Филол. ғыл. докт., профессор Ғ.Қ. Хасанов

М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Қазақстан

Фразеологияның лексикалық синтагмалық аспектісі

Фразеологияның табиғатын айқындау, оның мәндік ерекшелігін барынша ашып көрсетуге келгенде орыс, қазақ тіл біліміндегі пікірлердің көптігіне қарап, бұл мәселеде бірізділік жоқ екенін аңғарасың. Дегенмен, қазақ тілшілері орыс тіл білімі өкілдерінің пайымдауларынан ұзап кетпейді. Акад. І.Кеңесбаев, Ғ.Мұсабаев, Ә.Қайдари, Ә.Болғанбаұлы т.т. ғалымдар дәстүрлі түрдегі анықтама беріп, фразеология ғылымының нысаны тұрақты тіркестері деп көрсетеді. Проф. К.Смағұлова фразеологизмдердің ұлттық мәдени аспектілерін лингвомәдени бірліктер ретінде лингвомәдениеттану ғылымының тұрғысынан зерттейді. Ал бұл мәселедегі сөз тіркесі, тұрақты тіркес атауларына қатысты проф. С.М.Исаев пікірін дұрыс деп танимыз. Ғалым  өзінің «Қисынды қиысу » деген еңбегінде былай дейді: «Сөз тіркесі деген термин (сонымен бірге, ол білдіретін ұғым да) әр кез нақты, дәл, бір синтаксистік ұғымды ғана атауға емес, кейде жалпы мәндегі ұғым ретінде де қалай болса солай қолданылып жүр. Сондықтан да фразеологиялық тіркес дегенмен бірге фразеологиялық сөз тіркесі деген атау, тұрақты тіркес дегенмен бірге тұрақты сөз тіркесі т.б. болып жарыса қолданылып жүруі мәселенің басын ашуға, сол арқылы әр тілдік құбылысқа термин ретінде өз алдына бөлек атау болып, оның өзіндік мәнін қалып тастыруға мүмкіндік бере бермейді. Сөз тіркесі деген ұғымның синонимі ретінде тек синтаксистік тіркес немесе еркін тіркес деген атаулар ғана қолданылуы мүмкін. Демек, фразеологиялық сөз тіркесі, тұрақты сөз тіркесі, терминдік сөз тіркесі т.б. сияқты қолданыстар дұрыс емес, бұлар сөз тіркесінің түрлері емес және сөз тіркесі шеңберіне енбейді де» [1,209]. Ал орыс тіл білімінде де бұндай атаулардың қолдануында дәлдік жоқ екені байқалады, сонымен бірге, фразеология ғылымының зерттеу нысаны туралы анықтамалар көптеп саналады.

Орыс тіл біліміндегі ғалымдардың әртүрлі көзқарастарын екі үлкен тұжырымдамаға жинақтауға болады. Бірінші тұжырымдама дәстүрлі анықтамаларға құрылған, яғни «фразеологизм – екі немесе одан да сөздерден құралған, құрамы бойынша тұрақты, тұтас мағына беретін тіл бірлігі» [2,68]. В.В.Виноградов бастаған бұл анықтамалар жүйесін көптеген зерттеушілер құрайды.

Екінші тұжырымдама өкілдері фразеология нысаны ретінде тілдегі барлық сөз тіркестерін таниды. О.С.Ахманова, Э.М.Медникова, С.А.Григорьева сияқты т.т. тілшілер фразелогияның зерттеу нысанына тұрақталу дәрежесіндегі кез келген сөйлеу актісіндегі сөздер тіркесін және өзгермелі сипаттағы әр түрлі сөздер тіркестерін, сондай-ақ, лексикалық жүйеде бір-бірімен мағыналы жағынан байланысып, еркін жатқан сөздер тіркестерін жатқызады. Айта кететін бір жайт, барлық зерттеушілер бұнда атауыштық (номинативтік) мәндегі фразеологизмдерді қарастырады, ал коммуникативтілік жағдайындағы фразеологизм ерекшелігі ескерілмейді. Бұнда тілшілердің көрсететіні фразеологизмдердің әзір жағдайда жұмсалатындығы, яғни сөйлеу кезінде тумай, тек адам жадынан тұтас алынатындығы. Сол себепті, кейбір зерттеушілер бұларды идиома және фраза деп екіге жіктейді, ал тағы басқа зерттеушілер бұған мақал-мәтелдерді, қанатты сөздерді, әртүрлі клишелер мен штампыларды да қосады. Ондағы сүйенетін басты белгісі бұлардың бәрі сөз сияқты емес, әзір күйінде қолданатындығы. Қазақ, орыс тілшілері бұл екі бағыттың ішінде әзір күйінде қолданатын  деген ұстанымды фразеологияның басты белгісі ретінде алады. Ал тұрақталу сипатындағы еркін сөздер тіркестері фразеологияда  жанама түрде немесе мүлде қарастырылмайды. Оған басты себеп, тек сөздердің  тұрақтылығына назар аударылып, сөздердің басты ауысу процестерін зерттеушілердің қарастырмауы деп білген жөн.

