Қ.Д. Асанов, ф.ғ.к , доцент

Қазақстан Республикасы, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

 

Шешендік сөз өнерінің айтыс жырларындағы  көрінісі

    

Қандай қоғам болмасын мемлекеттік иделогияны қалыптастыруда сөз өнері тізгінін қолға ұстаған тұлғалардың шешуші рольде болғандығы ақиқат. Күшпен, қарумен дүниеге келген иделогиялық мұраттың ғұмыры баянды болып көрген жоқ.

         Өркениетті заман саналатын қазіргі ХХІ ғасырда да сөз өнері, яғни, Әдебиет пен Баспасөздің қоғамға тигізер әсер-ықпалы зор. Журналистиканың төртінші билік атануы да бекерден-бекер емес.

         Жыраулар поэзиясы бәсеңдей бастаған ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамында би-шешен, ақындық тұлғалардың тарих сахнасына шығып, ел мүддесіне ықпал етуі де табиғи заңдылық.                

         Қазақ даласында болып жатқан түрлі өзгерістер қоғамдық болмыстың барлық салаларына өз әсерін тигізе бастады.

         «Қазақ жеріне, қала түсті, бекіністер салынып, орыс әскерлері кірді. Шұрайлы жерлер тартып алынып, орыс шаруалары қоныстандырылды. Ел тіршілігінің шеңбері тарылып,  отаршылдық темір құрсаудай қыса бастады. Осыған орай дербес ақындық поэзия қазақ қоғамының әлеуметтік жағдайларын жырлауға бет бұрып, ел басындағы ауыр мұңды, қайғыны суреттеуге ойысты» [1-22-23 ]

         Қоғамдық формациялардың өзгеруі халықтың рухани ой-өрісіне де белгілі дәрежеде әсер-ықпалын тигізеді. Мәселен кеңес заманында көркем әдебиет алдыңғы орынға шықса, өтпелі кезеңде публицистиканың ықпалы зор болды. Мұндай өзгерістер әр дәуірде, әр қилы қоғамдық жағдайларға байланысты орын алып отырды. ХІХ ғасыр айтыс өнерінің өркендеп, қанатын кеңге жайған тұс еді. Қазақ даласында бағзыдан келе жатқан айтыс, шешендік сөз өнері қоғамдық-әлеуметтік мәселелерге араласып, өз үнін, ықпалын таныта бастады. Ортақ жаудың тарих сахнасынан жойылуы, қазақ тайпа-руларына бүтіндей тыныштық әкелгенімен, өз ішіндегі жер дауы, жесір дауы, барымта сияқты ежелден келе жатқан ескі әдет етектен тартуын қоймады. Қазақ үшін мұндай келеңсіздіктер кейде рулық, жүздік сипат алып, мемлекеттің іштен іруіне әкеліп соқтыратын.

         Қазақтың осындай кеселден арылтуда немесе ел ішіндегі тыныштықты, бейбітшілікті сақтауда би-шешен, ақындардың рөлі ерекше болды. Мұндай жағдайда ел басқарып отырған хан-сұлтандардың өзі халық ішінен шыққан қабырғалы билер мен от ауызды, орақ тілді шешендерге, ақындарға арқа сүйегендігі тарихи шындық еді.

         Белгілі ғалым Нысанбек Төреқұл: «Қазақта би-шешендер ерекше тұлға. Ерекше тұлға дейтін себебіміз, бұрын-соңды қазақтан басқа халықтарда мұндай тұлға, мұндай елді аузына қаратқан адамдар болған емес. Шығыс халықтары арасында біздің билерімізге ұқсас бірлі-жарым болуы мүмкін, бірақ олар дәл қазақтағыдай еместін. Демек, би-шешендер тек қазаққа ғана

 

тән құбылыс. Олар айтқан билік, шешендік сөздер тек қазақ арасында кездесетін халықтық асыл қазына болып табылады» [2-5], - деп жазады.

         Ғалым пікіріне сүйене отырып, ұлтымызға тән осынау ұлы тұлғалардың ел тарихындаға еңбектерінің елеулі екендігіне олардың бүгінге жеткен шығармашылық мұрасын зерделей отырып көз жеткіземіз. Тіпті, қара қылды қақ жарып, төрелік айтқан билер дәуірі біздің заманымыздан бұрынғы ІІ-ІІІ ғасырларда болғандығын зерттеушілеріміз дәлелдеп жазу үстінде. Ғалым Н.Төреқұлдың пайымдауынша біздің заманымызға дейін Нәнді би, Елсау би, Оңқай би, Майқы би Мәнұлы сияқты тұлғалар өмір сүріп, артына өлмес мұра қалдырған.

