А. Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі
институтының
аға ғылыми қызметкері,
филол.ғ.к., доцент, Қазақстан
ҚАЗАҚ
ТІЛІНДЕГІ КЕЙБІР ЗАТ ЕСІМДЕРДІҢ МОДАЛЬ МАҒЫНАДА ЖҰМСАЛУЫ ЖАЙЫНДА
Модаль сөздерді түркітануда қазақ тіл білімінде
алғаш зерттеу нысаны етіп алып, сөз таптарының қатарына
қосқан профессор Е. Жанпейісов оларды есімді (сияқты, сықылды, секілді, тәрізді, шамасы,
тәрізі, зайыры, мүмкін, бәлки (бәлкім), рас, керек,
қажет, әрине, әлбетте, әлбетте) және
етістікті (білем, көрінеді, дейді,
екен) деп бөледі [1, 9-10].
Профессор Е. Жанпейісов «Қазақ грамматикасында» қазіргі біраз түркі тілдерінде модаль сөздер мен модалді тіркестердің
негізінен төмендегідей жолдармен жасалатынын көрсетеді:
«1. Таза («собственно») модальды және есім модальды сөздердің,
сондай-ақ модальды тіркестердің де қатарында тәуелді
формада әбден тұрақтап, қалыпты бір
орнықтылық алған лексемалар бар.
2. Модаль сөздер кейбір үстеулер мен үстеу мәнінде
қолданылатын зат есімдердің заттық мәнінен айрылу
және пысықтауыштық функциясын жоғалту нәтижесінде
пайда болады.
3. Модаль сөздер кейде өзінің предикаттық
функциясынан айрылған бағыныңқы сөйлемнің
баяндауышынан жасалады.
Қазақ тілінде дейді, деседі, білем,
тағы кейбір модаль сөздер де осы жолмен жасалған.
4. Модаль сөз сондай-ақ кей жағдайда тіпті модаль
тіркестің бір компонентінің түсіп қалуы арқылы да
жасалатын сияқты. Мына бір-екі мысалды салыстырудан сондай ой туады:
Жеті қабат жер астындағы нәрсені білуі мүмкін
(Жұмабаев). Мүмкін, губернатор келген күні
шуламаңдар деп тиып қоюы (Мұқанов).
5. Сияқты,
сықылды, секілді, тәрізді, тақылетті, рәуішті, іспетті,
әлпетті модаль
сөздері «бет, бейне, пішін, порым, түр» мағынасын білдіретін
түбірлерден жасалған.
6. Тіліміздегі бәлки, бәлкі, бәлкім,
әлбетте, зайыры, нәті (нәйәті),
лазым (ләзім), ықтимал, мүмкін, рас
(т), тағы біраз сөз «дайын күйінде» араб, парсы тілдерінен
ауысқан» [2, 571-572].
Қазақ тіл білімінде модаль сөздерге ден
қойған ғалымдардың бірі С.Исаев сияқты, сықылды, сиқатты, әлпетті,
сыңайлы, сынды, тәрізді, рәуішті, мәзімді,
тақылетті, іспетті, мүмкін, ықтимал, кәдік, шек,
шамасы, сиқы, тәрізі, аңғары, әлпеті, нәті,
туасы, нәяті, зады, асылы, түрі, жобасы, қисыны,
сыңайы, зайыры, анығында, шынында, шындығында, асылында,
расында, рас, шын, расы, әрине, әлбетте, бәлки, бәлкім,
керек, қажет, тиіс, лазым, шығар, болар, зайыры, меңзес,
көрінеді, білем, дейді, -са деймін, -сам дейім, -са керек, -уы керек, -уы
тиіс, -уға тиіс, -у қажет, -ға ұқсайды,
сыңайы бар, тәрізі бар, түрі бар, -уы мүмкін т.б. сөздерді
жатқызады [3, 333].
