ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы

Қарағанды академиясы

Тілдік дайындық кафедрасының

оқытушысы, ф.ғ.к.,

полиция  аға лейтенанты

                                                             Ф.М. Ашимханова

 

 

Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің коммуникативтік мәдениеті

 

 «Коммуникация» терминін латын тілінен аударғанда, «жалпы, барлығымен бөлісу» дегенді білдіреді. Егер өзара түсінушілік болмаса, коммуникация да болмайды. Ақпарат алмасу – коммуникация. Ал коммуникация туралы сөз болғанда, бірлескен адамдардың көзқарасы, идеясы, қызығушылығы, көңіл-күймен алмасу жайында айта кету керек. Коммуникация ортақ түсінушілікке әкелетін екі жақты ақпарат алмасу. Адамдардың бір-бірімен керекті контактіні құрып және ұстай алу қабілеттілігі коммуникациялық компентенттілік деп аталады. Коммуникативті қабілеттілік адамның жасына, біліміне, мәдениетіне, психологиялық даму деңгейіне, өмірлік және кәсіби тәжірибесіне байланысты ерекшеленеді.

Коммуникативті мәдениеттің қалыптастыру - тәртіп қағидасын анықтайды, құндылықтар жүйесін, идеалдарды, нормаларды айшықтайды және  шығармашылық қызметте өзінің дербестігін көрсетуде  қарым-қатынасты ұйымдастыруға, байланысты орнатуға, оларды дамытуға, келісуге, тәртіпке келтіруге және  түзетуге көмек береді.

Әр адамның коммуникативтік мәдениеті адамдармен қарым-қатынас жасай  білуінен байқалады.  Адамдардың бір-бірімен тез арада тіл табыса білуі олардың коммуникативтік әлеуетінің  жоғары екенін көрсетеді. Мәдениетті адам қарым-қатынас жасау кезінде өзін ұстай біледі, басқа адамның өміріне еркін араласып кете алады. Барлық жағдайға ешбір қиындықсыз бейімделе алады. Адамның коммуникативтік мәдениеті оның  өзін-өзі тәрбиелеу  мен дамытуының  дәрежесін байқатады, сонымен қатар оның коммуникативті дағдысы мен коммуникативтік қабілетін танытады. Коммуникативті қабілеті  коммуникацияның барлық түрін ұтымды қолдана білу, айтатын сөзін дұрыс жоспарлай білу, сөйлеу мәнері мен қажетті сөздерді ұтымды қолдана білуінен байқалады. 

Коммуникативтік мәдениеті — кез келген мамандық иелерінің, әсіресе кәсіпкерлердің, заңгерлердің, дикторлардың, журналистердің, саясатшылардың кәсіби деңгейінің ең маңызды көрсеткіші. Сөз мәдениеті, сөйлеу шеберлігі тілдік, сөйлеу қатынастары процесінде маңызды рөл атқарады, сондықтан да ол өз мамандықтарына сай адамдармен жұмыс жасап, олардың қызметтерін ұйымдастыратын және басқаратын, іскерлік келіссөздер жүргізетін, тәрбиелеу, оқыту, емдеу, т.б. түрлі тұрмыстық қызмет корсететін адамдарға ауадай қажет. Адамның қалай сөйлегеніне қарап, оның рухани және парасаттылық өрісін, ішкі мәдениетінің дәрежесін анықтауға болады. Сөйлеу мәдениеті — ауызша және жазба әдеби тілдің қалыптарын (сөздерді дыбыстап айту, екпін, сөз қолдану, грамматика, стилистика ережелерін) меңгеру және тілдің мәнерлеу құралдарын қатынастың әр түрлі жағдайларында олардың мақсаттары мен жағдаяттарына сөйкес қолдану біліктілігі. Сөз сөйлеу мәдениеті деп біз сөздерді сөйлеудің дұрыстығын, қатынастық лайықтылығын, дәлдігін, ойға қонымдылығын, анықтығы мен түсініктілігін, тазалығын, мәнерлілігін, әр түрлілігін, естілуге жағымдылығы мен орындылығын айтамыз.                                                

