Право/9. Гражданское право.

 

Б.А.Сарбасов юриспруденция магистрі

Х.Ертай 3 курс студенті

Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті, Қазақстан

 

Қазақстан Республикасының саяси жүйесі: мазмұны мен түсінігі

 

Бүгінгі жаһандану заманында барлығына таныс ұғым- «Саяси жүйе» түсінігі саяси процесстердің қалай реттелетіндігін, саяси биліктің қалай қалыптасатындығын және қызмет ететіндігін көрсетеді. Бұл саяси әрекетті ұйымдастыру мен жүзеге асырудың механизмі. Билік және оған қатынас әртүрлі әлеуметтік институттардың саяси функциясын сипаттайды. Билік, егеменділік, тұлға бостандығы тәріздес қоғам өмірінің аймағы көптеген адамдардың мүддесін қозғайды да, саяси аймаққа айналады. Осы тұста кешенді алынған адамдардың үлкен тобының билікті, егемендікті, тұлға бостандығын қамтамасыз етуді, өзін-өзі басқаруды ұйымдастыруды жеңіп алу, ұстап тұру және пайдалану барысы бойынша қатынасы саяси сипатқа ауысады[1; 28б].

Қазақстан Республикасында қоғамның саяси жүйесі мынандай қызмет атқарады:

-         қоғам дамуының мақсатын, міндетін және жолдарын анықтау;

-         осы мақсат, міндеттерге жету үшін қажетті құралдар мен ресурстарды топтастыру;

-         қоғамды жақындастыру, оның құрылымының әртүрлі элементтерінің өзара әрекеттестігі үшін қажетті шарттарды жасау;

-         мемлекеттік билікті легитимдендіру, яғни шынайы саяси өмірді ресми саяси және құқықтық нормаларға сәйкестендірудің жоғарғы деңгейіне жеткізу;

-         қоғамдық - саяси әрекет режимдерін реттеу.

Саяси жүйелерді әр түрлі негізде топтастыруға болады. Оның пайда болуының әлеуметтік ортасына қарай тоталитарлық және либералды – демократиялық саяси жүйелер танылады, осы сипатына байланысты аралас (конвергенциялық) түрлері де кездеседі. Өзара әрекеттестік сипатына байланысты ашық және жабық саяси жүйелер анықталған. Осы жерде саяси жүйенің субъектілеріне де тоқтала кетуге болады. Оларды екі деңгейде ажыратып қарастырсақ, институционалдық деңгейде субъектілер құрамына парламент, президент, үкімет, кәсіподақтар және тағы да басқалары кіреді де, функционалдық деңгейде оның қатарына шіркеу, армия, оппозиция және тағы да басқасы жатады.

Саяси жүйенің құрамына тікелей немесе жанама түрде белгілі бір саяси функцияларды атқаратын немесе өзінің қоғамдық роліне байланысты қоғамның әлеуметтік мақсаты мен идеалын қалыптастырушы әлеуметтік институттар кіреді. Саясатпен тікелей айналысатын әлеуметтік институттарға мемлекет пен саяси партиялар кіреді. Қоғамдық қозғалыстар, еңбек ұжымдары, кәсіподақтар, шығармашылық одақтар, жастар ұйымдары, спорттық ұйымдар және тағы да басқалары саясатпен жанама түрде айналысатын әлеуметтік институттарды құрайды. Адам қоғамы дамып, қалыптасып, өмірге келген күннен бастап міндетті түрде оның бағдарламасы, саясаты, биліктің түрі анықталады. Бұл жұмыстармен шұғылданатын қоғамның саяси жүйесі. Ең алдымен қоғамның мүддесі мен мақсаты анықталады. Қоғамдық бағдарламаны жасап, саяси биліктің мазмұнын толықтырып, олардың орындалу бағыттарын, жолдарын анықтап, іске асыру механизмін белгілейді.      

Қазақстан Республикасындағы қалыптасқан саяси жүйенің негізгі элементтері: саяси және құқықтық нормалар, саяси құрылыс, саяси іс-әрекет, саяси сана және саяси мәдениет. Енді осы элементтерге толық түсінік берейік.        

1) Саяси іс-әрекет және құқықтық нормалар – қалыптасқан немесе қабылданған тәртіп ережелері, саяси қатынастарды реттейтін тәсілдері, қоғамдағы конституция, кодекстер, ережелер, партиялардың бағдарламалары, саяси әдет-ғұрып тағы да басқасы. Саяси нормаларды, сол арқылы өмірге келетін қатынастарды – саяси институттар деп атайды. Идеяның  даму процесі арқылы нормаға, тәртіптің ережелеріне сәйкес ұйымдардың қағидасына айналуын институционализация деп атайды. Осылай қоғамның болашақ саяси ұйымының элементтері қалыптаса бастайды. Саясат пен институционализацияның байланысы шектеулі, оның сан  қырлы саяси іс-әрекеттер тек ұйымдық нысандарында ғана байқалады[2; 28б].

2) Саяси құрылыс – қоғамдағы саяси, мемлекеттік ұйымдардың, институттардың, мекемелердің және олардың ара-қатынасының жиынтығы. Бұл құрылыс адамдардың арасында саяси қатынастың тұрақты қалыптасқанын көрсетеді.         

