ф.ғ.к., доцент Такиров С.У., магистрант Жакулаев А.М., Еділхан Ө.

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды  мемлекеттік университеті

 

ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ХАРАКТЕР

 

Қазіргі қазақ әдебиетінде оның ішінде поэзияда өзіндік өрнегімен көрініп жүрген ақындарымыздың бірі - Есенғали Раушанов. Ақын поэзиясы бойындағы ұлттық мінездің ерекшелігімен, айрықша суреттілігімен басқа ақындардан дараланады. Оның  «Келінтөбе», «Ғайша-Бибі», «Қара бауыр қасқалдақ» атты жыр кітаптарына енген өлеңдері бүгінгі поэзиямыздың қарқынды дамуына мол үлесін  қосуда. Қаламы төселген, әдебиет әлеміндегі өз орнын анықтаған ақынның шығармашылығын мақаламызға арқау етіп ала отырып, оның табиғатын танытуға ұмтылдық. Ұлттық бояуы қалың поэзиялық туындылардың осы қасиетіне тереңірек үңіліп, талдау жасадық.  Дамудың күре тамыры – дәстүр жалғастығы екені бәрімізге белгілі. Ұлттық поэзиямыздағы алтын арқан үзілмей көне дәуірден бүгінге дейін жеткені, ертеңгі күнге де жол тартары ақиқат. Ақын лирикасында көне түркі поэзиясынан тамыр таратып, туған әдебиетіміздің төлбастауы жыраулар поэзиясынан сусынданып, жаңа жазба поэзиядағы сыршылдыққа ден қойған өзгеше нәзіктік, ерекше асқақтық бар. Әрбір тіркес пен жолдың бір-бірінен бөлінбес тұтастығы, жинақылығы, өлең мазмұнының салмақтылығы – ақын поэзиясының айнасы іспетті.

Ақын шығармаларында ата-баба дәстүріне деген адалдық, туған жерге деген шексіз махаббат, түрлі өзекті мәселелер, адам тағдырлары ақындық зор қуатпен бейнеленген. Гегель «Өнердің тәжі» деп бағалаған поэзияны сол данышпанның тұжырымына сүйенсек, «шығармашылық емес, шынайы сезімнің ішкі рухани әлем аясындағы әрекеті» түрінде түсінген жөн [1, 34]. Бұл пікір, әрине, поэзияны жоғары бағалаудан туындап отыр.

«Поэзия - өнердің жоғарғы тегі» – дейді В.Г.Белинский. Және поэзияны үш түрге жіктей келе, оның ішіндегі лирикалық поэзияны «ішкі сезім, шарқ ұрған сезгіш ой аясында қалады» деп түсіндіреді [2, 1-2]. Лирикалық поэзиядағы ізденістер мен жетістіктерді сөз еткенде, бірінші өлеңнің құрылымына яғни көркемдік тілі мен бейнелілік мәселесіне назар аударатынымыз белгілі жай. Көркемдік ойлау жүйесінде қалыптасқан дәстүрлі суреттемелердің жаңа, соңғы көркемдікпен баюы жеке ақындар шығармашылығындағы ізденістер мен бір-бірін қайталамайтын даралықтарымен тікелей байланысты.

Қазіргі қазақ лирикалық поэзиясының белгілі өкілі Есенғали Раушанов шығармалары туралы айтқанда тіл ерекшелігі, көркемдік құралдарды пайдалану тәсілінің өзгешелігі дейтін мәселелерге алдымен баса назар аударуымыз қажет. Өйткені ақын өлеңдерінің ерекшелігі біріншіден, жас талапкерлердің бәрінің де басында болған, бола беретін еліктеу секілді  ауруға жол бермеген, сондай-ақ халқымыз сырына қанық қара өлеңнің өзгеше сипат бар. Екіншіден, өзінен бұрын ғана емес, өзгелерден де бұрын талай айтылған, өмірдің өткіншілігі мен мән мағынасы туралы ойды образ арқылы өзінше бере білерлік қабілеті, сара суреткерлік нышаны байқалған. Үшіншіден, ақындық өмірбаяны енді ғана басталғанның өзінде-ақ небір шұрайлы, сырлы, астары терең теңеулерді жіпке тізгендей етіп жырына арқау ете отырып туған жер көркін, өзінің парасатты пайымдарын шынайлықпен, ақындық сергек көңілмен жас қауым, қалың жұртты еріктен тыс елең еткізгенін өзі де аңғармай қалғандай.

