Бекмырза Сұлушаш Бекмырзақызы

                                       Қазақстан Республикасы, Шымкент қ.

Академиялық инновациялық университет  

 

ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының көсемі

 

Қазақ зиялыларының ояну дәуірі болып табылатын ХХ ғасыр басында қазақ әдебиетіндегі басты сарын ұлт-азаттық рухы болды. А.Байтұрсынов бастаған қазақ зиялылары Ресейде болып жатқан саяси оқиғалардың бәрінен хабардар болатын. Ресейде ХХ ғасыр басында болған әр алуан төңкерістер, революциялар, дүниежүзілік соғысқа кіруі  Қазақстан сияқты оның шет аймақтарындағы отар елдерін де барынша күйзелткен еді. Екі жақты қанауды бастан кешіп жатқан қазақ халқының әсіресе Ресей тарапынан болып жатқан қысымға қарсылығы барынша шегіне жеткен болатын. Халқымыздың заманынан озып туған біртуар перзенттері қалай болған күнде де қазақ елін ілгері дамыған елдердің қатарына жеткізуді алдарына мақсат етіп қойды. Қазақты дамыған елдердің қатарына жеткізудің бірден-бір жолы оқу, ағарту, білім беру ісі екендігін олар кімнен де болса артық түсінді. Отарлық бұғауды үзіп, қазақ елін егеменді ел етуге әрекет жасады. А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Шоқай, М.Дулатов сынды ақыл-ой алыптарының саяси санасы, парасат пайымы пісіп жетілгенімен, тарихтың толғағы пісіп жетілмегендіктен, қазақ елінің өз алдына дербес, тәуелсіз мемлекет болуы сынды ұлы мақсат жүзеге аспай қалды.

Әрине, оның көптеген себептері бар. Сол себептердің бірі әрі бірегейі оқу, ағарту ісінің жолға қойылмағандығы еді. Қазақ зиялылары ат жалын тартып мініп ,ел ісіне араласа басатаған өрімдей жас кезінен-ақ ел ішінде оқу, өнер білімді насихаттай бастады. Олар ХIХ ғасырдың II жартысында өмір сүріп, шығармашылықпен айналысқан ағартушы демократ, қазақтан шыққан жаңа үлгідегі тұңғыш педагог Ыбырай Алтынсаринды, ұлы ойшыл ақын Абай Құнанбаевты  өздеріне үлгі тұтты. Олардың оқу, өнер- білім, ғылымды насихаттаған өлеңдерінің үлгісінде шығармалар жазды, кітаптарын шығарып, ел ішіне таратты. Оқу мәселесі көп қаржыны талап ететін үлкен мемлекеттік іс екенін біле тұра, сол процесті тездетуге барынша күш салды. А.Байтұрсынов, М.Дулатов жай ғана ауызекі үгіт-насихатпен, өлең шығарумен, мақала жазумен шектелмеді. Олар өздерінің идеяларын жүзеге асыру үшін халыққа пайдасы тиетін игі істердің бел ортасында жүрді. Мұғалім болып бала да оқытты, ақын-жазушы болып кітап жазды, журналист болып газет шығарды. Сол үшін қуғын-сүргінді көп көрді, абақтыға жабылды. Абақтыдан шыққаннан кейін де күресін тоқтатпады .Олардың шығармаларындағы басты тақырып ұлт азаттығы болды. Бірақ ашық майданға шығып, қан төгісіп күресетін жағдайдың жоқтығын түсінді. Жалпы қазақ зиялылары қан төгіс жолын еш уақытта таңдаған емес.Халықты ауыр тұрмыстан, саяси дағдарыстан, әлеуметтік тығырықтан шығаратын жол тек оқу, ағарту жолы екендігін терең түсінді. Сондықтан олар өздері айтқандай махаббат, табиғат, сұлу қыз т.б тақырыптарды жырлай алмады, негізінен, азаттық рухында қоғамдық-саяси лирика, публицистикалық шығармалар жазумен айналысты. Егер А.Байтұрсынов көбіне оқу, ағарту, мектеп ісі жайлы көптеген публицистикалық мақалалар жазып, оқудың қажеттілігін жан-жақты дәлелдеп жазса, М.Дулатов пен С.Торайғыров өздерінің публицистикалық лирикасымен оқу, өнер-білім тақырыбын жеріне жеткізе жырлады.       

