Асқар Алтай шығармаларындағы миф

 

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

ф.ғ.к., доцент Такиров С.У.

 

       Қазіргі қазақ прозасында өзіндік қолтаңбасы бар, көрнекті  қаламгерлердің  бірі – Асқар Алтай. Жазушының соңғы жарық көрген «Казино», «Киллер сауысқан» атты жинақтары өзіндік сонылығымен ерекшеленеді. Жалпы Асқар Алтай прозалық шығармаларында мифтік аңыздарды көп қолданады. Оның көлемді прозалық туындысы «Алтай балладасының» жанры роман-миф екендігі белгілі. Ал бертінде шыққан «Киллер сауысқан»  жинағының ішінде «Кентавр» әңгімесін мифтік шығарма деуге болады.  «Кентавр» әңгімесі – өзіндік орны мен маңызы бар шығарма. Жалпы кентавр сөзінің мағынасына тоқталсақ, бұл – көне грек мифтеріндегі адам мен жылқы біріге біткен бейнедегі жинақтық образ. Ұғым атауының аудармасы «бұқа өлтіруші» деген мәнге саяды: образ көне гректер өркениетті ел бола тұра, отырықшы ел, жаяу жүретін, әлі жылқыны қолға үйретпеген шақтарында салт атты көшпенділерді (сақ, скиф т.б.) көргеннен соңғы таңғалыс әсерінен туындаған дегенді оқырман қауымның білетіні рас. Осымен байланысты мифтердегі кентавр дүлей күш пен жабайы түйсіктің иелері ретінде суреттеліп, біразы мифтік қаһармандардың жаулары ретінде көрінсе (Несс, Анкий, Агрий, Хомад т.б.), тағы  бір бөлігі оларға ұстаздық етеді (Хирон, Фол т.б.). Кейін келе, бертінгі мифтерде жағымсыз бейнедегі кентаврлар мүлдем жоғалып, дана, сабырлы кейіптегі жағымды бейнелілері ғана іріктелді. Кентавр сөзінің шығу төркіні жайлы тағы бір көзқарас – арийлік үнді-еуропалық түп негізге сүйеніп, көне үнді мифтеріндегі, жалпы индуизмдегі жартылай құдай кейіпкерлер – гандархвалармен де байланыстырылады.

      Бұған дейін кентаврды негізге алған осы аттас көркем мәтінді б.з.д. IV ғ. грек ақыны Херемонның «Кентавр» драмасы, отандасы Линкейдің осы аттас пьесасы және ХIX ғасырдан бері қарайғы әдебиет пен сурет өнері және мүсін өнерінен аңдаймыз. Біз өмір сүріп отырған заманда фэнтези жанрындағы прозалық шығармалардың, тіпті бейнеойындардың кейіпкері осы – жартылай адам, жартылай жылқылар. Бізге мәтіні қолжетімді, толық белгілі туындыларды американдық жазушы Дж.Апдайктың, қазақ әдебиетінде Маралтай Райымбекұлының шығармашылығынан кезіктіреміз. Алғашқы көркем мәтін -  модернистік, постмодернистік тұрғыдағы ізденіс нәтижесінен туындаған сол шақ үшін (1963 жыл) жаңашыл әрі қазіргі әдебиетке тән шағын көлемділікке ие роман. Келесі туынды қазақ ұлтының жылқы түлігіне, сонымен өзектес еркіндікті, рухани азаттық идеясын арқау еткен шағын лирикалық өлең.

      Американдық прозашы Дж.Апдайк көбінесе соны ізденістерге батыл барып, еркін қадам жасай білді. «Кентавр» атты кезекті шығармасы да сондай жаңашылдыққа ұмтылыстың көрінісі болып табылады деп санаймыз. Романның басты образ-кейіпкері - өз ісін сүйетін, мамандығына адал берілген мектеп мұғалімі. Ол реалистік сюжет пен мифологиялық арналар бірде кезекпен ауысып, бірде қатар келе араласып кеткен сан шытырман, бірінің үстіне бірі баттасқан оқиғалар желісінде күн кеше жүріп, өзінің қоғамдағы әлеуметтік орнын, рухани мән-маңызын іздейді, осы мақсатқа жетуге тырысқаны сонша, сюжеттің басында-ақ жарақаттап алған аяғының жайын ара-тұра ұмытып та кетеді.

