ф.ғ.к., доцент Такиров С.У., магистрант Жакулаев А.М.

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

 

МОДЕРНИЗМНІҢ ПАЙДА БОЛУ АРНАЛАРЫ

 

Әлемдік мәдени-әдеби құбылыс үнемі қозғалыста болады. Қайсыбір елдің әдебиетін алып қарасаңыз да әлімдік үрдістен шет қалып дамығанын көрмейсіз. Барлығыда әлемдік әдебиеттен үлгі алып, ұлттық әдебиеттерін жетілдіріп отырады. Қазақ әдебиеті де бүкіләлемдік әдебиеттің бір бөлшегі екенін ескерсек, дүниежүзілік әдеби үрдістен сырт тұра алмайтынымыз белгілі жайт. Жаһандық әдебиеттегі ортақ бағыттар мен ағымдардың ұлттық әдебиетіміздегі орнын саралап, қазақ әдебиеті мен әлемдік әдеби үдерістердің байланысын анықтау әдебиеттанушылардың зерттеуіндегі өзекті мәселелер.

Қазіргі өнер мен мәдениетте, философияда, әдебиетте және т.б. ғылым салаларында ең көп талқыланатын өзекті мәселенің бірі постмодернизм құбылысы. Ал осы постмодернизм ұғымының негізінде модернизмнің жатқанын айту керек.

Жалпы модернизмнің туу кезеңі туралы түрлі пікірлер бар. Еуропаның қоғамдық ғылымдарында әсіресе философияда модернизмді Ф.Бекон, Р.Декарт, Дж.Локк есімдерімен тығыз байланыстырады. Ал, біздегі әдебиеттану ғылымында модернизмнің ХХ ғасырда пайда болғаны туралы айтылады. Мысалыға белгілі әдебиеттанушы ғалым А.Ісімақова: «Модернизмнің туған жылы да белгілі – 1910, Вирджиния Вулфтың айтуы бойынша сол жылғы күз. Философтар модернизмнің басталуын Гегель, Кант, Вольтер, Декарт, Руссо, Паскаль еңбектерінен табуды ұсынады. Бірақ бұлар модерн деп атаған құбылыс көркемдік модернизмнен басқаша екені де түсінікті», –деген пікір білдіреді [1,62 б.]. Десек те модернизм тарихына азын-аулақ көз жүгіртсек, ол тек әдебиет қана емес, сондай-ақ: кино, театр, музыка, скульптура, живопись, дизайн, сәулет өнеріне де тиесілі екенін көреміз.

Модернизм (итал. modernismo, лат. modernus – жаңа, қазіргі) – XX ғасыр басында рухани сана дағдарысы кезінде пайда болған философиялық-эстетикалық ағымдардың жиынтық атауы десек те бұл тұжырыммен келіспеуге де болады. Модернизмнің шыққан бұлақ көзі – еуропа. Яғни Еуропалық мәдениеттің өнімі. «Еуропа мәдениеті қайдан шыққан?» деген сауалдың тууы заңды құбылыс. Ол аспаннан түскен жоқ. Еуропа мәдениетінің басы – грек (юнан) һәм рим (рұм) мәдениеті.

Бұл мәдениет рационализмге сүйенген эклектикалық (құранды) болып келеді. Негізгі философиялық ұстанымдары – эпикуришілдік яғни ішіп-жеп, ойнап-күліп, нәпсі қалауымен рахаттанып сибарит (жылы-жұмсақ, жайлы өмірді ұнататын тұлға) болып өмір сүру. Өмір сүруді – той тойлау деп түсінген. Олардың негізгі қалаулары: алтын-күміс әшекейлер, қымбат бағалы заттар, сұлу әйелдер, қызылды-жасылды торқа киімдер, салтанатты астаулары бар моншалар, арақ-шарап ішу, аңға шығу, философиямен айналысу, театр һәм гладиаторлар ойынын тамашалау т.б. Грек һәм Рим империялары негізінен еңбекпен емес, өзге елдерді жаулап, басып алумен дамып отырған. Сондықтан олар өздерінің рахат өмірлерінің бірден-бір көзі ретінде әскери күшті өте жоғары бағалаған. Осы империялардың шат-шадыман өмірінің қалай біткені тарихтан белгілі. IV ғасырдан бастап император Константин кезінен (б.э. 306 ж.) Еуропа жеріне христиандық діні енді. Еуропа өзгеріске түсті. Ол біртұтас христиандық әлемге айналды. Христиандық әлем ақиқат дінмен шөлі қанғанша сусындаған жоқ. Христиандық дін мен жаратылыстану ғылымы қайшылыққа, артынан теке-тіреске түсті. Содан дінде обскурантизм (Обскурантизм – білімге, ғылымға қарсылық) пайда болды. Қайта өрлеу, қайта тірілу немесе қайта ояну дәуірі (эпоха возрождения, ренессанс) осы кезде тарих сахнасына шықты. Қайта ояну батыс үшін рационализмге қайта ояну болды. Сөйтіп дінсіз, құдайсыз өркениетке жол ашылды. Өйткені христиандық дін мен ғылымның теке-тіресінен батыстықтар ғылым дамуы үшін міндетті түрде дін жойылуы керек деген тарихи қате қорытынды шығарды. Қайта ұйқыдан оянған еуропаның діні – гедонизм (рахатқа батып өмір сүру, бұл дағы сол эпикуризмнің өзі) болды.

