Абиханова Г.Д.
М.О.Әуезов
атындағы Әдебиет және өнер институтының кіші ғылыми қызметкері,
филология магистрі, Алматы
Абай қарасөздері жанрының жаңа
бір қыры
Рисала жанры бүгінде
қазақ әдебиетінде әлі зерттелмеген, өзекті
тақырыптың бірі. Оған фольклортанушы – ғалым Б.Абылқасымов:
«Рисалат – араб әдебиетіндегі прозалық жанр, ұйқас пен
ырғаққа құрылған кеңсе
қағаздары, елшілік құжаттар, ғылыми және
діни шығармалар, саяси үндеулер мен арнаулар. Рисалат
жанрының негізін салушы атақты араб халифы Марви екіншінің
хатшысы, ұлты парсы Абд әль-Хамид эль-Катиб болып саналады», – деп
анықтама береді [1, 284 б.].
Ал қазақ
әдебиетіне рисала жанрын ұлы Абай алып келді. Абайды шығыс ғұламаларымен теңдес
ақын десек, асырып айтқандық емес. Өмірді
үйретуші, танытушы ақын Абай 1890-1898 жылдар аралығында ақыл,
нақыл сөзге құрылған рисалаларға
көңіл бөлді. Бұл жайында жазушы О.Сәрсенбаев қазақ әдебиеті газетіне берген
сұхбатында: «Рисала» – Шығыс
әдебиетінде ежелден бар жанр. Қазақта бірінші рисала
жазған адам – Абай. Абай «қара сөздер» деп емес, «сенім-наным
кітабы» деп жазған екен. Кейінгілер оны «бірінші сөз»,
«қырық бесінші сөз» деп нөмірлеп шыққан», –
дейді [2].
Шығыс
әдебиетінде кеңінен тараған бұл жанр орта
ғасырлардағы шығыс ақындары Яссауи, Бабыр, Омар
Һайам шығармаларында молынан қолданылды.
Қ.А.Яссауи
қолданған (Фақрнама) рисаласының тармағы діни
сарынды білдірсе, тағы бір қыры ғылыми еңбек екенін
байқаймыз. Оның дәлелі ретінде орта ғасыр
ғұламасы Захир ад-дин Мұхаммед Бабырдың «Ғаруз
рисаласын» келтіруімізге болады. Бұл туынды кейбір әдебиеттерде
«Ғаруз рисаласы», енді бірінде «Рисала-и аруз», ал орыс тілді
әдебиеттерде «Трактат об арузе» деп аталса, ал Бабыр өзінің
«Бабырнамасында» «Ғаруз рисаласы» деп атайды. Бұл
мәліметтерді зерттеуші Б.Тоекинаның еңбегінен кездестірдік [3].
Бабыр рисаласында түрлі ақындардың өлеңдерінен
үзінділер бере отырып, өлең өлшеміне қарай
талдайды. Яғни Бабырдың өзі атаған рисала
жанрының мұндағы қызметі өлең теориясын
анықтау.
Шығыс шайыры Омар
Һайам өзінің рубаиларымен бірге рисала жанрына да қалам
тербеген. «Наурызнама» атты рисаласында Омар Һайам күн тізбесі
және сол арқылы Наурыз мейрамының шығу тарихы,
аңыз, хикаяттар, жыл санауы, ай аттарымен қатар жұлдызшы
және емші болып, шипагер ілімдерін айтып отырады. [4].
Фольклорлық шығарма «Хикаят рисала-и Мұңлық-Зарлық»
– шытырман сюжеттерден тұратын рисала жанрындағы көне дастан.
Дастан атауындағы рисала сөзінен кейін жалғанып
тұрған «и» қосымшасы арқылы аталмыш туынды Мұңлық-Зарлық кітабы деген
ұғымды білдіреді. «Рисала-и аруз», «Рисала-и
Газиза», «Хикаят
рисала-и Мұңлық-Зарлық»
айтқанымыздың мысалы бола алады.
Мұндағы
рисала жанры ұйқасқа құрылған,
өлең түрінде жазылған әдеби шығарма.
Бұл да бір жанрдың ерекше жаңа бір қыры.