Сөйлеу, тілдік амалдар, тіл мәдениеті туралы сөз етсек,  адамның тіл амалдарын пайдалану арқылы пікірін, ойын білдіруін – сөйлеу деп атайды. Сөйлеуге адамның анатомиялық мүшелері қатысады, алайда ол адамның психикалық қабілетіне, қоғамдық тәжірибесіне тығыз байланысты. Сөйлеу үшін жасалған тілдік амалдар ұзақ уақыт бойы адамдардың пікір алысу тәжірибесі негізінде қалыптасты. Тілдік амалдар – сөз тудыру, сөйлем құрау ережелері. Олар – көпшілікке ортақ, объективті категориялар. Соның нәтижесінде тіл – жұрттың бәріне бірдей түсінікті қатынас құралы. Сөйлеудің әр коммуникативтік жағдайына сәйкес ыңғайланған стилі болады. Тіл мәдениеті – тіл білімінің әдеби тілінің нормасы мен оның дамуын, сөйлеу тілімен қарым-қатынасын зерттейді. Тіл мәдениетінің тілдің басқа салаларынан айырмашылығы оның күнделікті өмірде тілдің қолдану, жазу, сөйлеу мәдениетімен жақсы қарым-қатынаста болуы. Тіл мәдениеті қамтитын тілдік норманың 3 түрі:

1. Тілдік норма (лексика, сөз жасамдық, грамматика, дыбысталу нормасы).

2. Этика – сөз нормалары (сөйлеу этикасының ережелері).

3. Коммуникативті норма (сөйлеу қарым-қатынасының тиімділік қағидалары).

     Сөйлеу мәдениеті орфоэпикалық нормаға негізделген. Күнделікті қарым-қатынаста сөйлеу мәдениетінің  негізгі қағидалары – сөйлеу әдебі.

Міне, сөз мәдениетінің осы белгілерін толық, әрі жан-жақты қарастырайық. 

1. Дұрыстығы — бұл тіл қалыптарын сақтау. Дұрыс деп біз сөздің айтылуын, грамматикалың жазылуын, стилистикалың жағынан алғанда тіл қалыптарына сәйкес келуін айтамыз.

2. Қатынаста қолданылу лайықтылығы деп тиісті қатынастың жағдаяттарда сөздер мен тіркестерді дұрыс пайдалана алу қажеттілігін айтамыз.

3. Пікірдің дәлдігі — бүл өз ойын аның, қысқа және дәл мағынада айтып, жеткізу біліктігі.

Бұл талаптарды саңтамаған жағдайларда бір-біріне айтылу, естілу жағынан жақын, бірақ мағыналары әр түрлі, паронимдар деп аталатын сөздерді ауыстырып алу қаупі туады. Сөйлеу мәдениеті өспейінше, жоғары ақыл мәдениетіне жетуге болмайтындығы сөзсіз.

