ОҚУШЫЛАРҒА ҚОЛӨНЕР БҰЙЫМДАРЫН ЖАСАУДЫ ҮЙРЕТУДЕ ІСКЕРЛІК ПЕН ДАҒДЫНЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУ ЖОЛДАРЫ

 

      Педагогика ғылымдарының кандидаты Б.Б.Жолдасова

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ

Түркістан қаласы, Қазақстан Республикасы

 

«Технологияның» білім беру саласы білімді де іскер адамды тәрбиелеуді талап етеді. Адамның қайсы бірі болмасын өзінің практикалық іс-әрекетінде әрдайым түрлі проблемалық тапсырмаларды шешеді. Қазіргі кезде оқушыларға меңгертілетін қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнер түрлерін жүйеге келтіруге және оны оқытушылар тарапынан басқаруға байланысты бірқатар талпыныстар жасалуда [1].

Халықтың сәндік-қолданбалы өнері де ғалымдардың зерттеу еңбектерінде қарастырылған. Олардың бірі халықтың сәндік-қолданбалы өнерін жалпы білім беретін мектептің көркем еңбек сабақтарында пайдалану жолдарын көрсетіледі (С.Жолдасбекова, Ш.Әбдуәлиева, А.Райымқұлова, Б.Жолдасова және т.б.).

Мектеп оқушыларының «Технология» пәні сабақтарында әрбір бағдарламалық тақырыпта бірқатар дидактикалық  міндеттерді орындайды; алдағы жұмыстан қызығушылық пен дайындықты ояту, оқушыларды тың білім және шеберлікпен байыту, қайталау және жаттығу жолымен алған білім мен  шеберлікті тиянақтау, оқу  жұмысының  сапасын есепке алу мен бағалау және оқушылардың үйден өз бетінше білім алу, сондай-ақ шығармашылық еңбек қызметін ұйымдастыру.

Технология сабақтарының сапалы өтуі оқушылардың білім сапасын арттыруға әсер ететін фактор болып табылады. Оқыту үдерісі үшін оқыту бағдарламаларының және оқулықтардың, оқу құралдарының сапалы қамтамасыз етілуі,  мектептің оқу-материалдық базасының жақсартылуы,  мұғалімнің әдістемелік және кәсіби шеберлігі сабақтың нәтижелігін арттырады.

Орта мектептерде еңбекке баулудың формалары мен әдістерін, мазмұнын, принциптерін, оқушыларды еңбекке дайындау процесіндегі іскерлік пен дағдыны қалыптастыруда тәрбиелеу  мен оқытудың бірлігіне жету құралдары мен жолдарын көптеген ғалымдар (О.Сыздықов, К.Өстеміров, Н.Адамқұлов, Д.Қ.Пошаев, Б.Т.Ортаев, Ж. Күнпейіс т.б) зерттеген.

Мектеп оқушыларын тұрмыста қолданылатын қолөнер бұйымдарын жасауға баулу барысында оқушылар жалпы еңбектік дайындықтарды игеріп, материалды өңдеу бойынша жалпы білім мен ептілік және дағдыны меңгереді,  жұмыс жасау барысында оның түрлі қасиеттеріне байланысты сауаттылығын арттырады, үй мәдениеті және тұрмыстық техника негіздерімен танысып  өндіріс салалары жөнінде түсініктерді қалыптастырады. Сонымен бірге, бағдарламада жоспарланған оқу материалдары, тақырыптар, практикалық және лабораториялық жұмыстар оқу – тәрбие жұмыстарының іске асуына негіз болады.

Қазіргі кездегі технологиялық білім беруге, жастардың технологиялық мәдениетіне сәйкес еңбек іскерліктері мен дағдыларын қалыптастыру өзекті мәселенің біріне айналып отыр. Оқушылардың білім, іскерлік және дағдысының қалыптасуы, еңбек үдерісін және оның құраушы бөліктерін орындауға баулу, әр түрлі оқытудың әдістері мен ұйымдастыру формалары көмегемен жүзеге асырылады.

