ф.ғ.
магистрі Кельмагамбетова Ш.С.
Символизм ағымының қазақ
әдебиетіндегі даму өрісі
Бүкіл
қазақтың саяси-әлеуметтік, мәдени-ғылыми,
тарихи-эстетикалық ой-пікіріне қозғау салып, серкелік жасайтын
құдіретті күш қазақ халқының
шығармашылық рухы, сөз өнері. Тым әріге
бармай-ақ алты алашты ауызға қаратқан,
қас-дұшпандарын алыстан-ақ қалтыратқан Абылай
ханды оң жолға бастап, ақ батасын берген, терістігі болса,
бетіне шыжғырып басқан, халық мүддесін жеке
пиғылдан жоғары қойып, қазақтың дана да
көркем сөзін мемлекеттік деңгейге шығарған
Бұқар жырауды еске алайықшы. Бұл - қазақтың
рухы басылмаған, өзінше ойлап пішуден қалмаған
дәуірінің жемісі еді.
ХХ ғасыр қазақ
даласына да жаңа дәуірдің жаршысы болып келді. Абай
дәстүрін дамытып, жалғастырған ізбасар ақындар
Шәкәрәм, Ахмет, Міржақып, Сұлтанмахмұт,
Мағжандар тарих сахнасына шықты. Осы кездегі Ресейдегі саяси
әлеуметтік өзгерістердің қазақ жеріне
жаңғырып жетуі қоғамдық әлеуметтік
ойдың өрісін кеңейтті. 1905 жылғы алғашқы
орыс революциясының әсерінен қазақ даласына келген
ағартушы демократтар әсері болды. Жоғарыдағы
ақын-жазушылар бастаған қазақ ақын-жазушылары
ұлттық сана-сезімді оятар бағыт-бағдар іздеді. Оны
әрқайсысы өзінше тапты, өз пікірлестерін бір бағытқа
түзеді.
Қазақ жазба
әдебиетінің өткен ғасыр басындағы әдеби
ағым-бағыттары турасындағы көзқарастарды
қарастырғанда, бүгінгімен салыстырғанда олардың
айтылған мерзімдеріне көңіл бөлу аса қажет.
Өзімізге белгілі, «кемелденген социализм» дәуірінде жазылған
әдеби зерттеулерде ғасыр басындағы шындықтар
бұрмаланып келді.
Біз осы уақытқа дейін
пайдаланып келген әдеби зерттеулерде ХХ ғасыр басындағы
қазақ ақын-жазушыларын идеялық әдеби
ағым-бағыттарына қарай мынадай топтарға бөлді. 1)
ағартушы ақын-жазушылар, 2)ағартушы демократ
ақын-жазушылар, 3) буржуазияшыл-ұлтшыл ақын-жазушылар.
Тарихымыздың, оның
ішіндегі әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері
аршылғалы ХХ ғасыр басындағы әдеби
ағым-бағыттар айқындалып, сол
ағым-бағыттардың көш басшысы болған
ақын-жазушылардың шығармашылықтары кең
түрде зерттеліне бастады.
Абай негізін қалаған
жазба әдебиеттің ең бір шырқау биікке көтерілген
тұсы – ХХ ғасырдың бас кезі. Бұл тұста
қазақ әдебиетіне бірі кеш, бірі ерте қос арнадан нәр
алған, батыс пен шығысты тел емген, Абай туын биікке көтерген
Шәкәрім, Мәшһүр-Жүсіп, Ахмет,
Міржақып, Сұлтанмахмұт, Мағжан сынды әдебиет
алыптары келді. Бірінің қанатын кеңге жайып,
алыс-жақынды биіктен шала бастаған, екіншілерінің
әдебиет биігіне енді қанат қаға бастаған
тұсы – осы. Оларды біріктіретін де, ерекшелендіретін де бір ғана
ұлы күш – ұлтын ояту атты ұлы арман. Осы асқаралы
мақсатқа жету жолындағы сан тарау соқпақты
әрқайсысы өз ой-өрісі межесінен таңдады,
таңдағанын нақты сара жол деп таныды.
Осынау сара жолды таңдауда
сан қилы кереғар пікірлер туындап, арыстарымызды сан
қиырға салған адасулар да болды. Ендеше бұл
кезеңнің әдебиеті – қоғамдық ой санадан
туындаған қарама-қайшылықты көзқарастар
жемісі.
Әдеби ағымды әр
қоғамдағы таптық жағдай туғызады.
Әрбір әдеби ағым әр дәуірдегі идеологиялық
күрестің әдебиеттегі көрінісі.
