Бақыт Сейлханова

Өскемен қаласындағы медицина колледжінің оқытушысы

(Қазақстан)

АДАМ МІНЕЗ-ҚҰЛҚЫНЫҢ АБАЙ  ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ БЕЙНЕСІ

 

       Бүгінгі таңда Абай  шығармашылығындағы  психологияның  негізі - жан мен тәннің арақатынасы, адамның психологиялық даму жолындағы тәрбие мен  білімнің атқаратын қызметі, сондай-ақ  бала психологиясы мен  қоғамдық  ұлттық  психологияның  жекелеген мәселелері сияқты құбылыстардан көрініс тапқан.  Нақтырақ айтсақ,  психология ғылымы  адамның жан дүниесінің сырына терең  үңіле отырып, оның барлық  дерлік тіршілігінің  қожасы екендігін  көрсетеді. Демек,  адам тек  өзін-өзі  бақылап тексеріп  қана қоймай, тіршілік бейнесін  ақыл ойы мен  парасатына  сүйене отырып өз ырқына көндіре алады. Осы айтылғанның барлығы  психология ғылымының  адамтану  жайындағы пәндердің арасындағы  жетекші ғылым  екенін көрсетеді. Осы ойды ірі тұлға М. Әуезовтің мына пікірі толықтырады: «Абай сөзінің негізін адамгершілікке тірейді. Барлық өсиет ой-толғау еңбектерінің қорытындысы тағы да адамгершілік тәрбие екенін танытады. Адамды қор қылатын ең залалды жаманшылықтарды санап өтеді. Олар үш нәрсе: «надандық, еріншектік, залымдық». [1,217]

         Абайдың  психологиялық көзқарастары қазіргі ғылымда жан жақты қарастырылуда.  Осы ретте психолог-ғалымдар Т.Т.Тәжібаев, Қ.Б.Бержанов, Ә.У.Сембаев, Қ.Б.Жарықбаев, С.Қ.Қалиевтардың еңбектерін ерекше атап өткен жөн.

       Абай шығармаларындағы психологиялық құбылыстардың жарқын көрінісін мына үзінділерден танимыз. Тіпті сол дәуірдің өзінде   адамның психологиялық  өмірінің  қыры мен  сырына  жаратылыстық ғылыми  тұрғыда мынадай түсініктеме береді: «Адам баласы көзімен көріп, құлақпен естіп, қолмен ұстап,  тілмен татып, мұрнымен иіскеп тыстағы дүниеден хабар алады». «Адам баласы анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Бірі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп туады. Бұлар – тәннің құмарлығы. Екіншісі – білсем екен деу- жан құмарлығы» [2,44].

Шындығында да,  Абай шығармаларының бойынан адами келбеттің сан түрлі үлгілерін табамыз. Олай дейтініміз, ақын өз заманы, қоршаған ортасы арқылы адам болудың, адамша өмір сүрудің жолдары мен бағытын  көрсетеді. Әр өлеңінде адами болмыстың сыры әр қырынан танылады. Ол  адамдықтың басты қасиеті -адамгершілік екенін баса жырлайды, оның дүниетанымында адамгершiлiк мәселесi негiзгi орын да алады. Абай - адамның өзiн-өзi танып бiлуiн, ашылып түсiнуiн, өмiрдегi орны мен деңгейiн дұрыс бағалайтын, әрекет-қимылдарын сын тұрғысынан саралай алатын қабiлетiн адамгершiлiктiң түпнұсқасына балайды. Оған дәлел ретінде «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» өлеңін келтіруге болады. 

“Интернатта оқып жүр” деген өлеңінде қазақ жастарының шенеунік болуды дәреже көретінін, жан байыту қаперіне кірмейтінін ашына сынайды.  Ақынның жандүниесінің  тілегі бүгінгі жас дүниеқоңыздылыққа салынбаса екен, білім алып еліне тура жолда қызмет етсе деген ақ арманынмен ұштасады.

Оған мына өлең жолдары куә: Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге, Военный қызмет  іздеме, Оқалы киім киюге, Аз ақшаға алданып, Қызмет қылма оязға, Адал жүріп, адал тұр, Жалқауланба еруге- дейді. Байыптай қарасақ, адам мінезінің жақсыға да жаманға да тез үйір болатынын ақын ерекше ескерте келе, келешектің қадамы  ең алдымен,  арды, намысты ойлаудан басталады деген ойға жетелейді.  Осы оймен тұстас, ол үш – ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп, толық адамның қасиеттерін санамалап береді. Адам бойындағы үлкен қасиеттің бірі – мейірімділік екенін атай келе,  адамды сүю туралы: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» көрсетеді, «адамзатты сүю – хақтың жолы, ғаділеттің жолы» деген анықтама береді. 