Жалпы адамзат мәдениетін, ой – пікірдің дамуын жас ұрпаққа жеткізуші тұлға ретінде  мұғалім өте маңызды рол атқарады. Бүгінгі мұғалім – ой – өрісі кең, мәдениеті жоғары, жаңаша ойлауға қабілеті бар, халқымыздың педагогикалық мұрасын және дүние жүзілік озық педагогикалық ой – пікірді меңгерген ізденімпаз маман [2].

Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептері тұжырымдамасында мұғалімнің дайындығына мынадай талаптар қояды: «мұғалім оқу материалын дайындап беруші, талап етуші ғана емес баланың өз бетімен ізденуінде білік пен дағдыны қалыптастырушы, оның іздену – зерттеу жұмысына қамқоршы, жетекші деңгейіне дейін көтерілуі тиіс» [3].

Технология пәнінде  оқушыларға қолөнер бұйымдарын  дайындауда технологиялық үдерістер және осы үдерістердің ғылыми негіздері жөніндегі білім берумен қатар практикалық сабақта олардың еңбек іскерліктері мен дағдыларын еңбектің сферасына сай қалыптастыру тиімді болып табылады.

Оқушыларды көркем еңбекке дұрыс дайындау үшін ұйымдастырушылық – педагогикалық шарттар керек. Олар: мектептің материалдық – техникалық базасы; мектептің басқа өндіріс орындарымен байланысы; көркем еңбекке және кәсіпке баулудың формалары мен әдістерін пайдалану және қолдану, оқытудың құралдары; кәсіпке баулу мұғалімдерінің педагогикалық шеберлігінің жоғары деңгейі.

Технология пәні мұғалімі мектеп оқушыларына қолөнер бұйымдарын дайындауға үйретуде төмендегідей білім мен ептіліктерді қалыптастыруы керек:

-       технологиялық сипаттағы білімдер жүйесін;

-       технологиялық дүниетанымын;

-       көркем еңбек барысын жоспарлауды, бақылауды, және өзіндік іс – әрекетті бақылауды ұйымдастыру;

-       әртүрлі оқу   – өндірістік жағдайларда және іс – әрекет түрлерінде жасалынатын жалпы еңбектік ептіліктерді;

-       шығармашылық ойлауды, шығармашылық  іс – әрекет элементтерін;

-       жинау, талдау, талдап қорыту, мәнді жақтарын бөліп алу, жіктеу, топтамалау сияқты технологиялық ептіліктерді;

-       еңбек сапасын және жеке тұлғаға тән қасиеттерді;

-       қолөнер шеберлеріне құрмет көрсетуді, еңбек сүйгіштікті, ұжымшылдықты, өз бетінше жұмыс жасауды, белсенділікті, үнемшілдікті, ұқыптылық пен зейінділікті, еңбек ету тәртібі мен жауапкершілікті.

  Оқыту әдістері деп, мұғалім мен олар жетекшілік ететін оқушылардың жұмыс тәсілдері түсініледі, оқыту үрдісінде оқушы білім, іскерлік және дағдыны игереді,  дүниетанымы қалыптасады, танымдық қабілеттері мен шығармашылық белсенділігі артады.

  Оқыту барысында ғылыми теорияны практикалық  тәжірибе негізі арқылы мұғалімдер оқушылардың біліктілігін арттыруға жол ашады. Практикалық біліктілік – еңбек қызметтерін сапалы, мақсатты, тиімді тәсілдермен атқара алу қабілеттілігі, белгілі бір ережеге және оны нақты міндеттерді шешу барысында лайықты пайдалануға негізделген жаңа әрекетті меңгерудің нәтижесі. Білікті іс - әрекет орынды тәсілдерді таңдай – білуден, тек қана таңдай білуден емес, оларды тәжірибеде орындаудан көрінеді. Теория мен практика  бірлігінде тәжірибенің айқындаушы рөлі бар. Мұғалімдер мен мен оқушылар арасында білім, білік және дағдыларын іске асыруда бірлескен қимыл - әрекет, практикалық қызмет аясында кәсіби шеберлікке баулу процесі барысында қалыптасады.

