Тлегенова Л.Т.
тарих ғылымдарының кандидаты
Қазақстан Республикасы
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды
мемлекеттік университеті
ХХ-Ғ. 30-ЖЖ. ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ
КІТАПХАНАЛАРДЫҢ ДАМУЫ
ХХ-ғ. 30-жж. Қазақстан
кітапханаларының саны жоғары қарқынмен өсті.
1933-1937 жылдарында республика кітапханаларының жылдық орташа
өсімі 429-ға тең келді. Оның басым бөлігі
ауыл-селолық жерлердегі кітапханалардың үлесіне (жылдық
орташа өсім – 384 кітапхана) тиді. Әсіресе, 1936 жылы бұл
жерлердегі кітапханалардың саны 2,5 есеге дейін жедел көбейеді. Осы
жылдары Қазақстан кітапханаларындағы кітап саны да
үздіксіз өсуімен ерекшеленеді. Республика бойынша
кітапханалардағы кітап қорына жылына орта есеппен 458 290 кітап
қосылды. Бұл көрсеткіштің 263 221-і ауыл-селоның, ал 195
069-ы қалалық кітапханалардың үлесіне тиісті болды [1]. Бірақ, кітапханалар
саны мен ондағы кітап қорының көлемінің
өсімі жағынан ауыл-село кітапханаларының басымдылығы,
олардың қаладан жоғары болғандығын білдірмеді. Өйткені,
1933-1937 жылдар аралығында ауыл-селодағы 1 кітапханаға орта
есеппен 854 кітаптан келсе, қала кітапханасында ол көрсеткіш
3282-ге теңесті. Сонымен бірге, ауыл-селодағы кітапханалардың
жедел көбеюі, ондағы кітап қорының көлемін
азайтты. 1936 жылы ауыл-селода кітапхана саны 2,5 есеге, ал кітап қоры
2,3 есеге артқанымен, 1 кітапханаға орта есеппен 814 кітаптан
келді. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда
(1935 жылы 1 кітапханаға – 902 кітап) төмен болып табылды. Осы кері
кетушілік 1937 жылы да (1 кітапханаға – 711 кітаптан) байқалды [1]. Ауыл-село
кітапханаларындағы кітап санының өсімі азайса, қалада
керісінше көбейді. Дегенмен, қала кітапханаларының кітаппен
жақсы қамтамасыз етілуі, ғимарат мәселесін одан
әрі күрделендіре түсті.
1935
жылы Н.К. Крупская Қазақ өлкелік комитетіне
Қазақстандағы кітапхана ісінің жағдайы туралы хат
жазады [2]. Хатта
республикадағы кітапханалардың соңғы жылдары
жақсарғанымен, олардың өсу қарқыны,
кітаптар саны мен қызмет көрсету деңгейінің
еңбекші халықтың талаптарынан кейін қалып
қойғандығы атап өтілді. Н.К. Крупская
кітапханалардың саны өскенімен, әлі де болса
Қазақстан үшін аздығын, кітаптарды алдыңғы
жылға қарағанда көбірек сатып алғанымен,
оның теңіздің тамшысындай екендігіне тоқталды.
Облыстық,
аудандық кітапханаларды есепке алмағанда, мемлекеттік
көпшілік кітапхананың өзінің материалдық
жағдайы ондағы қызметкерлер мен оқырмандарды
қанағаттандырмады. 1931 жылы Қазақ АКСР-ның Орталық
атқару комитетінің
қаулысымен кітапханаға берілген ғимаратқа,
Маркс-Энгельс-Лениннің қазақстандық институты да
қатар орналастырылды. Ғимараттың біраз бөлігін аталмыш
институт алып жатқандықтан, орасан зор кітап қоры
ұзақ уақыт оқырмандарға берілмей, подвалдарда
сақталған. Н.К. Крупская өз хатында Л. Мирзояннан
Қазақстандағы кітапхана ісінің дұрыс жолға
қойылуын және мемлекеттік кітапхана ғимаратының
жартысын босатуды сұрайды. Бірақ, бұл мәселе бірден
шешімін тапқан жоқ. Мысалы, Қазақ АКСР-ның Халық
комиссарлар кеңесі
ғимаратты кеңейту шараларын жүргізудің орнына, 1934
жылы Алматыда ашылуға тиісті кітапхана техникумының
жатақханасын, осы кітапхананың жартылай подвалды қабатына
орналастыру жөнінде қаулы қабылдайды [2].
Мемлекеттік
кітапхана ғимаратының жағдайы 1937 жылы да көтерілді.
Сол кездегі Оқу-ағарту халық комиссариатының комиссары Т.
Жүргенов О. Исаевқа мемлекеттік көпшілік кітапхананың
материалдық жағдайының күн сайын өсіп келе
жатқан қажеттіліктерге сәйкес еместігін жазды. Ол
сәйкессіздік, ең алдымен ғимараттың тарлығымен
сипатталды. Т. Жүргеновтың мәлімдеуінше, кітаптардың
басым бөлігі кітап сақтауға жарамайтын, дымқыл
подвалдарда ұзақ уақыт жатып, бүліне бастаған.
Ал, жаңадан түскен мыңдаған кітаптар, қоятын орын
болмағандықтан, оқырмандарға беймәлім күйде,
реттелмей едендерде үйіліп жатқан [3]. Бұл жағдай,
материалдық базаны жасауда, ең алдымен, оның ішкі құрылымындағы
сәйкестілікке назар аударудың аса маңызды екендігін
көрсетеді.
