Политология /10.   Региональные политические процессы

Қытайдың геосаяси позициясы мұнай факторы контексінде

 

Даркенов Қ.Ғ

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

 

Қазіргі кезеңде Қытайдың әлемдік экономика мен саясаттағы ықпалы жылдам өсуде. Бұқаралық ақпарат құралдары мен ғылыми-танымдық басылымдарда жарияланған деректерге сүйенсек, экономикалық өсім мен тұрақтылық Қытайдың одан әрі ауқымды дамуына мүмкіндік тудыруда. Қытайдың басты кеден басқармасы мәліметінше, биылғы 2012 жылдың қыркүйегінде ай сайынғы экспорт көлемі бойынша жаңа рекордқа қол жеткізіп, көрсеткішті 186,35 миллиард долларға жеткізді. Бұл 2011 жылдың қыркүйегімен салыстырғанда  9,9%  артық [1].

2012 алғашқы үш кварталында Қытайдың сыртқы саудасының көлемі 2,842 триллион долларға жетіп, өткен 2011 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығымен салыстырғанда  6,2% өсті. Оның ішінде Қытай экспорты 7,4% ға өсіп, 1 триллиона 495,39 миллиард долларға жетті. Импорт 4,8% ға өсіп, 1 триллион 347,08 миллиард долларға жетті. Сыртқы сауда байланысындағы жағымды сальдо 148,31 миллиард доллар болды. Бұл Қытай экономикасының тұрақты даму деңгейін аңғартатын көрсеткіш еді.

Қытайда әлемдік экономикалық дағдарысқа байланысты жалпы ішкі өнімнің өсуі қарқыны аздап та болса баяулады. Қазіргі кезде Қытай – он екінші бесжылдықтың екінші жылын (2011-2015) жүзеге асыруда. Бұл бесжылдықтың жоспары – шаруашылықты интенсификациялауды жалғастыру. Қойылған мақсат: ішкі фактордың, әсіресе экономикалық дамуда тұтынудың ролін көтеру. Қытайдың 2011 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі статистикалық мәліметтердің алдын ала жариялануы, дағдарысты күту жағдайында жалпы халықаралық қаржы рыногынде жағымды реакция тудырды [2].

Қазіргі кезеңде зертеушілер пікірінше, Қытай экономикасы жыл өткен сайын неғұрлым «аралдық экономика» моделіне жақындап келеді. Бұл шикізат тасуға тәуелділікке түсудің қауіпті шекке жетумен байланысты шаруашылық жүйесінің моделі. Бұдан шығатын қорытынды Қытай экономикасы сырттан келетін шикізатқа тәуелді. Шикізатқа тәуелділік, оған қол жеткізу жолындағы іс әрекет, әр түрлі жолдар мен тәсілдер міне, бұл қазіргі Қытай экономикасының бағыты. Осындай жүйедегі елдер қатарына Жапония мен Оңтүстік Кореяны жатқызуға болар еді. Олар да сырттан шикізат тасып әкеле отырып, оны өңдеп экспортқа шығару жолында жұмыс процессін ұйымдастырады.

Әрине, қазіргі уақытта Қытайдың шикізат тасымалдауға тәуелділік деңгейі, Жапониямен салыстырғанда соншалықты жоғары емес. Қытайдың өз ресурстарының көлемі біршама жеткілікті. Солай болғанымен, әр жыл өткен сайын Қытайдың шикізатқа сұранысы өсе түсуде. Халықтың тұрмыс жағдайының жақсаруы азық түлікке оның ішінде ет пен балыққа, ал машина жасаудың дамуы жалпы экономмиканың қарқынды өсуі – мұнай өнімдеріне сұранысты өсіріп отыр. Оның сыртында, Қытай энергоресурстармен өзін ғана емес көршілерін де қамтамасыз етіп келді. Бұл жағдай да Қытайдың белсенді, шапшаң қимылдауын талап етуде.