Жоғарыда
аталған екі ғалымның да модаль сөздерді (етістіктің
модалдік құрылымдарын қоспағанда) тануында, кейбір
жекелеген лексемаларды модаль сөздер ретінде тануын немесе танымауын
есепке алмағанда, айтарлықтай принциптік ерекшелік
байқалмағанымен, оларды сөз табы ретінде белгілеуде «Қазақ
әдеби тілінің сөздігінде» мынадай жайттарды
аңғардық:
1) модал
сөздер ретінде аталып жүрген кейбір лексемалар басқа
сөз таптарына жатқызылған: асылында – үстеу [4, ІІ, 62], әлпетті – сын [4, ІІ, 441], кәдік – зат [4, VII, 471],
меңзес – сын [4, XI, 194], нәйеті – үстеу [4, XI, 510], рас – зат [4,
XII, 450], расында
– үстеу [4, XII, 452], рәуішті – сын [4, XII, 458],
сияқты – шылау [4, XIII, 215], сықылды – шылау [4, XIII, 488], сыңайлы – сын [4, XIII, 523], сыңайы – шылау [4, XIII, 523], сынды – шылау [4, XIII, 517], сыңайы
–
шылау [4, XIII, 523],
тәрізді – шылау [4, XIV, 66],
тақылетті
– сын [4, XIII, 641], туасы – үстеу [4, XIV, 390], шек – зат, зат, одағай [4, XV, 322], шыны – зат, сын [4, XV, 570-571], іспетті
– шылау [4, XV, 733];
2) модаль сөздер ретінде аталған
кейбір лексемалар бұл сөздікте берілмеген: аңғары, әлпеті,
дейді, болар, жобасы, зайыры,
көрінеді, қисыны, мәзімді, нәяті, расы, сиқатты, сиқы, түрі,
ыңғайы (ыңғай
сөзі зат есім ретінде белгіленген) [4,
XV, 659];
3) жоғарыдағы ғалымдар атамаған бірқатар
лексемалар модаль сөздер ретінде берілген: мейлі [4, XI, 157], мейлің [4, XI, 157], айтпақшы
[4, I, 178], шынымен [4, XV, 573], сірә
[4, XIII, 575], дұрыс [4, V, 30];
4) біріншіден [4, IV, 184], екіншіден
[4, V, 203] лексемалары модаль
сөздер ретінде берілсе, үшіншіден
[4, XV, 99] сөзі үстеу
ретінде берілген, ал төртіншіден,
бесіншіден, алтыншыдан, жетіншіден, сегізіншіден,
тоғызыншыдан, оныншыдан сөздері сөздікте берілмеген.
Қай тілде
болсын саны басқа сөз таптарына қарағанда
анағұрлым аз болса да, модаль сөздерді танудағы
(негізінен сөздікте сөз табы ретінде белгілеудегі) мұндай сәйкессіздіктерге,
біздің ойымызша, мынадай екі себеп негіз болуы мүмкін. Біріншіден, олардың
мәнмәтіндегі қызметіне байланысты әлі де модаль
сөздер деп аталатын топқа толыққанды еніп кете
алмауынан деп санаймыз. Екіншіден, қыстырма сөздер мен модаль сөздерді ажыратуда әлі
де болса бірізді принциптің сақталмауы байқалады. Мысалы, абзалы [4, I, 36], қысқасы [4, X, 627] және т.б.
қыстырма сөздер модаль сөз ретінде аталса, осындай
қызметтігі тегі сөзі
шылау және үстеу [4, XIV, 85]
ретінде көрсетілген, ал айталық
қыстырма сөзі сөздікте берілмеген. Сондай-ақ анығында
[4, I, 522], шындығында [4, XV, 565]
лексемалары модаль сөздер қатарында берілсе, осы
тұлғалы асылында [4, II, 62], расында [4, XII, 452], ақырында [4, I, 307] лексемалары үстеу, дұрысында [4, V, 31] лексемасы шылау сөз табы ретінде
көрсетілген.
Сондықтан модаль
сөздердің басқа
сөз таптарына жатқызылуы, олардың тіпті сөздікте
берілмеуі, кейбір
қыстырма сөздердің модаль сөздер қатарында аталуы
сияқты мәселелер төңірегінде ойлану керек.
