ф.ғ.к., доцент Такиров С.У., магистрант Жакулаев
А.М.
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды
мемлекеттік университеті
«АТАУ-КЕРЕ»
ХИКАЯТЫНДАҒЫ ЖАҢА ІЗДЕНІС ХАҚЫНДА
Жаңа
ғасыр басталғалы жаһан әдебиетінің жаңа
қырлары сөз бола бастады. Бұл сөз өнері
табиғатының бірқалыпта тұрмай, үнемі даму
үстінде болатынын, кезеңдерге байланысты өзгеріп отыратын
құбылыс екенін тағы бір дәлелдеп берді.
Қазақ әдебиетінің даму арналары
дүниежүзілік әдебиеттен біржолата бөлініп, отауын
бөлек салып кете алмайды. Әлемдік әдебиеттегі ағымдар
мен бағыттар әр елге түрлі уақыттарда әсер етуі
мүмкін жағдай. Ол сол елдің әдеби-мәдени, рухани,
қоғамдық т.б. жағдайларына байланысты. Бүгінде
еліміз тәуелсіздік алғалы бері әдебиетіміздің
жаңа таңы атты. Олай дейтініміз бір жағынан ата-баба
мұрасын қайта игеріп, өшкеніміз жанып жатқан
тұста дүниежүзілік әдебиеттегі ортақ
бағыттар мен ағымдар да қазақ әдебиетінде
өз сілемдерін ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап
салғанымен оларды зерттеп, зерделеу бүгінге дейін кешеуілдеп келді.
Оның мәнін жоғарыда айтып өттік. Қазіргі
таңда әдебиетімізді тереңнен зерделеп, жаңаша пайымдау
өзекті мәселелердің бірі болып отыр.
Осындай өзекті
мәселелердің бірі ХХ ғасырда пайда болған өнер
түрі –Модернизм екені баршамызға мәлім. Ол тек әдебиет
емес, сондай-ақ: кино, театр, музыка, скульптура, живопись, дизайн,
сәулет өнеріне тиесілі. Модернизм қатты білініп, қатты
сәнге айналған өнер екені баршамызға аян. Біз
мұнда әдебиеттегі модернизм төңірегінде сөз
қозғамақпыз.
Әлемдік
әдебиеттегі модернизм ықпалы қазақ әдебиетінде де
байқалғанын жоққа шығара алмаймыз. Белгілі
ғалым Б.Майтанов: «Әдебиет тарихына жаңа көзбен назар
аударған уақытта біздің көптеген реалистік
туындыларымыздың модернизммен тамырласып жатқанын байқаймыз.
Ол М.Әуезов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, тіпті, С.Сейфуллин мен
С.Ерубаев шығармаларынан да кең орын алады. 1960 жылдардан бергі
«жылымық» дәуірде мұндай әдеби-танымдық дискурс
Р.Тоқтаров, С.Мұратбеков, М.Мағауин, Ә.Кекілбаев,
Т.Әбдіков, Ә.Тарази, Қ.Ысқақов, А.Нұрманов,
Д.Досжанов, Р.Сейсенбаев, М.Қабанбай т.б. жазушылардың
көркемдік тәжірибесінен анық аңғарылады» - дейді
[1, 8 б.]. Қазақ әдебиетіне де модернистік бағыт енді. Ал,
осы пікірді дұрыс деп есептесек, онда біздің әдебиет те
модернистік бағытты бастан өткерді деп толық айта аламыз.
ХХ
ғасырдың бас кезінде ұлттық әдебиетімізге
әсер еткен бұл ағым 1960 - 80 жылдардағы прозада
жазушылардың тың ізденістерінің арқасында ерекше
көрінді.
