Баймұрат Тағыбаев,                                                                                                                            ОҚО, Созақ ауданы, Шолаққорған ауылы

 

Пейіш оның табанының астында!

       Осы басылымға Созақтың ауданының талантты, асыл азаматы Баймұрат Тағыбаевтың «Ана деген шаңырақтың киесі!» айдарымен 2013 жылы 28 қыркүйекте «Созақ үні» аудандық қоғамдық-саяси ақпараттық газетінде жарық көрген жыр толғауы толығымен ұсынылып отыр.

Созақ ауданына белгілі, бұрынғы совет қызметкері болған марқұм Ниязбеков Сарсенқұлдың жұбайы бүгінде 98 жастағы қарт Батыр ана Ниязбекова Жаңылған әже жайлы жыр толғау... (Баймұрат Тағыбаев, Шолаққорған ауылы).

«Жыр арнасам асыл жанды анаға,

Түн ұйқысын сан бөлген жан балаға.

Ана жайлы жалбарынып жыр жазсам,

О, Жаратқан, тілегім қабыл бола ма?

Ақылменен сана берген ақ сүтің,

Шәрбат сусын бал татитын бір жұтым.

Төр алдында тамашадай боп жатсаң,

Киесі бар шаңыраққа бақ құтым.

Аруаналар іздеп боздап ботасын,

Бұл сөзімнің, ана, кешші қатасын.

Өзіңізге сәлем бере барғанда,

Көкке қарап не ойланып жатасың?...

Шаршадың ба, тоқсан жастан асқанда,

Ұзақ жасап, жүзге қадам басқанда.

Сәкенің мен Бекайдарың, Жақаның,

Періштедей елестей ме аспанда.

Дем біткенше тірілерді ардақта,

Ажал келсе ілінерміз қармаққа.

Бір Алладан бұйрықты күн жеткенде,

Жолығатын шығар, мүмкін, сол жақта.

Ерте кетті-ау, Бекайдардай боздағың,

Еске салып, ескі дертті қозғадым...

Сәкен, Жақан ағып түскен жұлдыз ғой,

Пенде көрмек пешенеге жазғанын.

Барғанымда біраз үнсіз қарайсың,

Содан кейін деп сұрайсың: - о қайсың?

Ертеде өткен үлкендерді еске алып,

Көңілің босап үй іштерін сұрайсың.

Ақылды еді ел есінде Сәкенің,

Мақтаны еді Сәрсенқұлдай әкенің.

Асқартауың тек мезгілсіз құлады,

Жазмыш заңы солай етсе нетейін..?

Иманжүзді бір жансыз ғой шыдамды,

Шыдамдылық жаратқанға ұнайды.

Бұл жалғанда тәубә еткен пендесін,

Ахиретте періштелер сұрайды.

Көз алдымда бүгінің мен кешегің,

Қайғы-мұңды бөліскен осы елің...

Қыз ұзатып, қос-қос келін түсіріп,

Төр алдына пұлыш көрпе төседің.

Мендік тілек әлі ұзақ жасаңыз,

Ел есінде қалсын жыр боп осы аңыз.

Шуақ шашып нұрлы атқан әр таңнан,

Ұрпағыңа тек амандық сұраңыз.

Пейіліңізден мейірім нұрын көріп ем,

Киесі бар шаңырағыңа берік ең.

Дастарханың бір жиналмай жататын,

Ертелі кеш, қонақ кетпей төріңнен...

Бұл жайларды жазар ма едім, жазбас па ем?

Сіз туралы ой тумаса кездескен.

Пейіш оның табанының астында,

Аналарды шығармайық тек естен!

Перзентіне сыйлаған жан күн-айды,

Ұзақ түнге азабына шыдайды...

Қайғы шексе жер бетінде бір ана,

Деген сөз бар: Періштелер жылайды.

Мәпелеуде Сәбираң мен Бекенің,

От анасын Сәрсенқұлдай көкенің.

Бүгін барлық қарттар күні мереке,

Қолыңызды қысып алып, кетейін», – деп менің анам туралы өзінің жыр толғауын аудандық газетке ұсынған талант иесі, бауырымыз Тағыбаев Баймұратқа шын жүректен  шексіз алғысымызды білдіріп, шетелдік басылымдарға жариялауға ұсынамыз...

(Nyyazbekova Kulanda Sarsenkulovna, candidate of pedagogical sciences, associate professor Kazakh National Pedagogical University named after Abay Magistracy institute and doctoral studies PhD  http://vestnik.volbi.ru/meg_sov.php)