Осы ретте Абайдың араб,
парсы тілдерін жете меңгергенін ескерсек, сол бағытта жазу
мәнерінің өзгеше түрін қолданғанын
түсінеміз. Бұған
дейін Шығыс ойшылдары әл-Фараби, Фирдоуси, Бабыр еңбектерімен
танысып, Қабуснаманы меңгеріп, сол ғұламалардың
жолымен жүрген деуге болады. Бүгінде
біраз ғалымдардың қарасөздерге трактат деген атау беріп
жүргені белгілі. Негізі трактат пен рисала мәндес келеді. Тек бір
мағынаны білдірмейді. Бүгінге дейін Абайдың «Қара
сөздерінің» жазылу жанры түрліше аталып келеді:
ғақлия, трактат, қарасөз және рисала. Енді рисала
ретіндегі атауына лайықты бірқатар тұжырымдар келтіруге
болады.
Абайдың
қарасөздері жанрын анықтау барысында академик
Р.Сыздықова да бірнеше жанрды санамалап көрсетті:
«публицистикалық, білім-таным үлгісіндегі тарихи очерк
(46-сөз), үлгі-өсиет (25-сөз), филологиялық этюд
(5-сөз), афоризмдер жиынтығы (7-сөз), философиялық
толғаныс (43-сөз), дін, мораль мәселелері жайындағы
ой-пікірлері (38-сөз) болып келетін ғылыми-публицистикалық
еңбек», – деп ажыратып берген еді [5, 529
б.].
Ал М.Әуезов
те өз кезегінде Абай қарасөздерін мазмұны мен
тақырыбына қарай жіктеп берді. Ол 46-сөзді «тарихтық
мақала-очерк тәрізді, қысқа зерттеу», 38-сөзді
«ой-толғау», 25-сөзді «мысал-өсиет», 37-сөзді «афоризмдер» деп санамалап
шыққан [6, 355-356 б.].
Абай
қарасөздерінің жанрын Ә.Ғалиева
ғылыми-публицистикалық стиль үлгісімен жасалған
эссе-очерк деп көрсеткен болатын [7, 101 б.].
Сол сияқты
Х.Сүйіншәлиев Абай қарасөздерін прозаның
шағын түрі деп атауды ұсынған болатын.
Абайдың
қарасөздері туралы Е.Мұханбетқалиев: «Өсиетнама
түрінде жазылған бұл еңбек – әлемдік философия
тарихында сирек кездесетін құбылыс» деп бағалаған
болатын. [8, 3].
Негізі
қай кезең болмасын адам қасиеттері мен оның
өлшемдерi, құндылықтары жайлы сұрақтар
көпшілікті толғандырып келдi. Осы тұста Абай
өзiнiң 11-ші қара сөзiнде: «Қашан бiр бала
бiлiм-ғылымды махаббатпен көксерлiк болса, сонда ғана
оның аты адам болады», – деп атап көрсетiп, адамдықтың
белгiсi оның рухани байлығы мен ықыласында
жатқандығын сипаттайды. Сөйтiп, Абай адамдықты
бiлдiретiн үш-ақ қасиет екендiгiн: нұрлы ақыл,
ыстық қайрат және жылы жүрек деп көрсетедi. Мұндай ой-пiкiрлер Қайқаустың «Қабуснамасында»:
«Адамның адамдық қасиетінде үш нәрсе бар.
Бұл үшеудің бірі – ақыл, екіншісі – туралық,
үшіншісі – жомарттық (адамгершілік, сақлылық,
қолы ашықтық) [9, 150] болып кездеседі.
Кайқаустың «Қабуснамасы» мен Абайдың
қарасөздері мағыналық, танымдық сипаты
жағынан өте үндес келеді. Сол сияқты Абай
қарасөздері мен өлеңдерінде Қытай данагөйі
Конфуций нақыл сөздерімен де өзара жақындық
көптеп кездеседі. Мысалы, Конфуций: «Менімен әңгімелескенде,
өзгені ойлап отыратындарды көріп қиналамын» [10, 28 б.] десе,
Абай: «Естіген нәрсені ұмытпас үшін ой кеселді
нәрселерден аулақ болу керек» (отыз бірінші сөз) деген екен.