Әдебиет
зерттеушісі Ж.Жарылғапов «Қазақ прозасы: ағымдар мен
әдістер» монографиясында «Қазақ прозасында ХХ
ғасырдың алғаш кезеңдерінде көрініс беріп,
қайтадан үзіліп қалған модернистік поэтика желісі 1960
жылдардан бастап қайта өрістеуінде әлемдік
тәжірибелермен аналогиялар байқалмай қоймайды. 1960 жылдардан
бастап қайта өріс ала бастаған қазақ модернизмі
маркстік-лениндік эстетикаға көзсіз берілуден бас тартудан,
тоталитарлық сана үстемдігінен арылуды ойлай бастаудан,
«жарқын коммунизмге бет алып бара жатқан» өз
қоғамдарының болашағына шүбә келтіруден
барып күш алды» - дейді [2, 341б.].
Шынында,
адамның өмірдегі панасыздығын,
қорғансыздығын меңзейтін, табиғатты жатсынуын
бейнелейтін шығармалар 1960 – 1980 жылдары қазақ
әдебиетінде көбірек кездескені бәрімізге белгілі.
Осы шағын
мақаламыздың зерттеу нысандарының бірі белгілі жазушы
О.Бөкейдің жекелеген шығармаларын модернистік принциптер
тұрғысынан қарастыру болып табылады. 1960–80 жылдары
қаламгерлердің идеологиялық қыспақты місе
тұтпай, тың бағыттарда еңбектенулері ұлттық
прозамызда үлкен серпіліс болғаны даусыз шындық. Міне осы
тұста қазақ әдебиетінде өзіндік
қолтаңбасы бар, орны бөлек жазушы Оралханның
әдебиетке келуі социалистік реализмнің әбден шыңына
жеткен кезі болатын. Бұл кезде қазақ әдебиеті өте
қарқынды ізденіс үстінде еді.
«Адам сезімдері мен
ойларын санадағы жаңғырықтармен бейнелеу, кейіпкерлер
мен реалды өмір ағыстарын шектеулі, тіпті механикалық
қатынастарға құру, өмірдің бір – бірімен
қатыссыз көріністерін сана арқылы жандандыру
қазақ прозасында да өзіндік сипаттарымен танылды» [2, 345
б.]. Біз қарастырғалы отырған О.Бөкейдің
«Атау-кере» хикаятында да сана ағымының сілемдері байқалады.
Оны біз осы хикаяттың кейіпкерлерінің Ерік, Таған және
Айнаның ішкі ойларынан, мас Тағанның бітпес «НЕГЕ БІЗ ОСЫСЫ»
монологы арқылы қоғамдағы әділетсіздікті,
оған қарсы тұрар күштің әлсіздігінің
ашып жазылғанынан түсінеміз. Тағанның санасының
қос жарылуы, біртіндеп бойының арам судан тазаруы,
өмірінің қаншама уақыты маскүнемдікпен
өткенін, сол уақыттарда барлығынан айырылып,
жоғалған уақыттарды қайта қалпына келтіруге деген
талпынысы әбден езілген сананың қайта жаңғыруы
іспеттес. Яғни, Тағанның жадының (жан
дүниесінің) құпия сақталмай, ойларын ашық
әрі ұлғайтып көрсету, сондай-ақ кейіпкердің
қазіргі өмірінен гөрі өткенді ойлауы модернистік
ағымның элементтері екенін байқаймыз.