Тіл лексикасындағы сөздер массалары күрделі түрде бір-бірімен қиылысып жатады және бұл процесс тұрған тіл қалпында, сосын лексикалық жүйедегі тіл элементтерінің коммуникативті акт кезіндегі өзгерістерінде болады. Бұндай тіл жүйесіндегі ерекше қатынастарды алғаш байқап, сөздердің бір-бірімен белгілі бір байланыстарға түсетіндігін көрсеткен Фердинанд де Соссюр еді. Ол былай деп жазған болатын: «сөздер сөйлеу кезінде бір-бірімен қосылып, тілде көлбеу сипатқа негізделген, екі элементтің қатар келу мүмкіндігін болдырмайтын өзара бір қатынастарға түседі. Бұл элементтер сөйлеу кезінде бірінен кейін бірі келе береді. Созылмалы түрге ие болатын бұндай тіркестерді, синтагмалар деген атаумен атауға болады [3,155]. Сонымен қатар, ол адам жадында сақталатын көптеген сөздердің тобының ішінде «тіл элементтерін ауыстырып отыратын, бір-бірімен ассоциациялы түрде қатынасатын қатынас түрі бар» екенін айтып кетеді [3,155]. Соңынан, тілдегі бұндай жүйелік қатынас түрін лексикологтар парадигматикалық қатынастар деп атады. Фразеологизмдер тіл жүйесіндегі осы заңдылықтарға бағынғандықтан, оның ішінде, «идиомалар, тізбектер, тұтастықтар, бірліктер, сөйлемшелер» т.т. түрлері пайда болып, жіктеліп, зерттеледі. Бұндай фразеологияның аспектісінде сөздер мен тұрақты тіркестер арасындағы парадигматикалық қатынастар жатыр. Фразеологияны парадигматикалық тұрғыдан зерделеу олардың жеке тұрған күйіндегі берер мағынасын ашу, нақтылаумен және сыңарларының мағынасын түсіндірумен айналысу деген сөз. Ш.Балли фразеологизмдердің мәнін айқындау үшін «идентификациялау принципін» ұсынады. Парадигматикалық қатар құраушы тұрақты тіркестің орнына идентификатор сөзді қою арқылы логикалық эквивалентті табуға болатынын айтып кетеді. Бұған, әсіресе, синонимиялық қатар мүшелерін ауыстыру арқылы шектелген тұрақты тіркестердің беріп тұрған  мәнін ашуға болады. Сонда бұл тұрғыдан келгенде, фразеология тек бір көлемдегі немесе тар мәндегі және атауыштық сипаттағы тұрақты тіркестерді зерттеумен айналысатын ғылым болып есептеледі. Ал сөйлеу кезіндегі, сонымен қатар, контекстік жағдайдағы басқа тілдік бірліктермен тұрақты тіркестердің бірлесіп кету ерекшелігін, жақындасып, ұштаса қолданылу дәрежелерін зерттеу фразеологияның парадигматикалық аспектісі тұрғысынан шешілмейтін мәселелер. Бұл туралы М.М.Копыленко, З.Д.Попова былай дейді: « Егер фразеология тек тұрақты тіркестерді ғана зерттесе, онда олардың басқа лексемалармен тіркесуі және тұрақты тіркестердің ішкі полисемиясын бір жүйеде тұтас қарастыру бұзылады» [4,38]. Фразеологияның синтагмалық аспектісінде тұрақты тіркестердің заттық, ұғымдық мағыналық бөліктерінің бір-бірімен үйлесіп келу нормалары ескеріледі. Тұрақты тіркестер құрамындағы семемалардың үйлесуі осы синтагматикалық аспектіге байланысты жүреді. Сонда тұрақты тіркестер өздерінің ішкі құрылымында бір-бірімен лексикалық байланысқа түседі де күрделі жүйедегі типтер құрайды. Семемалар арасындағы бұл байланыс синтагматикалық қатынас бойынша өрбиді де, әртүрлі басқыштардан тұратын фразеологизмдер қалыптасады. Сонымен қатар, тұрақты тіркестер бір не екі лексемамен синтагматикалық байланысқа түсіп,  лексика жүйесіндегі өзгеше сипаттағы  синтагматикалық