Айтбаева Айгүлім – ҚазҰУ жалпы
және этникалық педагогика кафедрасының доценті,
Мусаев Бағлан - ҚазҰУ жалпы және этникалық педагогика
кафедрасының магистранты
Әлеуметтік
педагогтың кәсіби қарым-қатынастық сапаларын
қалыптастыру мәселелері
Қазіргі кезең – жеке тұлға мен қоршаған
орта арасындағы қарама-қайшылықтар мен өзара
қарым – қатынастар заманы. Тұлғаның
отбасылық, азаматтық, құқықтық
әлеуметтенуі белсенді түрде іске асырылып отырған
кезең. Адам тұлғасына осылайша мақсатты түрде
әсер ету - әлеуметтік тәрбие деп аталады. Ал,
әлеуметтік педагогика тәрбие процесін, тұлғаның
әлеуметтенуін теориялық және қолданбалы
тұрғыдан алып қарастырады.
Қазіргі заманғы
әлеуметтік педагогиканың ерекшелігі – оның гумандық
бағыттылығында, яғни, балаға деген бірыңғай
талаптармен қатар тәрбиеші мен бала арасындағы өзара
құрмет, бірігіп қызмет ету, шығармашылықпен бірге
айналысу, достық қарым-қатынас және теңдік.
Әлеуметтік педагогиканың қоғамдық мәні –
қиын жағдайға душар болған адамдарға – отбасына,
балаларға көмек көрсету; оларға өмірден өз
орнын табуға, өз мүмкіндіктері мен қабілет-ынтасы
негізінде одан әрі дамуына жәрдем ету.
Әлеуметтік- педагогикалық қызмет – баланың,
жасөспірімнің отбасында, мектепте, қоғамда
қалыпты қарым-қатынасқа түсуі үшін
өзін-өзі ұйымдастыра білу, психологиялық
ұстамдылық, сабырлылық сақтай алуы үшін
көмек көрсетуге бағытталған педагогикалық
қызметті де қамтитын әлеуметтік жұмыс.
Балаға шағын ұжым ішінде өзін-өзі
көрсете білуі үшін де, өтірікке, жаманшылықтарға,
яғни қылмыстық ортаға, маскүнемдікке,
нашақорлыққа, ата-аналар тарапынан болатын қатыгездікке
қарсы тұра білуі үшін де ересектердің жәрдемі
керек.
Қазіргі заманғы әлеуметтік педагогика саласындағы
маман-ғалымдардың
(А.В.Мудрик, Б.З.Вульфов, Л.В.Мардахаев, М.А.Галагузова, В.А.Сластенин,
Ю.В.Василькова, В.Г.Бочарова және т.б.) ойынша, әлеуметтік педагог
– бұл, ең алдымен, тұлғаны, адам мен оның отбасын
қамқорлыққа алатын
мемлекеттік-қоғамдық қызметтер, ұйымдар
мен мекемелер арсын байланыстырушы делдал.
Сонымен бірге ол жеке, нақты адамның мүдделерін
қорғаушы. Әлеуметтік педагогтың функцияларына - қиын жағдайға тап болған балаға,
жасөспірімге кризистен шығу жолдарын меңзеп қана қоймай
оған қиын кезеңде сүйеніш бола білуі,
құқын қорғауы, жасөспірімнің
іс-әрекетін өзін-өзі тәрбиелеуге, өздігінен білім
алуға, өз өмірін өз бетімен жоспарлай алуға,
жағымды жаққа қарай бұра білуге үйретуі,
бағыттауы да жатады. Сондай-ақ, әлеуметтік педагог бала
проблемаларын жан-жақты шешуге құзырлы түрлі мамандардың
күшін біріктірумен және олардың қызметіне координация
жасаумен де айналысады.
Әлеуметтік салада қызмет ететін педагог әлеуметтік
тәрбиенің түрлі проблемаларын зерттеу істерін де
ұйымдастырып, сонымен бірге әлеуметтік педагогтар, ұжымдар
мен түрлі педагогикалық орталықтардың жұмыстарына
талдау жасауға да міндетті.
Әлеуметтік педагогтың кәсіби шығармашылығына
- оның анықтамасы мен құрылымын, ерекшеліктері мен даму
заңдылықтарын
анықтауға М.С.Каган, Б.М.Кедрова т.б. еңбектерінде
біршама тыңғылықты көңіл бөлінген.
Шығармашылықтың психологиялық аспектілері
Л.С.Выготский, А.Н.Леонтьев, С.Л.Рубинштейн еңбектерінде зерттелді.
В.И.Загвязинский, В.А.Кан-Калик, М.М.Поташник, Н.П.Раченко т.б.
