УДК 628.112.2

ШАХТАЛЫ ҚҰДЫҚТАРДЫТАЗАЛАУ ТӘСІЛДЕРІ

Телғараева Г.Е., ғ.қ.

«Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-і

 

Қазіргі таңда жайылымды жаңғыртып, шалғайдағы мал жайылымын жақсартуды қолға алуды іске асыра бастаған тұста, жайылымдағы мал басын суғаруға арналған шахталы құдықтарды жөндеп-қалпына келтіру жұмыстары кезек күттірмейтін келелі мәселердің бірі екені айқын.

Жалпы құдықтарды тазалаудың төрт түрлі тәсілі бар: қолмен аршып тазалау, механикалық, гидромеханикалық және пневмоэрлифтік тәсілдер.

Шахталы құдықтарды шөгінділерден тазалау үшін қол күшінен бөлек әртүрлі машиналар мен қондырғылар ұсынылады.

Жалпы механикалық әдіспен іске асатын ОШК-30 түріндегі шахталы құдықтарды тазартқыштарды кеңінен қолдануға болады [1]. Оның жұмыс органы болып вибробадья мен виброгрейфер саналады. Мұнда қалдықтарды жинау мен сыртқа төгу жұмыс органының дірілдеуі арқылы іске асады. Грунт бойынша өнімділігі 0,40…0,55 м3/сағат аралығын қамтиды. Қалдықтан тазаланған құдықтан суды тартып алу пневмотикалық сорғымен жүзеге асады Алайда, бұл қондырғының өзіне тән кемшіліктері бар: дірілдету кезінде құдықтың обсадтық колоннасының ығысуы, қалдықтарды шығарудың кезеңімен іска асуы, тазалау жұмысының қиындығы. Осы кемшіліктерді ескере отырып, ОШК-30 құрылымы өнертапқыштармен жетілдірілген. Қондырғының дірілдеткіш жұмыс органы қажалуға берік жұмыс доңғалағымен жабдықталған суға бататын сорғымен ауыстырылған. ОШК-30 қондырғысы базалық машинадан 1, суға бататын сорғыдан 2, гидроциклоннан 3 және көтеріп-түсіретін механизм-нен 4 тұрады. Машинада басқару пульті 5, операторға арналған орындық 6 және шөгінді қалдықтарды сыртқа шығаруға арналған грейферлік құрылым орнатылған. Сорғы агрегаты жеке блокты болып істелген және оның құрамына конфузор тәріздес сору түтігі бар ортадан тепкіш күшпен жұмыс істейтін сорғы (7) мен диаметрі 650мм құрайтын темір құбырда орнатылған электрқозғалтқыш (8) кіреді. Энергия көзі болып базалық автомашинаның қоробынан алынатын қуаттылығы бар тартпамен синхронды генератор 9 саналады (1- сурет).

 

Рис1_2

Сурет 1- Гидроциклонмен жабдықталған ОШК-30А түріндегі жетілдірілген шахталы құдықтарды тазартқыш

 «Казсельхозмеханизация» ғылыми өндірістік бірлестікте (ҒӨБ) тіреуіш-анкерлік механизмі бар пневматикалық әсермен жұмыс істейтін грейфер жасалған [2]. Ол пневмоцилиндрден, жақтардан, центратордан, сөгілмелі, әрі сына тартқыштан және траверсадан тұрады. Екі жақты, төрт жақты және алты жақты нұсқадан тұратын пневмогрейферлер бар. Соның ішінде төрт жақты пневмогрейферді қолданған тиімдірек. Өйткені ол жақтардың кесетін жиектері арасындағы тік бұрыш арқылы ірі заттарды қамтып алуға мүмкіндік береді, құдықтың қабырғасына жиналған шөгінділерді сапалы түрде алады, әрі құдық түбіндегі қалдықтарды алғанда грунтты аз жоғалтады. Сынақтан өткізу арқанмен салыстырғанда пневмогрейфердің 1,4....1,5 есе грунтты көсіп алатынын немесе бірдей жылдамдықта снарядты түсіріп-көтеруде тазалау өнімділігі 1,4...1,75 есеге артатынын көрсетті. Шахталы құдықты ОШК-30А тазалауда технологиялық іс-әрекеттердің біріне ластанған суды тартып алу жатады. Жетілдірілген ОШК-30А тазартқышымен бұл іс-әрекет диаметрі 600 мм болатын цилиндрлік желонка көмегімен іске асады. Желонка резервуардан, кері қақпақтан, тіректен, қамыттан тұрады. Желонканың төменгі бөлігінде алынатын суды шашыратқыш қарастырылған, ол шахталы құдықтың ішкі қабатын шаю үшін қолданылады. 

