Жалилова Перизат Саматовна
Орталық-Азия
Университетінің магистранты
Жәркен Бөдешұлы
шығармашылығындағы түркілік дәстүр
Адамзат тарихында
жаңа кезеңді басталғанда өзгерістер болатыны белгілі,
сондай өзгерістердің бірі әдебиетте көрініс береді.
Мысалы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ
әдебиеті тарихында да көптеген жаңалықтар болды.
Ақындар жаңа тақырыптарда жыр шумақтарын түзсе,
жазушылар да мұндай жаңалықтардан қалыс қалмады.
Бірақ дегенмен де бұл уақытта поэзия прозадан озық
болып алға шықты. Бір қызығы, орта
ғасырдағы Қарахан дәуірінде де тура осындай
жағдай болған. Ежелгі дәуірдегі әдебиетті қарастырсақ,
орта ғасыр шығармаларында прозамен жазылған туындылар
өте аз, тіпті саусақпен санарлықтай. Бұл дәуірде
Жүсіп Баласағұнның “Құтты білігі”, Ахмет
Иасауидің “Диуани хикметі”, Ахмет Йүгнекидің
“Ақиқат сыйы” дастандары сол кезеңдегі поэзияның
озық туындылары болып саналады. Демек, бұл әдебиет
тарихындағы ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан
дәстүр жалғастығы. Бұл екі кезеңді
салыстырып қарастыру әдебиет тарихына көп жаңалық
енгізеді. Бүгінгі поэзияның даму дәрежесін анықтау
үшін қазіргі
қазақ поэзиясының көне
түркі ескерткіштерімен идеялық-тақырыптық жағынан
үндестігін тауып, олардағы ортақ сарындары екшелеп,
әдеби талдаулар жасау керек. Тәуелсіздік
жылдары жазылған көркем шығармаларда дәстүр мен
жаңашылдық мәселелер тоғысқанын екі
кезеңнің ақындарының шығармаларын салыстыруда
аңғарылады. Демек, бүгінгі
қазақ поэзиясының белді өкілдері сонау қайнар
бұлақтан сусындап, оған қоса тың бағыттар
қосып, жаңа жетістіктерге жетуге жол салып отыр.
Міне, осындай
ақындардың бірі – қазақ поэзиясында өзіндік орны
бар ақын Жәркен Бөдешұлы.
Ата жұртым –
Өр Алтай,
Туған жерім –
Жайыртау...
Айға
ұлыған көктегі,
Арғы тегім –
Көкбөрі.
Бергі тегім – Ер
Көкше,
Даңқым
мәлім жер-көкке [1.45],
–
деп жырлаған
ақын қазақтың шыққан тегін
көкбөріге апарып телиді. Автордың қазақтың
негізін көне дүниеден іздеуі де бекер емес. Көкбөрі
түркілерде қасиетті саналған, ақынның
халықтың рухын көтеру үшін осы образды
қолданған. Міне, сондықтан да автордың
өлеңдерінде осы “көкбөрі” ұғымының
жиі қолданып отырғаны да осыдан деп ойлаймыз. Мысалы:
Жорт, қаламым,
жортып бақ,
Жорт, қаламым,
жортып бақ.
Жолың болар
жортқанда бөрі азығы жолда деп,
Жорта алмаған
қортықты туған жұртым қор тұтпақ [1.46], –
деген жолдарда
халқының мұңын мұңдап, жоғын
жоқтап, одан іргесін аластатпау үшін қаламының
мұқалмай жортуын жортқан бөріге теңеген.
Бұл ақын шығармашылығында кездесетін ерекше бір
бөліп айтарлық мәселе. Бөрі қандай
қиыншылықтар болмасын жеңіп, діттеген мақсатына жетеді.
Ақын қаламының мұқалмай жортуын бөріге
теңеп, айтар ойын қалың тыңдаушыға жеткізу
арқылы ақындық талантын танытады.
Ал,
“Бостандықтың басы” атты поэмасында Жәркен
Бөдешұлы өзінің бар болмысын “көкжалға”
теңейді. Мақсаты – ұлтының жоғалтқанын
іздеу, табу. Шығарманың мазмұнын ашуда ақын “көкжал” ұғымын еркін қолдана білген, сонымен қатар ақын өз
көңіл күйін, сезімін еркін жеткізу мақсатымен
айтқан. Жанары шоқтай жанған көкжалды
жорыққа шығарып,
дүниені шыр айналдырады, яғни діттеген мақсатына жету
үшін бөрі образын пайдаланады. Сонау көне түркі
заманында Орхон жағасында қалып қойған
Күлтегіннің көк тасын ұлып тұрған
көкжал бөріге теңейді, оның рухының
асқақ биік екенін, соынмен қатар ол бостандық символы
болғандығын көркем тіл, бейнелі сөзбен өлең
жолдарына қосады:
Қарақұрым
төрінде Көкжал бөрі ұлып тұр,
Самалды
Сарыарқаға бүйрегі оның бұрып тұр.
Көкжал бөрі
дегенім – Күлтегіннің көк тасы,
Күллі түркі
табынған таңғажайып рұх бұл. [1. 46].
Еркіндікті аңсап,
жырға қосқан ақын Хан Кененің тарихы туралы да
арнайы бір поэмасында да осы бостандық туралы жырлайды. Онда
Ж.Бөдешұлы бостандықтың берері көп, оған
жету жолындағы қиыншылықтар мен қуаныштар,
жақсылықтар мен жамандықтарды қарама-қарсы
қоя отырып суреттейді. Бостандықтың арқасында жеткен
қуаныштардың бірі – ғасырлар бойы жоғалтқанын
тауып, онымен қауышу. Қазақ халқының ардақ
тұтар ұлдарының бірі Кенесары ханның
оқиғасын көріктеу, бейнелеу
тәсілдерін шебер пайдалану арқылы көркем
жырлайды:
Маңдайын үлде
менен бүлдеге орап,
Кірпігін
қансыраған гүлге қадап,
Кесілген Кене
ханның басындай боп,
Құзардан
батты қызыл күн домалап…
Жасынан жыр додасына
түскен ақынның Отан, туған жер, жастық, махаббат
жайында жазған өлеңдері көп.
Періштедей
мен бір таза шайырмын,
Күн аптабы, ай
нұрына шомылдым.
Жырын жырлап,
жоғын жоқтап бұл елдің
Хас
сұлудың бұрымына гүл өрдім, – [1. 47].
деген автордың заман,
замандастары жайында, адамгершілік мәселелер туралы терең
толғаныстары халықтың жүрегіне жетіп, өз
бағасын алуда.
Талантты ақын
Жәркен Бөдешұлы І.Жансүгіров атындағы
сыйлықтың иегері атанған. Сонымен қатар ақын –
Бүкіл түрік дүниесі поэзиясы ІІ фестивалінің
жеңімпазы. Қазіргі қазақ поэзиясының
көрнекті өкілдерінің бірі ақын Жәркен
Бөдешұлының шығармашылығындағы кейбір
өлең-жырлары түркі тіліне аударылған. Ақын
өлеңдерінің басқа тілге аударылуы бүгінгі
қазақ поэзиясының тұғыры биікке көтеріліп,
әлемдік аренада өз орнын алғанына дәлел бола алады.
Пайдаланған әдебиеттер:
1.
Бөдешұлы Ж. Емендер түнде бүрлейді:
Өлеңдер мен поэмалар. Алматы, Ана тілі, 2002. 102-б.