САЛАЛЫҚ АТАУЛАР ЖАЙЛЫ

 

А.А.Қаршығаева
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл

Білімі институтының ғылыми

қызметкері, ф.ғ.к.

Алматы қ.

 

Қазақ  терминдер жүйесіне соңғы кезде көп көңіл бөлініп отыр. Әсіресе сала терминдерін саралай түсіп, терминдер құрамын мүмкіндігінше қазақыландыру үрдісі нәтижелі жүріп жатыр. Қазақы термин жасам ісіне теориялық негіз, практикалық басшылық болатын іргелі еңбектердің саны мен көлемі артып келеді [1; 2].  Ғылым мен техника салаларының барлығына қатысты терминологиялық түсіндірме және екі тілді сөздіктер жаппай шығып жатыр.

Соңғы кезде қазақ фонетикасының ішкі құрылымына көп көңіл бөлініп келеді. Өйткені қазақ грамматикасының өзге салалары тәрізді фонетиканың да өзіндік құрамды бөліктері бар. Сол құрамды бөліктерінің жігі ажыратылып, олардың өзара үйлесім реті анықталғанда ғана дыбыс талданым жүйелі болмақ. Ол үшін қазақ фонетикасының оның ішкі салаларына тән терминологиялық аппарат қалыптасу керек болады.

Қазақ фонетикасының құрамды бөліктері (салалары) жасалым (артикуляция), айтылым (акустика) және естілім (перцепция) болып табылады [3, 13-17]. Әр саланың өзіне тән ұғымдары мен сол ұғымдарға тән атаулары, сондай-ақ зерттеу әдістері бар. Дыбыс қай тұрғыдан талданады – оның өзіндік мәні бар. Егер дыбыс:

– жасалым тұрғысынан талданатын болса, онда алдымен жасалым ұғымдар анықталып, соларға сай атаулар қалыптасу керек.  Жасалым ұғымдар мен атаулар арқылы дыбыстың жасалымына қатысты заңдылықтардың басы ашылып, жасалым анықтамалар құралады;

– айтылым тұрғысынан талданатын болса, онда алдымен айтылым ұғымдар анықталып, соларға сай атаулар қалыптасу керек. Айтылым ұғымдар мен атаулар арқылы дыбыстың айтылымына қатысты заңдылықтардың басы ашылып, айтылым анықтамалар құралады;

– естілім тұрғысынан талданатын болса, онда алдымен естілім ұғымдар анықталып, соларға сай атаулар қалыптасу керек. Естілім ұғымдар мен атаулар арқылы дыбыстың естіліміне қатысты заңдылықтардың басы ашылып, естілім анықтамалар құралады.

Сонда ғана таладаным реті бір жөнге түседі. Ал, әзірге болса, «...дәстүрлі фонетикамызда... фонетикалық (жасалым, айтылым, естілім) ұғымдар мен атаулардың бәрі араласып...» [3, 13] жүр. Мысалы, «а – жуан дауысты, ә – жіңішке дауысты» т.б. деп, артикуляциялық жіктелімнің ішінде естілім белгілер жүреді. Немесе артикуляциялық және перцепциялық белгілер бір анықтаманың ішінде кездеседі. Мысалы, «а – езулік, ашық, тіл арты, жуан дауысты, ә – езулік, ашық, тіл алды, жіңішке дауысты» т.б. [4] Мұндағы тіл арты, жуан немесе тіл алды, жіңішке деген жасалым/естілім атаулар бірін-бірі қайталап, қосарланып тұр. Жасалым атаулардың орнына естілім атауларды пайдалану көптеп кездеседі. Жасалым орнын көрсететін ерін атауының орнына үндесім естілімді белгілейтін еріндік атауы сол күйінде қолданылады. Ал дауыссыздардың негізгі артикуляциялық жіктелім белгілері түгелдей естілім атау болып қалыптасып алды: қатаң, ұяң үнді. Естілім атаулар арқылы жасалым жіктелім құрылады. Мұның өзі өте үлкен фонетикалық қайшылық болып табылады. Алайда, аталған үлгі қазақ тілі оқулықтары мен оқу-құралдарының бәріне тән. Мұның өзі қазақ фонетикасының дыбыс зерттелім бағытындағы елеулі (тіптен, басты) кемшілік болып табылады. Оның басты себебі қазақ фонетикасының ішкі салаларының тарамданбағандығында еді. Сондықтан фонетист-мамандар алдында фонетикалық терминдерді пайдаланудың жүйелі ретін табу мәселесі тұрды. Ол үшін алдымен фонетиканың салалық терминдер жүйесін қалыптастырып алу керек екендігі түсінікті болды. Салалық терминдер жүйесін қалыптастыру фонетиканың ішкі салалары анықталғанда ғана мүмкін еді.