педагогикалық шығармашылық проблемаларының принциптерін
айқындап берді.
Осы салада жазылған басқа да еңбектерді қарастырып,
талдай отырып, әлеуметтік педагогтың шығармашылық
қызметі төмендегідей құрамдас бөліктерден
тұрады деп айта аламыз:
·
Проблемалық педагогикалық міндеттерді
вариативті түрде шеше алу;
·
Альтернативті педагогикалық ойлау қабілеті;
·
Түрліше жағдайларда кездесетін
педагогикалық міндеттерді шешу үшін қажетті
педагогикалық технологияларды игеру, қолдану және керек
болған жағдайда оларды құрастыра білу шеберлігі;
·
Креативтік бірлескен іс-әрекет барысында балаларды
шығармашылыққа ынталандыра білу және олармен
қоян-қолтық жұмыс жасай білу.
Әлеуметтік жұмыс жүйесі тарихи-қоғамдық
бола тұра, сонымен бірге өте күрделі және ашық
жүйелер қатарына жатады. Әлеуметтік педагогтың
кәсіби қызметін қарастыра отырып, біз бұл
қызметтің субъектісін – яғни, бала өмірінің
әлеуметтік және жағдайлық қиыншылықтарын
терең білетін, оған дер кезінде көмекке келуге әзір,
жалпытеориялық және арнаулы білімдер кешенін жете меңгерген,
білікті де шебер кәсіби маманды бөліп қарастыруымыз
қажет. Күнделікті өмірде белгілі бір кәсіптің иегері болу адамның
ойлауына, мінез-құлқына, өмірге көзқарасына
ықпал етеді. Бұл феноменді психологияда «кәсіби
менталдылық» ұғымымен сипаттайды. Психологиялық
еңбектерде менталдылық адамның белгілі бір кәсіп
иелеріне тән және сонымен айқындалған терең,
көбіне санадан тыс және рефлекстенбеген тұлғалық
ерекшеліктері ретінде сипатталады.
Ендеше, әлеуметтік педагогтың кәсіби маман ретіндегі
тұлғасына қойылатын талаптарды анықтап көрейік.
Зерттеуші ғалымдар мамандыққа тиісті қабілеттер ретінде төмендегі
сапаларды атайды: байқағыштық, жағдайды тез айырып жол
таба білу, интуиция, эмпатия (өзін басқа адамның орнына
қойып, оның сезімдерін, идеяларын, істерін түсіне білу
қасиеті), рефлексия және өзін-өзі ұстай білу.
/1/.
Бұлардан басқа әлеуметтік педагог әлеуметтік
сферадағы барлық қызметкерлерде болуы тиіс: араласқыштық,
адамдармен бірлесе жұмыс істеуге ұмтылушылық, өз
көзқарасын қорғай алу, қайырымдылық, білуге
құштарлық, оптимизм, жанжалды ситуациялардан жол таба білу,
жүйке-психикалық жағынан тұрақтылық,
байыптылықты да игеруі тиіс. Сөз жоқ, маманның басты кәсіби
сапаларының қатарына
коммуникативтік, яғни, қарым-қатынас жасай білу шеберлігі
жатқызылады.
Сонымен, әлеуметтік педагог кәсіби қызметінің
ең негізгі сферасы социум (тұлғаны қоршаған
ең жақын орта, адамдар арсындағы қарым-қатынас
сферасы) болып табылады.
Әлеуметтік – педагогикалық қызмет сферасының
мұндай кең диапазоны мамандық иесінен
кәсіби-этикалық мәдениеттің бір бөлігі болып
табылатын жоғары педагогикалық мәдениетті талап етеді.
Педагогикалық мәдениет – адамзатқа ұрпақ
ауысуы және тұлғаның әлеуметтенуі сияқты
тарихи процесті қамтамасыз етуге қажетті адамдардың
шығармашылық педагогикалық қызметінің
құралы болып табылатын рухани және материалдық
құндылықтары жинақталған жалпыадамзаттық
мәдениеттің бір бөлігі болып табылады.
Педагогикалық мәдениеттің ең басты
құндылығы – бала және оның білім алуы,
тәрбиесі, дамуы, әлеуметтік, құқықтық
тұрғыдан қорғалуы болып табылады.
Жүйе ретіндегі педагогикалық мәдениеттің
компоненттеріне:
·
Педагогикалық позиция және
педагогикалық ойлау мәдениеті;
·
Кәсіби білім;
·
Кәсіби шеберліктер және педагогикалық
іс-әрекеттің шығармашылық сипаты;
·
Тұлғаның өзіндік реттелуі
және педагогтың кәсіби мінез-құлық
мәдениеті енгізіледі.
