ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ САРЫАҒАШ АУДАНЫНЫҢ ТАБИҒИ-ГЕОГРАФИЯЛЫҚ, КЛИМАТТЫҚ ЖАҒДАЙЫ ЖӘНЕ ШАРУАШЫЛЫҚТАРДАҒЫ ДАҚЫЛДЫ ӨСІРУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ

 

Қазақ ұлттық аграрлық университеті, «Агробиология және фитосанитария» факультеті, «Өсімдік қорғау және карантин» кафедрасы, Алматы қаласы.

 

5В081100 - «Өсімдік қорғау және карантин» мамандығының

4 курс студенті    Мусабекова А.Т.

    

Оңтүстік Қазақстан обылысы, Сарағаш ауданының климат жағдайы – облыстың оңтүстік бөлігіндегі әкімшілік-аумақтық бөлік. 1928 жылдары Келес ауданы болып құрылған. 1939 жылдан Сарыағаш аталады. Орталық – Сарыағаш қаласы. Аудан жері негізінен төбелі, қырқалы жазықты келеді. Солтүстігін Белтау жотасы (592м), батысын Ызақұдық құмы, Қауынбаймолда жотасы, оңтүстігін Шардара бөгені алып жатыр. Жер қойнауында мәрмәр, құм, бентонит балшығы, шипалы минералды суы барланған. Климаты континенттік, қысы жұмсақ, жазы ыстық, қуаң. Ауаның жылдық орташа темп-расы қаңтарда –2 – 3хС, шілдеде 24 – 28хС. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 200 – 300 мм. Ауданның батысын бойлай Сырдария, Оңтүстік-шығысынан Келес, Құркелес, Ащысай өзендері ағып өтеді. Жері сұр топырақты және құмды келеді. Бетеге, жусан, жүзгін, баялыш, өзен бойларында қамыс, бұта, аралас ағаш өседі. Қасқыр, түлкі, қоян, саршұнақ, күзен, жылан мен кесірткенің түрлері кездеседі. Халқы көп ұлтты, басым көпшілігі қазақтар (86,9%), одан басқа өзбектер (4,1%), тәжіктер (2,7%), әзербайжандар (1,2%), орыстар (1,1%), татарлар (0,9%), т.б. ұлт өкілдері тұрады. Ауданда 1 км² жерге 29,4 адамнан келеді. [1,2]

Оңтүстік Қазақстан облысының жер бедері негізінен жазық (орташа биіктігі 200 – 500 м). Солтүстігінде тасты-сазды Бетпақдала шөлінің оңтүстік-батысы, Ащыкөл ойысы, Тоғызкентау жоны, Шу өзенінің төменгі ағысы және Мойынқұм құмды алқабының батыс бөлігі орналасқан. Облыстың орталық бөлігін Қаратау жотасы солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай екіге бөліп жатыр. Оның ең биік жері – Бессаз (Мыңжылқы) тауы (2176 м). Қаратаудың оңтүстік-шығысында Боралдай (1400 – 1600 м) жотасы орналасқан. Облыс жерінің оңтүстік-шығысын Батыс Тянь-Шань-ның сілемдері (Өгем жотасы), Қаржантау (2800 – 2900 м), Қазығұрт тауы (1700 м), Талас Алатауының батыс сілемдері – Кіші Ақсу (2577 м), Алатау (3137 м) таулары қамтиды. Облыстың ең биік жері – Сайрам шыңы (4299 м). Оңтүстік-батысында Қызылқұм құмы, Қарақтау тауы (388 м), оңтүстігінде Шардара даласы, Ызақұдық құмы, Қауынбай молда (321 м), Белтау (592 м) жоталары, қиыр оңтүстігін Мырзашөл алып жатыр.

Облыстың климаты континенттік. Қысы қысқа, жұмсақ, қар жамылғысы жұқа, тұрақсыз. Қаңтар айының жылдық орташа температурасы солтүстігінде –7 – 9°С, оңт-нде –2 – 4°С. Жазы ұзақ, ыстық, қуаң және аңызақты. [3,4]

Шілде айының жылдық орташа температурасы 25 – 29°С.

 Шөлді аймағында жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 100 – 150 мм, тау алдында 300 – 500 мм, биік таулы бөлігінде 800 мм.