         Қазақ халқының тарихында Төле би, Қазыбек би, Әйтек би есімдері ел бірліг мен ынтымағы, мемлекет іргесінің нығаюы жолында ұлт болып қалыптасудың негізін қалаған қайраткерлер ретінде бағаланады.

         «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», - дейді халық даналығы. Би болу, билік айту  сөз білетін кісінің бәріне бірдей бұйырмаған. Жоғарыда келтірілген халық даналығы би-шешеннің өзін ар тезіне салатын қағида іспеттес.

         Би-шешен атанған тұлға қашанда әділ, адал болуға тырысқан. Кез-келген даулы мәселені қара басының пайдасына шешкен би-шешендерге халық екінші қайта сенім артпаған. Дегенмен де, халық тарихынан арды аттады дейтіндей би-шешеннің есімдерін кездестіру қиын.

         Біздің дәуірімізге дейінгі 178 жылы туып, 89 жылы дүниеден қайтқан Майқы би Мәнұлы туралы деректерде: «Елді бейбітшілік жолмен әділ де, адал басқарған. Өзінен бұрын әр тарапқа бытырап кеткен елдердің басын біріктіріп, ұйымшылдыққа, ел бірлігіне үндеген» [2-14] – деп жазады.

         Сонау бағзы дәуірлерден жеткен Майқы би тәмсілдерінде ел бірлігі, ынтымағы жөнінде күні бүгінге дейін өзінің рухани қуатын, аңсар-мұратын жоймаған мына бір жыр жолдары ұрпаққа қалдырған аманат іспеттес.

         «Жанның ұлы Ар мен Хұн,

         Тартқызбас бізге зар мен мұң.

         Түбір бірге түртпейді,

         Одан болмас тұл мен құн.

         Бектен жалғыз Алшын-ды,

         Біз үшін қанға малшынды.

         Жауда жүрсең жанында,

         Сойылың соғар қамшыңды.

         Балдың көп дүр ұрпағы,

         Үйсінді жоқ ұрмағы.

         Ондай ел өскін келеді,

         Оның жоқ дүр құрмағы.

         Қоң, Рат, Қып, Шақ, Балдан-ды

         Жоқ демеңіз болғанды.

         Ақ тұрған жерде қақ тұтар,

         Досым дос оған, қасым қос,

         Жауымды түнде шолған-ды.

         О, Тәңірім, табынам,

         Бесеуге бер береке» [2-364]

         Қазіргі қазақ ұлтын құрайтын, сол дәуірдегі біраз ру, тайпаларға қатысты айтылған Майқы би толғауынан келтірілген бұл үзінді тек замана иделогиясынан хабар беріп қоймайды, ұлттық тұтастықты, бірлікті көксеген ел мұратының асқақ рухын да танытады.

         «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би», - деген қанатты сөздің шығу төркіні тегін болмаса керек. Қазақтың би-шешендері тарихының бастауында Майқы тұлғасының тұруы аталмыш өнердің қайнар көзінің қай дәуірден бастау алатындығын меңзейді. Майқы биден бастау алған шешендік сөз өнері ғасырлар бойы жалғасып, қазіргі жаңа заманға иек артып отыр. Ауыз әдебиеті тарихындағы Аяз би, Елсау би, Едіге би, Бәйдібек би, Жиренше шешен, Әнет би есімдері үнемі шешендік өнер көшінің шоқтығын көтеріп тұрған тұлғалар. ХҮІ-ХҮІІ ғасырларда өмір сүрген Мөңке би, Қазы би, Бөлтірік шешен, Бөкен би, Сеңкібай би, Қараменде би, Ескелді би, Байдалы би, Бекболат би, Сеңкібай шешен, Жаңқұтты шешен сияқты дала ділмарлары тарихта өздерінің аталы сөзі мен халыққа тигізген қайырым шапағатымен есте қалған даналар.

