Миркемелова А.Б.

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті,

          филология магистрі, аға оқытушы

 

Синекдоха тәсілінің поэзиядағы қолданысы

         Ауыстыру мағынасында қолданылатын сөздердің ерекше бір тобына жататыны – с и н е к д о х а. Бұл жай сөздерде де, көркем әдебиетте де жиі кездеседі. Біз жай әңгімелесіп отырып та бүтіннің орнына бөлшек, жекешенің орнына көпшені қолдана берміз. Бірақ, оның синекдоха екенін аңғармаймыз. Береудің неше жаны барлығын білгіміз келсе, «Басың нешеу» дейміз. Шынында, білгіміз келіп отырғаны – адамы. (Тура - өз мағынасында олай деп сұрауға болмайды) «Пушкиндердей, Абайлардай ақын дүниеге сирек келеді» деп, жекешенің онына көпшені қолданамыз. «Жау жоғары, біз төмен». Шынында жау біреу емес, көп. Әңгіме көп қол туралы. «Жұрттың қалай екенін білмеймін» деп біреуге кейісек жалқы ұғымының орнына «жұрт» деген жалпы ұғымды айта береміз. Міне, осылар тәрізді жекешенің орнына көпшені, көпшенің орнына жекешені, жалпының орнына жалқы, не жалқының орнына жалпы ұғымды   қолдануды         с и н е к д о х а    дейміз.

         Орыс әдебиетінің бұрынғы теоретиктері де (Потебня), осы күнгі теоретиктері де (Б. Томашевский, Л. И. Тимофеев, Г. Н. Поспелов) синекдоханы метонимияның бір түрі деп қарайды. Б.В.Томашевский «Метонимияның ерекше бір тобы - синекдоха» десе [27, 36], Л. И. Тимофеев «Дағдыда синекдоха метонимияның ерекше бір түрі деп танылады. Бірақ мазмұнына қарағанда, метонимия мен синекдоханың арасында үлкен айырма бар деп айта қоюға болар ма екен» [40, 92] дейді.

         Авторлардың бұл пікірлерінің дұрыстығына қазақ әдебиетінен де толып жатқан мысалдар келтіруге болады. Кейде бір сөз бір сөйлемде метонимияның мағынасын берсе, екінше сөйлемде сол тұлғасында тұрып синекдоханың мағынасын береді.

                   «Қой мойында көк жұлын,

                   Көк жұлынды жетелеп...» –

деген өлеңіндегі «жұлын» аттың орнына қолданылса, - метонимия, егер бүтіннің орнына бөлшекті қолдану болса, –  синекдоха.

                   «Тиеді ер пайдасы сасқан жерде,

                   Етегін ер жаңылып басқан жерде» -

деген сөйлемдегі «етегін» де – сол тәрізді. Сондықтан, метонимия мен синекдоханың арасында үзілді-кесілді шек қою өте қиын  [57, 25].

         Синекдоха (гректің - synecdoha) – жобалап, нобайлап, шамалап түсіну – бүтіннің орнына бөлшекті, жалпының орнына жалқыны (дараны), үлкеннің орнына кішіні немесе жалқының орнына жалпыны, бөлшектің орнына бүтінді қолдану негізінде сөз мағынасын алмастыру амалы. Ахмет Байтұрсынов синекдоханы мегзеу деп атайды да, мынадай анықтама береді: «Бір ұғым орнына екінші ұғым айтылуы мегзеу болады. Мегзеу мынадан шығады:

         1. Ана ауылға Омар, Оспан, Асан, Үсен келді деудің орнына – анау ауылға Омарлар келді дейміз

         2. Үй кімдікі екенін ұмытпа, «Үйге қара» деудің орнына шаңыраққа қара дейміз. Шаңыраққа мезгеу болады.

         3. «Осы ауылдың адамдары жүдеу екен» деудің орнына, «Осы ауылдың адамы жүдеу екен» дейміз. Адамы мезгеу болады.

         4. «Абайдай ақын қазақтан туа бермейді ғой» деудің орнына «Абайлардай ақын қазақтардан туа бермейді ғой» дейміз. Мұнда Абайлар мезгеу болады.

         5. «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге жайылады» дейміз. Отыз тістен шыққан сөз отыз емес, қырық рулы, яки жиырма рулы елге жайылатын шығар, біз білмейміз. Отыз деп кесіп айтуымыз мезгеу болады.

         Мезгеумен айтылған сөз жай айтылған сөзден жинақы, ширақ келеді. Сондықтан мезгеу ақындар сөзінде көп ұшырайды» [58, 11].

         Алайда А. Шаяхмет, С. Оспанов, Н. Мұқатов шығармаларында синекдоха мен метонимия басқа көріктеу амалдарына қарағанда аз кездеседі.

                   Бір көз өтті «өзің мені түсін» деп,

                   Бір көз өтті қоятындай ішіп-жеп.

                                                                  [2, 33].

                   Шаттық толы жанарлар Шиліде еді,

                   Шилері мен талдары күй біледі. [2, 5].

         О.С. Ахманованың түсіндіруінше: «сиенекдоха» - троп, состоящий в замене названия целого названием какой-либо его части, в названии частного вместе названия общего и наоборот» [59,205].  Зат пен құбылыстың іргелес, шектес келіп, бір атауға ортақтасып, ауысып қолданылуы жағынан синекдоха метафораға бір табан жақын тұрады. Сондықтан орыс ғалымы Л. А. Новиков: «Синекдоха метонимияның бір түрі,     деп, екеуін өзара бірліктерге жатқызады» [18,75]. Тіл біліміндегі көп дау тудырып жүрген бұл пікірді қазақ ғалымдары да мойындайды.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.     Томашевский Б.В. Стилистика и стихосложение. – Ленинград: Издательство Ленинградского университета, 1959. – 323 с.

2.      Тимофеев Л.И. Основы теории литературы. Изд-во. Просвещение. М., 1966- с.478.

3.      Жұмабаев М. Педагогика. Орынбор, 1957.

4.      Нұржекеева Л. Метонимияның лингвистикалық табиғаты. Алматы: Қазақ университеті, 1992. – 80 б.

5.      Оспанов С. Қараторғай. – Алматы: Жазушы, 2004 – 232 б.

6.      Ахманова О.С. Словарь лингвистических терминов. М.: Советская энциклопедия. 1966. – с. 295.

7.      Новиков Л. А. Исскуство слова. Москва: Педагогика, 1991. -141 с.