«Таудан төмен
қарай домалаңдап келе жатқан адамның ұры да,
қары да емес, әншейін диуанаға айналып кеткен маскүнем
Таған екенін жас балаларды қойып, жылқышылардың
өздері қайдан білсін. Үш итті бірдей еркелете соңынан
ертіп киіз үйдің іргесіне тақалғанда, көп
баланың бірі: «Ой, мынау қайыршы ғой!», - деп дауыстап
жіберген. Бұл сөз әбден шаршаған Тағанның
болар – болмас қана істеп тұрған миына шаншудай
қадалды, қапелімде селк ете түскені соншалық – бір
орнында қатты да қалды. Жо-жоқ, алаңғасар
баланың аузынан асығыс шыққан сөзді намыс
көргенінен емес, қаншалықты қажып, тілім – тілімі
шығып тентіреп жүргенде де, ешқашан, ешкімнен естімеген
соң тосылғаны, я жасығанынан да емес шығар; бұл
сөзді сонайу бір «гүлдену шағым» деп есептейтін
үйлі-баранды мәре – сәре кезеңінде, әйелі
ғайбаттаған сәтте, шапалақпен тартып жіберіп, «ой,
қайыршының» қарымтасын қайтарғаны есіне
түскеннен-ау» [3, 60 б.]. Бұл жерден автор кейіпкердің
бүгінгісіне қарағанда өткенді әлдеқайда
биік қоятынын астарлы берген.
Қу
көмейді жібіту үшін бәріне көнген Таған
шалғай жерден ат соңына ілесіп тау ортасындағы
омарташының үйіне келеді. Нүрке кемпірдің
мұның көзін көргенде емес, тегін айтқанда барып
тануы өзінің ұлымен бірге ойнап өскен
Тағанның қаншалықты бейшара күйге түскенін
аңғартып-ақ тұр. Аузына жынды су тисе болды айбатына
мінетін Тағанның «НЕГЕ БІЗ ОСЫ» лекциясы әр тақырыпта
болатын және тыңдаушылары да өзінің ойына қарай
әркезде әр жастағы адамдар. Тағанның
әділдікті іздеп қоғамнан жатсынуын, тіршіліктен безіп
өзін соншалықты мүсәпір хәлге дейін
түскенін біз шығарманы оқу барысында көзімізді
жеткіземіз, кейіпкердің күрескер емес соған мойынсұна
салғанына оны аяймыз. Таған бейнесінің қоғамнан,
тегінен, қоршаған ортасынан жатсынғанын бейнелеу үрдісі
модернизм ағымының элементтері екенін байқаймыз.
«Неге біз осы
бұл дүниенің барлық мүлкін арғы
дүниеге арқалап кетердей, мұрнымыздан қан
аққанша дүние-боқ жиямыз, а? Айтыңдаршы,
ағайын, салт басым, сабау қамшымнан басқа түгім
жоқ менің сендерден қай жерім кем? Кімнің
тұнығын шайқаппын, кімдердің ырысын ішіп тауысыппын.
Соншалықты неге жек көресіңдер. Мен – талантпын. Менің
білетінімнің, тәңірім – ау, бес процентін игерсеңдер,
әлдеқашан данышпан болып әлемнің билігін қолдарыңа
алмайсыңдар ма?» [3, 55 б.] – деген сияқты кейіпкерлердің
күрделі монологтары арқылы автор өзінің
ой-тұжырымдарын да бере білді. «Неге біз осы» бір Тағанның
ғана атынан емес, сондай-ақ Захардың, Еріктің, тіпті
Айнаның ішкі ойлары осы сөз арқылы берілгені
қаламгердің мұндай ойлар әрбір адамның басында
болатынын білдірсе, кейіпкерлердің өмірдің мәнін
түсінуге деген талпыныстары модернистік шығармалардың
мазмұнынан үнемі табылып отыратын элементтер.
