Педагогика
Жақсылықова
Н., п.ғ.к., доцент, Жайнарбай С, магистрант
Қазақ
ұлттық аграрлық университеті, Алматы қаласы,
Қазақстан
Инновациялық орта жағдайында
болашақ кәсіптік оқыту педагогтарының кәсіби
дамуының кейбір мәселелері
Қоғам өміріндегі
қазіргі өзгерістер, экономиканың, әлеуметтік-саяси
саланың дамуы қоғамдағы негізгі фактор болып табылатын жеке
тұлғаның жалпы даму деңгейіне
байланысты болмақ.
Қоғамдық
өмірдегі өзгерістер оқытудың жаңа технологияларын
қолдануды, жеке тұлғаның жан-жақты шығармашылық
тұрғыдан дамуына жол ашуды көздеп отыр. Бұл міндеттерді
жүзеге асырушылар білім беру жүйесінің күрделі
мәселелерін шешуші кәсіби-педагогикалық шеберлігі
жоғары ұстаздар.
Жоғары мектептің педагогикалық білім берудегі басты
мақсаты - қазіргі заман талабына сай кәсіби білікті
болашақ кәсіптік оқыту педагогын даярлау [1]. Осы
мақсатты жүзеге асыру барысында болашақ педагогтарды
даярлауда кәсіби-педагогикалық бағыттылыққа,
сонымен қатар кәсіби маңызы бар сапалардың
қалыптасуын қамтамасыз етуге баса мән беріледі.
Жоғары педагогикалық білімі бар жас маман жас
ұрпақты ұлттық игіліктер мен ұлттың
мәдени мұрасының сабақтастығын сақтай
отырып оқыту, тәрбиелеуге және әр тұлғаны
жеке тұлға деп санап, оның жан-жақты дамуына
мүмкіндік жасауға даяр болуы керек.
Болашақ кәсіптік оқыту
педагогының кәсібі немесе кәсіп иесі болуы - адамның
өмірлік іс-әрекетінің маңызды жағы болып
табылады, себебі ол арқылы тұлғаның өзін-өзі
жүзеге асыруы іске асып, өз мүмкіншіліктерінің
толығымен жұмсалуы қамтамасыз етіледі.
Тұлғаның ішкі позициясының дамуы
көп жағдайда тұлғаның кәсіби маман ретінде
дамуымен анықталады деуге болады. Адамның ішкі позициясы
өзінің объективті бейнеленуінде тұлғаның
кәсіби қалыптасуында көрінеді. Тұлғаның
кәсіби дамуы мен кәсіпке бейімделу процесі үздіксіз болуы
қажет.
Болашақ кәсіптік оқыту педагогтары
студенттік шақта өзінің болашақ кәсібіне
бейімделіп үлкен нәтижелерге ұмтылады. Сол нәтижелерге
жету барысында болашақ кәсіптік оқыту педагогының
мотивациясы жоғарылайды және кәсіп иесі боламын деген
оның шығармашылық дамуы басталады. Оның іс-әрекет
мәнері, педагогтік үлгісі, қарым-қатынасы,
мінез-құлқы, қызығушылығы,
құндылығы қалыптасады.
Студенттік шақта студентте өте жоғары
құндылық деңгейі қалыптасса, ол еңбек еткен
кезде өте сәтті, тиімді жұмыс істей алатын болады.
Бірақ, нақты жағдайда осылай болып отыр ма, жоқ
әлде керісінше ме. Осы сұрақ бәрімізді де
толғандырады. Кәсіпке бейімделу студенттің болашақ
өміріне де өте үлкен әсерін тигізеді.
Жалпы кәсіби дамуда педагогикалық
ұжымға бейімделу, жұмыс режимі, міндеттері, ерекшеліктері
оның табысты іс-әрекетін қамтамасыз ететін процес ретінде
қарастырылады. Бұл жоғары білімді маман ретінде болашақ
кәсіптік оқыту педагогының жеке
тұлғасының қалыптасу мәселесімен қатар
кәсіби дамуы да қарастыруды қажет етеді.