Іс - әрекетті орындай білуде жаттығу арқылы бекітілген білікті дағды деп атайды. Ал, кәсіби дағды белгілі бір кәсіпті меңгеру барысында практикалық жаттығулар арқылы қалыптасатын еңбек қызметінің  сапалы әрі сандық көрсеткіші болып табылады.

Дағдының психологиялық тұрғыдан мынадай түрлері бар:

-                    қимыл дағдысы;

-                    ойлау дағдысы;

-                    сезім дағдысы.

Қимыл дағдыларында  - оқушылар еңбек қимылдарын дәл, нақ және аз күш жұмсай отырып тиімді үйлестіру әрекетін қалыптастырады.

Ойлау дағдылары жұмыс барысында стандарты қалыптасқан, арнайы ойлау процесін қажет ететін дағдылар.

Сезімдік дағдылар  оқушылардың іс - әрекетті атқару кезінде сезім мүшелері арқылы қалыптасқан технологиялық процестер мен материалды сұрыптауларда пайда болады. Сондай – ақ бұл әрекет әсіресе, технологиялық процестерді ұйымдастыру мен бұйым сапасын бақылау кезінде байқалады [4].

Ақ киізден бұйым дайындау жолдарын қарастыруда  жас жеткіншектерге оқытудың психологиялық негізінің арнайы ерекшеліктерін білу керек. Олар:

-  бірінші кезең еңбектік  ерекшелігі, оның сипаты мен психофизиологиялық ерекшеліктері жөніндегі қажетті ақпараттарды қабылдаумен аяқталады. Мәселен, ақ киізді соны тәсілмен өңдеуде оқушылар еңбек міндеттерін обьектіні бақылау немесе еңбек үрдісімен алдын – ала танысу негізінде айқындайды;

-  екінші кезеңде еңбек іс - әрекетінің негізінде жатқан негізгі ережелерді ұғыну іске асады. Оқушылар ақ киізден бұйым жасауда еңбек үрдісін түсінеді, еңбек жөніндегі жаңа білімдер алады;

-  үшінші кезеңде алған білімдерді жаттығулар, өзіндік жұмыс жасау, қосымша түсіндірулер жүйесі арқылы бекіту  жүреді;

-  төртінші кезеңде алынған білім біртіндеп практикалық іс - әрекетке ұштасады. Еңбектік білім, іскерлік және дағдыларды қалыптастырудың барлық  кезеңдерінде, олар бақылануы және тексерілуі қажет, бұлар түзетуді енгізуге мүмкіндік береді.

Оқушыларға сәндік бұйым жасау барысында өзіне өзі сұрақ қоя білу іскерлігін қалыптастыру өз жұмысын жоспарлауды жетілдірудің неғұрлым тиімді әдісі болып табылады. Мысалы, бұйым жасауды неден бастау керек? Жүннен бұйым жасау барысында негізгі бөлігі, басқа бөлшектерді қандай материалдан жасауға болады? Қандай ою – өрнекті салуға болады, оюды қандай тәртіппен құрастыру керек? Киіздің бетіне сюжетті композицияны орналастыруда өңдеудің қандай жолдарын таңдау керек? Оқушылар бірте бірте жұмыстың ең негізгісін көре білетін болады, оны әр кезеңге бөліп, қандай әдіспен орындау керектігін белгілейді. Еңбек әрекетін жоспарлауды жетілдіру объектіні графикалық құжат бойынша жасаған кезде тиімді өтеді. Бұйымның суреті, сызбасы немесе схемасы жұмыс сатыларын, оның орындалу тәртібін көрсетіп тұрады. Жүннен бұйым жасауды жаңа үйрене бастағанның өзінде ақ оқушыларды мақсатты түрде практикалық жұмысты неғұрлым кең көлемде жоспарлай білуге үйрете бастау керек, яғни  үлгі, сызба, сурет бойынша бұйымның құрылымымен танысу; бұйым құрастыру жолдарын таңдау; бұйымның жасалу мақсатын анықтау; негізгі бөліктің қалай құралатынын анықтап киіз дайындау; қажетті құрал – жабдықтарды дайындап іріктеу; құрастыру әдістерін таңдау, жекелеген бөлшектерді жасау; жекелеген комплектілерді біріктіру; алдын ала тексеру және ақауды жою; бұйымды безендіру.

