ӘОЖ
372.8:784-053.5
ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ПЕДАГОГИКА ҒЫЛЫМЫНДАҒЫ
ӘЛ-ФАРАБИДІҢ МУЗЫКАЛЫҚ ТӘЛІМ-ТӘРБИЕЛІК ИДЕЯЛАРЫ
Смаилова М.С.
Оңтүстік
Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институт, Шымкент,
Қазақстан
Резюме
В данной статье рассматривается
музыкально- воспитательные идеи Аль-Фараби
в современной педагогике
Symmary
This article
discusses the musical educational
ideas of Al-Farabi in modern pedagogy.
Қазіргі кезде ұстанып
жүрген «Жоғары мектеп тұжырымдамасында»: «Әлемдік
өркениет
құндылықтарын қайта бағалау, сол негізде адамдарда мәдениетті тәрбиелеудің
қажеттілігі кең ауқымды ойлайтын әлеуметтік прогреске
араласатын, өзін өзгерте отырып ықпал ете алатын
ұстаздар тәрбиелеу» -делінген. Жас мамандарды оқыту мен
тәрбиелеу мәселесіне ерекше мән беру туралы айта келіп
Н.Назарбаев: «Жастар тәрбиесі басты мақсат екенін көрсетіп,
алдағы уақытта мемлекетіміздің қандай бағытта
даму керек екендігін белгілеп берді. Бұдан басқа кейінгі кезде
ұлттық құндылықтарды өмірге алып келу
және оны халыққа тарату мақсатында
қабылданған «Ұлттық мәдениет» туралы заңда:
«Қазақстан Республикасы халықтарының мәдениетін
өркендетуге, сақтауға, дамытуға және
таратуға бағытталған шараларды қабылдау керек»
делінген. /1/
Осыған орай, ұлттық тәрбиені жолға
қоюда басты құрал ретінде пайдаланатын ауқымды
материалдарды біз өткен дәуірден келіп жеткен ғұлама-ғалымдардың
еңбектерінен іздеп тауып, қазіргі заман талаптарына сай пайдалану
жолдарын қарастыруды – бүгінгі күн талабы етіп отырмыз.
Осындай кесек құнды материалдардың бірі Әбу Насыр
әл-Фарабидің педагогикалық музыкалық мұрасы деп
білеміз.
Фараби
жастардың тәрбиелі, тәлімді болып қалыптасуына музыка
ғылымы мен өнеріне ерекше мән береді. «Музыканың
ұлы кітабында» ғылым мен өнердің методологиялық,
дидактикалық (тағылымдық) мәселері мол
қамтылған. Өзіне белгілі халықтардың
музыкалық дәстүрлеріне талдау жасай келіп, Әл-Фараби
халықтың мәдениеті, олардың рухани дәрежесі
олардың ұлтына, нәсіліне, жаратылыс ерекшеліктеріне тәуелді емес, мекеніне, климатына,
асарқауына т.б. материалдық, географиялық, саяси
жағдайларға байланысты болады деген заманынан озық
туған тоқтамды басшылыққа алады.
Бұл жерде бізге ең қажеттісі Фараби орыс,
қазақ т.б. славян,
түрік тектес халықтардың ежелден-ақ ауылы аралас,
қойы қоралас жатқанын, тұрмыс-салт, мәдениет,
ұқсас-туыстас, тағдырлас екендігі жайлы аса маңызды
куәлік келтіріп отыр. Ғұлама «Музыканың ұлы
кітабын» Х ғасырдың басында жазғанын еске алсақ,
біздің халықтарымыздың тарихи бірлігі туралы айтылған
ең көне дерек деп айтуға негіз бар. Әл-Фарабидің
қалыпты адамдардың білу, сезу қабілетінің олардың
түр-түсіне, ұлт миллетіне қарамай бір-бірінен
алшақ кетпейтіні туралы пайымдарының тағылымыдық
мәні үлкен. Ол былай дейді: «Араб мемлекетінде құрметке
бөленіп көп тараған ең кемел аспап «шахруд» аталады. Ол
бұрын мәлім болмаған. Оны жақында ғана,
дәлірек айтсақ хижра есебімен 306 жылы Самарқанд
атырабындағы Мах деген жердің тұрғыны
Құлайыс Ақбас ұлы (ибн Ахбас) жасап еді. Сонан кейін ол
аспабын Самарқандтың терістікке қарай орналасқан
алтыншы климат (ықылым) елдеріне алып барды. Самарқанд музыканты
аспабының үнін бұл елдердің халқы да, одан
шығысқа, терістікке таман жатқан жұрттардың
тұрғындары да жоғары бағалады, онда орындалған
күй барша адамдарға ұнады. Сонан соң ибн Ахбас
Вавилонға, Шамға (Сирияға) Мысырға алып барды.