          Ақын туған  халқының әлеуметтік  жағдайымен, оның  әртүрлі топтарының мінез-құлықтарына да ерекше  зейін қояды. Ол өз заманында халқының  мінез-құлқын, көңіл-күйін, іс-әрекеттерін, күйініш-сүйінішін, талап-талғамын, салт-санасын жақсы білді. Оған мінездегі қайнап жатқан бұлқынысты көрсететін: “Қайғы шығар ілімнен, ыза шығар білімнен, қайғы мен ыза шыққан соң зар шығады тілімнен”, “Ақылсыз би болмас, сәулесіз үй болмас, жүректе оты жоқ адамда ми болмас” деген жыр жолдары дәлел. Оның шығармаларынан  сан алуан  мінезді сипаттағы адамдардың  психологиялық бейнесін  жолықтыруға болады.

                    Кей  жігіт мақтан үшін қылық қылмай,

Бойына майдалықпен сыр сақтаған,

Кей жігіт арсыздықпен ұятсынбай

  Қолы жетпес нәрсеге тыртақтаған...

немесе:

 Ақылды қара қылды қырыққа бөлмек,

                               әр нәрсеге өзіндей баға бермек.

                               Таразы да, қазы да өз бойында,

                              Наданның сүйенгені көп пен дүрмек, - деп өмірдің жақсы жаманы ақыл мен надандықтың ортасында жүретінін ескертеді.

Ақын өлеңдерінен сан қырлы мінезде сипатталатын басқа да образдарды танимыз.   Ақын жаманның жауы — тiлi мен пиғылында, икемсiз қылығында. Iске ебi жоқ, бос сөзi көп, терiс пиғылды, жақсы көрсе оны көре алмай сынайды, өз пиғылына тоқ, жақсылыққа жоқ. Осындай жан төзгісіз мінездерді көргенде мынадай тоқтамға келіп жырлайды:

Сабырсыз, арсыз, еріншек,

                                          Көрсеқызар жалмауыз.

                                         Сорлы қазақ сол үшін,

                                         Алты бақан алауыз...

           Абай  шығармаларында адамның жақсы-жаман болуы, ақылды-ақылсыз болуы генетикалық негізге байланысты деп түсіндіріледі. Ақсүйек тұқымынан шыққандар ақылды, батыр, алғыр болады деген нәсілдік, идеалистік көзқарасқа қарама-қарсы ой айтылады. Тіпті халық арасында жігітке жар таңдауда ақыл мен парасаттың адам бойындағы ерекше биік қасиет екенін ескеріп, оны былайша түсіндіреді:

Жасаулы деп, малды деп байдан алма,

                            Кедей қызы арзан деп құмарланба

                            Ары бар, ақылы бар, ұяты бар

                           Ата-ананың қызынан ғапыл қалма...

          Ақын сол дәуірдің өзінде –ақ,  адам мінезінің қалыптасуы тәрбиеге, ортаға байланысты екенін мойындады. Өзінің отыз жетінші қара сөзінде: «Мен, егер заң қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім»,-деп көрсетеді [2,22].

         Жоғарыда келтірген деректерді негізге ала отырып, Абай шығармаларындағы адам мінезінің сан қырлы сипатын былайша өрбітуге болады:

 

          Абай шығармашылығынан  психология  мәселелеріне  байланысты  құбылыстарды көптеп келтіруге болады. Ал, шынтуайтына келгенде, арада қанша уақыт өтсе де, Абай заманындағы қазақтан бүгінгі қазақты көп өзгере қойды деп айту қиын. Ол өз заманының бейнесін келтірген «алауыздық, пасықтық, көрсеқызарлық, арсыздық, қиянатшылдық, дүниеқорлық, жалпақтық, менсінбеушілік, жайдақтық, билікке, мансапқа құмарлық, сатқындық, надандық, бейшаралық» сияқты мінездер әлі де бүгінгі қазақтың да бойынан арылмай келеді.

          Корыта келгенде,   ақынның бай мұрасы арқылы өткен дәуірдегі тұтастай бір ұлттың болмысындағы мінез-құлқын тануға болады, бұл деректердің өзі түптеп келгенде көшпенділердің  психологиялық  әлемі туралы  сарқылмас қазынаның қайнар көзі екені даусыз.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1.      Әуезов М. Абай Құнанбаев. Алматы: Санат 1995ж.

2.     Абай. Екі томдық өлеңдер жинағы. І том. Алматы, 1986