         Ш.Уәлиханов «Ежелгі халықтық үлгідегі билер соты» атты жазбасында қазақтың билері туралы төмендегіше пікірлер келтіреді: «Қазақтарда құрметті би атағы халық тарапынан қандай сайлау жолымен немесе халықты билеп отырған өкіметттің бекітуімен емес, тек сот рәсімін терең білетін, оған қоса шешендік өнерін меңгерген қазаққа ған берілген. Би атану үшін қазақ халық алдында әлденеше шешендік сайысқа түсіп, өзінің заң-жораны білетіндігін, шешендігін танытатын болған» [3-135]

         Би-шешендер тарихына зер сала отырып, көз жеткізген ақиқаттың бірі шешендік өнердің тақыр жерден шықпағандығы, оның ғасырлар бойы желісін үзбей келе жатқан үлкен мектебінің болғандығы. Бүгінгі жеткен аңыз деректерге сүйенсек Майқы бидің қасында Аяз би мен Құмырсқа бидің болғандығын аңғарамыз. Қазіргі уақытқа жақындау, дерек-дәйегі мол ХҮІІІ-ХІХ ғасырдағы шешен-билердің өмірі бір-бірімен байланысты, тағдырлары сабақтас өрілетіндігіне зерттеу барысында анық көз жеткіздік. Мысалы, Бөлтірік шешеннің Бердіқұл бимен кездесуі, Байдалы бидің Саққұлақ биге бата беруі, Андас би мен Сүйінбай ақынның сөз қағысуы, Жанқұтты шешен мен Құнанбайдың дәмдес-тұздас болуы, Жетес би мен Нияз бидің сөз жарыстыруы, Жидебай бидің Шабанбайға берген мақтау сөзі сияқты деректерді басқа би-шешендер өмірінен молынан ұшыратуға болады. Бұл дегеніңіз қазақ қоғамындағы дала ділмарларының шығармашылық рухани байланысы өте терең болғандығын аңғартады. Қазақ дәстүріндегі бата алу, бата беру жоралғыларының да өзіндік тағылымдық-тәрбиелік мәні бар екендігіне көз жеткіземіз.

         Филология ғылымдарының докторы С.Негимов шешендік өнер туралы ойларын былайша сабақтастырады:  «Атам заманда адамзаттың рухани

 

болмысының негізгі арналары – риторика мен философия саналған. Әу баста бұл әдебиеттің ми-тамыр жүйесі болып есептелген. Асылы, шешендік өнер және оның теориясы – ұлттық мәдениеттің бөлінбес бөлшегі» [4-5]

         Сөз өнерінің бірегей майталманы Бөлтірік шешеннің адамгершілік болмыс-бітімін айқындайтын, үлкен философиялық ойларға құралған мына бір сөздері адамзат баласы үшін өмір сүру қағидасы іспеттес.

         «Күншілдік деген бар, содан сақтан,

         Кекшілдік деген бар, содан сақтан.

         Астамшылық деген бар, одан алыс жүр»

         Сараңдық деген бар, одан қалыс жүр.

         Қараулық деген бар, одан таза бол,

         Бәлеқорлық деген бар, одан ада бол,

         Ынсапсыздық деген бар, содан аман бол» [2-345-346]

Немесе, Саққұлақ бидің «ел дегенің немене?», «ер дегенің немене?» деген сұрақтарға берген жауабындағы талғамдарының астарында қаншама құнды ойлар жатыр.

         «Жағалай елің қонбаса,

         Суы тұщы болмаса,

         Мал-жаның бәрі сусындап,

         Мейірі оның қанбаса.

         Көл дегенің немене?!

         Ынытамқ бірлік болмаса,

         Елдікке мойын бұрмаса,

         Үлкеннің айтқан сөздерін,

         Кішісі қолдап тұрмаса

         Ел дегенің немене?!» [2-364]

         Ақын-жыраулар шығармашылығынан би-шешен мұраларының айырмашылығы мұнда ғибратты-философиялық ой тұжырымдар молдау ұшырасады. Әрі бұл тәмсілдер өлең түрінде сондай-ақ төгіліп тұрған қара сөз үлгісінде айтылады. «Шешеннің интеллектуалдық мәдениетін, білім-білігін, зерде-зейінін әңгімелегенде, импровизацияға бейімділігін де елеп ескеру керек. Бұл шешендік өнердің ең жоғарғы түрі. Тыңдаушы қауымға қатты әсер етті» [4-18]

         Сонымен, жыраулар поэзиясы мен би-шешендердің тапқырлық ой-талғамдары өз заманының әлеуметтік жүгін көтерген, рухани қазынамыздың өшпейтін, өлмейтін асыл мұрасы болып саналады.