Іскер мұғалімдердің оқушыларға кішкентайынан бастап жұмыс орнын дұрыс ұйымдастыру іскерлігі мен дағдысын үйретуі олардың іскер, бар іске жауапкершілікпен қарауына көмектесетінін көрсетіп отыр. Оқушыларға жұмыс істеу үшін міндетті түрде дұрыс ұйымдастырушылық  қажет екенін саналы түрде түйсінгенше ыждағатпен үйрете беру керек.

Осы арқылы мұғалім тағы бір мақсатты орындайды – оқушылар құрал – жабдықтармен жұмыс істей білуге, орнымен пайдалануға үйренеді. Оқушылар іс - әрекет барысында технологиялық өңдеудің түрлі әдістерін пайдалана отырып жұмысты қаншалықты жеңілдетуге болатынына және жасалар заттың сапасын қалай жақсартуға болатынына көз жеткізеді. Ал құрал –жабдықты дұрыс әрі орнымен пайдалану оларға еңбекті неғұрлым ұнамды етіп көрсетеді.  Құрал-жабдықтарды,  мәселен ақ киізді қазіргі жаңа технологиямен жасауда  құралдарды мейлінше еркін пайдалану барысында жұмыс орнын ұтымды ұйымдастырғанда ғана еңбек дағдыларын қалыптастыру жүзеге асады. Бұйым жасауда өз ісіңді жоспарлай білуді жетілдіре түсудің де мәні аз емес. Мұндай іскерлік әр тапсырманы орындау барысында қалыптасады.

 Бүгінгі мектеп оқушыларының ой - қиялы, ғылыми техникалық прогрестің дамуымен бірге күн санап даму үстінде. Олардың ой-қиялының дамуымен білім мен біліктілік, дағдыларын қалыптастыруда қазіргі кездегі күнделікті өмірдегі техникалық ағымдық ақпараттық құралдар-телевизор, радио, компьютермен газет журналдардың өзіндік үлестері мол. Білім беру жүйесін дамыту мақсатындағы реформаның негізгі бағыттарында оқу мен тәрбие сапасын арттыру, әр пәнді оқытудың ғылыми дәрежесінің жоғары болуын және ғылым негіздерінің  берік игерілуін талап етіп, еңбек тәрбиесі, адамгершілік тәрбиесі, эстетикалық тәрбие мен дене тәрбиесінің оқушылардың бойында дұрыс қалыптасуына ықпал ету. Негізгісі оқу мен тәрбие жұмысын қазіргі қоғам талаптарына сай оқытудың озық әдіс- тәсілдері мен оқытудың жаңаша жолдарын қолға алуды атап көрсеткен. Қазіргі кезеңде жалпы білім беретін орта мектептердегі білім мазмұнын түбегейлі өзгетіп жаңа оқулықтармен жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі.

Мектеп оқушыларын қолөнеріне үйретудің жалпы міндеттері бірнеше  жеке міндеттерді орындау арқылы іске асырылады:

- оқушыларды тәрбиелеуде қазақ ұлттық өнерін  пайдаланудың педагогикалық шарттарын анықтау;

-          өз халқының ғасырлар бойы қол жеткізген  табыстарына ұмтылуға тәрбиелеу;

-          оқушылар тәрбиесінде қазақ ұлттық қолөнерін пайдалануға даярлық  деңгейін жетілдіруде психологиялық және практикалық тұрғыда даярлау.

