Миркемелова
А.Б.
А.Байтұрсынов
атындағы Қостанай мемлекеттік университеті,
филология
магистрі, аға оқытушы
Сөздердің дағдылы мағынасынан
ауытқып, әдеттегіден тыс ауыса қолданылуымен байланысты
«метонимия» және «метонимиялы» деген терминде ежелгі Греция мен Рим
заманындағы зерттеу еңбектерінен белгілі. «Метонимия» гректің
metonimi – атын өзгертіп алмастырып атау деген мағынаны білдіреді.
Ең алғаш болып Аристотель өзінің еңбектерінде
метафора мен метонимияның теориясын негіздеді: «Метафора (метонимия) –
есть перенесение слова с изменением значения из рода в вид, из формы в род, или
из вида в вид, или в форме пропорции» [1, 45].
Аристотельмен
қатар метонимия жайында түсіндірген Квинтилиан оған мынадай
анықтама береді: «Она (т.е. метонимия) обозначает изобретенные предметы
именем изобретателя и вещи, принадлежавшие кому-нибудь, именем их собственника.
Так мы постоянно слышим, как говорят «Вулкан» в место «Огня»» [2, 68].
Ғалымдардың
бәрі дерлік өзара ұқсастық пен
жақындық негізінде бір заттың орнына екінші затты немесе
құбылысты алмастырып айтуды метонимияға жатқызады.
Заттың немесе
құбылыстың тек бір жағын, иә болмаса
бөлшегін атай отырып, ойдағы затты түгелімен елестету де осы
алмастырып айту әдісіне саяды. Әр алуан қағиданың
тоқайласатын, олардың бір-бірімен тоғысатын жері – осы
алмастырып айту. Яғни метонимияның өзге троп түрлерінен,
басқа сөздерден негізгі айырмашылығы да, өзгешелігі де
осы.
Қазақ
халқының ірі ғалым-лингвисі, әдебиет зерттеушісі,
түрколог, дарынды ақын А. Байтұрсынов метонимияны былайша
түсіндіреді: «Арасында
жақындығы бар екі нәрсенің атын ауыстырып,
бірінің орнына бірін айту ондай ауысу, алмастыру деп аталады» [3, 357].
«Ет
берілді ме?» дегеннің орнына, «Табақ тартылды ма?» дейміз.
Яғни, тамағын табағына алмастырып айтамыз. Сол сияқты,
«Неше аяқ іштің?», «Неше кесе іштің?», «Неше шелек
құйдың?» дейміз (қымыз орнына аяғын, шай орнына –
келсін, су орнына – шелегін алмастырып айтамыз),- дейді [3, 357].
Қазақ
тілі білімінде метонимияға берілген анықтамалар бірізді емес.
Мәселен, І. Кеңесбаев пен Ғ. Мұсабаевтың
анықтауынша, «Бір сөздің орнына екінші бір сөздің
ауыс қолданылуынан шығатын іргелес ұғым метонимия деп
аталады» [4,164]. Академик З. Қабдоловтың тілімен айтсақ,
метонимия «өзара шектес заттар мен себептес құбылыстың
өзара байланысты ұғымдар мен шартты сөздердің
бірінің орнына бірін қолдану» [5,17]. Ал Қ. Жұмалиев
былай деп анықтама береді: «Не құбылыстың бір
жағы, не аттары алынып, өз мағынасында емес, екінші
мағынада араларындағы жақындығымен бірінің орнына
екіншісі алмастырылып қолданылса және сол құбылысты
түгел көрсете алса, метонимия дейді» [6, 125]. «Метонимия дегеніміз
– белгілі бір заттар мен құбылыстардың сыртқы
және ішкі мән-мағынасының реалды байланыстылығына
қарай алмастыру амалы» дейді Ә. Хасенов [7, 98].