      Аталмыш шығармадағы образ-кейіпкер бұл мәтінге претекст қызметін атқарған көне грек мифологиясындағы Хирон және Фол туралы мифтермен сабақтас. Бұндағы Хирон – кентаврлардың ең ақылдысы, мифтік қаһармандарға да ілім-білім үйретуші, ақыл қосушы данышпан ұстаз. Данышпан, әрі ұстаз кентавр бейнесі Дж.Апдайктың мәтінінде де (прототекст) көрініс тапқан. Ал енді, дүнияуи, заманауи, жалпы адамдар сан жылдар бойы жинақтаған білімнен ада, тек таза табиғат-анадан алған, туғанынан-ақ табиғаттан дарыған іліммен шектелген, сол білгені жеткілікті болған, Асқар Алтайдың Басарыс атты образ-кейіпкері да мифологиямен осы тұста да астасқан секілді. «Аңыздың мақсаты – бір фактіні , тарихи оқиғаны хабарлап, ол туралы тыңдаушыға мәлімет беру. Демек, аңыздық қызметі (функциясы) – танымдық, мағұлматтық. Ал, әпсана-хикаяттың мақсаты – баяғыда болған, немесе болды деген керемет оқиғаны, іс-әрекеті,  немесе жағыдайды көркемдей баяндау арқылы тыңдаушыға ғибрат беру. Мұнда бас кейіпкерлер дәріптеле суреттеледі», - деген С.Қасқабасовтың пікірі ауыз әдебиетіндегі мифтерге қатысты екендігін көреміз. Қазіргі заманауи мәтіндерде мифтің ғибратық мәні толық көрсетілмейді.  

      «Дионистің нөкерлерінің арасынан Пан құдайды жиі кезіктіруге болады. Пан туғанда анасы Дриопа нимфа нәрестесінің сұрқын көріп басы ауған жаққа қаша жөнелді. Оның аяғы – ешкінің сирағындай, ешкініндей мүйізі мен сақалы бар болып туылды. Бірақ әкесі Гермес оның туғанына қуанды. Сөйтті де Олимп тауына апарды. Басқа құдайлар да оның дүниеге келгеніне шаттанды. Панның түрін көріп олар ду күлді.» [1,60].

     «Ол жарының шатын жарып келе жатқан құлынның қос тұяғын көріп еді... Содан шошына тұрып кеткен. Енді қайтып Моншақтың төмен жағына қарамауға тырысып, кең іш көйлегімен етегін жаба салды...

     Аққазыны әлдебір салқын сезім кернеп , құлын тұрпатты сәбиді жұлқа тартқызды. Моншақ тұла бойы да селк етті. Сол сәт жылқы жарғақты құлын-сәби жарқ ете қалды... » [2,176].

      Пан құдай көне грек политеизмінде маңыздылық дәрежесі бойынша аса зор тұлға емес. Бірақ басқа құдайларынан басты бір ерекшелігі – ол жартылай адам, жартылай жануар, яғни антропозооморфты құдай. Оның бұл бейнесі монотеистік діндер мен көпқұдайлық мифтердің алдындағы дәуір болған тотемизмнің, шығу тегін жануармен байланыстырудың қалдығы болып саналады, ол дегеніміз образдың көнелігін білдірсе керек. Пан – әуелгі мифологияда орман мен бақташылардың жебеушісі, қорғаушысы, ал келе ол түгел табиғаттың құдайына айналған.Оның келбеті жартылай жануар болуы да, оңашаланып күн кешуі де табиғатқа жақындығымен астасқан. Және бір таңғаларлығы, орыс тіліндегі «паника»(қорқыныш, үрей) сөзінің этимологиясы осы Пан құдайға келіп тірелетіндігі. «Гректер мен римдіктер жалған жантүршігерлік үрейді орман құдайы Панның қорқытуымен байланыстырған.» [3,197].