Ақын іңір мезгілін бейнелеуге арналған өлеңдерінде кейіптеу тәсіліне көбірек жүгінеді. Іңір мезгілін арқау еткен үш өлеңіндегі көркемдік пен ақындық тіл іңір суретін көз алдымызға шынайы, жанды көрінісімен елестетеді. Ақын қаламына тән өзгеше өрнекті, нәзік сырды әрбір өлеңнен анық аңғарамыз. «Іңір» өлеңінде өзіне тән теңеулерімен ақын ерекшеленеді.

        Балқып жанып күн деген төстемірің,

        Зергерлікпен өң берді кешке бүгін.  

Саулы інгеннің үрпіндей жұмсақ желге

Ботакөз- көк жаудырап тосты ерінін [4, 50].

Бұл жолдардан ұлтымызға тән, өзімізге жете таныс сурет көрінеді. Желдің айқындауы – жұмсақ деген сөз болса, осы жұмсақ желдің өзіне өте сәтті теңеу табылған: Саулы інгеннің үрпіндей. Желдің көкке немесе көктің желге қатысын суреттейтін тұстың өзі тың сурет. Көк бейне әрекет иесі, желге ерінін тосады. Табиғат суретінің әсем бір сәтін соншалықты жанды да нәзік түрде бейнеленген тұсының бірі – ботакөз-көктің жаудырауы.

Осы орайда ойымызға еріксіз А.Блоктың «Ақын қашан да әлемге әртүрлі қатынас жасағысы келеді және оны әр түрлі қабылдайды, өзі құлақ түрген дауыстарға еліктейді» [3, 70] – деген пікірі оралады, бұл ақындық табиғатты жете түйсінгеннен туындаған болса керек.

Ақынның сөзден шебер өрнек құрауын өлеңдерін байыппен оқу барысында байқаймыз. «Іңір» өлеңінде бүкіл болмыс бір-бір әрекетті иелендіріп, сырлы сөзбен жанды сурет құраған. Әдеттегі көркемдік қолданыстарда жұлдыз жымыңдаған, күлімдеген түрде бейнеленсе, Есенғали өлеңінде басқа образдарға ауысқан. Күннің түнге ұласар шағындағы, кешқұрым уақыттағы жұлдыздың көрінуін:

«Жұлдыз өріп шыққанда су астынан,

Қоймен бірге жусады жуас құнан», – деп бейнелеп береді. Айдың да әрекетін тосыннан суреттейді:

Түбектегі ауылды түгендеуге

Түнделетіп келеді Ай қыр астынан [4, 50].

Адамға тән іс-әрекеттің айға көшірілуі өте сәтті. Қараңғылықтың бел ала бастаған кезінде қыр астынан аспанға сапар шеккен ай, қараңғылық күшейген кезде бұлтқа қорғалайды. Осындай мезгіл суретінде лирикалық қаһарман да өз орнын алып тұр.

Қараңғылық қойнауға орнады әні,

Содан қорқып, ай бұлтқа қорғалады.

Сақ қара атпен салдыртып мен келемін.

Бүлкіл қағып алдымда жол барады [4, 51].

Жолаушының да әрекетке көшкен қалпымен бейнеленген. Есенғалидің «Іңірде» өлеңін табиғат лирикасына жатқызамыз. Іңір суреті іс-әрекетпен кейіптеле суреттелсе, іңірге тән мезгіл суреті бейнелеулер арқылы көрінеді. Демек, лирикалық қаһарман көңіл-күйіне ешқандай орын берілмеген сияқты көрінгенімен, ол (лирикалық қаһарман) пейзаждық суреттің бойына еніп кеткен. Жанданып бейнеленген  табиғат суреті емес, ақын қабылдауындағы, түйсінуіндегі бейнеге айналған.

«Іңір» атты тағы бір өлеңінде іңірдегі басқа суреттер өрнектеледі де, соңы лирикалық қаһарман көңіл-күйімен түйінделіп беріледі. Бұл өлеңіндегі бейнелер де алдыңғы өлеңдегі бейнелерден өзгеше, мүлде басқаша көркем суреттелген. Көлден ұшқан үйрек легін бұлттың көшуіне ұқсату, толқын мініп, аяғын ескек еткен қасқалдақты жыр ету – ақынның сезімталдығы мен қырағылығын, шебер суреткер екендігін анық байқаймыз. «Үйрек емес көлден ұшқан аспандап, Көк алалы бұлттардың легі еді» деген поэтикалық суреттеудің ендігі құбылуына назар аударайық:

Көлден ұшқан бұлттар емес көкала

Күн еді ғой ұясына асыққан [4, 148].

