Миркемелова А.Б.

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті,

          филология магистрі, аға оқытушы

 

ТУҒАН ЖЕР, ОТАН ТАҚЫРЫБЫНЫҢ СЫРБАЙ МӘУЛЕНОВ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ҚОЛДАНЫСЫ

 

“Поэзия – өнердің жоғарғы тегі”,    дейді В.Г.Белинский. Поэзияны үш түрге жіктей келе, оның ішіндегі лирикалық поэзияны “ішкі сезім, шарқ ұрған сезгіш ой аясында қалады” деп түсіндіреді. Осы тұрғыдан келгенде, С.Мәуленовтің туған жер, Отан тақырыбындағы жырларының жалаң суретке ғана құрылмай, сезім әлемін егіздей, астарлай, тұспалдай қамтығанын айтқан жөн.

Атамекен – адамның ата-бабаларынан бері қарай кіндік қаны тамып, өсіп-өніп келе жатқан жері ғой. Туған жерге қатынас – адамның адамшылығының, ізгілігінің, парасатының көрінісі.

Батырлар жырындағы:                                                 

Атам күйеу болған жер,                     

Анам келін болған жер,

Кіндік қаным тамған жер, –

деген қарапайым жолдарда адамның туған жеріне деген шексіз сүйіспеншілігі мен терең де ыстық сезімі тамаша бейнеленген. Бұдан, атамекен адамға өмір сүру қуанышын, еркіндік пен ел үшін мақтаныш сезімін сыйлайтынын көреміз. Адам толық бақытты болу үшін – аяулы Отаны болу керек, сүйіспеншілік жайындағы барлық түсініктеріміз атамекен деген бір ғана сөзге біріккен дейді даналар.

Сөзіміздің дәлелі ретінде ақынның туып-өскен өлкесі Торғай, Тосын бойы, “жанының терең түкпірін жайлаған” Сыр бойы, Қызылорда, жігіттік шағы өткен Қостанай-Тобыл өңірін жырлаған өлеңдеріне тоқталмақпыз.

Торғай – алаңсыз балалықтың, асқақ арманның, кіршіксіз тазалықтың мекені.  Ақынның Торғайға арнап жазған өлеңдері біршама. Олар: “Туған жермен сырласу”, “Торғайдағы ауылға”, “Торғайдың даласында”, “Торғай топырағында” т.б. өлеңдері. Тағы да бірқатар өлеңдерінде ауыл тіршілігі, онда өткен ұмытылмас мезеттер айтылады. Лирикалық өлеңдердегі сыршыл әуен, мұңлы саз, жалғыздық сияқты көңіл-күй қалпы балалық шағының куәсі болған Тосын бойындағы туған өлкесі Торғаймен және Қызылордамен сабақтастырылады.

“Шөңге” өлеңіндегі:

         Туған жердің шаңдатып төсін бүгін,

         Айлы түнде шарлаймын Тосын құмын.

         Өткелінен аттаймын Қарғалының,

         Толқынына жанымның қосып жырын.

 

Қалып қойған құмның бір кеудесінде,

Өткен күнім оралып келді есіме,

Сағыныппын, дариға, туған жердің

Гүлі тұрсын, тікенек-шөңгесін де.

 

         Көз бұлдырап, елжіреп барады ішім

         О, туған жер, сен күнсің балаң үшін.

         Қалтама сол шөңгеңді салып алдым,

         Бала күнді еске алып қарау үшін [1, 63].

Немесе:

“Қызылорда” өлеңіндегі:

         Қызылорда жақынсың,

         Алғаш сенде шықты үнім.

         Өзің жайлап жатырсың

         Жанның терең түкпірін.

 

         Кешікпей аз жылдан соң,

         Өмір мені шақырды.

         Сыр бойында туған соң,

         Сырбай қойды атымды [1, 32], 

деген жолдарынан-ақ ақын күллі тағдырын туған өлкесімен өзектестіретіні көрінеді. Ақынның ішкі әлеміне поэтикалық бейне болып енген Торғай көп жағдайда лирикалық кейіпкердің балалық шағының, ішкі ой-арманының рухани кейпіне айналады. Ақын сол Тосын құмынан өзін іздейді.

“Табиғат лирикада автормен параллельді түрде синкретті байланыс тапқан екінші субьект ретінде туындайды” [3,43],  – деген Фрейденберг тұжырымына ақынның Тосын бойы, Торғай жері жайлы өлеңдеріне қатысты келтірген әбден орынды.        

Сонымен, Тосынның торғын құмында, бүкіл өлкені өрнектей ағып жатқан Торғай өзенінің бойында өткен әрбір күн ақын жадында жатталған. Торғай жерінде өткен балалық ғұмыр ақын қиялындағы арман әлемімен егізделген. Өткен күнге деген сағыныш сезімі де айналып туған жерімен сабақтасады:

Торғайдың даласында

Өзендер күркіреген.

Торғайдың ауасында

Тамшылар сіркіреген.

 

Бір кезгі көрінбейді ол

Тамағы тапшы жұрттай.

Жер-жерге бөлінбейді ол,

Біртұтас жақсылықтай [1,213].