Әдебиеттегі
ағым-бағыт мәселесін анықтау белгілі бір кезең
әдебиетінің мәнін ашуда аса маңызды. Көркем
шығармаларда қолданылатын шығармашылық әдіс
тәсілдермен тығыз байланысып жатқан осы бір мәселеге
қатысты ХХ ғасырдың І жартысында қазақ
әдебиетінде қандай ағым бағыттар болғанына, оны
сол тұстағы және кейінгі әдеби ой-пікір қалай
танып білгеніне назар аудармасқа болмайды. Себебі ол белгілі
дәуірдегі ақын-жазушылардың ізденістерін, көркемдік
биіктерге жетуге деген ұмтылысын айқындайтын нақты құбылыс
болып табылады.
Әдебиет
энциклопедиясының сөздігінде бұл екі ұғымға
мынадай анықтама беріледі: «Направление и течение литературные понятия
обозначающие совокупность фундаментальных, духовно-содержательных и
эстетических принципов, характерных для творчество многих писателей, ряда
группировок и школ, а также обусловленные этими важнейшими принципами
совпадание и соответствия программно - творческих установок, тематика, жанров и
стиля» (4;232).
Академик З.Қабдолов
«Сөз өнері» монографиясында әдеби ағымды әдеби
стильмен салыстырып, түсінік береді: «Байқап қарасақ,
стиль – бір жазушыға тән творчестволық ерекшелік болса,
ағым – бірнеше жазушыға тән творчестволық бірлік: стиль
- әр жазушының дара қасиеті болса, ағым - әр
алуан жазушының ортақ сипаты; стиль – жалқыға тән
ұғым болса, ағым – жалпыға тән таным; стиль
әр жазушының әдеби беті болса, ағым әр
жазушының әдеби бағыты» (5; 335)
Ағым мен
бағытқа қатысты әдебиеттанушы ғалым
К.Ахметовтың пікірі мынадай: «Әдеби бағыт пен ағым –
көптеген жазушылардың, топтар мен мектептердің шығармашылығына тән рухани
және эстетикалық ұстанымдардың, сондай-ақ, осы
ұстанымдардың өзара сәйкестігіне негізделген
бағдарламалық-шығармашылық мақсаттардың,
тақырыптардың жиынтығы» (6; 236).
Бұл терминдерді
түрліше түсіндіріп, түрлі мағынада қолдану
әлі де жиі кездесіп жүр. Кейде оларды бір-бірінің орнына
қолданса, кейде ағымды әдеби мектеппен немесе топпен
теңестіреді, бағытты көркемдік әдіспен немесе стильмен
бірдей түсіну де ұшырасады. Осы тұста айта кеткен жөн,
ағымдар мен бағыттардың күресі мен алмасуы кезінде
әдеби үрдістердің негізгі заңдылықтары
айрықша анық байқалады.
Қысқа қайырар
болсақ, бағыт көркемдік мазмұнның рухани –
эстетикалық терең мәнін белгілейді. Бұл үлгідегі
көркемдік мазмұн мәдени – көркемдік дәстүр
бірлігінен, қаламгерлердің дүниетаным
ұқсастығынан және олардың алуандығы
өмірлік проблемалардың ортақтығымен, түптеп
келгенде, дәстүр тудырып отырған әлеуметтік,
мәдени, тарихи жағдайлардың ұқсастығынан
шығады. Дегенмен бір бағыттағы әр
қаламгердің дүниетанымы, проблемаға
қарым-қатынасы, оларды шешу жолдары мен тәсілдеріне
қатысты түсінігі, идеялық және көркемдік
концепциялары әр түрлі болуы әбден мүмкін. Соған
орай бағыттың әдеби мектептер мен топтардан
айырмашылығы айқындалады.
Әдеби мектептер мен
топтардың мүшелерін идеялық-көркемдік таным бірлігі
яғни бағдарламалық-эстетикалық тұтастық
топтастырады. Ал бір бағытта бірнеше ағым, мектептің болуы
ұшыраса береді. Демек, ағымдар бағыттың алуан
түрлері болып табылады.
Қолданылған әдебиеттер
1.
Әдебиеттану сөз өнерінің сырлары. Алматы, «Мектеп»,
2003
2.
Әбдиманұлы Ө. ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақ
әдебиеті. Алматы, «Қазақ университеті», 2002.
3.
Қалижанұлы У. Қазақ әдебиетіндегі
діни-ағартушылық ағым. – Алматы, «Білім», 1998.
4.
Қабдолов З. Сөз өнері. Алматы, «Санат». 2002
5.
Тілешов Е. Суреткер және көркемдік әдіс. Алматы, 2005
6.
Волков А. Очерки русской литературы конца ХІХ и начала ХХ века. Москва,
1955.
7.
Әуезов М: Әдебиет тарихы. – Алматы: Ана тілі, 1994.