Асетова Ж.Б., Шакенова Ж.
Е.А. Бөкетов атындағы
Қарағанды мемлекеттік университеті
Бастауыш
сынып оқушысы тұлғасын қалыптастыруда халық
құндылықтарының алатын орны
Еліміздің саяси-экономикалық
және әлеуметтік жедел жаңаруында Қазақстан
Республикасының «Қазақстан – 2050» даму стратегиясы
бағытына сәйкес әрбір ұрпақтың жеке
тұлға болып қалыптасуында халықтық тәрбиенің
шешуші факторы болуы заңдылық [1].
Қазақстан Республикасының жаңа
экономикалық
қатынастарға енуі, адам
факторына ерекше мән беру, қоғам
өмірінің барлық жақтарын өмір талабына
сәйкес жаңарту ұрпақ тәрбиесіне байланысты
мәселелерге жаңаша
көзқарастарды қажет етеді.
Білім беру
парадигмасы өзгерді, білім берудің мазмұны жаңарып,
жаңа көзқарас, басқаша қарым- қатынас,
өзгеше менталитет пайда болуда, яғни: білім мазмұны
жаңа үрдістік біліктермен, ақпараттарды қабылдау
қабілеттерінің дамуымен, ғылымдағы
шығармашылық және нарық жағдайындағы білім
беру бағдарламаларының нақтылуымен байи түсуде,
ақпараттың дәстүрлі әдістері - ауызша, жазбаша,
телефон және радиобайланыс- қазіргі заманғы компьютерлік
құралдарға ығысып орын беруде; баланың жеке басын
тәрбиелеуде, оның жан дүниесінің рухани баюына, азамат
тұлға ретінде қалыптасуына көңіл бөлінуде.
Тарихқа көз жүгіртсек, бала
тағдырын ұлт тағдыры деп қарап, келешек
ұрпағының тексіз, түпсіз өсуіне жол бермеген,
жесірлерін жерге қаратпаған, жетімдерін жылатпаған елдік
дәстүрлер болған. Алайда, бүгінгі қозғап
отырған мәселеде Отанымыздың келешек белсенді мүшелері
– нәрестелерімізді қорғап, халық
құндылықтарын баланың санасына орнықтырып,
сәби кезінен бойына сіңіріп, ойына ұялату бүгінгі
таңдағы ең басты мәселе екендігі баршамызға аян.
Сондықтан, ұлттық қасиеттерді
сәбидің бойына ұялата білсек, сонда ғана біз өз
ұлтын сүйетін, рухы дамыған, еліміздің гүлденуіне
өз үлесін қоса алатын нағыз қазақ азаматын
тәрбиелеп өсіре аламыз.
Қазіргі заманда елімізде
орын алып отырған кемшіліктер мен құбылыстар – тастанды,
жетім балалар, «қиын» балалар, ана тілін, тарихы мен мәдениетін,
салт-дәстүрлерін білмейтін жастар, ішкілік пен
нашақорлыққа салынған жастар, қылмыстың
көбеюі, жұмыссыздық, халықтың тұрмыс
тіршілігі мен табиғат жағдайларының нашарлауын жоюдың
басты жолы – жас ұрпақтың бойына сәбилік кезеңнен
бастап халық құндылықтарын сіңіріп тәрбиелеудің
қажеттігін көрсетеді.
Халық
құндылықтары – ұлттық тәрбие мен
тағылымынан туған бай қазына, өшпес өнеге,
тәрбие өрнектері: ертегілер, жырлар, аңыздар,
жаңылтпаштар, жұмбақтар, санамақтар,
мақал-мәтелдер, ұлттық салт-дәстүрлер,
рәсімдер, әдеп-ғұрыптар, халықтық ойындар
мен ойыншықтар мерекелер мен тойлар, әулеттік тағылымдар мен
тәжірибелер, үлгі-өнегелер – халықтық
құнды мұра, тәлім-тәрбиенің баға
жетпес қайнар көзі. Халық педагогикасының негізі –
баланың тілінің шығуы, оның физиологиялық-психологиялық
және денесінің дамуына байланысты жас кезеңдеріне
бөлінеді. Осыған орай, халық дәстүрі балаға
жеті атасын, ру-елін, туған жерін, халқының тарихы жайында
мәліметтерді үйрету.