Басты нысанада – көл. Көлден ұшқан үйрек – шынайы, нақты сурет десек, көкалалы бұлт легінің, ұясына асыққан күннің ұшуы – көркемдік шындық. Көл суретін негізгі нысанаға алған ақын Көл де, шөл де – жүрегімде, өзімде деп түйіндейді. Соңғы жолдар іңір суретінің ақын жанымен үндесер, рухани әлемімен үндесетін тұсы:

Бірсін-бірсін сөнеді анау алып күн,

Томашадай қасқалдақтың көзінде... [4, 148].

Е.Раушанов қарапайым құбылыстарды көркемдік талапқа сай өңдендіре біледі, өлеңде бейнелі суреттерді құбылту қаншалықты шеберлікті қажет ететіні айтпасақ та жыр сүйер қауымға түсінікті. Негізінен ақын өлеңдерінің басым көпшілігіне кең тыныс, шешендік, бейнелі суреттер тән деген ойдамыз. Бұл жерде ақынның өзіндік дара, жеке стилін, тек өзіне ғана тән ақындық шеберлігін баса айтқан жөн деп білеміз. Күннің ұясына кірер сәтін тікелей нақты түсінікте күн арқылы емес, «томашадай қасқалдақ» арқылы көрсетудің мәні қаншалықты тереңде екенін сезіну әрбір оқырманның жете түсінгені абзал. Іңір көрінісі екі өлеңде бірін бірі мүлде қайталамайтын өзгеше бейнелі суреттермен берілегенін жоғарыда айтып өттік. Қабыспай, бір-бірімен үйлеспей тұрған басы артық сөз немесе сурет жоқ. Алдыңғы өлеңде іңір бейнесі «Сақ қара атпен салдыртып мен келемін» - деп келе жатқаны лирикалық қаһарманның көңіл көзімен берілген болса, екінші өлеңінде іңір суретіне көкірек көзімізбен назар салып оқысақ лирикалық қаһарман сезімімен, көңіл-күйімен суреттелгенін көреміз. Соңғы өлеңде көлеңкеге, адамға тән іс-әрекеттерді бейнелеген:

Көлеңкелер шырмалып қап қоғаға,

Көмек күтіп қол бұлғайды қашықтан [4, 148].

Іңірдегі көлеңкенің халі осындай. Табиғат мезгілінің әрбір сәтін қапысыз танып, аңғара білу де – ақынға тән қасиет.

Келесі іңір туралы өлеңде ақын мүлде басқаша тәсілге ауысады. Мұндағы Іңір – кәдімгі жанды бейне. Аңыз, мифтердегі пері қызы – адам баласы үшін үрейлі болып көрінетіні баршамызға мәлім. Ал ақын іңірді сол пері қызымен үйлестіреді. «Сүйдім мен Іңір деген пері қызын» - деп сұлулығымен адам баласын алдап-арбайтын пері қызына ақын ынтығады. Пері қызының адам бойын тітірентер үрейімен қоса ғажайып сұлулығының бар екенін жырына арқау етеді. Мұндағы іңірге тән суреттер сол іңірді суреттеуге көмекші болып қалған.

Ақырын жаныма кеп отырады ол

Жасырып жез тырнағын жеңіне ұзын [4, 148]

Хикая, ертегілердің қорқынышты бір кейіпкері – жезтырнақ. Ақын пері қызының үрейлі сипатын жезтырнақпен біріктіру арқылы танытады. Күннің қызарып барып батқан суретін сол пері қызының жез тырнағынан қан саулап, көкжиекті тырнауы түрінде бейнелеу сәтті тіршіліктегі азапты арпалыстарды, қым-қиғаш тартыс пен кереғарлықты аңғарту тәсілі болып табылады.