Қазіргі өзгермелі әлемдегі саясат пен экономикада соңғы жиырма жылда Қытай позициясы түбегейлі өзгерді. Әсіресе, мұнай геосаясатында. Алғашқы онжылдықта 1993 жылдар мен 2003 жылдар аралығында Қытай мұнай экспорттаушы елден ірі мұнай тұтынушы елге айналып АҚШ-тан кейінгі екінші орынға шықты. Сонымен қатар, мұнай импорттаушы ретіндегі статусы да өзгеріп АҚШ пен Жапониядан кейінгі үшінші орынға шықты. 2003 жылы Қытай мұнайды тұтыну бойынша Жапониядан басып озып, сонымен қатар, бұл саладағы позициясын нығайта түсті. Қазіргі уақытта экономикасын даму қарқыны әлі де әлемдік экономикалық дағдарысқа қарамастан бір қалыпты Қытай көмірсутегіне сұранысын өсіріп отыр. Қазіргі статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қытай ТМД елдерінен 2 есе көп және Үндістаннан 2,5 есеге дейін мұнай тұтынуда [3].

Соңғы он жылда Қытайдың мұнай тасымалдау маршруты әр тараптанды. Бұл екі факторға байланысты. Біріншіден, жақын көршілес азиялық елдерден мұнай импорты бәсеңдеді. Екіншіден, Қытай тұтыну рыногы ауқымын ұлғайту жаңа аймақтарды игеру мақсатын ұстануда. Мүмкін, осы жайлар ықпалынан да болуы керек Қытай импорты тәуелділігі Таяу Шығыс елдері мен Африка мемлекеттеріне қарай бағытталды. 

2008 жылдың өзінде-ақ Таяу Шығыс елдерінен келетін мұнай импортының көлемі 50%-дан асып кетті, соның ішінде ең ірі тасымалдаушы мемлекет әрі осы аймақтағы АҚШ-тың басты одақтасы Сауд Арабиясынан импорталған мұнай көлемі 2,0%-дан 20%-ға өсті. ОПЕК мемлекеттерінің де 1995-2008  жылдар аралығындағы үлесі 9,6%-дан 56%-ға өсті [4].

 Қытайдың мұнайға деген тәуелділігінің артуы елдің энергетикалық қауіпсіздігін сақтау үшін сыртқы геосаяси тұрғыда белсенді қимылдарға көшуді талап еткені анық.

 Қытай импортында Африка мемлекеттерінің де рөлі өсті. Қазіргі кезеңде импорт көлемі 30%-ды құрауда, ол Азия-Тынық мұхиты аймағындағы елдерінен келетін импортынан 10 есе жоғары (3%) [5]. Осылай, Қытайға келетін мұнай импорттың 80%-ынан астамы басты екі аймақ  – Қара құрлық немесе Африка мен Таяу Шығыстан келіп отыр..

Қытай үшін, қазіргі геосаяси жағдайда, көмірсутектері импортының өсуінде Ангола, Ресей, Нигерия, Венесуэла, Иран мен Ирак мемлекеттері басты рөл атқарады. Қытай үкіметі мұнайды өз елдеріне тұрақты импорттау мақсатында, екі бағытта жұмыс істеуде. Біріншіден, мемлекеттермен ұзақ мерзімді келісімге келу. Нақты мұнай экспортындағы қуатты мұнай экспорттаушы елдерге 50 млрд. доллар көлемінен асатын кредиттер бере отырып, келісімдер жасау [6]. Екіншіден, қытайлық ұлттық компаниялардың әлемнің әр аймағындағы мұнай және газ кен орындарын игеруге қатысу құқғын алуларына көмек көрсету. Таяу Шығыс, Африка, Ресей мен Латын Америкасында қытай компаниялары белсенді жұмыс жүргізуде.

Қазіргі уақытта Қытай мемлекетаралық келісімдер негізінде Әзірбайжан, Канада, Қазақстан, Венесуэла, Судан, Индонезия, Ирак және Иранда мұнай өндіруде. АҚШ Энергетика министрлігінің мәлімдеуінше, 2008 жылы шетелдегі Қытай мұнай компанияларының мұнай өндіру көлемі күніне 820 мың баррельге жетті [7].