аспектінің негізі болады. Бұл қатынастардың қалыптасып, құбылуында тағы да логикалық тәртіп пен мағына макросемаларының көшуі жатыр. Денотаттық, сигнификаттық, коннотаттық мағына бөліктерінде ақиқат дүниедегі елеулі белгілердің бейнеленуі және ұсақталуы негізінде жасалатын бұндай синтагматикалық аспектілерді лексикалық мағына құрылымын бөлшектеуі бойынша айқындауға болады. Сондықтан бір лексикалық мағына беретін болса да, тұрақты тіркестер құрамындағы семемаларды осы жүйе бойына жіктеу синтагматикалық қатынас ерекшелігін дәл байқауға септігін тигізеді. Денотаттық бөлік басым тұрған семеманы Д, сигнификаттық макробөлікті С, ал коннотациялық бөлікті К таңбаларымен белгілейік те, мағыналық үйлесімділікті осы қатынас аясында жүйелейік. Алдымен,  денотаттық бөлікке ие семемалардың синтагматикасын қарастырайық: от  (Д1) – жағу (Д1); бұнда бұл сөздердің байланысы тек өзінің заттық мағыналық үйлесімділігінің негізінде тұр. Ал от (Д1) – салу (Д2) дегенде  өзгерген мағыналы байланысты салу семемасындағы заттық бөлік беріп тұр, яғни  салу етістігіндегі «бір затты бір заттың ішіне енгізу» семасы от сөзімен екінші дәрежедегі қатынасқа түсіп тұр. Бұл өзгерген дәреже ұқсастық бойынша жүзеге асқан синтагматикалық байланысты көрсетеді. Мәселен, оты азаю дегенде айнымалы синтагматика орын алады да, «жанып жатқан оттың азаюы» дегеннен гөрі «мал жайылатын жердің шөбі азайды» деген мағына бұл тұрақты тіркесте денотат болып бекиді. Сонда оты 2) – азаю (Д1) түріндегі семемалар қатынасы болады да, омонимиялы лексемамен тура мағыналы лексеманың бір позицияда тұрақталу дәрежесі шығады. Ал от жағу, от салу тұрақты тіркестеріне үшінші сыңар жетіспесе, онда бұлардағы синтагматиканың логикалық жүйелілігі бұзылады. Ал арасына (Д1) – от (Д1) – салу (Д2) дегенде сигнификаттық мағына бөлігі тұрақты дәрежеге  енеді, себебі жүйелілікті нақтылайтын уәждеме пайда болады. От жағу ондай қатаң тұрақтылыққа ие емес, өйткені синтагматикалық қатынас сақталып отырғанымен, семемалардың қосындысы бір ұғымдық көрсеткіш бере бермейді. Мәселен, пешке от жағу, далаға от жағу, қазанға от жағу, ішке от жағу, сыртқа от жағу т.т. Бұнда от жағу тіркесімі айнымалы емес, қалыпты сипаттағы синтагматикалық қатынаста қолданылып тұр. Бұнда да арасына от жағу дегенде, арнайы уәждеме әсерінен өзге бір мағына құрылымы пайда болады. Ал үшінші семемаға төртіншісін тіркестірсек, бұл уәждеме күшейіп, жоғарғы дәрежедегі синтагматикалық қатар туып, ұғымдық мағына бөлігі басқа сипатқа енеді, яғни екеуінің арасына от жағу. Бұл сөздер семемалары сипаты мынадай түрде бейнеленеді: (Д1) -(Д1)-(Д1) -(Д1), ал екеуінің арасына от салу семемалары мынадай сипатта болады: Д(1) -Д(1) -Д(1) -Д(2). Бұл синтагматикалық қатардағы ішкі валенттілік екеуінің арасына деген сөз тіркесі мен от салу немесе от жағу тұрақты тіркесін байланыстырады. Бұл тұрақты тіркестердің сигнификаттық макробөлігі ішкі мағыналық құрылымында сәл болса да өзгеріске ие болады да, сол себепті оларды от жағу (С1) – от салу (С2) белгілерімен таңбалаймыз. Бұндағы мегзеп отырған айырмашылық, от жағу тұрақты тіркесі тіке денотаттық макробөліктен туып отыр да , ал от салу фразеологизмінде сол денотаттық бөліктен көшкен ауысу дәрежесіндегі айқын сигнификаттық  сема байқалады. Еркін сипаттағы тіркестерде денотаттық макробөлік осы (Д1-Д1) типінде келеді де, синтагматикалық аспекті олардың тұтастығын сақтап отырады. Мәселен, гүл гүлдейді, бала өседі, мектепте оқиды, тамақ ішу, гүл теру, үйден  шығу т.