Облыстың жазық бөлігінде топырақ жамылғысын сұр, сортаңды сұр, бозғылт сұр, құмды, құмдақты топырақ құрайды. Тау етегінде шалғындық, таудың қызыл қоңыр топырағы таралған. Негізінен шөл белдеміне тән өсімдік жамылғысы қалыптасқан. [5]

Ауыспалы егістегі орны. Мақта үшін ауыспалы егістегі ең қолайлы дақыл  жоңышқа. Мақта топырақтағы қоректік заттар құрамына, суға және басқа қажетті факторларға жоғары талап қояды. Мақтаны жылма-жыл бір жерге қайталап сепсе, топырақтан қоректік заттардың көп алынуына байланысты оның құнарлылығы төмендеп, жырту қабаты шаңданып, зиянды тұздар қосындылары көбейіп және жер асты суларының көтерілуіне әкеліп соқтырады.

Жоңышқа топырақтың тұздануын бірнеше есе төмендетеді. Топырақ бетін біркелкі жабатын жоңышқа, топырақтан судың булануын азайтып, төменгі тұз қосындыларының жоғары көтерілуін тоқтатады. Үш жыл қатарынан өсірілген жоңышқа әр гектарға 18т органикалық заттар қалдырады, топырақтың физикалық қасиеттерін жақсартып, ондағы микроорганизмдерді жандандырып, суаруға кететін су мөлшерін кемітеді.

 Мақта – жоңышқа ауыспалы егістіктерінде, көктемде көк балауса ретінде жиналатын немесе жасыл тыңайтқышқа жыртылатын (рапс, қыша, арпамен қосыла себілген ас бұршақ және басқалары) күздік дақылдарды пайдаланған жағдайда, суармалы мақта егісі өте тиімді. Мақта өсіретін шаруашылықтардағы ауыспалы егісте мақтаның үлесі 65-80% шамасында болады. [6]

Топырақ өңдеу. Мақтаға арналған танап топырағын өңдеу жүйесі оның ауыспалы егістегі орнына, алғы дақылына, топырақ және басқа жағдайларына байланысты. Мақта себуге арналған танапты сапалы дайындау одан жоғары өнім алудың және жерді дұрыс пайдаланудың басты шарты.

Топырақ өңдеудің басты бөлігі – ерте әрі терең жыртылған сүдігер. Оның алдында танаптан мүмкіндігінше бұрынғы мақта қалдығы жұлып жойылады, қажетті мөлшерде тыңайтқыш сіңіріп жырту алдында суарылады, топырақтағы көп жылдық арамшөп, жоңышқа тамырлары қалдықтарын сыдыра жыртып жою және тағы басқа жұмыстар жүргізіледі.

Жерді айдау. Мақтадан мол және тұрақты өнім алудың негізгі шарттарының бірі – жерді өңдеудің дұрыс жүйесін қолданудан басталады. Күзде айдалған жердің өнімі көктемде айдалған жермен салыстырғанда 10-12 пайыз немесе одан да артық өнім береді. Сүдігер 35-40 см тереңдікте екі ярусты ПЯ-3-35 маркалы соқамен қараша-желтоқсан айларында шынжыр табанды трактормен жыртылуы керек. Ол мақтаның түрлі аурулары мен зиянкес жәндіктеріне қарсы күресуде және арамшөптерді жоюға себеп болады.

Микроорганизмдердің әсерімен сүдігердегі топырақта табиғи құрылым процестері жүреді. Мұның барлығы сүдігердің пайдалы да тиімді екенін көрсетеді. Қара күзде айдалған жерде ылғал мол жиналады және жақсы сақталады, қозапаяның қалдықтары мен басқа да органикалық заттар қара шіріндіге айналып, өсімдіктің қорегін молайтады.

Жерді тегістеу. Негізгі жұмыстардың ең бір маңызды бөлігі болып табылады. Егіс танабының дұрыс тегістелуі мақтаның вегетациялық өсіп жетілуі барысындағы суару кезеңінде ондағы ылғалдың біркелкі берілуіне және егіс кезінде шиттің біріңғай тереңдікте түсуіне оңды әсер береді.