Шетелдік мұнай қорындағы «өзіндік мұнай» қорларын ұлғайту тенденциясы қазіргі ҚХР-ның импорт құрылымында аса тиімді тенденцияға айналды. Осылай Қытай басқа аймақтарда барлау, өндіру, тасымалдау процессіне қатысып «мұнай қорын» жасауда. Бұл мұнай геосаясатындағы аса ірі және батыл қадам. Бірақ, Ирак, Ливия секілді тұрақсыздық жағдайындағы мемлекеттерде үлкен шығынға да ұшырау қауіпін жоққа шығаруға болмайды.

Қытай мұнай тасымалдауда жаңа құрылымдар құру арқылы әлемдік мұнай нарығында транспорттық инфрақұрылымының дамуына жаңа серпін берді. Таяу Шығыс – Орталық Азия – Қытай жер үсті мұнай коридорын салу қазіргі батыл жобалардың бірі. 

Бұл жобаға қатысу құқына Иранның да ие болуы мүмкін. Дәліз салынған жағдайда Иранның мұнай геосаяси бағыты Еуразия құрылығында аса беделге ие болады. Сонымен бірге, Үнді мұхиты алабының терең сулы аймағында Бангладеш, Камбоджа, Мьянма, Тайланд және Пәкістанда теңіз айлақтарын салу жобасы да аса маңызды. Бұл жоба «Маржандар жібі» атауымен белгілі [8].

Әлемдік нарықтағы мұнайға сұраныс соңғы жылдары Қытай есебінен өсуде [9, 11 б.]. ҚХР-ның ішкі мұнай қорының аздығы сонымен қатар, қазіргі уақытта энергия ресурстарын тұтыну деңгейі мен оған деген сұраныстың артуы, ҚХР-ның мұнай нарығындағы белсенді іс-әрекеттері әлемдік қауымдастық назар аударған өзекті тақырыптарының біріне айналды.

Қазіргі кезеңдегі мұнай бағасының төмендігі тұтыну деңгейі өсіп отырған Қытай үшін тиімді. Бірақ, бұл экспортаушы елдер үшін қолайсыз. Бұл алдағы уақытта қайшылық тудыруы мүмкін деген болжам бар. Әлемде мұнайға тәуелділіктің өсуі мұнайдың геосаяси рөлін күшейтумен қатар, аймақтың шиеленісті және дағдарысты тудыруы мүмкін.  Сонымен қатар, мұнайға тәуелділікті өзгерту үшін, баламалы энергия көздерін пайдалану қажеттілігі туады. Бұл әрине, жаңа шығындарды қажет етеді. Қытайда мұнайға деген сұранысқа ықпал етуші факторлар бар. Мысалы, халық санының өсуі. 2005-2030 жылдар аралығында халық саны 145 млн-ға көбейеді деген болжам бар. Сондай-ақ, индустрияландыру мен урбанизация процессінің аяқталмауы. Қытайда автокөліктер санының шапшаң өсуі. Мұнай өнімдерін қажет ететін инфрақұрылымдардың өсуі. Кірісі жоғары орта таптың қалыптасуы мен өсу үстінде болуы. Міне, осы жағдайдар мұнайға сұранысты қажет етеді.

Халықаралық Энергетика Агенттігі мамандарының пікірінше, Қытайдың мұнайға сұранысы соңғы бес жылда өте жылдам өскен. Осындай пікірді АҚШ Департаменті, Жапония энергетика институтының сарапшылары, ҚХР-ның әлеуметтік ғылымдар Академиясы, Райс Университеті, ОПЕК және т.б. айтуда [10, 126 б.]. Қытайдағы мұнай тұтыну көлемінің өсуі 2009 жылы күніне 8 млн. баррель деңгейінде болса, 2030 жылға қарай күніне 12-16 млн. баррельге жетеді деген болжам бар. Осындай жағдайда, Қытай тұтынуға қажетті 2-4 млн. баррель мұнайды қайдан алуы мүмкін деген әзірше жауабы жоқ сұрақ бар.