     Ал енді Асқар Алтайдың шығармасындағы кентавр-бала Басарыстың әкесі де шешесі бұдан бас тартпайды, сәбилерін дүниеге әкеліп, оның аман-сау ер жетуі үшін жағдай жасай жапан түзде елден жырақтанып өмір сүреді. Бала туғанынан тұмса табиғатқа жақын болып, сырына қанық болып, жақсы көріп өседі. Ол да - табиғаттың қорғаушысы. Табиғатты қорғаймын деп қазаға ұшырайды. Басарыстан да, Пан құдайдан гректер аса үрейлене шошығаны секілді, басқа жұрт қорқады деп ата-анасы елсіз жапанды мекен етеді. Осы тұста қазіргі қазақ авторының көркем мәтіні мен көне грек мифінің арасындағы сабақтастықты аңдаймыз.

      «Алладан мойындарына бұршақ салып, нәрестелі болуды сұрады. Әулие Ырғызбай атаның басына түнеді. Ұлы Мұрын апасы мен Байыс бабаларының , Қабанбай батыр, Боранбай би, Қырықбай қажы мен өз ата-бабаларының  аруағына бағыштап құрбан шалдырып, Құран оқытты.

Алла алқады, әруақ қолдады!

     Құбыжық емес, құлын-сәби дүниеге келді. Өзінің де кең құрсағы жиылып, тас емшегі жібіді. Құрсағын кернеген құлын-сәбиіне де шүкір! Әйтпесе, атаңа нәлет атом сынағынан небір сұмдық мақұлықтар туып жатыр ғой. Адамнан да, малдан да... Аңнан да, құстан да... Иә, бір Алла сақтасын! Көк тәңірінің көзі түзу түссін! Ал пенденің тілегі оң болсын!» [2,178].

      Соңғы сөйлемге, оның өзінің алдындағы сөйлемдермен ақпарлық байланысына баса назар аударсақ. Кентавр-нәресте Басарысты әке-шешесі Аққазы мен Моншақ Алладан тілеп жүріп сұрап алады. Алла бұлардың қалау-тілектерін орындады, қабыл алды. Тек енді пендесі дұрыс ұқсын, тілегі оң болсын, жиіркене жек көре не үрейлене қарамасын деп автор-баяндаушы осы тұста бейтарап қалуды, бейтарап баяндауды жөнсіз санап мәтіннің ішіне өзі де «ене отырып», образ-кейіпкеріне болысатынын, соның жағында екендігін ашық білдіріп өтеді(дәстүрлі жазу стилінің нышаны), оқырманды образ-кейіпкерінің алда күтіп тұрған «тағдырынан» хабардар етеді. Ал оны алда адамдардың табиғат-анаға деген қатігездігіне куә болу мен табиғаттың ол да адам секілді бір перзенті болған аюды аман алып қаламын деп ұмтылғанында, өзінің ағасының қолынан қазаға ұшырау күтіп тұр еді.

      «Осы бір асыл сәтте жанұшыра қимылдаған Керімғазы қолындағы бесатардың шүріппесін қалай ғана басып-басып қалғанын өзі де білмеді. Құнан-жігіт қандасы қарғи шапшып, сом тұяқтары Дулаттың төбесінде найзағайдай ойнап, адам жанды, хайуан тәнді ұлы денесі қиялай құлады. Қар-мұзды қаршылдата оятын, тас-тастақты күтірлете қиятын алмас тұяқтары қиыс кетті.

      ...Бесатардың егіз дар оғы бастан тиген Басарыстың миы шашылып кетті. Ол қайтып тұяқ серіппеді.» [2,187].

      Бұл шығарманың шешімі болып табылады. Ал енді осыған ұқсас сюжет пен осыған ұқсас көркемдік шешімді көне грек мифтерінің жартықұдай Геракл қаһарман туралы цикліндегі «Эриманфтік қабан және кентаврлармен айқас (бесінші ерлік)» атты мифтік мәтіннен кезіктіруге болады. Жоғарыда аты аталған дана ұстаз кентавр Хирон өзінің досы Гераклдың қолынан қаза табады. Хирон бұл мәтінде Гераклге қарсы шығушы емес еді, тек басқа кентаврлерге пана беруші, қорғаушы еді. Ал ашуға булыққан дүлей күш иесі оны абайсызда өлтіріп алады. Сол секілді Асқар Алтайдың образ-кейіпкерінің ойында ешкімге қарсы шығу жоқ еді, тек ол адам баласынан жапа шеккен хайуанатқа пана бермекші болды да, сол жолда ағасы Керімғазының қолынан қапияда қазаға ұшырады.    

