Шаймерденов  Айбек

Орталық Азия университетінің магистранты

                      Адам құқықтарын халықаралық қорғау механизмдері

 

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін халықаралық деңгейде геноцидке, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға байланысты және халықаралық деңгейдегі бейбітшілікті қамтамасыз ететін ұйымдар өмірге келе бастады. Бұл тарихи қажеттіліктен туған қадамдардың бір еді.

Қазіргі кезде адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың мемлекеттердің ішкі ғана емес, сонымен бірге бүкіл халықаралық қауымдастықтың ортақ ісіне айналғандығы баршаға аян. “Халықаралық құқықтық принциптері мен нормаларын өзіне белгілі халықаралық-құқықтық міндеттемелер алған әрбір мемлекет ұлттық заңдардың көмегімен жүзеге асырады. БҰҰ-ның жарғысы қабылданғаннан кейін адам құқықтарын қорғауды бақылаудың мемлекеттік механизмдерімен бірге халықаралық бақылау механизмін құру үрдісі көрініс тапты”. Бұл механизмдерді мемлекеттер үстінен қарайтындар деп атауға болады. Бақылау келісілген халықаралық принциптер мен нормаларды қолданудың әсерлілігіне едәуір ықпал жасауда.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қабылданған ең негізгі адам құқықтарына байланысты құжат 1948 жылы 10 желтоқсанда БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы қабылдаған адам құқықтарының жалпыға бірдей Декларациясы болып табылады. Жоғарыда біз бұл құжатқа белгілі дәрежеде тоқталып өткен болатынбыз. Жалпы бұл құжат адам құқықтарын қорғауды халықаралық деңгейге көтере білген, оны халықаралық мәселеге айналдырған болатын. Бұл құжатқа қарай отыра, жалпы  адам құқықтары мен бостадықтары локальді, яғни жергілікті аумақтық сипаттағы құбылыс емес екендігін аңғарамыз. Былайша айтқанда бұл құжат адам құқықтары мен бостадықтарының жалпы қағидалық эталондарын белгілеген. Көптеген ұлттық мемлекеттердің Конституциясында көрініс тапқан демократиялық, құқықтық мемлекетке тән қағидалар осы құжатқа негізделді. Мысалы, адамның жеке басына қол сұғылмау қағидасы, оның 3-бабында көірінс тапқан. Еліміздің қолданыстағы Конституциясында бұл қағида осы негізде бекітілгенін білеміз. Адамның ар-ожданы мен қадір-қасиеті, заң алдындағы теңдік мәселелерінің барлығы да осы құжаттан өрбиді. Қазіргі кезеңде бұл декларацияның тарихи-құқықтық маңызымен қатар, тәжірибелікте қасиеті жойыла қойған жоқ. Дамушы елдер үшін бұл өте өзекті болып табылады.

Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөніндегі тағы да бір маңызды құжаттың қатарына, Панамада 1984 жылы өткен төртінші Бас Ассамблея отырысында қабылданған жергілікті халықтар құқығы принциптерінің Декларациясын жатқызуға болады. Бұл Декларацияның бірінші қағидасы барлық жергілікті ұлыстардың өзін-өзі билеуге құқығы бар, осы құқықтың пәрмені  негізінде олар өздерінің саяси мәртебесін ерікті түрде анықтайды. Сондай-ақ, өздерінің саяси әлеуметтік, діни және мәдени дамуын емін-еркін жүзеге асырады деп белгіленген. Бұл құқықтық құжат негізінен ұлттық негіздегі халықтардың мүдделерін қорғауға бағытталған.

Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екі қосымша хаттама бар. №1 хаттамаға сәйкес адам құқықтарын қорғаудың ерекше рәсімі бар. Аталған пактіге сәйкес адам құқықтары жөніндегі комитет құрылған. Факультативтік  хаттамада пактіге қатысушы және осы хаттаманың қатысушысы болатын мемлекет комитеттің өзінің құқықтық құзіретіне жататын тұлғалардың өздерінің осы мемлекеттің пактіде банядалған құқықтарының біреулерінің  бұзылуының құрбанымыз деген өтініштерін қабылдауға және қарауға құзыреттілігін мойындайды деп атап көрсетілген. Комитет  тиісті  шағым-арызды қарап болғаннан соң тиісті мемлекеттерге  бұзылған құқықтарды  қалпына келтіру, жағдайды өзгерту  жөнінде шаралар қолдану туралы ұсыныстар жасайды.

БҰҰ Жарғысы қабылданғаннан кейін аумақтық деңгейлерде мақсаттары адам құқықтарын қорғау болып табылатын көптеген ұжымдар құрыла бастады. 1948 жылдан бергі уақыт ішінде мемлекеттер 50 аса әмбебап және аумақтық сипаттағы көпжақты халықаралық шартар жасасты, олар адам құқықтарын қорғауға бағытталған халықаралық нормалардың нормативтік көлемін құрды. Бұлардың араларында ең белсендісі БҰҰ-ның  адам құқықтары жөніндегі комиссиясы. Бұл комиссия адам құқықтарын жаппай, дөрекі және жүйелі түрде бұзушылықтың нақтылы фактілерін зерттеу және тексеру үшін арнайы органдар құрады.

1966 жылғы азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт мемлекеттердің  өздеріне алған міндеттемелерден сақтауларын бақылаудың үш рәсімін бекіткен. 1966 жылғы азаматтық құқықтар туралы пакт мен факультативтік хаттама халықаралық шарттар болып табылады және тек оларға қатысушы  болып табылатын мемлекеттерге ғана міндеттер жүктейді. Осыған байланысты  олар адам құқықтарын бұзушылықты БҰҰ мүше мемлекеттердің барлығында емес, 1996ж. Азаматтық құқықтар туралы пакт пен факультативтік хаттаманы мақұлдаған немесе оларға қосылған елдерде ғана қорғайды.

Адам өлшемдері жөніндегі 1991 жылғы Мәскеу кездесуінің құжатына сәйкес  бұл ақпарат 10 күн ішінде (Вена   құжаты бойынша бір ай  мерзімінің орнына) тапсырылуға тиісті. Сұрау түскеннен кейін бір аптадан соң екі жақты кездесулер өткізулері де мүмкін. Екінші механизм – бұл ЕҚЫҰ- мүшелерінің өтініштері бойынша адам құқықтары саласындағы проблемаларды қарау үшін құрылуы мүмкін. ЕҚЫҰ сарапшыларының пікірлері Хельсинки қауымдастығы тек арыздарды қарау механизмін ғана қолданып қоймайды, ол барлығын біріктіреді, ал бұл белгілі санкция – сауда саласында мысалы, қолдануға мүмкіндік береді. Одан басқа еркін эмиграцияға құқықты бұзушылық үшін Американ конгресіндегі Джексон-Фэник түзетуінің сауда шектеулерін енгізуін келтіруге болады. Халықаралық деңгейдегі адам құқықтарын қорғауға қатысты негізгі ұйымдардың қатарына – халықаралық сот жатады. Халықаралық соттың мақсаты-ұлттық мемлекеттерде адам құқықтары мен бостандықтары бұзылып, әділ шешімін таппағанда, сол құқықтар мен бостандықтарды қорғау болып табылады.