Сонымен, бұған дейінгі бір бүтін көрінген фонетиканың ішкі үш саласы анықталды. Олар:

«Дыбыстың жасалымы (артикуляциясы), яғни дыбыс жасалу тұрғысынан талданып-сипатталды;

Дыбыстың жасалымы (артикуляциясы): дыбысты жасауға қатысатын сөйлеу мүшелерінің аты аталып (ерін, тіс, қызыл иек, тіл ұшы, тіл алды, тіл ортасы, тіл арты, тіл түбі,  тілшік),  жасалу орны көрсетіліп, сол сөйлеу мүшелерінің өзара қиысу жолдары (ашық, қысаң, тоғысыңқы, жуысыңқы, діріл, жанама) сипатталып, дауыс желбезегінің (дауыс жарғағы, дауыс шымылдығы деп те аталады) қатысу деңгейі көрсетіледі.

Дыбыстың айтылымы (акустикасы), яғни дыбыс айтылу тұрғысынан талданып-сипатталды;

Дыбыстың айтылымы (акустикасы): ауыз қуысындағы резонаторлар жүйесінің қалпы аталып (ауыз қуысты, көмей қуысты, жанама қуысты), сөйлеу мүшелерінің өзара қиысу күші (лепті тоғысыңқы/лепті жуысыңқы, босаң тоғысыңқы/босаң жуысыңқы, бос тоғысыңқы/бос жуысыңқы) сипатталады.

Дыбыстың естілімі (перцепциясы), яғни дыбыс естілу тұрғысынан талданып-сипатталды;

Дыбыстың естілімі (перцепциясы): ауыз қуысынан ауаға шыққан дыбыстың құлаққа жеткен нәтижесі (жуан дыбыс, жіңішке дыбыс, еріндік дыбыс, езулік дыбыс, қатаң, ұяң, үнді дыбыс) сипатталады» [3,13-14].

Фонетиканың салалық терминдер жүйесі сол салалардың атынан (атауынан) басталады. Әр саланың мазмұнын айғақтайтын жасалым, айтылым, естілім атауларына негіз болатын модельдер қазақ тілінде бар және көптеп кездеседі. Мысалы, алым, салым, ұғым, келім-кетім, өсім т.б. терминжасамға үлгі болатын сөздер жеткілікті.

Фонетика салаларының әрқайсысына тән дербес терминжасам жүйесін және сол терминдердің дербес қолдану ретін көрсету үшін бірер мысал келтіргеннің өзі жеткілікті болады. Бірақ тілдің дыбыс құрамын сипаттау керек болса, дыбыстарды түгел қамтуға тура келеді. Әзірге біз а/ә дыбыс жұбын ғана алып отырмыз.

Қазақ тілінің кез-келген дыбысы осы үш тұрғыдан сипатталу керек, сонда ғана дыбыс табиғаты толық ашылады.

Мысалы, а дауысты дыбысы тілдің көлденең қалпына қарай:

– жасалымы бойынша – тіл арты, яғни жасалу орны көрсетіледі;

– айтылымы бойынша – көмей қуысты, яғни басым жаңғыртқы (резонатор) көрсетіледі;

– естілімі бойынша – жуан [әуезді] дыбыс, яғни жуан естілім әуезі көрсетіледі.

Тілдің тік қалпына қарай:

– жасалымы бойынша – ашық, яғни тіл арты мен таңдайдың қиысу деңгейі көрсетіледі;

  айтылымы бойынша – айқын, яғни ауыз және көмей жаңғыртқыларының екі арасындағы дәнекер деңгейі көрсетіледі;

– естілімі бойынша – төмен [әуезді] дыбыс, яғни төмен естілім әуезі көрсетіледі.

Ерін қатысына қарай:

– жасалымы – езу, яғни еріннің езу қатысы көрсетіледі;

– айтылымы – кең шығысты, яғни еріннің шығар тұсының қалпы көрсетіледі;

– естілімі – езулік [әуезді] дыбыс, яғни езулік естілім әуезі көрсетіледі.