Ал Конфуций: «Төрт нәрседен бойыңды аулақ сал:
өнбес ойға берілу, үзілді-кесілді болу, айтқаннан
қайтпайтын қыңырлық, жеке басын ғана ойлау»
дегенде, Абай: «Бес нәрседен қашық болу: өсек,
өтірік, мақтаншақ, еріншек, мал шашпақ» деп өз
ойын білдіреді. Ал Конфуцийдегі адамгершілік турасындағы бес
қасиет: кісіге шын құрмет, кең пейілділік, шыншылдық,
зеректік, мейірбандық [10, 49 б.]. Сол сияқты Конфуцийде:
«Төрт түрлі нәрсені үйрен: кітапты түсініп
оқу, адамгершілікті сақтау, Отанға дал болу, әділдік»
[10, 49 б.] деп көрсетсе, Абай:
«Бес нәрсеге асық бол: талап, еңбек, терең ой,
қанағат, рақым» деген ойларын салыстыра, салғастыра келе
қағаз бетіне түсіріп отырған екен. Яғни санамалап беру (Бес нәрседен қашық болу, бес
нәрсеге асық болу, адамдықты білдіретін үш қасиет
т.б.) Конфуцийде негізге алынған (Төрт
нәрседен аулақ болу, Төрт түрлі нәрсені
үйрену, үш пайдалы және үш зиянды дос, қуаныш,
алты адасу, үш қателік т.б.).
Әл Фараби «Адам
әуелден тоқымашы немесе хатшы болып тумайтыны секілді,
қайырымдылық пен жаман қылық та адамға әуел
бастан жаратылыстан дарымайды....» деген сөзі Абайдың 19-сөзінде:
«Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп,ұстап,
татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы,
сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады»
мағыналас, үндес. Сол сияқты ғұлама «Жүрек
– басты мүше, мұны тәннің ешқандай мүшесі
билемейді. Бұдан кейін ми келеді. Бұл да басты мүше,
бірақ мұның үсетмігі бірінші емес» [11, 289 б.]. дегенде, Абай атамыз
17-сөзінде: «Қайрат.Ақыл.Жүрек. Осы
үшеуінің басын қос, бәрін де жүрекке билет» деп
нақтылаған болатын. Және «Әзілқойлық
әзілді шектен тыс қолданудан болады. Ал, әзілдеу оңай
болғандықтан, біз оған бейімбіз» дегенін, Абай 4-сөзінде:
«......күлкіге салынған кісі не шаруадан, не ақылдан,
неұят келерлік істен құр, ғафил көп өткізіп
отырса керек» деп іліп алған екен.
Жоғарыда
келтіргендерді саралай келе, ұлы Абай саналы өмірін
ғылым-білімның қыр-сырын игеру жолында Абай өз
кезегінде жоғарыда келтірген ғұламалардың үздік
тәжірибесін қоса меңгеріп, өз
шығармашылығына пайдаланғанын аңғарамыз.
Сол себепті Абай
қарасөздерін рисала деуімізге бірнеше себеп бар:
Біріншіден, Абай
қарасөздері бір ғана тақырыпқа негізделмей:
ағартушылық және діни ойларды ұштастыра бірлікте алады.
Екіншіден, айтпақ сөздері мен ойларын мысалдармен
келтіреді. Кейде өзі көп алдында отырғандай,
тыңдаушысына сұрақтар береді. Өзі онымен жауаптасып,
әңгімелескен кісі тәрізденіп отырады.
Үшіншіден,
Абай ойлары үгіт-өсиет ретінде беріледі.
Төртіншіден,
тыңдаушыларына Құдайдың, пайғамбардың,
иман, парыздардың жайларын көбірек айтады.
Бесіншіден, ел
мінезі, билеуші топтар (әкім, би, соттар) сөз етіледі.
Алтыншыдан,
«Ғақлиат-тасдиқатта» діндік мазмұн сипатталады.
Жетіншіден,
аят-хадистерде цитаталармен толығады.
Сегізіншіден,
әңгіме-сұхбат жанрын пайдаланады.
Бұл
айтылғандарымызды Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы»
эпопеясында «Абай... кейде Бабыр, Науаи, Аллаяр сияқтыларды
оқып-оқып кеп, өзі де соларша бірдеңе жазып кетеді»
дейтін сөйлем жолдарымен дәлелдеуімізге болады.