Жоғары оқу орнында болашақ маманның жеке
тұлғасын қалыптастыру – бұл аса күрделі
және көп қырлы процесс. Әрине, бұл
процестің дұрыс болуы, ең әуелі оны ұйымдастыру
және жоспарлау, жоғары білімді маманға қажетті
сапалардың дамуы үшін сыртқы және ішкі жағдайды қамтамасыз
ету, білім алушылардың білім, дағды және іскерліктерін
толықтыру арқылы жүзеге асырылады.
Тұлғаның
кәсіби дамуы – бұл үздіксіз рухани даму, жеке
даралықты, зерделілікті, жалпы және кәсіби мәдениетімен
қатар өн бойынан кәсібилікті меңгеру дегенді білдіреді.
Тек осы қасиеттер болған жағдайда адам басқа
адамдардың іс-әрекетін, тәрбиесін, оқуын
басқаруға қабілетті болып келеді.
Жеке адамның
тұлғалық сипаттарында айрықша байқалатын
ерекшеліктер бар. Мәселен, әрбір адамның жеке басына
тән даралық сипаттары. Бұл адамдардың типтік
мақсаттарымен байланысты теориялық мәселе екені
түсінікті. Ал екінші бір ерекшілігі жеке басқа тән
азаматтық ерекшеліктермен байланысты. Жеке тұлғаның бойындағы
адами қасиеттері мен даралық ерекшеліктерінің оның
іс-әрекеттегі белсенділігінің дамуына ықпал етері
сөзсіз.
Сонымен қатар, әр
тұлға өзін-өзі тәрбиелеп дамуына, білімін
арттыруына, жетілуіне, бар мүмкіндіктерін барынша аша түсуіне
көмектесуі қажет. Болашақ
кәсіптік оқыту педагогының кәсіпке қажетті
кәсіби білім, іскерлік және дағдыны жоғары оқу орнында меңгеретіні
сөзсіз.
Дегенмен жоғары білімді болашақ кәсіптік оқыту педагогының кәсіби
дамуы оның жеке-психологиялық, жастық,
әлеуметтік-психологиялық ерекшеліктеріне, сондай-ақ аса
маңызды кәсіби сапалары мен қасиеттерінің мазмұны
мен құрылымына, жалпы және арнайы даярлығының
үйлесімділігіне, іс-әрекетте мақсатқа
ұмтылушылығына тікелей байланысты болады.
Жеке тұлғаның құрылымынан:
бағыттылық, темперамент, мінез, қабілет, эмоциялық
еріктік қасиеттер орын алады. Кәсіби дамуы мен
бағыттылығы - болашақ
кәсіптік оқыту педагогының жеке басына тән
маңызды қасиеті: ол оның дүниетанымынан,
қызығушылығынан, сенімінен және т.б. көрінеді [2].
Осылардың ішінде
студенттің дүниетанымына ерекше мән беріледі. Өйткені
дүниетаным оның мінез-құлқын реттеуші,
құндылық бағдарлауының көрсеткіші болып
табылады және оның ақиқат дүние жайлы сенім,
көзқарастары. Сонымен қатар, болашақ
кәсіптік оқыту педагогы оқыту процесі барысында
белсенді болуы да маңызды. Олар бар білімін өздігінен белсенді
қолдана білу керек.
Сонымен, қорыта айтқанда болашақ
кәсіптік оқыту педагогының кәсіби дамуының
табысты болуы негізгі мына жағдайлардан көрінеді:
Біріншіден, кәсіби іс-әрекетке бейімделу
жоғары оқу орындарындағы жас маманды дайындау сапасымен,
олардың тәжірибелік дағдыларды жинақтауларымен
байланысты. Екіншіден, кәсіби дамуда кәсіби іскерліктер мен
дағдылар қалыптасады, кәсіпке керек деген білімдермен
қамтамасыз етіледі, еңбекке деген шығармашылық
қатынас пайда болады, ұжымдық жұмыс дағдылары мен
кәсіпке деген қызығушылық дамиды, яғни
кәсіби іс-әрекеттің жағымды мотивациясы
шыңдалады.
Қолданылған әдебиеттер:
1. Успанов К.С. Теория и практика формирования
профессионально значимых качеств у будущих учителей. – Алматы: Ғылым,
1998. – 228 с.
2. Орақбаева
М., Саданова Ж. Педагогтың кәсібилігінің психологиялық
аспектілері. Вестник КАСУ, №5, 2010