 Сонымен, ХХ ғасырдың басында өмір сүрген қазақ зиялылары үшін өмірінің  мәні де сәні де ұлт азаттығы болды. Көрнекті қоғам қайраткері, ақ сұңқар ақын С.Сейфуллиннің сөзімен айтсақ, ол былай болып шығады: «Қазақ оқығандарының арасында 1905 жылдан бастап-ақ.... революциялық идея, ұлттық теңдік пен азаттыққа үндеу етек алды. Жаңа оянып келе жатқан қазақ интеллигенциясының ол кездегі дем берушілері Бөкейханов, Дулатов, Байтұрсыновтар болды», [4,5] - деп жазды ол сол кездегі қоғамдық  өмірге баға берген «Қазақ зиялылары хақында» атты мақаласында.

         ХХ ғасырдағы қазақтың ұлттық қозғалысының үлкен қайраткері, Қазақстандағы ең бірінші революциялық кітап атанған, 1909 жылы жарияланған «Оян, қазақ» кітабының авторы, жалынды ақын Міржақып Дулатов «Труды общества изменения Киргизского (казахского) края» деп аталатын жинақтың үшінші басылымында А.Байтұрсынов туралы былай жазды: «А.Байтұрсынов өз  өлеңдерінде сүйіспеншілікті , әйел сұлулығын, табиғат әсемдігін жырламайды, онда сыршыл өлеңдер мен айшықты тіркестер жоқ. Ол қарапайым да ұғынықты тілімен еркіндікті, езілген қазақ халқын жырға қосады, оларды білімге, еңбексүйгіштікке, ғасырлар бойы ұйқыдан оянуға шақырып, әрбір қазақтың жүрегіне азаматтық рух сіңіреді». [5,298]

       Тұтас буынның төл басы, ХІХ ғасырда өмір сүрген Абай, Ыбырай, Шоқан салған ағартушылық, демократтық  бағытты ілгері жалғастырушы ірі ғалым-тілші, әдебиет зерттеуші, түрколог, дарынды ақын-аудармашы Ахмет Байтұрсынов  ұлы  Абайдың ағартушылық демократтық бағытын ұстанған бірегей ақын болды. Абайдан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында ақын болған жоқ деп білген А.Байтұрсынов  Абай сияқты қандастарының  істен гөрі  сөзге үйірсектігіне, жалқаулығына, әрекетсіздігіне, надандығына, пәлеқорлығына күйінді.  Халықты өсірмейтін ала ауыздық, бітімсіздік, берекесіздікті қырына алып сынады. Оның бар арман мақсаты қанаудың қыспағында екі өкпесінен тепкіленіп күй кешіп жатқан халқын қапас қамау түнектен, мешеуліктен құтқару, оқу-білімге, ілімге шақырып ұмтылдыру болды. Осы жолда ол өзінің өлең жырларын өз ұлтының игілігіне жұмсады, қажетіне жаратты.

А.Байтұрсынов  елдік, ұлттық бостандығы жоқ, отаршылдық күй кешіп отырған, ғылым-біліммен де теңдесе алмайтын көшпелі жұртына:

                                      Оянған ерге

                                        Ұмтылған жерде

                                        Еруші аз,

                                        Серік кем

                                        Қас білген досты,

                                        Дос білген қосты

                                        Мұндай елді көріп пе ең

                                        Қыс ішінде бірер қаз

                                        Келгенменен қайда жаз?! [1,79]

дейді.

         Халықты ояту жолында қызмет ететін күштің әлі де аз екенін және айтады. «Ойы, рухы жақын» інісі М.Дулатовқа арнаған өлеңінде айтқандай, «аз-көбіне қарамастан ат қойып жүрген» өздерін «ақылға жарлылар» деп табады. Алдыңғы толқын ұлы Абай сияқты өзі үшін емес, халқы үшін қызмет ету– «Масадағы» өлеңдердің лейтмотиві. «Қазақ халқы» деген өлеңінде:

 

                                      Дегендер мен жақсымын толып жатыр,

                                      Жақсылық өз басынан артылмаған-

 

деп  жеке бастың мүддесінен қоғам, халық мүддесін жоғары қоятындығын бір білдірсе, екінші бұр шумағында:

                                      Не пайда өнерің мен біліміңнен

                                      Тиісті жерлеріне сарып ұрмаған-[1,83]

 

деп  бұл ойын бекіте түседі.