3) Саяси іс-әрекет – қоғамдағы саяси билікті дамыту және қорғау үшін бағытталған адамдардың әр түрлі іс-әрекеттері. Бұл әрекет әр-түрлі деңгейде жүргізіледі: белсенді, сылбыр, енжар, тұрақты, нәтижелі  тағы да басқа.     

4) Саяси сана – адамдардың сан қырлы рухани сана-сезімін қоғамдағы саяси билікті қолдап, адамдардың іс-әрекетін саяси қатынастарды дамытып, нығайтуға бағыттау. Саяси санада екі түрлі бағыт болуға тиіс: концептуалдық – саяси теория, доктрина, ілім, бағдарлама; күнделікті – ой-пікір, әдет-ғұрып, мораль, тәртіп.         

5) Саяси мәдениет – қоғамдағы саясатты, саяси қатынастарды реттеп-басқару үшін қалыптасқан рухани құндылықтардың, саяси идеяның, сенімінің, символдың жиынтығы саясатта бірлік, дербестік тек адамдардың рухани байланысы арқылы болады.   

6) Саяси жүйенің ең күрделісі, ең маңызды элементі – мемлекет. Саяси жүйенің қоғамды басқарудағы ең орталық буыны – мемлекет. Біріншіден, ол саяси жүйенің билігін, мүдде-мақсатын іске  асыратын ең негізгі аппараты. Екіншіден, мемлекет саяси жүйенің барлық элементтерін біріктіріп, саяси функция арқылы қоғамның игілікті құндылықтарын әділетті болу процесін басқарып отырады. Бұл процесті басқару, бақылап отыру дегеніміз – қоғамдағы қарым-қатынастарды, олардың өзара байланысын реттеп отыру, тұрақты, жақсы дамуын қамтамасыз ету.     

Поляктың белгілі саясаттанушысы А. Боднардын көрсеткеніндей, қазіргі қоғамда саяси партиялар мынадай қызметтерді атқарады:

а)       қоғамның ірі топтарының мақсат-мүдделерін анықтау,
тұжырымдау және негіздеу;

б)       олардын белсенділігін арттырып, жинақтау;

в)       саяси идеология мен саяси ілімдерді жасау;

г)       саяси жүйелерді, оның жалпы принциптерін, элементтерін,
құрылымдарын қалыптастыруға қатысу және тағы да басқа.

д) мемлекетте билік үшін күреске қатынасу және оның жұмысының бағдарламасын жасау;

е) мемлекеттік билікті іске асыруға қатынасу;

ж) қоғамдық пікірді қалыптастыру;

и) жалпы қоғамды, оның белгілі бір бөлігін (топты, тап-ты, жікті) саяси тәрбиелеу;

к) мемлекеттің, кәсіподақтарының, қоғамдық ұйымдардың аппараты үшін кадрлар даярлау мен ұсыну[3; 39б].

Қорыта келетін болсақ Қазақстан Республикасында «Мемлекет» және «қоғамның саяси жүйесі» түсініктері бөлшек пен тұтас категориялар ретінде арақатынаста болады. Мемлекет саяси өмір құбылыстарын «жалпы міндеттілік» өлшемі арқылы өткізіп, өз бойына саяси мүдделердің көпшілігін шоғырландырады. Міне осы тұрғыдан мемлекет саяси жүйеде ерекше роль атқарады, оған тұтастық пен тұрақтылық береді. Ол қоғам ресурстарын пайдалана және оның өмір сүруін ретке келтіре отырып, басқару бойынша әрекеттердің басым бөлігін атқарады.

Мемлекет қоғамның саяси жүйесінде орталық, жетекші орын алады. Себебі:

-  Мемлекет өзінің аумақтық шекарасы көлемінде азаматтық белгісі  бойынша біріккен бүкіл халықтың бірден-бір ресми өкілі ретінде көрінеді.

-  егеменділіктің бірден-бір иегері болып табылады.

-  қоғамды басқаруға арналған арнаулы аппаратқа (көпшілік билігі) ие.

-  «күштеу» құрылымдары болады (қарулы күштер, милиция-полиция, қауіпсіздік органдары)

-  Көбінесе құқық шығармашылық монополиясына ие болады.

-  материалдық құндылықтар жиынтығын иемдене алады (мемлекеттік меншік, бюджет, валюта)

Мемлекет және саяси партиялар – бұл екеуі бірігіп қоғамды басқарудағы ең шешуші күш. Басқарудың сапалы немесе сапасыз болуы екі бірлестіктің қызметіне байланысты. Сондықтан олардың іс-әрекеті халықтың, үкіметтің үнемі бақылауында болады.  

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

 

1.     Жоламан Қ.Д., Мұқтарова А.Қ., Тәуекелов А.Н. Мемлекет және құқық теориясы. Астана.

2.     Теория государства и права: Учебник для вузов / под ред. В.М. Корельского и В.Д. Перевалова. М.

3.     Теория государства и права: Хрестоматия. В 2-х т. /Авт.-сост. В. В. Лазарев, С. В. Липень. - М.: Юристъ - 620; 604 с.