Құқық қорғаушылардың коммуникативтік мәдениеті жайында Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары қызметкерлерінің азаматтармен сыпайы және ілтипатты қарым-қатынас жасау Ережесінде айтылған. Біздің еліміздің әрбір азаматы өзін-өзі қауіпсіз сезінуге, полиция қызметкерін оның өмірін, денсаулығын,  намысы мен абыройын қылмыстық қол сұғушылықтан сенімді қорғауға қабілетті қорғаушы ретінде білуі тиіс. Заңгердің қызметінде дау, әңгіме, диалогтың ғылым мен күнделікті өмірде алатын орны жоғары. Дау - өз пікірлерін сақтай отырып екі немесе бірнеше тараптардың арасындағы ауызша жарысы. Дау көбінесе сұхбат ретінде басталады, ал сұхбат әртүрлі болады. Диалогты, дауды, сұхбат пен пікір таласты қатаң түрде жүргізу үшін кейбір ережелерді сақтаған жөн. Осылайша пікірлесуші тараптар бірінші кезекте даудың пәнін, яғни дау не жөнінде болмақ, соны білу қажет. Егер адам дауласатын болса, онда ол қарсы жақтың дәлелдерін шыдаммен тыңдап, түсініп және оларды бағалап, өзі сенімді дәлелді қабылдауы керек.. Көбінесе, сұхбаттасу кезінде жоспар құрып алған жөн. Сұхбат, пікір талас кезінде мүмкіндігінше келесі: дәлелді айғағы болатын болса, өз ұстанымдарынан бас тартпау; өз ұстанымдарын ұстануда табандылық танытпау, егер олар жоққа шығарылған болса; әртүрлі, қиын сұрақтарды шешу кезінде тарихи даму қисынын сақтап, қазіргі заман мен әдет – ғұрыптың арасындағы үзілмес байланысты есте сақтау сияқты ережелерді сақтауы қажет. Көпшілік сөзімді қалай қабылдайды дегенге немқұрайлы қараушылық – сендіруді емес, күшпен көндіруді мақсат еткендік екендігін есте ұстаған жөн. Сократ айтады: «Сөйлеп көріңіз, мен сіздің кім екеніңізді айтайын» деп. Демек, құқық қорғаушы кез келген сөйленген сөз жанды құбылыс іспеттес, ол басы-аяғы бар дене секілді және де оның әр бөлігі бір-бірімен үйлесімді әрі біртұтастықта өрілген болып келуі заңды екенін есінен шығармауы керек. Жақсы сөйлеу – жай ғана естіртіп жақсы ойлау екенін ескеруі ауадай қажет. Өз саласының майталманы А.Ф. Кони мәнді ештене айтпағаннан, үндемеуді артық көрсе, білгір Боуви: «Ақылды сөйлеу – қиынның қиыны, ақыл безбеніне салып үндемей қалу одан да қиын», - деп тұжырымдайды. Демек, өзінің тіліне күші жетпеген адамның сөзінде шынайы ақиқат болмасы анық.

Қорыта айтқанда, құқық қорғау қызметкерлеріне орнымен сұрауға, көңіл қойып тыңдауға, байсалды түрде жауап беруге және айтар ештенесі жоқ кезде сөйлеуді доғаруға үйренгені абзал. Құқық қорғау саласының бүгінгі кәсіби маманы жарқын да бейнелі, тартымды сөйлей білуге, өзіндік сөйлеу стилін қалыптастыруға, ішкі табиғи қалып, ерекшелік және икемділіктерді ескере келе, өзіндік сенімділікті қоюлатуға ұмтылу дұрыс. Белгілі бір ой ұшығын тыңдаушыларғы жеткізе отырып, олардың бойында қажетті әсер қалдыру үшін ерік күші және еңбек ету керек.

    

 

Қолданылған әдебиеттер:

1.     Сыздық Р. Тіл мәдениеті және оның проблемалары. // Р.Сыздық 
// Тілдік норма және оның қалыптануы. – Астана: Елорда, 2001. – 230 б.

2.     Кунапьянова А.Д., Аубакирова Л.Р. Тіл мәдениетінің өлшемдері және оған қойылатын талаптар.// «С. Аманжолов оқулары – 2004»: Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары. – Өскемен: С.Аманжолов атындағы ШҚМУ баспасы, 2004. – 464 б.

3.     Аубакирова Л.Р., Кунапьянова А.Д. Оқушылардың тіл мәдениетін қалыптастырудағы отбасының орны. /  Л.Р.  С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың жас ғалымдары конференциясының баяндамалары. –Өскемен: С.Аманжолов атындағы ШҚМУ баспасы, 2004. – 392 б.

4.     Қазақ ұлттық энциклопедиясы. Р.Әміров. Қазақ ауызекі тілінің синтаксистік ерекшеліктері.  А., 1972.

5.      М.Серғалиев, Ш.Нұрғожина. Қазақ сөйлеу тілінің экспрессивті-эмоциональды лексикасы. А., 1995.