Құдықтарды тазалайтын белгілі қондырғылардың келесі топтамасы  гидравликалық принцип бойынша жұмыс істейді.  Олардың технологиялық үлгілері мен жұмыс органдарының құрылымы қарапайым, қоюлығы жоғары шөгінділерді тұрақты сору мен тасымалдауға қабілетті, үлкен тереңдктегі грунтты су асты қазу жұмысында гидроэлеваторларды қолдануға мүмкіндігі бар. Құдықтардан қойыртпақты гидромеханика-ландырылған эжекторлы көтеру технологиясында оның маңызды бөлігі – тазалау жұмыстарын сумен қамту болып саналады, өйткені құдықта су көлемі аса шектеулі (0,7…1,2м3). Гидроэлеваторлы-гидроциклонды жылжымалы қондырғының ең алғашқы нұсқасы А.И. Жанғарин, Ф.Н. Ким, И.С. Цой жасаған шахталы құдықтарды гидромеханикалық тазартқыш (ГМОШК) болып саналады [3]. Тазартқыш екіосты автоприцепке құрас-тырылған. Негізгі жұмыс органына гидроэлеватор, шайылатын саптама және гидроциклон кіреді. ГМОШК-ты пайдалану тәжірибесі қондырғыда гидроциклонды қолдану тасындының шөгуін жылдамдатады, 4 есеге тасымалданатын судың көлемін азайтады, қондырғының өлшемдерін қысқартады және жұмыс суының сапасын жақсартады (лайлылығы 20…30%-ға дейін кемиді).

Технологиялық және пайдаланудың едәуір жоғарғы көрсеткішіне ЗИЛ-131 автомобилі негізінде құралған жылжымалы қойыртпақ көтергіш қондырғы (ППУ-30) лайық. Қондырғы базалық машинадан, телескопты түсіріп-көтеретін механизмнен, гидроциклонды камерадан, иілгіш шланг-тер мен жүк көтергіш шығырды орауға арналған құрылғыдан тұрады. Жұмыс уақытын қолдануды жақсарту арқылы ППУ-30 қондырғысы алмасу кезеңінде лайлану тереңдігі 0,8…2,1 м болатын үш және одан да артық шахталы құдықтарды тазалайды. Грунт бойынша өнімділігі 1,7...2,1 м3/сағ тең [4]. Оның жүріп өту ауқымы кең болғандықтан республиканың қуаң және жартылай құрғақ аймағында шахталы құдықтарды тазалау үшін қолданылуы мүмкін.

 

ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

1                   Очиститель шахтных колодцев ОШК-30А: Проспект Машиноэксперт. – М: ВНИИторгиздат, 1982. – 5с.

2                   Сакенов М.Ж. Обоснование рациональных параметров пневматического грейфера для очистки шахтных колодцев от донных наносов. //Автореф… на соиск. канд. техн. наук: - Алма-Ата, 1987. - 24с.

3                   Жангарин А.И., Цой И.С. Элеваторно-гидроциклонный способ подъема и сгущения пульпы. – В кн.: Опыт применения гидромеханизации в различных отраслях народного хозяйства: Тезисы докладов, - М., 1970. – С.48-49.

4                   Касымбеков Ж.К., Жангарин А.И. Рекомендации по проектированию и эксплуатации ППУ для углубления и очистки шахтных колодцев. Алма-Ата: изд-во ВГПИ «Союзоргтехводстрой», 1979. - 32с.

 

РЕЗЮМЕ

В статье рассмотрены различные способы и механизмы очистки шахтных колодцев от донных отложений.

 

ТҮЙІН

Мақалада шахталы құдықтарды тазалаудың әртүрлі тәсілдері мен механизмдері қарастырылған.

 

SUMMARY

In the article there are considered the various ways and mechanisms of cleaning dug-wells from the bed deposits.