Қытайдың келешекте орасан зор масштабта энергия тасымалдауға тәуелділігі әлемдік қауымдастықты қауіптендіруде. Халықаралық Энергетика Агенттігінің мәліметтеріне сүйенсек, сұйық көмірсутекті әлемде күндік тұтыну көрсеткіші 2030 жылы 85 млн. баррельден 106 млн. баррельге өсіп, 21 млн. баррельге көбейеді [11, 5 б.], оның ішінде тұтынылатын мұнайдың 50%-ы Қытайға тиесілі болады [12, 3 б.].    

Бұл бір жағынан экологиялық қатер қауіпін күшейтеді. Дәлірек айтсақ, Қытайдың мұнайға сұранысының өсуі  ауадағы көмірқышқыл газының көбеюіне әкелетіні анық. Халықаралық Энергетика Агенттігі мәліметінше, 2030 жылы пайдалы қазбаларды өндіру кезінде шығатын ауадағы көмірқышқыл газдары мен басқа да ауаны ластайтын заттардың көбеюі шарықтау шегіне жетеді. 2006 жылғы 29 млрд. тоннадан 2030 жылы 40,3 тоннаға дейін өседі [13, 131 б.]. Қазір Қытай атмосфераны ластау бойынша бірінші орында, 2006 жылы бұл көрсеткіш бойынша АҚШ-тың алдына шықты.

Сонымен қатар, Қытайдың мұнайды импортаушы екі аймаққа тәуелділігі арта түседі. Олар - Таяу Шығыс пен Ресей. Осыған сәйкес, 2030 жылы ОПЕК мемлекеттерінің әлемдік өндірістегі рөлі артып, 44%-дан 51%-ға жетеді деген болжам бар [14, 7 б.].

Әлемдік нарыққа батыл енген Қытайдың ұстанған бағыты 2007 жылы қабылданған екі құжат Қытай энергетикалық жоспарынан айқын байқалады. Ресми түрде бұл құжаттар «Қытай энергетикасының дамуы – 2007» немесе «Көгілдір кітап» және «Қытайдың энергетика аясындағы хал-ауқаты және саясаты туралы» немесе «Ақ кітап» деп аталады. Аталған құжаттарда Қытайдың ішкі және сыртқы стратегиясы айқындалды.

Қазіргі кезеңдегі Қытай ұстанған ішкі энергетикалық стратегиясы төмендегідей:

1. Мемлекеттің жоғары деңгейде энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

2. Ауқымды көлемді энергия сақтандыру стратегиясын жүзеге асыру;

3. Энергетика саласындағы нарықтық реформаларды жылдамдату мен тереңдету;

4. Қоршаған ортаны қорғау саясатын ескере отырып жанармай энергетикасын біртараптандыру.

5. Энергия көзін алу жөніндегі атом энергетикасы мен газ энергетикасын жедел дамыту және әртараптандыруды қолға алу. Атомдық энергетиканы дамыту тұрғысында мүмкіндіктің бірі ретінде Франциямен, Ресеймен техникалық байланыс орнату;

6. Мемлекеттік мұнай қорын құру;

7. Көмір өндіруде технологияларды енгізу арқылы ішкі көмір қорын пайдалану;

8. Мемлекеттің шетелдік мұнай импортына тәуелділігін төмендету мақсатымен ішкі энегия тұтынуды қайта құрылымдау мен жетілдіру.

Қытайдың басты сыртқы энергетикалық стратегиясы мынадай:

1. Импортталатын энергия көздерін диверсификациялау. Мұнай көздерін айқындау мен тасымалданатын жолдарын да әртараптандыру;

2. Көмірсутектерге бай кен орындарын игеруге Қытай компанияларының қатысу құқығын алуы;

Қытайдың энергетикалық геосаясаттағы бағыты елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді әртараптандырып, «өз күшіне тірек болу». Олар сырттан келетін мұнай мен газ импортының өсу деңгейін бақылауда ұстап, энергетикалық дағдарыс тумас үшін жоспарлы түрде ішкі резервтерді іске қосу,  жанармайдың қосымша қорын қалптастыру, «көмірсутексіз» экономиканы құру, энергия  сақтандыратын технологияларды  масштабты түрде қолданысқа енгізуді ұстануды.