Біз қарастырып
отырған шығармадағы кейіпкер өз-өзінен жатсыну
мәселесінен де кенде емес. «Таған өз – өзінен
жүдеген, өзінен – өзі жиіркене шошынған, өзінен –
өзі іші ұлып, сырты жаураған дел-сал, күйреуік халді
сезінді» [3,145 б.]. Кейіпкердің бұл іс-әрекеттері
маскүнемдік аурудан айғудың алғашқы нышандары
еді. Адам қатарына қосылып келе жатқанын омарташы жігіт
қаламады ма, жолдасын сол ескі сүрлеу жолына қайта
түсіргісі келді. Үйіне әкелгеннен бері онымен бірде бір рет
сыра ішпеген Ерік Прохорға әзірлеп қойған
шөлмектердің біреуін алдыртып, Тағанның «қойсам
деп едім» дегеніне «ертеңнен бастап қойсаңда кеш емес» деп
бастатып жіберді. Таған бірнеше саптыаяқтан соң баяғы
әніне басты. Шәйнектегі сыраны сарқа ішіп тауысып «НЕГЕ БІЗ
ОСЫ...» лекциясын жалғастырды. «Құрметті жолдастар, мен
бұл лекциямды бұдан жиырма жыл бұрын дәл осы
қарқынмен оқуым керек еді, амал не, арақ ішкізіп
жіберді. Ең әуелі сен әулиесің, туа талантсың деп
ішім кепкенше мақтады, артынан артымнан бір-ақ тепті. Маған
қазір соңғы мүмкіндік беріліп отыр. Сондықтан
ағымнан жарылып ашығын айтайын: Менің алғашқы
кандидаттық диссертациям Қазақстандағы 1930-40 жылдар
аралығындағы әлеуметтік – экономикалық жағдай
болатын. Алғашқы дейтін себебім: Мен ЛТП – да яғни
еңбекпен емдеу профилакториясынан «алқаш» ауруынан
айыққандай болып келген соң, екінші диссертация
жазғанмын. Амал не, оны да қорғатпады.
«Ұлтшылдықпен уланғансың» деп, сүйрелемеген
мекемесі қалмады. Тіпті КГБ-ның да алдын көрдім...», одан
Москва, Ленинград архивіне барғанын, қолжазбасын өрте деп
артынан түскенін бәрін – бәрін қаз – қалпында
әңгімелеп жатқаны кейіпкердің санасының
қайта жаңғыра бастауы екені айтпасақ та түсінікті
жайт [3, 158 б.].
Алғашында
Тағанға өмір мәнсіз көрінетін, тіпті өзін
өлімге дейін байлады. Оны шығарманың мына жерінен
байқаймыз: «Ерте оянған Айна күйеуінің үйге
қонбағанын, кештетіп келгенде мазаларын алмау үшін
сыртқа жата қалатынын білетін. Тысқа шығып
сарайдың жанына өте бере, Тағанның өлі – тірісін
білгісі келгендей айқұш – ұйқыш темір-тор терезесінен
сығалап еді, ала көлеңке бөлмедегі нар кісі жоқ, қаңырап
жатыр екен. «Ерікпен бірге аң қарауға кеткен шығар» деп
ойлады да, қорадан айналып, орманға бет ала бергенінде...
шарбақтың ағаш діңгегіне жіп байлап, мойнына
тұзақтап салып, жанталаса шегінген Тағанды көрді» [3,
160 б.], жан дәрмені қалмаған Айна жігітті құтқарып
алды.
Жазушы мұнда
кейіпкердің нақты өмір шындығын тануына, өмір
туралы таным-көзқарас қалыптастыруына өзімен –
өзін арпалыстырып қояды. Тіпті монологтар арқылы
шығармаға ерекше әр береді. Мұны модернистік
техниканың бірі деп толықтай айта аламыз.
«1970-80
жылдардағы қазақ прозасында модернистік эстетиканың
әбден орнығуы неомифологизммен тығыз байланысты» [2, 357 б.].
Олай болатын болса мифтік ескі сюжеттерді шығарма құрылысына
еңгізу қазақ әдебиетінде де жүзеге асқан
және асып та жатқан процесс. «Фольклорлық мұралардан
нәр алып, қазақ әдебиетінің классиктері
қалыптастыра алған мифологиялық ойлау жүйесі
із-түзсіз жоғалып кеткен жоқ. Ол дәстүр 1970-80
жылдар прозасында жаңа мән иеленіп, реалистік принциптер аясынан
табыла бермейтін сипат алды» - дейді әдебиет зерттеушісі Ж.Жарылғапов
[2, 359 б.]. Кейіпкерлердің мифологиялық ойлауы Оралханның да
шығармашылығында жиі кездесіп жатады. Мұны біз модернизге
жатқызып отырған «Атау-кере» шығармасын талдау барысында да
көзімізді жеткізіп отырмыз. Бас кейіпкерлердің бірі Еріктің
өзеннің арғы бетіне көктемнен қара күз
түскенше ай сайын келіп тұратын «қор қызы» санайтын
бейнесін мифтік ойлау жүйесіне жатқызар едік.