Мысал ретінде
Абайдың он үшінші қарасөзін алып көрейік. Онда
екі түрлі иман дәрежелерін ашып көрсеткен. Бірі ғылым,
(ақли исбат) яғни, рационалдық-логикалық
дәлелдер, анықтамалар арқылы болатын «илм-ал-йақин-и
иман», яғни ғылым арқылы дәлелденген иман. Екіншісі,
оқу, есту, үлкендерден көріп қабылдау арқылы
болатын «тақлиди иман». Бұл иман діни терминологияда негізінен
«йақин-и-иманнан» әлдеқайда әлсіз есептеледі екен. Абай
«тақлиди иманды «тасдиқи иман» деп те атайды. Оның ойынша,
иманды сақтауға «қорықпас жүрек», «айнымас
көңіл», «босанбас буын» керек.
«Йақини иманы бар деуге ғылымы жоқ, тақлиди
иманы бар деуге беріктігі жоқ» деуінен, оның адамдағы рухани
беріктік мәселелерін анықтап талдауға ниет еткен [12, 19 б.].
Біздің түсінгеніміз,
рисала жазу кез келген қаламгердің қолынан келе
бермейтіндігі. Тек Шығыс
ғұламалары еңбегінің нәрімен сусындаған
суреткердің ғана қолынан келетін секілді.
Рисала
тәуба-тәупихқа келтіретін, пенделіктен адамдыққа
түсіретін, тек поэзия түрінде емес, проза түрінде де келетін
бірнеше ілім-ғылымдар жүйесін қамтитын, бірегей
үлгідегі сан қырлы (синкретті), симбиоз сипатты күрделі жанр.
Жоғарыда
келтірілген дәлелдерді саралай келе, біз мынадай тұжырым жасағанды
жөн көрдік. Қарасөздердің бүгінге дейін
түрліше аталып, жанрының нақтыланбауын ескере отырып,
туындының жанрлық тұрғысын зерттеу нәтижесінде,
біз Абайдың өзгеше жанрдағы шығармасын «Абайдың
рисалалары» деп атағанды жөн санаймыз. Өйткені бұл
сөздер жоғарыда дәлелдегеніміздей, ғылыми стиль,
әңгіме жанры, өсиет, толғау, нақыл сөздер,
сын, дін, тәрбие және цитаталардан құрылған.
Қорыта
айтсақ, Абай рисалалары тіршіліктің
бітпес, сан түрлі сауалдарына жауап іздеген, адам жанының мың
құпиясы туралы ілім.
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
1. Әдебиеттану терминдер
сөздігі. – Алматы: «Ана тілі», 1998.
2. Ұша
білген қанат қонатын жерін де біледі // Оразбек
Сәрсенбаевтың «Қазақ әдебиеті» газетіне берілген
сұхбат. – № 45 (3313)
3. Омар Һайам. Наурызнама. Рисала. – Алматы:
Білім, 2009.
4. Тоекина Б. «Бабырнама»
және Қазақ хандығы тұсындағы жазба
шежірелер. Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми
дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация.
5. Сыздықова
Р. Абай және қазақтың ұлттық әдеби
тілі. Алматы: Арыс, 2004.
6. Әуезов М. Мақалалар, зерттеулер.
Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 35-том. –
Алматы: Жібек жолы, 2008.
7. Ғалиева Ә. Абай
«қарасөздерінің жанрлық-стильдік қыры және
оны аудару ерекшелігі.Қазақ тілі мен әдебиеті. – № 11. –
2010.
8. Мұхамедқалиев Е. Абайдың
«Қара сөздеріндегі» Адам Әлем қатынасы мәселесі.
Филос. ғ.к. дисс. Автореф. А., 2009.
9. Қабуснама.
Алматы: Таймас баспахана үйі, 2003.
10. М.Кемел. Конфуций даналығы /даналық
дәрістері/. – Астана: Аударма, 2002.
11. Әл-Фараби
филосоиялық трактаттар. – Алматы, 1973
12. Абай.
Қарасөздер. – Алматы: Арда, 2007.