Қытай билігі қазіргі уақытта практика жүзінде осы бағытта белсенді іс қимылдарды жүзеге асырды. 2009 жылдың басында Қытай өзінің бірінші стратегиялық қорларын толтыруды толық аяқтады. Нәтижесінде бір айлық, 30 күнгі қолданысқа жететін 12 млн тонна мұнай қоры жасады. Бірінші кезең аяқталған соң екінші кезеңге белгіленген жұмыстарын бастап кетті. Оған сәйкес толтырылған 4 сақтандыру орындарынан басқа, тағы да 8 орынды толтыру жұмыстары басталды. 2020 жылға дейін үш айлық мұнай қорларын қалыптастырып 100 млн тоннаға дейін көбейту жоспарлануда. Экономикасы шапшаң дамып отырған Қытай өз қарқынын қажетті деңгейде ұстап тұру үшін мұнай қорын қалаптастыру жұмыстарын жоспарлы түрде жүргізуде [15].

Қазіргі уақытта Қытайдың энергетика геосаясатындағы басты міндеті қолданыстағы энергия куатын үнемдеу мен тиімді жұмсау болып тұрғаны белгілі. Қытайдың динамикалық тұрғыдағы өсімін энергетика саласы толық қанағаттындыра алмай отырғандығы да билікті мазасыздандырып отырғаны басы ашық мәселе. Қытайдың энергия қолдану саласындағы шығындары әлемнің дамыған мемлекеттермен салыстырғанда артта қалып қойғандығын көрсетеді. Себебі, мемлекет энергиямен қамтамасыз ету саласына орасан зор шығындар жұмсап елдің тұрақты дамуы мен геосаяси тәуелділігі арта түскендігі байқалып отыр. Мысалы, Қытайдың 1 долларға сәйкес жалпы ішкі өнімі Жапониядан 11,5 есе, Франция мен Германиядан 7,7 есе, Ұлыбританиядан 5,3 есе, АҚШ-тан 4 есе кем [16, 48 б.]. Осындай көзге көрініп тұрған және экономистар мен саясаткерлердің объектісі болып отырған энергетика геосаясатындағы қайшылық бүгінгі күні Қытайдың экономикалық дамуына ғаана әсер етумен қатар, нақты іс жүзінде әлемдегі көшбасшы мемлекетке айналуына да кедергі келтіріп отыр.

Солай болғанымен, Қытай кездескен кедергілердің қандай болса да шешу жолын ұстанып биік мақсаттар қойып отыр. Қытайдың «Энергиямен қамтамасыз ету жолындағы орташа және ұзақ мерзімді болашағы бар бағдарламасы» атты құжатында тактикалық және стратегиялық басты міндеттері белгіленді. Оларға нақтырақ тоқталсақ:

v               2010 жылы ҰЖӨ-ді 2 есе ұлғайту;

v               Энергия шығындарын бірліктерге сәйкес 20%-ға қысқарту;

v               2020 жылға дейін ЖІӨ-нің көлемін төрт есе көбейтіп, ал энергия шығындарын тек 2 есе ғана өсіру жоспарлануда;

Осыған сәйкес ЖҰӨ-нің бірліктерге сәйкес шығындары 40-0%-ға төмендетіледі [17, 26 б.].

Ресурстық базасының әркелкіліігі, сыртқы және ішкі факторлардың Қытай экономикасынына өзгеріс енгізу мүмкіндігі, ұзақ мерзімдік энергетикалық даму бағдарламасының көп нұсқалы даму моделі болып отыр. Оның негізі сыртқы энергетикалық ресурстар резервін құру мен ішкі энергия қорын тиімді пайдалану. Жоспарға сәйкес үкімет көмір өндіруге ықпал ететін құрылымдық жүйені жетілдіріп, геологиялық барлау жұмыстарын күшейтіп және көмірді шапшаң және қалдықсыз өндіретін жаңа құрылымдалған базаларды құру бағытын ұстанып отыр. Көмір өндірісін дамыту жоспары елдің бір қалыпты, баяу энергетика саясаты ретінде бағалануда.

Жылдам даму әрі энергиялық қажеттілікті қамтамасыз етудің баламалы жолы ретінде елдің энергетика саласында атомдық энергетиканы дамыту да қолға алынғанымен ел экономикасында мұнай факторы басты ықпал етуші энергия көзі ретінде қалып отыр.