Метафора
мен метонимия өзара ұқсас келеді. Бірақ бұл екеуі
бір құбылыс емес. Сөздің метонимиялық
мағынасы жазба әдебиеттен гөрі көбінесе сөйлеу
тілінде жиірек кездеседі. Лингвистикалық әдебиеттерде,
әсіресе қазақ тіл білімінде метонимияға арналған
толық зерттеулер жоқтың қасы. Тек Л.
Нұржекееваның «Метонимияның тілдік табиғаты» атты
еңбегі және көптеген ғалымдар Ғ.
Мұсабаев, Қ.
Жұмалиев, Ә. Қайдаров, Р. Сыздықова, Ә. Хасенов,
Т. Қоңыров, Г. Барлыбаев, Б. Хасанов, З. Ахметов және
тағы басқалардың метонимия жөнінде айтқан
пікірлері бар.
Метонимияның
лексика-семантикалық ерекшеліктерін, құрылымы мен жасалу
жолдарын, стильдік ерекшеліктерін жан-жақты зерттеген ғалым Л.
Нұржекеева. Ол өзінің «Метонимияның
лингвистикалық табиғаты» еңбегінде мынадай анықтама
береді: «Мәндік, мекендік, мезгілдік, түр-түстік
жағынан бір-біріне бүтіндей немесе бөлшектей
жақындығы бар екі заттың, я құбылыстың
бөлшегі орнына бүтінін алмастырып айтуды метонимия дейміз» [8, 9]
Бұл
пікірдің дұрыстығына мысалдар арқылы көз
жеткізуге болады. А. Шаяхмет, С. Оспанов шығармаларында
метонимияның қолданылуы тұрғысынан
қарағанымызда байқағанымыз – ақындар мұны
ықшамдылық үшін ойды әрі дәл, әрі
нақты, әрі ықшам жеткізу мақсатында
қолданған.
Айтады
қарғыс қалалар
Шер
болып қатқан күйіктен...
[9,
15].
Қулар мен кіл сұмдарды
Ұнататын
заман бұл.
[10,
20].
Қалалар сөзі метонимияланып,
қаладағы адамдар суретін бейнелеуге қызмет етіп тұр.
Екінші мысалда қу, сұм
сапалық сын есімдердің заттануы арқылы жасалған.
Құзғынға
сепкен қасірет,
Айтады
қарғыс экран.
[9, 7].
Алты естек қазақтарға
кірме дейді,
Кірменің
жүрген жері түрме дейді.
[9, 8].
Сонымен
метонимияны қолдануда ақындардың жеткен табысы мынада:
метонимияларды ықшамдылық, жинақылық және ойды
нақты, дәл жеткізу үшін қолданады. Алмастырып
құбылтып жұмсай отырып, сөздің қуатын
танытады. Ақындар метонимиялары адамның ішкі жан дүниесімен,
қоғамдағы құбылыстармен байланысты суреттеліп,
ақынның өзіндік көзқарасымен ұштасады.
Пайдаланылған əдебиеттер тізімі:
1.
Аристотель.
Поэтика. Ленинград, 327.
2.
Античные
риторики. М, 378.
3.
Байтұрсынов
А. Ақ жол. – Алматы, 391. – 464 б.
4.
Кеңесбаев
І., Мұсабаев Ғ. Қазақ тілі. – Алматы, 369. – 188 б.
5.
Қабдолов
З. Сөз өнері. Алматы, 383. – 42 б.
6.
Жұмалиев
Қ. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері
және Абай поэзиясының тілі.- Алматы, 360, 364 б.
7.
Хасенов Ә.
Тіл білім.Алматы, 396, 116 б.
8.
Нұржекеева
Л. Метонимияның лингвистикалық табиғаты. Алматы:
Қазақ университеті, 392. – 80 б.
9.
Шаяхмет А. Жер –
Бесік. –Астана: Фолиант, 2004 – 240 б.
10. Оспанов С. Қараторғай. – Алматы: Жазушы, 2004 – 232 б.