         А.Байтұрсыновтың поэзиясына, ақындығына Абай үлгісі қатты әсер еткені сезіледі. Ол әсер, ең алдымен поэзияда әлеуметтік тақырыпты көтеруде көзге түседі. Ақаң жастарды балаларды оқытуды ең маңызды іс деп біледі. Келешекте ғылым,  мәдениетті  дамыту халықтың оқуы арқылы ғана болады дейтін.

А.Байтұрсыновтың публицистикалық шығармаларының арасында оқу-ағарту, білім беру жүйесі, мектеп ісі туралы жазған мақалаларының орны ерекше. Олар сан жағынан да аз емес. Ол мақалаларда сол кезеңдегі ең көкейкесті, өзекті мәселе халыққа білім беру оқыту жайы қозғалады. 1913 жылы жазылған «Қазақша оқу жайынан» деп аталатын мақалада   осы мәселе туралы: «Әуелі, біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те халықтық та оқумен түзеледі. Қазақ ісіндегі неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде оқуменен түзеледі. Бұл күндегі үлкендердің көбі біздің жаңалық ісімізді жатырқап, жаңалық пікірімізді түсінбей, айтқанымызды тыңдамай, істегенімізге қосылмай отыр. Олар өтіп, кейінгі ағалардың да заманы жетер. Жаңалыққа жастар мойнын бұрып, қайрылар, халық түзелуінің  үміті жастарда. Сондықтан жастардың қалай оқып, қалай тәрбиеленуі- бәрінен бұрын ескеріп, бәрінен жоғары қойылатын жұмыс. Орысша оқу орыс қолтығында тұрған жұртқа керек. Қазақша оқи, жаза білген соң, шама келсе орысша да білу қажет». [2,252]

«Қазақша оқу жайынан» деп аталатын мақалада оқу, білім беру жұмысына кедергі келтіретін мәселелер жан-жақты талданып берілген.

Ең бірінші үлкен қиындық қазақ тілінің бастауыш мектебінде әліппеден басқа оқытатын кітаптардың  (оқулық) жоқтығы екендігін атап өтеді: «Дін жайынан оқытатын, есеп оқытатын, жағрафия һәм тарихтан қысқалап хабар беретін кітаптар әлі жоқ», - деп ренішін білдіреді.

Дәл осы мақаласында А. Байтұрсынов қазақ балаларының қандай мектептерде оқып жүргендігінен хабар береді. Олардың бір парасының орысша оқып жүргендігін, бір парасының ескі молда оқуында, үшіншісінің оқудың жаңа жолында екендігін атап өтеді. Осы 3 түрлі оқудың әрқайсысының болашағы туралы нақты сипаттама береді.

Ескі оқу бүгін бар, ертең жоқ нәрсе екендігін, әлі-ақ тұтынудан шығып қалатындығын айтады. Орыс мектебіндегі оқыту мен тәрбиелеу оқығандардың қолында салыстырмалы түрде ана екі оқуға қарағанда кемшіліктері жоқ екендігін атап көрсетеді. Бірақ бала әуелі өз тілінде, қазақша оқи, жаза білсін. Орысша сауатты болу екінші кезектегі мәселе дегенді айтады. А.Байтұрсынов қазақ балаларын оқып жүрген жаңа жолдың оқуына кеңінен тоқталады. «... жаңа жолдың оқуы жаңа оқып шыққан жас мұғалімдердің қолында. Бұлардың күштері тың, білімдері соны, пікірлері жаңа. Ниеті жұртына қызмет ету. Бұлар білгенін, тапқан-таянғанын жұртынан аяп қалатын емес. Қазақтың бастауыш мектебін қолдарына алуға лайық адамдар әр жайдан хабардар: дүниеде не істеліп, не қалыпта тұрғаннан бұлардың мағлұматы мол. Қысқасы қазақ арасына білім нұрын жаюға нағыз қолайлы адамдар». [2,252]

А.Байтұрсынов та осы жолдағы мұғалімдер мен оқушыларға нағыз тілектес дос ретінде, оқуды қалай сапалы етуге болатын жолды қарастырады. Жаңа жолдағы оқуды жүзеге асыратын мұғалімдердің кемшіліктері ретінде  дыбыс айыру жағынан шорқақтығын, олардың оқуды дыбыспен жаттықтырудан бастамайтындығын көрсетеді. А.Байтұрсынов дыбыспен  жаттықтырудың оқуды, жазуды жеңілдетуге көп пайдасының барлығын айтады.