Біз бұл
мақаламызда аталған сөздікте қажат [4, VII, 723],
қажет [4, VIII, 723], керек [4, VII, 645], лазым [4, X, 654], ләзім [4, X, 685], тиіс [4, XIV, 188] лексемалары модаль
сөзі ретінде берілсе, -у
қимыл атауы тұлғасымен келіп, модалдік мағына
білдіретін кәдік – зат [4,
VII, 471], міндет – зат [4, XI, 433], шарт – зат [4, XV, 270]
лексемаларының модалдік мағынасы ескерілмегендігін негізге ала
отырып, кейбір абстрактілі зат есімдердің модаль мәнде
жұмсалуына тоқталмақпыз.
А.П.
Александрова ағылшын және орыс тілдерінде кейбір зат есімдердің
модаль мәнде жұмсалатындығын және бұл
процестің сөзжасамдық және семантикалық деривация
тәсілдері арқылы жүзеге асырылатындығын айтады. Автор мұндай сөздердің модаль мағыналы зат есімдер
деп атауын В.И. Карасиктің «нағыз» («исконно») модаль және
модалданған етістіктерді бөліп көрсететіндігін және
бұл жіктемені зат есімдерге де қолдануға болатындығымен
дәйектейді [5, 10-11, 15].
Зерттеуші модаль мағыналы зат
есімдердің семантикалық құрылымындағы модальды
семаның «деңгейі» әртүрлі болады дей келе, модаль мағыналы
зат есімдерге төмендегідей анықтама беріледі: «...модальные существительные –
это существительные, имеющие исключительно или преимущественно модальную
семантику, существительные, используемые в языке для прямого, автономного,
непосредственного или же осложненного, опосредованного (предполагающего
обязательную привязку к одному из других именных концептов категориального
уровня) называния модальных смыслов» [5, 12].
Қазақ тілінде де модаль мағыналы зат есімдердің бар
екендігі «Қазақ грамматикасында» айтылып кетеді. «Қазақ
тілінде ... өз алдына дербес лексикалық мағынасының
үстіне және модальдық мағына білдіретін де жеке
сөздер бар. Ал якут тілінде белгілі бір контексте бұл
екеуінің сыртында өтпелі («переходные») модаль сөздер деген тағы
кездеседі» [2, 568].
Тілдік материалды зерттеу барысында біз
кейбір абстрактілі зат есімдердің мәнмәтін мазмұнына
байланысты модалдік мағынасы білдіруге қатысатын
жағдайларын анықтадық.
1) зат есімдердің мүмкіндік модалдік
мағынасын білдіруі: ...біз мектебімізде оқытушыларымыздың сабаққа әзірленуіне жағдай
туғыздық. Қай пәннен болсын, класқа керекті
құралдарды керегінше қамтамасыз еттік,
оқытушылардың сабаққа әзірленуіне мүмкіншілік туғыздық (С.Көбеев);
...баланың көп
болғанына не жетсін. Біріншіден, ол – институт беделінің
артқаны, екіншіден, білімді жастарды іріктеп, таңдап алуға мүмкіндік береді (Д.Исабеков).
Бұл мысалдардың пропозициялық мазмұнынан біз
сыртқы деонтикалық мүмкіндік мағынасы білінетіндігін
байқаймыз. Алайда Е.Жанпейісов мүмкін модаль сөзіне -дік
жұрнағы жалғанып зат есімдік те мән алғанда одан
модальдық мағына байқалмайтындығын айтады [2, 580]. Ал біз
зерттеушілердің мұндай лексемалардың семантикасында,
өзінің таза лексикалық зат есімдік мағынасымен
қатар, модалді сема, сонымен қатар модалді-уәждеуші
және модалді-бейтарап компоненттер болады [5, 16] дейтін ойын ескере отырып,
мәнмәтіндік мазмұнды негізге ала отырып, басқа да
кейбір зат есімдердің де модалдік мағына білдіретіндігін
аңғардық. Мысалы, Мал баққан елдің
мәдениетке тез үйреніп кетуі
қиын (М.Әуезов) – мәдениетке тез үйреніп кете
алмайды, бірақ түбінде үйренуі мүмкін: Темір жолдан 300 шақырым
қашықтамыз. Асфальт жол да Арқалықпен ғана
байланыстырады. Бұл –
өскелең қажеттілікті өтемейді. Көптеген елді
мекендер әлі күнге жалғыз жатыр. Ақкөлге,
Ақшығанаққа, Шиліге, Бидайық пен Қызбелге жету жатқан азап («Егемен
Қазақстан» газеті). Бұл тұтас мәтін
мүмкіндік өрісін білдіруге арналған. Мұндағы өтемейді ауыспалы осы
шақтағы етістік «өтей алмайды», жету жатқан азап күрделі етістігі «жету қиын,
бірақ қиналған адам жете алады» деген мүмкіндік/мүмкін
еместік мағына білдіреді [6,
269].