Халық
құндылықтарының бірі – дәстүр.
Дәстүр – бір ұрпақтан екінші ұрпаққа аусып
отыратын қоғам өмірінің дамуына сәйкес
өзгеріп, кейбіреулері жаңа мазмұн алып, әрмен
қарай дамитын халықтың қоғамдық-тарихи
өмірінде қалыптасқан құбылыс. Халық
дәстүрінің танымдық-тәрбиелік мәні –
ұлан-ғайыр дүние. Ол тұтастай алғанда жас
ұрпақ үшін ғана, адам өмірінің
рухани-адамгершілік қуатының қайнары. Оның ішінде
тікелей бала тәрбиесіне бағытталған, баланың жан
дүниесіне қалыптасуына, рухани марқаюына негіз болатын
мүмкіндіктер көп-ақ. Ол – халықтың
кәсібімен, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпымен,
тілімен, тарихымен, адами ізгілік қасиет-сапаларымен сабақтасып,
біте қайнасып, тарихи кезеңдер ерекшелігіне, қоғам тану
сатыларына қарай жетіліп, ұрпақтан-ұрпаққа
ауысып отыратын қастерлі мұра. Киелі, керемет
дәстүрлері арқылы ғана әрбір ұлт
өзінің ұлттық бояуы мен өзінің
болашақ ұрпағының төл келбетін
қалыптастырады.
Салт – адам өмірінің
күнделікті тіршілігінде (отбасынан бастап, қоғамдық
өмірдегі қатынаста) жиі қолданылатын
мінез-құлық, қарым-қатынас ережелері мен
жол-жора, рәсім заңдар жиынтығы. Ол жеке тұлға
өмірінде еңбек, іс-әрекет, адамгершілік,
құқық, дін ережелерімен байланысты көрініс береді
де біртіндеп ауыл-аймақ, ру, тайпаға ортақ рәсімге
айналады. Игі әдеттердің өмір қолданысына айналуын
әдет-ғұрып деп атаймыз. Ал, оның біржолата өмір
заңдылығына айналуы салт-дәстүр деп аталады.
Ұлттық рухымыздағы дәстүр бастауыш сынып
оқушыларының тұлғасын қалыптастыруда тиімді деп
есептейміз.
Бастауыш сынып
оқушыларының жас ерекшелігіне сай тұлғасын
қалыптастыруда халық құндылықтарының
(ертегілер, жырлар, аңыздар, жаңылтпаштар, жұмбақтар,
санамақтар, мазақтамалар, мақал-мәтелдер, нақыл
сөздер, этнографиялық, мәдени-тұрмыстық,
ұлттық салттар мен дәстүрлері, рәсімдер,
әдет-ғұрыптар, халықтық ойындар мен мерекелер,
әлеуметтік тағылымдар мен тәжірбиелер,
үлгі-өнегелер т.б.) педагогикалық іштей ашылмаған
баға жетпес мүмкіндіктері бар. Демек, бастауыш мектептегі
тәрбиені өз дамуының жаңа сатысына көтеру
үшін тікелей халық қазынасы қорын тиімді қолдану
қажет. Сондықтан тұтас педагогикалық процесте жеке
тұлғаның өн бойына асыл қасиеттерді сіңіру,
ұлттық тәрбиенің сарқылмас көздерін
(ертегілер, мақал-мәтелдер, аңыз-әңгімелер,
жұмбақтар, жаңылтпаштар, т.б.) бастауыш мектепте тәрбиеде
қоғамдық ортамен тығыз сабақтастықта
жүргізілу керек.
Әдебиеттер
тізімі:
1
Қалиев С.,
Майғаранова Ш., және т.б. Оқушылардың
тұлғалы қасиеттерін дамытудың педагогикалық
негіздері. –Алматы: Білім, 2001.-224 б
2
Қожахметова Қ.
Мектептің ұлттық тәрбие жүйесі: теория және
практика. –Алматы, 1997. – 242 б.
3
Кенжеахметов С.
Қазақтың салт-дәстүрі мен
әдет-ғұрыптары. –Алматы, 1994. –151 б.