30-жылдарда кітапханаларды
ұйымдастыру кезінде, оған ең алдымен ғимарат
қарастырмай тұрып, құрал-жабдықтар мен
қаражат бөлу тәжірибесі, көптеген шығындар
әкелді. Сонымен бірге, республика бойынша 1934 жылы кітапхана
санағын жүргізу барысында, қағаз жүзінде
тіркеліп, бірақ ешқандай жұмыс жасамай тұрған,
өте көп «өлі» кітапханалар анықталады. Ол кітапханалардың
материалдық жағдайы 10 шақты кітаппен ғана сипатталды [4].
1938-1940 жылдар аралығында Қазақстан
кітапханалары өте жоғары қарқынмен өсті. Жылына
орта есеппен 676 кітапхана қосылса, оның 46-сы қалада, 630-ы
ауыл-селоның үлесінде болды. Аталмыш жылдарда
кітапханалардағы кітап саны да (жылдық орташа өсімі – 1 224
650 кітап болса, оның 58%-ы қаланың, ал 42%-ы
ауыл-селоның үлесінде болды) артты. Нәтиже әр жерде
әр түрлі болды, қаладағы 1 кітапханада орта есеппен –
4300 кітап болса, ауыл-селода ол көрсеткіш – 783 кітапты
құрады [1]. Ауыл-село кітапханаларындағы кітап
қорының көлемі 1933-1937 жылдардағы көрсеткішті
(854 кітап) сақтап қала алмады.
Қала кітапханаларындағы кітап санының
жылдан-жылға артуы, ғимарат мәселесінің тез арада
шешілуін талап етті. Бірақ, басқа кітапханаларды есепке
алмағанда, Алматыдағы орталық мемлекеттік кітапханасының
өзіне талапқа сай ғимарат берілмеді. Қазақстан
орталық мемлекеттік кітапханасын жаңа ғимаратпен
қамтамасыз ету мәселесі бірнеше рет көтерілгенімен,
нақты шаралар қарастырылмады. 1940 ж. аталмыш кітапхананың
оқырмандарының саны 1939 ж. салыстырғанда 26 пайызға
өсті [5]. Осыған байланысты, көптеген ынта білдіруші
оқырмандар кітапхана қызметін пайдалана алмаған.
40-жылдардың
басында қарастырылып отырған мекемелерді материалдық
қамтамасыз ету барысында бұрынғы кемшіліктер сақталды.
1941 жылдың ақпан айында ОХК-ның баяндамасында [6] көптеген
мәдени-ағарту мекемелерінің ғимарат,
құрал-жабдықтар және отынмен қамтамасыз
етілмегендіктері айтылды. Ғимараттардың басқа
мақсаттарға, яғни қойма, шеберхана, тұрғын
үй ретінде пайдалану оқиғаларының жиі кездесетіндіктеріне
назар аударылды.
Қарастырылып
отырған
кезеңде, кітапханалардың сапасынан бұрын, санына ерекше
мән беру әрекеті басым тұрды. Бұл, өз кезегінде,
көптеген материалдық шығындардың өсуіне
әкеліп соқты. Ең
басты кемшілік, ғимаратпен қамтамасыз ету мәселесіне
байланысты болды. Мекемелерге қажетті құрал-жабдықтар,
кітаптар жеткілікті берілгенімен, оларды орналастыратын ғимарат
қарастырылмады. Соның нәтижесінде, мекемелерге бөлінген
көптеген құрал-жабдық, кітаптар ысырап болды.
Сонымен, бір
кітапхананың
талапқа сай
жұмыс жасауына ғимараттың жоқтығы кедергі
келтірсе, басқа мекеменің ғимараты қызметкердің
болмауынан пайдаланусыз тұрды. Бір жерде кітап жетіспесе, басқа
мекемелерде кітаптар ғимараттың жоқтығынан, астық
қоймалары мен подвалдарда жатты. Осыған ұқсас мысалдар
сол жылдардағы мәдени-ағарту мекемелерінің
көбісіне тән болды.
Қаржыландыру
мен материалдық базаны жасауда орын алған жүйесіздік,
көпшілік арасында мәдени-ағарту мекемелеріне деген
немқұрайлылықты тудырды. Дұрыс жоспарлау мен
бақылаудың әлсіздігі, бюджеттің дұрыс игерілуіне
кері әсер етті. Материалдық базаның төмен
деңгейі, кітапханалардың өз мәнінде жұмыс жасауына кедергі келтірді.
Соған сәйкес, бұл мекемелердің көпшілігі,
белгіленген идеологиялық міндеттерді ойдағыдай жүзеге асыра
алмады. Бірақ, билік орындары, мәдени-ағарту мекемелеріндегі
кемшіліктердің басты себебі – жергілікті атқару орындарының
мәдени-ағарту мекемелерінің маңыздылығын жете
түсінбеуінен деген пікірді ұстанды.
Әдебиет:
1.
ЦГА РК (Центральный государственный архив РК). 698-қор,
8-тізбе, 409-іс,
53-парақ.; Социалистическое строительство Казахской ССР
за 20 лет. - Алма-Ата, 1940, 215-б.; Народное хозяйство
Казахстана за 60 лет. - Алма-Ата, 1980, 226-б.
2. Библиотечное
дело в Казахстане. 1918-1945. Сборник документов и материалов. - Алма-Ата, 1990. – 102-103-бб.
3. ЦГА
РК. 30-қ., 5-т., 834-і.,
40-п.
4. ЦГА
РК. 698-қ., 8-т., 329-і., 11-п.
5. Культурное строительство в Казахстане
(1933- июнь 1941 гг.). Сборник документов и материалов. - Алма-Ата: Казахстан, 1985. - Т. 2. – 187-б.
6. Библиотечное дело в Казахстане. 1918-1945. Сборник документов и материалов. - Алма-Ата, 1990. – 174-175-бб.