Сонда, егер біз а дауысты дыбысын:

– жасалым тұрғысынан сипаттайтын болсақ, онда тек қана жасалым белгілерін атаймыз: тіл арты, ашық, езу дауысты дыбыс;

– айтылым тұрғысынан сипаттайтын болсақ, онда тек қана айтылым белгілерін атаймыз: көмей қуысты, айқын, кең шығысты дауысты дыбыс;

– естілім тұрғысынан сипаттайтын болсақ, онда тек қана естілім белгілерін атаймыз: жуан [әуезді], төмен [әуезді], езулік [әуезді] дауысты дыбыс.

Сонымен, салалық талданым нәтижесінде дыбыс анықтамасының құрамында тіл арты/жуан тәрізді әр саланың атаулары араласып жүрмейді.

Мысалы, ә дауысты дыбысы тілдің көлденең қалпына қарай:

– жасалымы бойынша – тіл ортасы, яғни жасалу орны көрсетіледі;

– айтылымы бойынша – ауыз қуысты, яғни басым жаңғыртқы (резонатор) көрсетіледі;

– естілімі бойынша – жіңішке [әуезді] дыбыс, яғни жіңішке естілім әуезі көрсетіледі.

Тілдің тік қалпына қарай:

– жасалымы бойынша – ашық, яғни тіл ортасы мен таңдайдың қиысу деңгейі көрсетіледі;

– айтылымы бойынша – айқын, яғни ауыз және көмей жаңғыртқыларының екі арасындағы дәнекер деңгейі көрсетіледі;

– естілімі бойынша – жоғары [әуезді] дыбыс, яғни жоғары естілім әуезі көрсетіледі.

Ерін қатысына қарай:

– жасалымы – езу, яғни еріннің езу қатысы көрсетіледі;

– айтылымы – кең шығысты, яғни еріннің шығар тұсының қалпы көрсетіледі;

– естілімі – езулік [әуезді] дыбыс, яғни езулік естілім әуезі көрсетіледі.

Сонда, егер біз ә дауысты дыбысын:

– жасалым тұрғысынан сипаттайтын болсақ, онда тек қана жасалым белгілерін атаймыз: тіл ортасы, ашық, езу дауысты дыбыс;

– айтылым тұрғысынан сипаттайтын болсақ, онда тек қана айтылым белгілерін атаймыз: көмей қуысты, айқын, кең шығысты дауысты дыбыс;

– естілім тұрғысынан сипаттайтын болсақ, онда тек қана естілім белгілерін атаймыз: жіңішке [әуезді], жоғары [әуезді], езулік [әуезді] дауысты дыбыс.

Сонымен, салалық талданым нәтижесінде дыбыс анықтамасының құрамында тіл ортасы/жіңішке тәрізді әр саланың атаулары араласып жүрмейді.

Дауысты жұбының салыстырма белгілерін жұптап көрсетуге болады.

Жасалым белгілері:

 

а  - тіл арты       ашық       езулік

                                      ә  - тіл ортасы    ашық         езулік

 

Айтылым белгілері:

 

а  -  көмей қуысты    айқын     кең шығысты

ә  - ауыз қуысты       айқын     кең шығысты

 

Естілім белгілері:

 

а  -  жуан [әуезді]            төмен      езулік

                              ә  -  жіңішке [әуезді]         жоғары      езулік

 

Жоғарыда айтылғандай, өзге дыбыстардың да жасалым, айтылым, естілім анықтамаларын салалық терминқұрам арқылы дербес-дербес беруге болады. Соның арқасында қазақ фонетикасының құрамдас бөліктері өзінің жүйелі орнын тауып орналасады.

 

Ә д е б и е т

1. Айтбайұлы Ө. Қазақ тіл білімінің мәселелері. –Алматы: Арыс, 2007.
-618 б.

2. Құрманбайұлы Ш. Қазіргі қазақ тіліндегі жаңа атаулар мен қысқарған сөздер. –Астана: ІС-Сервис, 2009. -255 б.

3. Жүнісбек Ә. Қазақ фонетикасы. –Алматы: Арыс, 2009. -308 б.

4. Мырзабеков С. Қазақ тілі фонетикасы. –Алматы: Қазақ университеті. 2004. -247 б.