Оқушылар оқу үдерісінде ғылыми-техникалық прогресстің талабымен    сәйкес келетін жаңа технологиялар мен техникаларды  меңгеруі тиіс [5].

Қазақ тіліндегі мектептердің өзінің даму тарихында, әлеуметтік-экономикалық оқу-әдістемелік проблемеларды бүгінгі күн талабына сай, мектеп қабырғасында, келе жатқан салт-дәстүр, сәндік-қолданбалы өнердің қыр - сырлары мен таныстырудың әдіс–тәсілдерін орынды пайдалану арқылы оқушылардың икемділігі мен дағдысын, шеберлігін арттыру, өнерге деген қызығушылығын арттыру, сәндік-қолданбалы өнердің дидактикалық негіздерін үйрету, олардың өздерінің туған жеріне, еліне, өнеріне, халқына деген сүйіспеншілігін қалаптастыруға эстетикалық сезімен әсер ететін, әсемдік және көркемдік  тұлғасын жетілдіреді.

Оның үстіне шеберлік пен оның  элементтері дағдыға айналады. Осыған жетуде оқушының жеке басының тәрбиесіне де байланысты. Тұлғаның түсінігі, нанымдары емес, істеген ісі, қылығы оның тәрбиелілігін сипаттайды. Сол себепті қоғамдық қылық тәжірибесін қалыптастыру және іс-әрекет ұйымдастыру тәрие үдерісінің түбірі деп қарастырылады.

Технология пән сабақтарында оқушылардың білімді игеруі мен оларда  еңбектік  іскерліктер  мен  дағдыларды  қалыптастыру  оңай болып  көрінгенімен, нақтылы жағдайда жүзеге асыру үшін оларға берілген анықтамалар мазмұны мен психологиялық және педагогикалық негіздерін білу, соған сәйкес  оқыту әдістері мен тәсілдерін дұрыс таңдап, қолдана білу керек.   Оқыту барысында ғылыми теорияны практикалық  тәжірибе негізі арқылы мұғалімдер оқушылардың біліктілігін арттыруға жол ашады. Практикалық біліктілік – еңбек қызметтерін сапалы, мақсатты, тиімді тәсілдермен атқара алу қабілеттілігі, белгілі бір ережеге және оны нақты міндеттерді шешу барысында лайықты пайдалануға негізделген жаңа әрекетті меңгерудің нәтижесі.

Оқытудың  әдістері  мен  оқушылар  тарапынан  жүзеге  асырылатын  оқу  әдістері  еңбектік  іскерліктер  мен  дағдыларды  қалыптастырудың  кепілі  болып  табылады.

Пайдаланған әдебиеттер

 

1 Сыздықов О., Өстеміров К., Адамқұлов Н. т.б. Технология. Жалпы білім беретін мектептің 8 – сыныбына арналған   оқулық.   Алматы «Мектеп» баспасы, 2004. -272 бет: суретті

2 Пошаев Д.Қ. Мамандық таңдау негіздері. Кестелі оқу құралы. –Шымкент, ОҚМУ, 2007. -84б.

3 Қазақстан Республикасында жалпы білім беретін мектептер білім мазмұнының тұжырымдамасы. // Қазақстан мұғалімі. -1996. -№7. – 9 сәуір

4 Сыздықов О., Пошаев Д.Қ., Ортаев Б.Т. «Технология» пәнін оқыту әдістемесі: 5В012000-Кәсіптік оқыту мамандығына арналған оқу құралы. –Алматы: Нұрлы әлем, 2010. -394 б.

5 Жолдасова Б.Б. Оқушыларды еңбекке және кәсіпке бейімдеудің сипаты // Қазақстандағы үздіксіз кәсіби білім берудің мәселелері мен перспективалары. Халықаралық ғыл. теор. Конф материалдары.  -Астана, Евразия,  2009.-Б.144-147