Сор шаю. Оңтүстік мақта егетін аудандарда топырақтағы ылғалдың буға айналуға және өсімдіктің транспирацияға жұмсайтын су көлемі, оның атмосфералық жауын-шашын күйінде келіп түсуінен бес алты есе артық болады. Сондықтан сор шою арқылы топырақтағы ылғалдылықты керекті мөлшерді ұстап қалудың маңызы зор. Сор шаю жұмыстары дер кезінде жүргізілуі керек. Әр гектарға жұмсалатын су мөлшерінің 2-3 мың текше метр

аралығында болғаны дұрыс. Негізінен алғанда сор шаю жұмыстарының сапалы болуы жер асты суларының деңгейі неғұрлым төмен болуына байланысты. Палдар 0,25-тен 0,5 гектарға дейінгі көлемде КЗУ-03 агрегатымен ДТ-75 тракторымен алынып дайындалады. Сор шаю кезінде су арнайы алынған арықтармен келеді. Палдар суға әбден толуы қажет. Су бір палдан екінші палға ауыстырылмайды. Топырақтың сорын шаю кезінде жердің жоғарғы қабатына жиналған тұздар еріп, мақтаның өсіп өнуіне зияны келмейтін төменгі қабатына түсіп кетеді.

Көктемгі тырмалау. Ерте көктемде тырма салу ылғалдың жақсы сақталуына оңды әсерін тигізеді. Топырақтағы ұсақ қуыстарды жойып, ылғалдың буға айналуын кемітеді, зиянды тұздардың жинақталуына тосқауыл қояды, топырақтың үстіңгі қабатын тегістеп, оның жақсы қызуына жағдай жасайды, өніп келе жатқан арамшөптерді өлтіреді. Бұл шаралар наурыз айында, сәуірдің бірінші онкүндігінде атқарылады. Тырмалау жұмыстарын мүмкіндігі барынша қысқа 2-3 күнде аяқтау қажет. Тырмалауға зиг-заг маркалы тырмалары қолданылады.

Чизельдеу. Әдеттегідей біріншісін ұзынынан, екіншісін көлденең егіске қарай салады. Тереңдігі 14-16 см аралығында болғаны жөн. Бұл шараларды сәуір айында топырақ піскен соң іске асыру керек. Чизельден соң міндетті

түрде тырма салып, 1-2 күн аралығында егістің басталғаны дұрыс. Ауа-райына байланысты сәуірдің мүмкін бірінші немесе екінші онкүндіктерінде іске асырылады.

Тұқымдық шитті дәрілеу – тұқымдық шитті егер алдында жүргізіледі. Тұқымды себуге дайындау олардың жоғары сапалыларын таңдап алып, тазалығы 97-98%, өнгіштігі 87-88%-дан кем болмауы тиіс.

Мақта өкініне зиян келтіруші, зиянкестермен мақта ауруларына қарсы тұқым дәріліштер мен өңдеу жүргізіледі. Топырақ асты зиянкестерінен қорғау мен қоса өскіннің тез өніп шығуына оңды әсерін тігізетін Круйзер 350, к.с. препаратын 5,0 л/тн мөлшерінде қолдану ұсынылады. Круйзер 350, к.с. тұқым дәрілегіші мақтаның шитті тұқымдын жер астындағы зиянкестерден қорғап, (сым құрт, жұлдызқұрт, темекі трипсі) мақта өскінін қорғау мерзімі 15-20 күн сонымен қоса өскіннің тез өнім шығуына ерекше жақсы әсер береді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1.   Көпешов Ш. Қазақстан мақтасы-Алматы, Қайнар, 1979–187 б.

2.   Көпешов Ш. Мақта шаруашылығы: Тәжірибе және тәлім - Алматы Қайнар, 1988-188 б.

3.   Болғанбаев Е., Серғазиев А. Мақта түсімін арттыру жолдары - Алматы.,  Қайнар, 1975-175 бет.

4.    Сыдықов Д.А., Үмбетаев И.Ү., Батьколов Ж.Е., Биғараев О. Оңтүстік Қазақстан облысында мақта өндірісін өркендетудің өзекті мәселелері- Алматы , Бастау 2002 – 84 б.

5.    Үмбетаев И.Ү., Биғараев О., Әлімбекова Ә. Мақта шаруашылығын дамытудың ғылыми негіздері – Атакент, 2005 – 304 б.

6.    Үмбетаев И.Ү., Батькаев Ж.Я. Қазақстан Республикасының Оңтүстігінде қоза баптау жүйесі – Алматы, Құс жолы ,2000 – 204 б.