Бұл елдерде тараған көне және жаңа
музыкалық шығармалардың бәрін орындауға ол
аспаптың мүмкіндігі жетті. Барлығы қанағаттанды,
ешкім де бұл аспаптың кемелдігіне шек келтіре алмады». Бұл
үзіндіден шығатын әл-Фараби тағылымы – музыканың
барлық халыққа ортақтығы, яғни
интернационалды сипаты. Бір қызығы, күй сандығын
құшақтап жиһан кезіп жүрген Құлайыс
Ақбасұлы кім болды екен. Қалай болғанда ол
әл-Фарабиге жақын, таныс-біліс кісі сияқты. Аспап хижра
бойынша 306 жылы, яғни біздің жыл санауымыз бойынша 918 жылы ойлап
табылған. Әл-Фараби ол кезде 45 жас шамасында. Құлайыс
дегеніміз қобызын арқалап дүние жүзін кезіп
жүрген, аты аңызға айналып кеткен кәдімгі
Қорқыт бабамыздың өзі болмады ма екен деген ой келеді.
/2/
Фарабидің
бұл еңбектегі үлкен бір пәлсафалық
қорытындысы – ол практикалық музыканың шығу
төркіні халық жасампаздығының жемісі (фольклор) екенін
негіздеу болып табылады. Басқаша айтқанда, өнер –
халықтікі. Бұл тұрғыдағы ой толғамдарын ол
былай қорытындылайды: «Міне, осылай өнер
халықтан-халыққа ғасырлар бойы ауысып отырды.
Соның нәтижесінде біресе жоғалып кетіп, біресе бір-бірімен араласып
кетіп, музыканың біз айтқан үш түрі пайда болды».
«Музыканың ұлы кітабында» күні бүгінге дейін
мәні, бағасы кемімеген бірсыпыра педагогикалық,
дидактикалық жаңалықтар бар. Солардың бірі –
оқыту процесінде жүйелілік және қайталап отыру
қажеттілігі. Бұған музыка өнерін, музыка шығаруды
қалай меңгеру жөніндегі ұсынған әдісі мен нұсқалары
айқын дәлел бола алады. Бұл әдісті қорытындылай
келіп ол: «Бұл әдіс риторика (шешендік), әдебиет
тәріздес өнерлер үшін де қолданылады». Фараби кейінгі
пікірлерінде музыкалық шығармашылық әдеби
шығармашылықты қатар алып қарастырып отыр. Фараби
бұл еңбегіне де музыканың эстетикалық мәнін
және оның адам сезіміне әсер етушілік және басқа
қасиеттерін ашады, оның тәрбие құралы ретінде
үлкен мүмкіндігін көрсетеді.
«Музыканың ұлы кітабындағы» үлкен бір
ғылыми-педагогикалық жаңалық-ол
ғұламаның теориялық ғылымдарды жасау және
оны баяндау әдісі болып табылады. Музыка теориясын құруда
математикалық, физикалық (акустикалық) принциптермен
қатар музыканың практикалық-тәжірибелік принциптер
қатысады. Оларды Фараби музыкалық кемелдіктер немесе
гармониялардың (үйлесімдіктердің, үндестіктердің)
он түрі келтілірген.
Фараби
музыканың поэзияға байланысты мәселелеріне едәуір
мән береді. Поэзия бір жағынан музыкамен байланысты десе, екінші
жағынан бейнелеу, сурет өнерімен де туыстас болады деген заманынан
озық тұрған аса мәнді эстетикалық
психологиялық қағида айтады. Ол былай дейді: «Енді осы
өнер біліктілері мен суретші арасындағы кейбір сәйкестік бар
екенін еске сала кетеміз. Олардың өнердегі құралы
болғанымен, түр жағынан, қызметі жағынан әр
түрлі ұқсамайды деу қиын. Өлең өнері
– сөзбен, ал бейнелеу өнері (живопись) бояумен
құлпырады, олар осымен ғана бөлек: ал іс жүзінде
екеуі де адам сезімі мен ойына еліктеу жолымен әсер етеді».