Сонымен, ХХІ ғасырдың алғашқы он жылдығында Қытай экономикасының энергетика геосаясатында ең басты энергия көздері – көмір, газ, атомдық энергетика және ең бастысы мұнай.

Қытай билігі елге келетін мұнай жолдарын әртараптандырып, транспорттық дәліздерді кеңейту арқылы елдің энергиямен қамтамасыз етілуіндегі тұрақтылықтың сақталуына күш жұмсап сындарлы саясат жүргізуде. Сондықтан да болар, әлем аймақтарындағы саяси қайшылықтар мен шиеленістерге Қытай белсенді түрде араласпайды. Экономикалық мүддені басты орынға қойып отырғаны да белгілі. Солай болғанымен, Қытай «көлеңкеде» ұзақ жүруді қаламайды. Әлем нарығындағы және әлем геосаясатындағы рөлін, өз ықпалын жоғалтпау үшін,  сыртқы саясатта белсенді қимыл іс-әрекетке баратындығы және өзіне сенімді одақтастар іздейтіні де анық.

Бүгінгі басы ашық мәселе - Қытай мұнай геосаясатында аса ірі және күшті ойыншылардың біріне айналды. Оны шетелдерге тікелей және жанама түрде инвестицияларды көп құюынан, елдің ауқымды стратегиялық мұнай дәліздерін салуға мүдделілігімен және мемлекеттің мұнайға деген ауқымды, әртарапты ұмтылыстарынан байқау қиындық туғызбайды. Қытайдың бұл әлемдік мұнай геосаясатына кіруге ұмтылысы оның экономикасының, бүгінгі даму қарқынының мұнайға деген тәуелділгімен байланысты. Мұнайға қажеті энергия көзі ретінде қол жеткізе алмауы мен әр түрлі объективті және субъективті кедергілердің тууы алып мемлекетті де экономикалық тығырыққа тіреуі мүмкін. Ал Қытай билігі қандай жағдайда болмасын оған жол бермейтіні айқын.

Әдебиет:

1. Экономика | "РИА Новости" 13 октября 2012.

2. Александр Салицкий Китай: непростые проблемы роста. Интернет журнал «Новое Восточное Обозрение».  14.02.2012  

3. Данные Министерства энергетики США URL:

4. Данные Министерства энергетики США  URL: http://tonto.eia.doe.gov/country /country_time_series.cfm?fips=JA

5. UN COMTRADE Database URL: http://comtrade.un.org/

6. Данные Министерства энергетики США URL:  http://www.eia.doe.gov/cabs /China/ pdf.pdf

7. ВР Statistical Review of World Energy 2008. Ibid.

8. Энергетические интересы Китая в Центральной Азии и на Ближнем  Востоке объясняют его активность в Шанхайской организации сотрудничества (ШОС)

9. ВР Statistical Review of World Energy 2008. РР. 11, 28. Ibid.

10. Последний прогноз МЭА оценивает спрос КНР к 2030 г. согласно базовому сценарию в 15,3 млн барр. в день. Источник: International Energy Outlook 2009. Р. 126. Ibid.

11. World Energy Outlook 2008. Основные положения. C.5.

12. World Energy Outlook 2007. Основные положения. C.3. URL: http://www.iea.org/ weo/docs/weo2007/WEO_Russian.pdf

13. International Energy Outlook 2009. Р. 131. URL: http://www.eia.doe.gov/oiaf/ieo/

14. World Energy Outlook 2008. Основные положения. C. 7. Ibid.

15. Китай приступил к созданию стратегических запасов. Новости Китая. URL: http://www.ni-hao.ru/news/china/921

16. Рассчитано по данным МЭА. Key world energy statistics P. 48. URL:  http://www.iea.org/Textbase/nppdf/free/2009/key_stats_2009.pdf

17. Энергетическая стратегия Китая и российско-китайское сотрудничество в отраслях ТЭК // Мировой рынок нефти и газа. - 2008. - №9 (сентябрь). - С.7-26