Әлеуметтік педагогтың кәсіби мәдениетінің
маңызды элементіне қоғамда коммуникацияның
әлеуметтік дағдыларының көмегімен іске асырылатын
құндылықтар мен нормалардың жиынтығы ретінде
қабылданатын коммуникативтік мәдениет те енгізіледі.
Әлеуметтік педагогтың кәсіби білімі көлеміне –
педагогика және психологиямен қатар, баланың даму
физиологиясы, тәрбие жұмысының әдістемесі сияқты
міндетті пәндер енеді. Бұл білімдер баланы, оның
мінез-құлқы мен іс-әрекеттерін бақылап
үйрену, қарым-қатынас ерекшеліктері мен өзге балалармен
ұжымда сыйымдылығын анықтау үшін қажет.
Әлеуметтік педагог баланың қызметі мен өзара бірлесе
жұмыс істеуді ұйымдастыра алуы қажет. Ол үшін
жұмыскер түрлі
педагогикалық технологияларды да игеруі тиіс. Коммуникативтік
шеберлікке, сонымен бірге, кейбір әртістік әдіс-тәсілдер,
шебер сөйлей алу, керегінше дауыс ырғағын өзгерте алу,
мимикалық және ым-ишаралық қимыл-белгілерді игеру;
сұхбат негізінде маскүнеммен, нашақормен, қаңғыбаспен,
жезөкшемен, немесе қиын жағдайға тап болған
баламен ортақ тіл таба алатындай әңгіме желісін
құра білу сияқты икемділіктер жатады. Жай тіл тауып
қана қоймай, иландыра және ықпал ете білу де өте
маңызды.
Тұлғада болуы тиіс сапалардың ең бастысын
бөліп алу қиын. Сонымен бірге бұл сапалар мамандықты
таңдау стадиясында диагностикаланатындай болуы қажет. Адамның
қайырымдылығын қалай анықтаймыз? Оның ірілік
қасиеттерін, бойындағы альтруизмін қалай өлшейміз? Олай
болса, әлеуметтік педагог жұмысының ерекшеліктері
төмендегідей интегративтік тұлға қасиеттерінің
қалыптасуын талап ететін шығар - гуманизм, альтруизм,
толеранттылық, креативтілік.
А.А.Аминов адамның әлеуметтік қызметке кәсіби
тұрғыдан жарамдылығын зерттей отырып,
тұлғаның басым сапалары ретінде әлеуметтік интеллект
пен әлеуметтік біліктілікті
қарастырады. Автордың ұсынған басты гипотезасы –
түрлі әлеуметтік контекстердегі тұлғааралық
қарым-қатынастар негізінде проблемалардың тиімді шешілуіне
бағытталған ерекше ойлау жүйесінің жататындығы.
Ойлаудың мұндай бағыттылығын автор әлеуметтік
интеллект деп атайды. /2/.
Автор әлеуметтік біліктілік және әлеуметтік интеллект
проблемаларын Дж. Тилфордтың интеллектінің теориясы мен
факторлық моделі және Г.Марлоудың әлеуметтік
біліктіліктің теориясы мен факторлық моделі тұжырымдары
негізінде қарастырған.
Ал, Т.Д. Шевеленкованың
пікірінше, әлеуметтік жұмыскер тұлғасының
басты мінездемесі - өз-өзіне деген жағымды
көзқарастағы және өзін де, өзгелерді де
позитивті тұрғыдан қабылдай алатын «Мен-бейне» сипаты. /3/.
Ғылыми зерттеулерде әлеуметтік педагогтың идеалды моделін
жасауға деген талпыныстар да байқалады. Мысалы, Б.П.Битинас
әлеуметтік педагогтың мынадай идеалды моделін ұсынады.
Тұлға сапалары мінездемесінің бірінші тобына –
жұмысқа тұратын тұлғаға тән,
бірақ оның кәсіби даярлығына тәуелсіз
мінез-құлық ерекшеліктері жатқызылады. Екінші топ –
кәсіби даярлық кезінде және кәсіби іс-әрекет
барысында қалыптасқан кәсіби деңгейге тән
сипаттар. Үшінші топ - әлеуметтік педагогқа тән таза
кәсіби сапалар.