2) зат есімдердің міндеттілік (қажеттілік)
модалдік мағынасын білдіруі. Міндеттілік міндет, лазым, шарт сөздерінің
-у
қимыл есімімен тіркесуі арқылы білдіріледі: Мынау желді аяз қозғалмай
отырған кісіні тоңдырып, ұшырып жіберуі мүмкін.
…Сондықтан әлі де бірінен бірі қара үзіп қалмай, жылжи беру шарт (М.Әуезов).
Жоғарыда
аталған модаль сөздерден басқа жөн, парыз, қарыз зат есімдері де, қажетті, орынсыз, абзал сын есімдері де, баяндауыш
қызметіндегі қарыздармын,
парыздымын сөздері де
қажеттілік мағынасында қолданылады: Бұл адамға жалған айту жол емес. Шын
көңілмен айтар тілегі болса, шындықпен ғана жауап беру парыз (М.Әуезов) –
жауап беру керек; …Қазақ
ордасының дос пейілі біз үшін маңызды әрі қажетті (М.Мағауин); –Бізге
мата керек. –Әңгіме
матада емес, мәдениетке халықтың рухани мәдениетін көтерген абзал (Ж.Нәжімеденов)
– мәдениетін көтеру керек;
Енді мен сол түнді саған түгелдей айтайын. Саған ауыр
тиетінін білем. Бірақ айтып кетуге
қарыздармын (С.Жүнісов) – айтып кетуім қажет.
2) зат есімдердің айқындық модалдік
мағынасын білдіруі (рас, хақ, дәл, анық, ақиқат, кәміл,
сөзсіз, айғақ, мәлім): Иә, әр күнімізді көңілді өткізуге,
еш нәрсені ойламауға, бір-бірімізді сатпауға, бір-бірімізді
жер ортасы көктөбеде тастап кетпеуге талай рет ант бергеніміз рас (О.Бөкеев); Өз жасымды өзім білемін
ғой. Тойламасаңдар тойламай-ақ қойыңдар,
қарағым. Әйтеуір жетпіске жеткенім хақ (А.Шамкенов); Дмитрий
Иванович салтанатпен аталарының алтын тағына отырды. Енді кімде
күмән бар! Жоқ бәрі күмәнді екен.
Күмәнді емес, анық.
Дмитрий баяғыда өлген (М.Мағауин); Абайдың мінгені ақжал, сары жорға ат. «Күйеу
атымен күл тасы» дейтін әдет бойынша, енді ақжал аттың
көзі ашымайтыны мәлім
(М.Әуезов).
4) зат есімдердің
ықтималдық модалдік мағынасын білдіруі (дүдімал, неғайбыл,
ықтимал, беймағлұм, кәдік, беймәлім, белгісіз,
жорамал т.б.): Қазақтың
далиған даласы бары даусыз‚ ал оны ұстап тұра алар шамасы
бары неғайбыл (Ә.Кекілбаев);
Атылған оқ нақ
маңдайдан ұрсын, не қу жауырынның астын ала
бұғанадан өтіп, тақ жүрекке қадалсын,
қара бауырды қақ жарсын, сонда ғана ашына кеуделеген,
көзіне қан толған аңның құлап
түсуі ықтимал (М.Мағауин);
Жас қозылар жата бергіш келеді.