Ұшынан тырнағының қан сорғалап,

Тырнайды көкжиекті көз алдымда... [4, 148]

Қызыл іңір суреті ауыспалы мағынада қаны дірдектеген көкжиек түрінде көркем суреттеледі. Сезім құбылыстарын көрсету тәсілі тым ерекше, дара. Көкжиектен «дірдектеген қанды» көргенде сескенген лирикалық қаһарман ойы да астарлы тың дүние секілді берілген:

Жер тыныш.

Көл орнында.

Сеңгір аман,

Тек жүрек бұлқынады – шерлі ғалам.

Сүйем мен жезтырнақты дүниені,

Қайт дейсің,

Не істе дейсің енді маған?

- деген жолдармен түйінделеді [4, 148]. Жаңағы біз көрген әрекет – ақын жүрегінің бұлқынысы екені ұғымымызға саяды. Өмірдің жүректі шым-шымдап  шымырлатар өкінішті, қайғылы да қатал сәттері көп. Қандай жағдай болса да адамзат өмірді сүйеді, өмір үшін күреседі. Ақын өлеңінің түйінінен осыны аңғарамыз. Поэзиядағы әр буын өкілдерінің табиғатты назарға алмағаны, жырына қоспағаны кемде-кем шығар. Дәстүр жаңарып, ерекше бояу, өзгеше сипатпен жалғасады. Мұны Е.Раушанов өлеңдерін талдау барысында көз жеткіздік.

А.Блок тұжырымына сүйенсек, жай адамның көзі ажырата алмайтын қырларды шалса, табиғаттың бергі қабатын ғана көрмей, оның ар жағындағы сырды ұғып, сезінсе, сол адам – суреткер [3, 123-124]. Е.Раушанов суреткерлігінің қыры мен сырына үңілгенде, ең әуелі мезгіл көрінісін түйсінудегі асқан сезімталдығына, сезінгенін бейнеге айналдырудағы шеберлігіне ерекше назар аударамыз. Уақыттың бір мезеттік мезгілін суреттегенде ақын табиғатты танып қана қоймай, оны өз әлеміне бейімдеп, бойына сіңіреді. Бұл жерде Белинскийдің мына бір пікірі ойымызға оралады: «Лирикада субъект затты өзінің аясына алып қана қоймай, оны ерітіп, іші-бауырына тартып алады... Лирика мылқау түйсікке тіл бітіріп, образ береді, оларды ыстық, тар кеуденің қысымынан көркем өмірдің тың әуесіне шығарып, өзгеше өмір береді» [2, 43].

Е.Раушанов поэзиясына осынау шағын барлауымызда оның талантының барлық қырын таныттық деп айта алмасымыз хақ. Бұл мақаламызды ақын әлемін зерделеуге жасаған талпынысымыздың бірі деп ұққан жөн. Шынайы талантқа тән қасиет – ой мен сезімнің, қиялдың сан қатпар жұмбақтылығы болса керек. Ақынның шығармаларынан жыраулар поэзиясы сарынындағы өлеңдерді де кездестіреміз. Мысалы; «Жолдар да жолдар, жолдар-ай», «Жасыл да жасыл, жасыл бел», «Сеңгір де сеңгір, сеңгір-ай», «Уа, жалт еткен, жалт еткен», «Күмбір, күмбір, күмбір су...» «Үрзада дүние, үр ерін гүлдер үлбегей», «Бұрма-бұрма, бұрма піл», т.б.

Ойымызды түйіндей келе айтарымыз, - Е.Раушанов – халықтық, ұлттық поэзия қасиеттерін бойына терең сіңірген, өзінің эстетикалық танымымен қазақ жырының көркемдік көкжиегін айтарлықтай кеңейткен есімі жалпақ жұртқа таныс абзал ақын. Поэзия әлеміне өлеңнің еңселі ақ ордасын сән-салтанатымен, шешен сөз, шебер өрнегімен келістіре қондырған Есенғали Раушановты ұлт ақыны деуімізге әбден болатынын талай-талай сыншыларымыз айтып жүр.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1 Гегель Г.Ф.Н. Эстетика туралы лекциялар. Кітапта: Эстетика.1 том.

Москва. – 1968.

2 Белинский В.Г. Таңдамалы шығармалары. Алматы. – 1948.

3 Блок А. Әдебиет туралы. Москва. – 1980.

4 Раушанов Е. Бозаңға біткен боз жусан: Өлеңдер мен поэмалар. – Алматы:

Раритет, 2006. – 384 бет.