Аспаптық
музыкаға келгенде, Фараби оны да
екі бөлімге жіктейді. Алғашқысына кепшік, сылдырмақ,
қоңырау тектес ұрмалы аспаптарды, ал соңғысына -
уд, тамбур, ребаб, сурнай, най тектес белгілі бір құрылысы,
ұзақтығы және биіктігі бар музыкалық аспаптарды
жаткызады. Музыканы математиқалық ғылымдар санатына
қоса отырып, Фараби дыбыстардың шығуын екі дененің
соқтығысуымен байланыстырады. Қатты денелердің
ерекшеліктеріне тоқтала келіп, Фараби олардың өзара
соқтығысқан кезінде белгілі бір музыкалық
дыбыстың (тонның) бөлініп шығатынын атап
көрсетеді. Фараби музыкалық тонның да теориялық
анықтамасын береді. «Нота дегеніміз - өзі пайда болған
дененің ішінде белгілі уақыт созылып тұратын жалғыз
дыбыс», - дейді Фараби./3/
Фарабидің
орындаушылық өнер туралы айтқан пікірлері де ойлы. Бұл
тұстағы теориялық топшылаулары ғалымның музыка
іліміне берген жалпы бағасымен (теориялық және
тәжірибелік) сабақтасып жатады. Мысалы, орындаушылық
өнердің өзін бірнеше салаға бөле отырып, Фараби
былай деп көрсетеді: «Музыкалық орындаушылық дарын екі
түрлі болып келеді, бірі - адам даусы арқылы естілетін кемел
әуенді орындау, екіншісі - музыкалық аспаптарда ойнау.
Соңғысы аспаптардың түрі мен сипатына байланысты
әр түрлі болып келеді. Мысалы, лютня, тамбур (домбыра) және
осы тектес дыбыс шығаратын басқа да аспаптарда ойнау».
Фарабидің
көңіл қойған басты мәселелерінің бірі -
тәжірибе. Ол жүре біткен музыкалық тәжірибе
арқылы әсем әуендерді әсерсіз, жасық
мақамдардан ажырата білуге болады дейді: «Музыка шығаруды
үйретуге қелсек, ол үшін әр түрлі жанрдағы
музыка үлгілерін көп тыңдап, ұзақ уақыт
жүйелі түрде үнемі жаттығу керек»,- деген жерде соны
байқасақ керек. Өзіне дейінгі грек ғалымдарының
музыка іліміне қатысты еңбектерін зерттей отырып, Фараби олардын,
кейбір кағидаларын сынға алады. Сөйтіп ғылымның
бұл саласын ілгері дамыта түседі. Оның, ізін қуа
шыққан Ибн-Сина, Әбдірахман Жәми, аш-Ширази,
әл-Хорезми, Дәруіш
Әлилер болса, бұл ілімді одан әрі тереңдетіп,
ғылыми тұрғыдан жүйелей түсті. Сол себепті
олардың еңбектері терең де тиянақты түрде
зерттеуді қажет етеді./4/
Әл-Фараби музыканың жағымды, не жағымсыз
келуіне көп көңіл бөледі, себебі музыкада басты
ұстанатын шарт-әуен үйлесімділігі. Осыған орай
музыканың үш түрі белгіленеді. Олар - әдемі
суреттің көзқұмарын қандыратын әсері
іспеттес, музыка адамның елестету қабілетін қоздырып, адам
жанында белгілі бір бейнелер тудыпатын өлеңмен, әнмен
толықтырылатын музыкалар. Адамның көңіл-күйі
музыка мен ән екеуінің қосылған әуені
арқылы сомдалады. Тек «осы үш қасиетті бойына біріктіре
алған музыка ғана кемелді құбылыс. Мұндай музыка
вокалды болуы мүмкін, әйтсе де аталған қасиеттердің
кейбіреулері аспапты музыкада да беріледі». «Музыканың
көңілді көтеруі қоздыру мен
құмарлықты күшейтуден басқа,
интеллектуалдық та пайдасы бар, ол «ақыл-парасат күшін»
жақсартады.