         Субъект – объект түрінде бейнеленген ақын – Торғай жұбының біртұтастығы табиғаттағы әрбір нысанға деген ықыластан, сол негізде туындаған бейнелеулерден байқалады.

Ақын үшін туған жерінің өзені, көлі, әрбір тасы, шөбі – бәрі  ыстық:

                   Ақ балығы найзағайдай атылып,

                   Жоқ болады қоғажайды жапырып.

                   Инеліктер, көбелектер, бақалар,

                   Шуылдайды бірін-бірі шақырып.

 

                   Толқиды Ақкөл аршын төсті сұлудай,

                   Тоқпақ жалды толқындары бұрымдай.

                   Түбі қайыр, жағалауы жалпақ құм,

                   Маған Ақкөл көрінеді Қырымдай [1,287].

 

                   Алқызыл шоғындай сұр сексеуілдің,

                   Қызуы басылмайды кеште күннің.

           Жатады қатар қонған аулға ұқсап

                   Теңкиген жоталары текше құмның [1,154].

 

                   Ақ күріш аппақ, кірсіз ажарындай,

                   Әр дәні талма түскі таза нұрдай,

                   Шоқылар шоғыр-шоғыр тізіледі

                   Дарияның сары бауыр сазанындай [1,154].

Туған өлкесінің  құрт-құмырсқа, жәндіктері, жотасы мен шоқысы да ақын қиялында түрлене жырланады.

Туған жерден, кеңейте айтсақ, алаңсыз сәби шақтан бөлінгісі келмеген лирикалық қаһарманның көңіл күйін даланың қапысыз ұғынары анық сияқты:

                   Сонау биік қиырдан,

                   Сорғалай кеп құйылған.

                   Үні қалай десеңші,

                   Жүрегіңе ұйыған! [2, 58].

Бозтарғайдың үні ақын жүрегінің толастамас сағынышы тәрізді. Табиғаттағы өскіндер мен тіршілік иелері лирикада объективтік сипат иеленбей, ақынның ішкі әлемінің ықпалында қалатыны туралы қағиданы жоғарыда айтып өткенбіз.

“Қостанай – бұл кәрі жер” өлеңінде:                                            

                   Жетілдім мен десем де,

                   Сені талай іздедім.

                   Қалды талай көшеңде,

                   Шаңды үйірген іздерім.

 

                   Өзіңменен тоғысқан,

                   Бар тағдырым – жан сырым.

                   Келгенімде соғыстан,

                   Шинеліммен қаусырдым.

                   Қалдым талай боранда,

                   Көрдім талай шат күнді.

                   Айғақ болып соларға,

                   Қара шашқа ақ кірді.

 

                   Маңдайда әжім жолдары,

                   Майдандардың шебіндей.

                   Сен жас болсаң болғаны,

                   Қартаймайтын өмірдей [1,173], 

 

деп жырлай отырып, жылдың мезгілі боран, “шаңды үйірген іздері” оралмасқа кеткен жастық шағын сағындыра түседі.

Көркемдік әлемнің өз заңдылықтары бар екені белгілі. Ол - өмірлік шындықтан өзгеше көркемдік шындықты бейнелейді. Өмірлік қалпынан көркемдік әлемге ауысқан Торғай мен Тосын, Қызылорда мен Сыр бойы ақын өскен өлке сипатынан өзгере түсіп, поэтикалық тұрғыда басқаша қосымша сипат иеленген. Торғай мен Тосын, Қызылорда мен Сыр бойын символдық бейне дәрежесіне көтеруі – С.Мәуленовтің табысты ізденісі, ақындық талантының тағы бір қырынан жарқырай көрінуі.

 

                   Келеді мен қуып түн,

                   Келеді мені қуып күн,

                   Туған жер:

                   Түстік,

                   Терістік

                   Күн болып мені жылыттың,

                   Түн болып мені суыттың,

                   Туған жер:

                   Түстік,

                   Терістік

                   Шолпандай алыс кеңістік.

                   Жылынсам да, тоңсам да

                   Жаныма сенсің ең ыстық [1,212].

 

Ақынның нәзік жүрегі, сезімі туған өлкесіне дегенде ала бөтен, өйткені бүкіл тіршілігі ел табиғаты тағдырымен біте қайнасып кеткен. Суреттеу де, сезім де жырларында басым. Туған жерге деген ақынның бар махаббаты жыр болып төгіледі.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1.     Мәуленов C. Өлеңім - өмірім менің. Жыр жинағы. Алматы: «Санат», 1997.- 574 б.

2.     Мәуленов C. Бозқырау. Өлеңдер. –Алматы: «Жазушы», 1976.- 192 б.

3.     Маликов Қ. Қалижан Бекхожин поэзиясындағы теңеу мен эпитеттің қолданыс ерекшеліктері. Фил. ғыл. кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындағын диссертация авторефераты. –  Астана, 2005.

Өлең өлкесі: Қазақ табиғат лирикасының антологиясы. (Құраст. Ж.Әскербекқызы). – Алматы: Жазушы. 2009. – 472 б.