1913 жылы «Қазақ» газетінде оқу, білім беру жайлы жазылған осы алғашқы мақаласында А.Байтұрсыновтың бірнеше мәселені көтеретіндігін байқаймыз.

Ең әуелі, оқу ісі қазақ халқы үшін өте маңызды мәселе екендігі атап өтіледі.

Екінші, сол кезеңдегі қазақтың оқу жұмысының түрлеріне сипаттама беріп, солардың ішінде өзінің жаңа оқу жолындағы мұғалімдер мен оқушыларға көп үміт артатындығын, халықтың болашағы да соларға байланысты екендігін қадап айтады.

Үшіншіден, жаңа оқу жолындағы мұғалімдерге оқытудың тиімді оңай жолдарын үйретіп, түсіндіреді.

«Оқу жайы», «Білім жарысы», «Білім жарысы хақында», «Орысша оқушылар», «Оқыту жайынан» атты  кейінгі мақалаларындағы А.Байтұрсынов оқудың адамзат өміріндегі маңызын жаңаша қырынан түсіндіреді. Мысалы, «Оқу жайы» деген мақаласында: «Бұл күнде оқудың керек екеніне ешкімнің таласы жоқ. Қай жұрт  болса да оқумен ілгері басып тұрғандығын, кейін қалудың себебі оқудың кемдігінен екенін көріп тұрмыз. Оқусыз халық   қанша бай болса да, біраз жырдардан кейін  оның байлығы өнерлі халықтардың қолына көшпекші». [3,253]

Осы мақаланың келесі бір үзіндісінде айтылған ой бүгінгі таңда да өз маңызын жоймаған сыңайлы. Мысалы:  «...қазақтың осы күні  сатып алмайтын нәрсесі жоқ, сол алған нәрселерінің бірін де қазақ өзі істеген емес. Қазақ пайдаланып отырған шөп шабатын, киім тігетін машиналар, соқа-сайман, арба-шана, киім-кешек, ыдыс-аяқ – бәрі де завод, фабрикаларда істеліп шыққан. Бұл істеліп шыққан нәрселердің сүйегінен іс ақысы он есе қымбат. Бұлай  болғанда, қазақ басқа жұрттың өнерін қымбатқа сатып алып отыр». [6,253] Данышпан ағартушының осы ойлары дамыған елу елдің қатарында болуға ұмтылған бүгінгі Қазақстан үшін көкейкесті мәселе болып отырған жоқ па? А.Байтұрсынов осы мақаласында өнер-білімнің пайдасын тағы да шегелеп айтып түсіндіреді. «Бұл заманда қолы жетпегендерді теңдікке жеткізетін, әлсіздерге күш беретін өнер-білім, сол өнер-білімге мезгілі өтпей тұрғанда үйренсек, тұрмысымызды түзетіп, басқалардың аяқ астында  жаншылмас едік, біз де өз алдымызға бір жұрт екендігімізді білдірер едік».

Осы замандағы жан таң қалдырарлық нәрсенің бәрі де ғылыммен табылған. Адам баласын көкте құстай ұшқызған, суда балықтай  жүздірген ғылым. Осыларды істеп отырған жұрттың бәрі де бұрын осындай болмаған. Бұлар да басында біздей, құдды, бізден де өнерсіз болған. Халық жүре, оқи талаптана келе осыншаға жеткен». [3,255] Осы үзіндіні оқып отырғанда ХІХ ғасырдың ІІ жартысында өмір сүріп, халқына қызмет еткен ағартушы, демократ ақын Ы.Алтынсариннің «Өнер-білім бар жұрттар» өлеңі еске түседі.

  Жалпы  жұртшылықтың,  оқуға,  білім  алуға  деген  ынтасын  ояту  мақсатында  сол 1913 жылы   «Білім  жарысы»,  «Білім  жарысы  хақында»  деген  мақалаларын  жазады.