         Адамзат дүниесінің рухани тетігін тұтастай алып қарасақ, жыраулық, шешендік, айтыскерлік дейтін ұғымдардың бір мақсат, бір мүдде тұрғысында сабақтасып, сөз өнері дейтін ұлттық мәдениеттің бірегей саласын айқындайтынына көз жеткіземіз.

         Айтыс ақынының бойынан жырауға тән жігерлі төкпелік сипатты да, би-шешенге тән танымы терең парасаттылықты да көруге болады.

         Бұқар Қалқаманұлы бейнесі тарихта – жырау, шешен, ақын, данагөй, би ретінде белгілі. Мұндай сипат дала ділмарларының көбіне тән. Бұдан

 

шығатын қорытынды сөз өнері түрлерінің рухани жақындығы мен бір-біріне тигізер әсер-ықпалының ерекше болғандығы.

         Шешендік өнер – халықтың дүниетанымы мен философиялық таным-түйсігін айқындайтын құбылыс. Шешендік сөздер жеке тұлғаларға тиесілі болғанымен ол халықтың пайым-парасат, зерде-зейінінің жемісі. Би-шешен сөздерінің жер дауы, жесір дауы, құн даулау сияқты әлеуметтік мәселелерден басқа, салмақтырақ қыры тәрбиелік-тағылымдық мәнінің тереңдігі. Мысалы, Шабанбай бидің Жанғұттыға берген:

         «- Аллаға жағамын десең, азанды бол,

         Халыққа жағамын десең, қазанды бол,

         Судай таза бол,

         Жердей көтерімді бол», - [5-135] деген батасын сол уақыттағы ел жақсысы атанған Ботантай ауыл жастарына былай деп талдап түсіндірген екен.

         «Аллаға жағу дегені – мұсылмандықты берік ұстау: намаз, оразаны қате етпеу, исламның бес парызын қалт жібермей орындап отыру, имандылық, инабаттылық, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету» [5-69]

         Бұдан әрі «халыққа жағу үшін қазанды бол» сөзінің мағынасын кеңпейілділік, қайырымдылық тұрғысында қарастырып, адамның жетім, жесір, ғаріпке, жолаушыға, ағайын-туыс, халыққа қол ұшын беруі керектігін айтады. «Судай таза болу мен жердей көтерімді болудың» да терең философиялық астарын тіршілікте адамзат баласының басынан өтетін келеңсіздіктерден сақтандыру мақсаты тұрғысында түсіндіреді.

         Би-шешен мұраларынан мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Осы тақырыпты байыпты зерттеп, байламды пікір айтқан ғалым Б.Жақып: «Қазақ би-шешендерінің сөздері өз заманында маңызды қоғамдық рөл атқарған. Көне Қазақ мемлекетінің қалыптасып, дамуында сөз құдіретінің орны зор болған. Бір мезгілде қалың қауымға әсер етіп және оларды бірігіп іс-қимылға көшуге шешім қабылдауға сендіру, иландыру, керек жерінде ояту дәл сол кезеңде ауызша сөз айту пәрмені арқылы ғана жүзеге асатын еді. Ал қазақ қоғамындағы шешендік сөзге, билік шешімге жүгінудің орны орасан зор болатын. Өйткені қазақ даласындағы басқару ісі ауызша сөз арқылы жүзеге асты» [6-101-102], - деп пікір білдіреді.

   Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. С. Қирабаев. «Ұлт тәуелсіздігі және Әдебиет». Алматы. «Ғылым» 2001 ж.
  2. Нысыанбек Төреқұлов. «Даланың дара ділмарлары» . Алматы. «Қазақстан» 2001.
  3. Ш. Уәлиханов. «Таңдамалы» . Алматы. «Жазушы» 1985 ж.
  4. С. Негимов «Шешендік өнер» . Алматы. «Ана тілі» 1997ж.
  5. Н. Төреқұлов. «Билер сөзі- ақылдың көзі» Алматы. «Қазақстан» 1996 ж
  6. Б. Жақып. «Қазақ публицистикасының қалыптасып , даму жолдары.» Алматы. «Білім» 2004 ж.