де айқын ерекшелігі оның ұйымдасқан немесе топтасқан жағдайларда жасалынуында. Тағы да бір баса назар аударар жай - әсіресе соңғы кезеңде етек ала бастаған ересек қылмыскерлердің ықпалымен қылмыс жасап, ұсталатын жасы кәмелетке толмағандар жиі кездеседі.

Егеменді де өркениетті елдің бүгіні мен ертеңін өрге бастырар жас жеткіншектер екені белгілі. Болашақтың тізгінін ұстайтын олардың алдағы атқарар іс-әрекетінің түп-тамыры бүгінгі күнмен тығыз байланысты.

Сондықтан да қазіргі жағдайда жасы кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстылықпен күрес, әсіресе олардың өзара топтасып немесе ересек адамдардың қатысуымен жасалатын қылмыстық әрекеттерімен күрес жүргізу мәселесі жалпы мемлекеттік деңгейде орын алған алдыңғы бағыттағы міндеттердің бірі болып табылады.

Әрине, қай қылмыстылықтың да алдын алуда әуелі жалпы тәрбие, оның ішінде құқықтық тәрбие негізгі құрал болып есептелінеді. Қылмыстылықтың алдын-алу шаралары олардың негізгі көрсеткіштеріне байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Дегенмен барлық шаралардың құрамында қылмыстық жазаның да ролі аз емес. Себебі жаза – қылмыс жасаған адамға берілетін қоғамдық, әлеуметтік әділеттіктің көрсеткіші.

Екіншіден, жаза – қылмыстылықпен күрестің қажетті құралы.

Үшіншіден, жазаның тәрбиелік мәні өте зор. Жазаны пайдаланып қылмыскердің қылмысты қайталап жасауына кедергі етуге әбден болады. Қала берді біреуге жаза беру арқылы басқа да қылмыс жасауға ниеті бар адамдарды қылмыстық әрекеттерден сақтау мүмкіндігі бар.

Міне осындай жағдайларға қарамастан бұл үлкен де мәнді мәселелер төңірегіндегі әңгімелер жеткілікті деңгейде әлі де болса көтерілмей отыр.

Әрине біздің елімізде осы бағытта арнаулы зерттеулер осы кезге дейін мүлдем жүргізілмеген десек, ол шындыққа симас. Бұл саладағы аз да болса монографиялар мен ғылыми еңбектерден құр алақан емеспіз.

Демек өте қажетті мәселенің бірі – кәмелетке жасы толмағандардың қылмысы бойынша жаза тағайындаудың көп жағдайларда заңға сәйкес жүргізілмеуі және осы мәселе жөнінде Қазақстанда қылмыстық құқық тарихында монография деңгейінде арнайы зерттеудің жүргізілмегенін айту керек. Осыған байланысты маңызды мына үш жағдайды ескерсек, артық болмас:

Біріншіден,  Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінде қылмыстық жазаның түрлеріне едәуір өзгерістер енгізілген;

Екіншіден, қылмыстық заңда қарастырылған қылмыстық жазаның әрбір түрлерінің жасы кәмелетке толмаған қылмыскерлерге тағайындауда едәуір ерекшеліктері бар;

Үшіншіден, сот тәжірибесінде жасы кәмелетке толмағандардың қылмыстық ісі бойынша жаза тағайындау кезінде жіберілетін қателіктер мен олқылықтар әлі де аз кездеспейді.

Ал жастар арасындағы қылмыстылықпен күресуде жасалған қылмытық заңға сәйкес дәрежелеу ғана емес, соған сәйкес қылмыскерлерге жазаны әділ түрде тағайындаудың маңызы зор. Өйткені қылмыскер өз жасының дұрыс тағайындалғанына көзі жетіп, соны ұғынса, оны әділ деп тапса, жазаның ойдағынай өтелуіне ғана емес, сонымен қатар қылмыскердің қайталап қылмыс жасамауына үлкен әсер етеді.