«.....Неше  түрлі  ғылым,  өнер  - бәрі де  тіршіліктің   ауырлығын   азайту  үшін,   рақатын  молайту  үшін  шығарған  нәрселер.  Ғылым, өнер  артылған  сайын  дүнияда  бейнет  кемімекші».  [3,256] Осыған   ақылы  жетіп,  есі  енген  жұрттар  ғылым  мен өнерді  бірден-бірге асыруға тырысады.  Асыру  үшін әр түрлі  істер істейді.  Сол істердің  бірі деп білім  жарысы дегенді  айтады.  Осындай  мақсатта  Европада  Нобель  сыйлығы  берілетінін,  оны  алған  әр  түрлі  ғылым, өнер, саласындағы  дарынды адамдар  жайынан  хабардар  етеді.  Қазақ  байларында, әрине,  Европа  байларындағыдай  байлық жоқ.  Сонда да болса,  шамасына  қарай  қазақ байлары  ақшасын  ел  арасында  білім  тарататын  кітаптар,  мектеп  оқулықтарын,  жақсы романдар жазатын  адамдарға    бәйге  жарияласа,  ол да бір игілікті  іс  болар  еді  дегенді  қадап  айтады.  Қазақ байларын  халықтың сауатын  ашатын,  мінез-құлқын  түзейтін  пайдалы   кітаптар  жазатын  адамдарға  демеуші  болуға  шақырады. 

Сонымен А. Байтұрсыновтың оқу, ағарту ісіне байланысты елге еткен еңбегі ұшан-теңіз. ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының көсемі атанған «Ахмет Байтұрсыновтың ақын, публицист, ғалым, қоғам қайраткері санатында жасаған барлық еңбегі, тартқан қорлық, көрген азабы, болашаққа сенген үміт-араманы – баршасы осы ұлы миссияны орындауға, туған халқы үшін қасықтай қаны қалғанша қалтқысыз қызмет етуге арналған.» [4,14]

Ірі қоғам қайраткері, күрескер қаламгер, көрнекті ақын, ұлттық тіл білімінің, әдебиеттану ғылымының негі зін салушы ғалым А.Байтұрсыновтың  шығармашылығындағы оқу, өнер-білім, ғылым тақырыбының ерекшеліктері ретінде төмендегі жағдайларды атап өтуге болады. Ең әуелі, ХХ ғасыр басындағы қаламдас аға інілер Ш.Құдайбердіұлы,  М.Дулатов, С.Торайғыров сынды оның өнер-білім тақырыбындағы өлеңдерінен, публицистикалық шығармаларынан ояну дәуірінің ұлт-азаттық рухы айқын танылды. Оның жай қаламгер емес,  күрескер қаламгер екендігі қалың көпшілікке белгілі болды.

 Екіншіден, жоғарыда аталған әріптес ақындардың поэзиясынан  да, өзінің оқу, өнер-білім тақырыбындағы өлеңдерінен де Абай дәстүрі, ұлы ақынның ілгерішіл озат ойының әсері анық байқалды.

Үшіншіден, ол   білім, ғылымы, ақыл-парасаты, саяси оқиғаларды пайымдауы, туған елінің тарихын, тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін, әдебиетін терең білуі жөнінен ұлт көсемі дәрежесіне көтерілген тұлға болды

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.     Байтұрсынов А.  Ақ жол/ Өлеңдер мен тәржімалар, публицистикалық мақалалар және әдеби зерттеу/ Алматы, «Жалын» 1991.

2.     Байтұрсынов А. «Қазақ зиялылары хақында» // Ақ жол/ Өлеңдер мен тәржімалар, публицистикалық мақалалар және әдеби зерттеу/ Алматы, «Жалын» 1991.

3.     Байтұрсынов А. Қазақша оқу жайынан// Ақ жол/ Өлеңдер мен тәржімалар, публицистикалық мақалалар және әдеби зерттеу/ Алматы, «Жалын» 1991.

4.     Бес Арыс. Жинақ. Алматы «Жазушы» 1991. 614 бет.

5.     Дулатұлы М. Оян, қазақ!. / Алматы, «Алтын Орда» 1991.

6.     Кәкішев С. Ахаң туралы ақиқат. / Алматы, «Қазақстан», «Шапағат» 1992.