Бірінші топта автор – гуманизм, әлеуметтік белсенділік,
қарым-қатынасқа оңай түсе алушылық
қасиеттерін бөліп көрсетеді. Дамытылуға тиіс
қасиеттерге автор тұлғаның
кәсіби-педагогикалық бағыттылығын (педагогикалық
қызметке деген қызығушылық, оның
нәтижелеріне қанағат сезімдері, тәрбиеленушілерге
олардың тұлғалық дамуында көмектесуге деген
ұмтылыс-талаптар) жатқызады. Таратып айтар болсақ, бұл
- әлеуметтік педагог жүзеге асыратын гумандық сипаттағы
педагогикалық қарым-қатынастар, белгілі бір хобби,
терең эрудиция және жалпы мәдени даярлық.
Қажетті мінез-құлық сапаларының үшінші
тобында Б.П.Битинас педагогтың ішкі және сырттай
сабырлылығын, өзіне деген сенімділікті,
жекетұлғалық қасиеттерінң
бірқалыптылығы мен үйлесімділігін, кез-келген қиын жағдайлардан
жол таба білу қабілеттерін, балаларға деген сыйлы
көзқарас пен олардың қайталанбас ерекше
тұлғалар екендігін түсіне білушілікті атап көрсетеді.
Сонымен, әлеуметтік педагогқа қажетті сапаларды былайша
топтап көрсетуге болады:
·
Гуманистік сапалар (қайырымдылық, альтруизм,
әрдайым көмекке келуге дайындық т.б.)
·
Психологиялық мінездемелер (психологиялық
процестер жүруінің жоғары деңгейі,
көңіл-күйдің психикалық
тұрақтылығы, эмоциялық және еріктік
мінез-құлық ерекшеліктерінің жоғары
деңгейі);
·
Психоаналитикалық сапалар (өзін-өзі
бақылау, өзіне сыни көзқарас, өзін-өзі
бағалау т.б.);
·
Психологиялық-педагогикалық сапалар
(коммуникативтік шеберлік, эмпатия, шешен тілділік, артистік дағдылар
т.б. ).
Әлеуметтік педагогтың жеке тұлғалық
қасиеттерін анықтағаннан кейін
әлеуметтік-педагогикалық қызметке кез-келген адамның
жарамды бола бермейтінін түсіну қиын емес.
Әлеуметтік педагогтың біліктілігі (компетенттілігі)
ұғымы оның әлеуметтік-педагогикалық
қызметті іске асырудағы теориялық және
практикалық дайындығының бірлігін, оның кәсіби
жарамдылығын көрсетеді.
Барлық зерттеулерге ортақ ой - өзінің кәсіби
функцияларын орындау үшін жан-жақты ғылыми білімімен, ішкі
мәдени байлығымен бірге әлеуметтік педагог әлеуметтік
тұрғыдан белсенді болуы тиіс. Әлеуметтік белсенділік –
бұл әрбір адамның жекетұлғалық
мінездемесімен, қоршаған өмірге қарым-қатынасымен
және оны өзгертуге әрқашан даярлығымен
сипатталатын интеграцияланған сапалар жүйесі. Нақ осы
әлеуметтік позициясы оның өзіне, адамдарға,
қоғам мен оның нормаларына, ережелері мен талаптарына деген
қарым-қатынастық жүйесін айқындайды.
Сонымен, зерттеулерді талдау – кәсіби қызметтің
субъектісі ретіндегі әлеуметтік педагогтың
жекетұлғалық сапаларының айқындаушы критерийі
ретінде тұлғаның осы кәсіп түріне сәйкес гумандылық
потенциалы ең маңызды
қасиеті екендігін көрсетеді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Холостова Е.И. Теоретико-методологические основы социальной работы.
//Теоретические основы подготовки социальных работников. / Отв. ред.
И.А.Зимняя. –М., 1992, -с. 18-29.
2. Аминов Н.А., Морозова Н.А., Смятских А.Л. Психодиагностика специальных
спосбностей социальных работников. //Соц. Работа. -1992, вып.2. –С.35-48.
3. Шевеленкова Т.Д. Личностные качества социального работника как проблема его
профессиональной (квалификационной) характеристики. //Соц. Работа. -1992,
вып.2. –С. 77-82.
Резюме
Динамичность, быстрые перемены во всех сферах общественной жизни
казахстанского общества приводят к тому, что сегодня практически нет социальных
групп населения, которые чувствовали бы себя социально защищенными,
благополучными. Назревающие проблемы общества требуют специалиста по работе с
детьми, семьей и молодежью по разным направлениям социальной защиты. В статье
поднимаются вопросы формирования профессионально-коммуникативных качеств
социального педагога.
Summary
Dynamically, fast changes in different spheres of social life in kazakhstan
society, nowadays bring to such situation where, the social groups don’t exist
at all and people can’t feel themselves well being and protected. The imminence
of problems of society need some specialists, who can work with children,
families and young generation in different part of social defence. The article
is tauched upon the problems of formation professional parts of social teacher.