Теория, әл-Фараби бойынша,
музыкалық өнердің белгілі бір негіздері пайда болып,
халық арасында қолдау тапқаннан кейін ғана
құрылады. "Ғылыми теория (ертедегі гректердің
"зерттеу", "ілім" деген сөзінен алынған)
заттарды, үрдістерді талдайды. Шын мәнінде олардың
қандай екендігін түсіндіреді. теория-бұл белгілі бір білім саласында
басшылыққа алатын идеялар жүйесі. адамдардың
жинақталған тәжірибесі"
Әл-Фарабидің музыка
өнеріндегі практиканың маңыздылығын байқауы
-музыкалық аспаптарды зерттеу нысаны ретінде анықтауы.
Сөзімізге дәлел-"Музыканың үлкен кітабының"
екінші бөлімінің "Танымал аспаптар және сол
аспаптардың көмегімен алынатын тондар" деп аталуы. Мұнда
әл-Фараби зерттеу пәнін төмендегідей анықтайды:
"Бұл бөлімде "Музыка өнерінің
элементтері" кітабында қысқаша айтылған мәселелер
және белгілі музыкалық аспаптар арқылы танылатын элементтер
мен қарапайым тондар, егер бұл тондар қарапайым болмаса, онда
музыка аспаптары көмегімен алуға болатын мүмкін үндер
қарастырылады."/5/
Музыка өнерінің дербес
ғылым ретінде негізінің қалануы - әл-Фарабидің
музыка тарихына қосқан жеке үлесі. Ежелгі Грекияда музыка
басқа ғылымдар арасында зерттелген. Атап айтсақ, Платон
музыканы мемлекет туралы ілімнің құрамына ығыстырса,
Аристотель музыканы поэтика өнерінде қарастырады. Әл-Фараби
"Ғылымдар классификациясы"еңбегінде музыка өнерін
математика ғылымдары саласына жатқызғанымен,
"Музыканың үлкен кітабы" еңбегінің
дүниеге келуі музыка ғылымының дербестігінің
дәлелі ретінде танылды. Әл-Фарабидің өркениет дамуына
қосқан бұл еңбегі жайында О. Матякубов былай дейді:
Фараби музыкалық өнерді жан-жақты зерттеп, мысалы,
музыкалық өнердің басты үш саласы-орындау,
құрастыру және теориялық негіздеудің
себеп-салдарлық байланысын түсіну" туралы көптеген
терең және асыл тұжырымдардың негізін
қалаған.
Ғұлама философ музыка
әлемі, оның адамға әсері, табиғат пен адам
арақатынасындағы музыканың адам
көңіл-күйіне әсер етуші нысана екенін атап
көретеді. Әл-Фараби бойынша, "бұл ғылым тән
саламаттығына да пайдалы, себебі тән ауырса, жан да солады.
сондықтан тәнді сауықтыруға жанды емдеу арқылы
жетуге болады.Тән жанда сауықтырарлықтай қасиеті бар
саламаттық әкелетін дыбыстар арқасында
айығады."/6/
Біз үшін
Әбунәсір әл-Фарабидің еңбектері аса қымбат
тарихи және мәдени мұра. Онда шығыс, Орта Азия
халықтарының орта ғасырлардағы музыкалық
мәдениеті, теориялық ой-санасы ғана емес, көшпелі
түркі тайпаларының далалық мәдениетіне қатысты
деректер де бой көрсетіп отырады. Сол себепті мұндай
құнды мұраларымызды алдағы кезде өз тілімізге
толық аударып, көпшілік назарына ұсынуымыз керек. Арнаулы
музыка мектептерінен бастап орта және жоғары оқу
орындарының оқу программасына қосу мәселесі музыка
зерттеушілерінің ғана емес, барлық зиялы қауымның
алдында тұрған аса күрделі міндеттердің бірі болып
табылады. Осы негізде әл-Фарабидің, музыкалық ілімге
қатысты ой-пікірлері теориялық оқулықтардан
көрініс табуы шарт. Келешекте ғалымның теориялық
көзқарастарын да терең талдап, мән-мағынасын ашып
көрсетуге міндеттіміз.
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
1. «Ұлттық мәдениет»
туралы заң, Егеменді Қазақстан, 2004 ж.
2. А. Х. Қасымжанов әл-Фараби: өмірі, дәуірі
және мәдениетке қосқан үлесі Алматы
3. Ә. Қоңыратбаев , Т,Қоңыратбаев Көне
мәдениет жазбалары Алматы 1991
4. Аль-Фараби О музыкальной гармоний Естественно- научные трактаты.
5. Әл-Фараби. Трактаты о
музыке и поэзии. – Алматы: Ғылым, 1993.
6. Әл-Фараби Китаб әл-Мусик әл-Каир, 1967