Майдың аяғы, июньнің басында қанша жаз шықты
дегенмен, жер бауыры көбіне сызды. Мұндай кезде шопанның
көзі қырағы болмаса, енді аяқтанған төл
өкпе ауруына қолма-қол шалдығуы кәдік (Р.Нұрғалиев).
5) зат есімдердің
қалаулық модалдік мағынасын білдіруі. Тілеу‚ қалау,
аңсау, сұрау т.б.
сөздерінің табыс септік жалғаулы -у қимыл есімімен
тіркесіп келіп қалаулық мағына береді: Әдебиет шаруашылығының да әр қилы саласы
бар‚ әрқайсысы көзден таса қылмай күтуді тілейді (Ғ.Мұстафин); –Мен күзетшілердің қолында өлуді қалаймын
(О.Исахов); –Қазақ, қалмақ Ордаларының
падишахы Тәуеккел ханнның інісі Ораз-Мұхамед
сұлтаннның тағдыры да, тірлігі де құдіретті
әрі мархаматты ақ патшаның өзінің қолында.
Екі ел арасында орнамақ мәңгі достықтың кепілі
ретінде осы Ораз-Мұхамед сұлтанның қазақ Ордасына
қайтарылуын сұраймыз (М.Мағауин). Кейінгі сөйленімде сұрау етістігі
өзінің тура мағынасында емес, «тілеу», «өтіну» мәнінде
қолданылып тұр.
Қалаулық модалділігі барыс септік жалғаулы -у қимыл есімі мен ынтық‚ тырысу‚ ұмтылу,
құмар‚ кел т.б. сөздерінің келуі арқылы
білдіріледі: «Әне өледі‚ міне
өледімен» қыстай аңдыған кейбір
құлқынды кемпір-шалдың үмітін Бәтима
ақтамады. Ақтамағаны: өлгісі келмегені емес‚ ынтызар
көңіл тағы бір жазды
көруге ынтыққан
(О.Бөкеев) – тағы бір жазды көргісі келді; Осы ақылды‚
еңбекқұмар‚ ізденгіш‚ алғыр қарт
[Шығанақ Берсиев] арқылы халқымыздың
бойындағы асыл қасиеттерін айтып
қалуға тырыстым (Ғ.Мұстафин) – айтып
қалғым келді; –Жер тырналап
тұруға ұмтылам (Б.Нұржекеев) [7,
528-531, 557-558, 593].
Сонымен
функционалды грамматикада модалдік өрістерді білдіретін
құралдарды сипаттау мен осы өрістердің
семантикалық құрылымын айқындау барысында зат
есімдердің модаль мәнде жұмсалатындығы анықталды.
Алайда зат есімдердің модалдік мағына білдіруі мәнмәтін
мазмұнына байланысты болады.
Әдебиет
1. Жанпеисов
Е.Н. Модальные слова в
современном казахском языке. Автореф. дисс. ... канд. филол. наук. –Алматы,
1958. –18 с.
2. Қазақ
грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. –Астана, 2002. –784 бет.
3. Исаев
С. Қазіргі
қазақ тілі. Морфология. –Алматы, 2007. –336 б.
4. Қазақ әдеби тілінің
сөздігі. Он бес томдық. 1-15-томдар. –Алматы, 2011.
5. Александрова А.П. Модальные
существительные в языке (на материале русского и английского языков). Автореф. дисс. ... канд. филол. наук. –Орёл, 2008. –23 с.
6. Құлманов С. Мүмкіндік
модальділігінің функционалды-семантикалық өрісі //
Қазақ тілінің функционалды грамматикасы / Жауапты редактор:
Ш.Құрманбайұлы. 1-кітап. –Алматы: ЖШС «Ануар-KZ», 2010.
–224-337-бб.
7. Құлманов С.
Модальдылық категориясының функционалды-семантикалық
өрістері // Қазақ тілінің функционалды грамматикасы. /
Жауапты редактор: М.Малбақов. 2-кітап. –Алматы: Дайк-Пресс, 2011.
–525-658-бб.
РЕЗЮМЕ
В статье рассматривается проблема функционирования некоторых имен
существительных в модальном значении.
SUMMARY
The article
discusses the problem of the functioning of the nouns in the modal value.