Сондай-ақ,
неомифологизм тәсілдерінің бірі мифтік
құбылушылықты да осы шығарманың өн бойынан
аңғара аламыз. Мифтердегі адамның өзге кейіпке айналуы
сынды құбылулар шығарманың мына жерінде берілген:
«Келер жылдың көктем шығып, жабағыланған сіреу
қар еріп таусылып, арқырап өзен тасып, ағаш
бүрлеп, гүл бас жарғанда, Ерік жылдағы әдетінше
Қатын суын құлдап, тарихи мекеніне барған. Арғы
беттегі шынарға жанарынан су аққанша қарады. Әне,
көрінді! Сол! Өзі! Ақбоз ат мінген сұлу!
Омарташының ғашығы! Аттан түсіп жетелеген күйі,
өзен жағасына келді – тым жақыннан көрінді. Қолын
бұлғады. Ерікте ес қалмады. Суға түсердей болып,
жағалауға мінбелей ынтыққан. «А, құдай,
араға айналсам екен, ара болып арғы бетке ұшсам екен» деп,
тізерлей отырып, қолын аспанға соза, бар болмысымен тіледі – ай,
тұңғыш рет зар еңіреп жылады-ай...» [3, 216 б.]. Жазушы
мифологиялық құбылуды өте сәтті пайдаланған.
Ерікті ақыры бал араға емес, малға тыныштық бермейтін
көкбас сонаға айналдырған. Сонаға айналып
ғашығына ұшып жеткен «Ерік – Сонаны» омарташының
ғашығы қамшымен салып қалып қанатын сермеуге
шамасын келтірмеді. Келіншегі мен маскүнем досының үйінен
кеткенінде « - Прохор келсін, вертолетпен Бекзатты алдырамын. Маған
бәрібір, қатын болса – болды» деген кейіпкеріміз елесіндегі
ғашығын аңсап жүргенде жазушы оны мәңгілік
жалғыздыққа тастады.
Қорыта
айтқанда, қазақ әдебиеті әлемдік процестен шет
қалмады. Әлемдік әдебиетте төңкеріс жасаған
модернизм бағыты ұлттық прозамызда да көрініс тапты.
1960-80 жылдары жазылған тың тақырыптағы
шығармалар соның айғағы екені шындық. Шағын
мақаламызға арқау етіп отырған Оралхан
Бөкейдің «Атау-кере» хикаятында модернизмнің элементтерін жиі
ұшыратқанымызды аз-кем сөз еттік. Модернизм бағытын
толықтай зерделеу және талантты жазушы О.Бөкейдің
басқа да шығармаларын теориялық тұрғыдан талдау,
шығармашылығындағы модернистік элементтерді анықтау
шағын мақалада мүмкін емес. Сондықтан да мұндай
іргелі жұмыстар үлкен зерттеулердің еншісінде деп ойлаймыз.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі:
1.
Майтанов Б. Қазіргі қазақ
прозасындағы модернистік және
постмодернистік ағымдар // «Қазақ әдебиеті» газеті,
2004. №43. – Б.8-9.
2.
Жарылғапов Ж.Ж. Қазақ прозас:
ағымдар мен әдістер: Монография. – Қарағанды: Гласир,
2009. – 400 б.
3.
Бөкеев О. Атау – кере (Қауіпті будан).
Мұзтау (Соңғы ертек): хикаяттар – Алматы: Ан-Арыс, 2010. –
320 б.