Жалилова  Перизат Саматовна

Орталық-Азия Университетінің магистранты

 

               Қазіргі поэзиядағы ежелгі әдеби сарындар

 

Үшінші мыңжылдықтың басында әлемдік қауымдастық жаңа тарихи дәуірге қадам басқан шақта адам өмірінің барлық салаларындағы өркениетті ғаламдану процесі қазіргі даму сатысының басты ерекшелігі болып табылады. Әлемнің барлық елдеріндегі әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, мәдени-тарихи құбылыстар бір-бірімен тығыз байланысты және бір-бірімен тәуелді екенін айтсақ, сөз жоқ, ғаламдану мәселесі жаңа да зерттелмеген тың құбылыс ретінде және сонымен бірге адамзат тағдыры үшін орасан зор маңыздылығына байланысты ғалымдар тарапынан ерекше назар аударуды талап етеді.

Осы ретте қазіргі әлемде әдеби шығармашылық мәселелерін тереңірек зерттеудің мән-маңызы зор. Еліміздің қоғамдық өмірін қамтыған рухани жаңғыру мен жаңару процесі ғаламдану жағдайында ұлттық әдебиеттану саласындағы тәуелсіздік талаптарына сай жаңа ғылыми ізденістердің нақты нәтижелерге бағдарлану міндеттерін алға тартады.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ел халқына арнаған жыл сайынғы жолдаулары мен жұртшылық алдында және үлкен салиқалы жиындарда сөйлеген сөздерінен туындайтын бүгінгі күн талаптары тұрғысынан халқымыздың рухани-мәдени тарихын мемлекет тәуелсіздігінің соңғы он бес жыл аралығындағы кезеңімен тығыз байланыстыра зерттеудің үлкен мән-маңызы бар. Бұл мәселеде тарихи-мәдени процестің, соның ішінде қазақ әдебиетінің белгілі бір даму кезеңін көрсетуде осыған дейін орын алып келген біржақтылықтан арылып, оның өткен тарихынан тағылымды сабақ ала отырып, қазіргі жай-күйімен тығыз байланыстыра зерттеу қажет. Мұның өзі ұлт әдебиетінің бұрын айтылмай, зерттелмей келген ақтаңдақ тұстарын еліміздің бүгінгі даму кезеңімен сабақтастыра талдауды ғана емес, жаңа дәуірдің қазіргі жетілген ғылыми және ақпараттық жүйелер мен технологиялар үрдісі ықпалындағы жалпы ғаламдану жағдайында әдебиет мәселелерін зерттеудің заман ағымымен, мемлекеттік нысанды бағдарламалық міндеттермен ұштасуын талап етеді.

Көне тарихтың куәсіндей болып, ежелгі заманнан бүгінгі күнге жеткен әдеби жәдігерліктерді жан-жақты ой зердесінен өткізу негізінде сан ғасырлар бойы халық даналығы тудырған асыл көркем мұраны тәуелсіз еліміздің игілігіне айналдыру арқылы қазіргі қазақ әдебиетімен тығыз байланыстыра зерттеу, қазіргі қазақ поэзиясындағы ежелгі әдебиет дәстүрлері туралы көркем процестің жалпы заңдылықтарын ежелгі және қазіргі заман үрдісінің дәуірнамалық айқын көріністері мен құбылыстары мысалында кезеңдік поэзиялық туындылардың жанрлық-көркемдік ерекшеліктерін шығармашылық үндестік, сабақтастық тұрғысында тарихи-салыстырмалы әдіс негізінде талдап пайымдау ұлттық әдебиеттану ғылымындағы өзекті мәселелерді шешуге ықпал етеді.

Сан ғасырлық тарихы бар қазақ әдебиетінің түп-төркінін, қайнар-бастауларын объективті түрде зерттеудің ғылыми принциптерінің бірі – ежелгі әдебиет мұраларын қазіргі поэзияның озық шығармаларымен өзара байланысты түрде қарастыра отырып, көркемдік дәстүр жалғастық заңдылықтары тұрғысынан зерделеу. Бұл міндеттерді іске асыруда ежелгі әдебиеттің белгілі бір даму кезеңінен екінші кезеңіне ауысып, бүгінгі күнге жеткен дәстүр жалғастығының басты ерекшеліктерін анықтау, ежелгі түркі поэзиясы мен қазіргі қазақ поэзиясы арасындағы сан ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан көркемдік дәстүр жалғастығын, әдеби ағымдардың пайда болу жолдарын, әдеби жанрлар мен әдеби тәсілдердің даму кезеңдерін терең зерттеу негізінде танып білу қазіргі қазақ поэзиясының түркі тілдес халықтармен ортақ болып келетін ежелгі дәуір әдебиетімен көркемдік дәстүр жалғастығын салыстыруға негіз болған көркем шығарманың тақырыбына, идеясына, сюжетіне, бейнелеу құралдарына, композициясына, тіліне байланысты мәселелерді егжей-тегжейлі зерттеудің басты өлшемдері болып табылады. Осының негізінде ежелгі әдебиет туындыларының қазіргі қазақ поэзиясымен ішкі логикалық байланыстарын, жаңа көріктеу құралдарының пайда болуын жан-жақты талдаудың мәні зор.

Қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымында тәуелсіздік алған соңғы он бес жыл шамасында ұлттық поэзияның көрнекті өкілдерінің көне түркі әдебиеті мен шығыстың рухани-мәдени әлеміне қарым-қатынасы мәселесі тереңдеп зерттелген жоқ. Бүгінгі қазақ ақындарының шығармашылығына шабыт беріп, танымын кеңейткен, көзқарасын ұштаған ақындық кітапханасының ауқымын айқындау бүгінгі күн тәртібінде тұрған маңызды мәселелердің бірі. Қазіргі ұлттық поэзияның көрнекті өкілдері нәр алған – көне түркі және орта ғасыр әдебиеті мен шығыс поэзиясы, исламның рухани әлемі енді ғана зерттеу нысанасына айналып отыр.

Қазіргі қазақ поэзиясындағы ежелгі әдебиет дәстүрін анықтаудың екі түрлі жолы бар. Біріншісі – қазақ ақындарының өз туындыларында аттарын атап, жөнін нұсқаған дерек көздеріне үңілу. Екіншісі – мұндай бастауларды Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін жырлаған ақындар шығармалары мен көне түркі және орта ғасыр поэзиясының ірі өкілдері туындыларындағы сарындастық пен шығармашылық сабақтастығы мәселелерін анықтап зерттеу.

Ақын да өзі өмір сүрген заманның перзенті. Уақыт кейде ақынды шалқытып, биікке көтереді, кейде қалғытып еңсесін түсіреді. ХХ ғасырдың 1960 жылдарынан басталып, кеңестік жүйе құлағанға дейінгі, яғни еліміз тәуелсіздік алғанға дейінгі тоқырау кезеңін қазіргі нарықтық кезеңімен салыстырсақ, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған тоқшылық заман болып елестейді. Ақиқатын айтқанда, тоқырау заманы ақындар алдында билеп тұрды, оларды шалқытып, қиялдарын көкте өрлетті. Ақындардың азаматтық сергек сезімін қатайтып, біршама уақыт тоқырауға ұшыратты. Тоқырау жылдарындағы қазақ поэзиясында азаматтық жырдың алдыңғы шептен көрінбей, кемшін түсуі де осы себептен болса керек.