Модернизмнің түрткісі – философия. Еуропалықтарда бар өнердің түрткісі һәм ұйытқысы философия деген түсінік бар. Өйткені оларда дін жоқ. (В Европе преобладает философское стремление, в Азии религиозное. Дрэпер). Сондықтан дін түрткі яки ұйытқы бола алмайды. Қайта өрлеу дәуірінің түрткісі – рационализм (ақылға қонымдылық) болса, модернизмнің түрткісі – иррационализм (ақылға қонымсыздық) екені белгілі. XV ғасырдан рационализмге қатты ден қойған еуропа XIX ғасырдан бастап иррационализмге көшті. Модернизм – өнер қайраткерлерінің әлемдік қақтығыстарға, адамзат дамуындағы дағдарыстарға деген көзқарастарын көрсетеді. Ең алдымен, «modern» сөзі «қазіргі (жаңа) кезең» деген мағынаны білдіреді. Оның екі мəндік мағынасы бар: біріншісі қазіргі кезең «қазіргі кезең талабына сай», екіншісі модернге, яғни модернизмге. Өз кезегінде «модерн» термині мен мəдени құбылыстардың ауқымды тобы белгіленді. Тар мағынада, «модерн» ұғымы деп ХІХ ғ.-ХХ ғ. басындағы көркем-əдебиеттік қозғалыс деп түсінілді. Ал кең мағынада «модерн» ұғымы Жаңа заман (Modernity) деп аталғаны белгілі бір дəуірге сəйкес келген тарихи кезеңді айқындайды. Бұл дəуір Антикалық жəне Ортағасыр дəуірінен кейін келді. Осы екі дəуірдің жиынтығы «Pre-modernity» (предмодерн) деп аталады. Модерн тарихи дəуір ретінде модернизм деп аталған ерекше философиялық жəне ғылыми көзқараспен сипатталады. Өкілдері – Бэкон, Декарт, Ньютон, Гегель, Маркс жəне т.б.

«Модерннің» мəндік сипаттамасын айқындайтын тағы бір маңызды факторды атап өткен жөн. Модерн нақты бір тарихи дəуір ғана емес, ол тарихты төменгі пішіннен (форма) жоғарғы пішінге (форма) қарай өрлететін үдеріс (процесс) ретінде қарастыратын нақты дүниетанымдық позиция. Бұл позиция бойынша, дамудың жаңа сатысы өткенді басып озып, керек болса жоққа шығарады. «Мodern» сөзі латынның – «modo» «жуырда» деген сөзінен туындайды. Осылайша модерн дегеніміз жаңаға бағытталған, өткеннің«адасуын» тузеуге тиіс, болашақ қоғамның фундаменті бола алатын дəуір деп қорытынды жасай аламыз.

Белгілі әдебиет теоретигі М.Н.Эпштейн «модерн» деген екі үлкен айырмашылығы бар ұғымды ажыратып берді. Олар:

1) модернділік орта ғасырдан бастау алып, («modernity» немесе орыс терминологиясымен сәйкес «жаңа уақыт») қайта өрлеу(ренессанс) дәуірінен басталып, ХХ ғасырдың ортасына дейін жалғасқан, жарты мыңжылдықты қамтыған бүкіл әлем тарихындағы үлкен дәуір;

2) модернизм («modernism») – модерн дәуірін аяқтайтын жарты ғасыр өмір сүрген ХІХ ғасырдың аяғына дейін жалғасқан немесе бірінші дүниежүзілік соғыстан 1950–1960 жылдарға дейін созылған, белгілі бір мәдени кезең – деп атап көрсетті [3,472].

Модернизмнің басты мақсаты – мәдениетті «модернизациялау», яғни «жетілдіру». Модернизмнің қайнар көздері, әлбетте, өзінен бұрынғы, яғни ХІХ ғасыр мәдениетінде жатыр. Модернизм үрдісін құраған авангардистік ағымдардың әрқайсысының эстетикалық теориясын жіліктеп талдап отыру, кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін анықтау болашақтың ісі. Ал, жалпы «модерн» дәуірінен кейін өмірге келген «постмодерн» дəуірінің туу тарихы туралы да пікірталастар көп. Бүгінгі таңда дүниежүзілік әдебиеттануда, философияда, лингвистикада, мәдениетте және жалпы өнер атаулыда өзекті мәселе болып отырған «постмодернизм» ұғымы әдебиетке қашан енді және әлемде «постмодернистік» көзқарас қашан пайда болды?, «постмодернизм» термині пайда болған кезде «модерн» мен «постмодерн» дәуірлерін бөлетін хронологиялық шекара қайда деген сауалдарға жауап берудің өзі қиындық тудыруда.

Зерттеушілердің көпшілігі «модерн» дәуірінің өткен күнге айналғанын, ал «постмодерн» өзінің құқығына қашан ие болғанын нақты белгілей алмай жүр. Ал, осыны анықтауды қажет ететін сұрақтарға жауаптардың көптігін және жүйесіз нұсқаларын жиі кездестіреміз. Тіпті, «постмодерн дәуірі мен постмодернизм кезеңін (М.Эпштейннің)» сөз етпей тұрып, «Модерн дәуірімен бірге модернизм идеялары да аяқталды ма?» деген маңызды сауалдарға жауап беруде Еуропаның әдебиетті зерттеуші ғалымдарының ой-пікірлері де бір тоқтамға әлі де келе қоймағанын аңғарамыз.

 

Әдебиеттер тізімі

 

1 Ісімақова А.С. Асыл сөздің теориясы. – Алматы: Танбалы, 2009.– 376 б.

2 Пантин В.И. Ритм общественного развития и переход к постмодерну// Вопр.философии. 1998. № 7.

3 Эпштейн М.Н., Постмодерн в русской литературе: Учеб. пособие для вузов.– Москва: Высш. шк., 2005. 495 с.