      «Шарап ішіп шадыман той-думандатып жатқандарында, бұларға басқа кентаврлар шабуылдады. Алайда Гераклдың жаудырған жебесінен жапатармағай қашуға айналды. Жаужүрек оларды сонау Малеяға дейін қуып барды. Ол жерде кентаврлар Гераклдың досы, кентаврлардың ең данасы Хироннан пана тауып, бас сауғалады. Соңынан ілесе үңгірге Геракл басып кірді. Ол ашу-ызаға булыққан күйде садағын күшене тартқанда, жебе төбеде жарқ етіп бір кентаврдың аяғына қадалды. Жауын емес, досын жаралаған еді Геракл. Білді Геракл, уланған жебенің дауасы жоқ екенін. Бұның соңында ұзақ та азапты өлім күтіп тұрғанын Хирон да білді. Ақыры ол қиналмау үшін жер асты патшалығы Аидқа өз еркімен кірді.» [1,109].

       Қорытындылай келгенде, Асқар Алтайдың кентавр Басарыс образына өзінің алдындағы мәтіндерден қажеттісі бойына сіңіп, жинақталды: көне грек мифіндегі Хирон кентаврдің данышпандығын, тағы сол мифологиядағы Пан құдайдың табиғатқа жанашырлығын, жебеушілігін, американдық жазушы Дж.Апдайктың адам қауымдастығында, әлеуметтік қоғамда орнын таппаған даралығын, жалғыздығын жиды, Пан құдай секілді табиғатқа қорғаушы болып, Хирон секілді жақының қолынан ажал құшты. Автор аталмыш кейіпкерін образ-архетип деңгейіне көтерді. Мифологияны зерттеген ғалымдардың бірі А.Ф.Лосев біздің айтпағымыз жайында былай дейді: «Антикалық ойдың соңғы нәтижесі ретінде, миф бұрынғыдай аллегория болмай, символға, субстанциональді ұғынылатын символға айналды, яғни өзінің әуелгі бағзы мағынасына ие болды»  [4,468].

Сонымен қатар, «Бұл шығармада мифтегі құбылу үдерісі орта тұсынан тоқтап, бірінен-біріне айналатын екі нысананың да белгілерін сақтайтындай. Жалпы, кентаврдың шындығынан да күмән көп қой. Қазіргі экологиялық апат жағдайында бұдан қорқынышты жағдайлар әлдеқайда мол. Әңгіме – бүгінгі миф, себебі бар; автор сендіруге тырысады, оқырман сенуге бейімделеді. Әңгімеде аналық мейірім дәріптеледі. Адамға саналатын жартылай жылқының жануарға тән қылығын бейнелеу тұсында постмодернизмде әрідек қолданылатын мениппея тәсілі елес береді», - деген ғалым Б.Майтановтың пікірінің жаны бар. Яғни, бұдан қазіргі модернистік, постмодернистік әдебиетке көбіне сюжеттер мен образдарды көне бастаулардан алу, ежелгі түп бастауға қайта оралу тән екендігі шығады.Оны әр автор өзінше интерпретациялайды, бағзы сюжетті жаңаша идеялық қырынан көрсетеді.

    Асқар Алтайдың «Кентавр» шағын прозалық шығармасындағы Басарыс бейнесін мәтінаралық (интертекстуалдық) байланыстар тарапындағы көркемдік антропологияның бір мысалына жатқызуға болады. 

                       

 

 

                     Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

1 Кун Н. Легенды и мифы древней Греции. – Алматы: Жалын, 1985.- 368 с.

2 Алтай А. Киллер сауысқан. Повестер мен әңгімелер. – Алматы: Арда+7, 2013.- 366 б.

3 Фасмер М. Этимологический словарь русского языка. Четырехтомник. Том III. – Москва: Прогресс, 1971. - 396 с.

4 Лосев А.Философия. Мифология. Культура. – Москва: Издательство политической литературы, 1991. – 295 с.