т. Сонымен қатар, кейбір фразеологтар тұрақтылы сипатқа енбеген тек, біздіңше, синтагматикалық қатынас бекіген тіркестерді фразеология аясында қарастырады. Бұл сөздер (Д1-Д2) типі бойынша қатынасады, яғни сұңқар төс, ақ жол, қара жағу, күйеуге тию, кінәсін мойындау, есіне түсу, ақыл айту, жұрт қатарлы, сезім толқыны т.т. Ал екі сыңары да екінші, үстеме денотаттық бөлікті білдірсе, семантикалық бөлінбеу дәрежесі төмен болып, қоршаған ортаның сөздегі мәні ауыспалы сипатта көрінеді. Мыс: шала бүліну, көңілі қалу, аспаннан түсу, сары ауыз, ашық ауыз, төрт көз, күн көру т.т., яғни бұларды (Д2 -Д2) типімен береміз. Коннотаттық макробөлік денотаттық семемалардың бір-бірімен байланысып жатқан тұрақты түрдегі синтагматикалық байланысынан көрініп, өзіндік түрге ие болады. Мыс: тауық көз дегенде (Д1-Д1) типінен екі заттық мәндегі лексемадан бірлесіп туған жаңа коннотаттық бөлік пайда болады. Бұл семема (К1) типіне енеді де, деноттық мағына бөліктері жоғалып, «көзі түнде көрмейтін»,сондай-ақ,  жалпы «көзі нашар көретін» деген коннотаттық семалар негізгі лексикалық мағына береді. Ал тауық ми деген тұрақты тіркес (Д1-Д2) типінде келеді де, осындай «ақымақ, басы істемейтін» коннотаттық сема тудырады. Егер дүние жалған, дүние боқ, дүние қапыл, дүние шіркін, дүние дөңгелек деген заттық, ұғымдық байланыс (Д1-К1) типіндегі тұрақты тіркестің құралуын қарастырсақ, бұнда дүние сөзінің мағынасында денотат дерексіз болады да, елеулі белгі болмай, тіркескенде ұғымдық бөлікпен бірге коннотаттық семема пайда болады. Ал ауыс сипаттағы заттық және коннотациялы бөлік мағыналы байланысы терең дәрежедегі синтагматиканы көрсетеді. Мәселен, тас бауыр, тас жүрек, су қараңғы, қу соқыр, мұздай көр, тар лақат, асау сезім, шайтаны азғыру т.т. Бұл тұрақты тіркестер өз құрамында екі коннотаттық семемадан және аралас заттық бөліктегі мағынаға ие сыңарлардан тұратын, (Д2-К2) және (К1-К2) типтері бойынша құралған. Ал бірінші лексема семантикасында коннотат басым болып, екінші сыңар заттық бөлікті білдірсе, ( К1-Д1) үлгісіндегі тұрақты тіркес жасалады. Мыс: пасық пиғыл, аш көз, жеңіл жүріс, тозақ оты, жұмақ төрі, ақ босаға т.т. Бұл типтегі коннотация, көбіне, атрибутивті жүкті алып жүреді де заттық ұғымды нақтылап береді. Ал синтагматикалық үйлесу күшею үшін үшінші ауыстыруға келетін сыңарды қатар қою арқылы туған жағдайда күрделі тип пайда болады. Мыс: жан (сенімді, жақын, бұрыннан келе жатқан) дос; бала (сенгіш, таза, пәк) көңіл; қабағы (түсі, пейілі, ықыласы) қату т.т. (К2-Д1) типтері бойынша жасалған. Егер, жүрек жұтқан, су  жүрек, бақа есеп, өті жарылу, сағы сыну, суқаны сүймеу, үмітін үзу,уызына жару т.т. тұрақты тіркестерін алсақ, бұлар бұл тип бойынша бөлуге келмейді. Сондықтан тұрақты тіркестер өте күрделі синтагматикалық байланыстар жүйесінде жасалатындықтан, олар туғызатын лексикалық мағына да күрделі құрылымда келеді. Тұрақты тіркестердің синтагматикалық қатынасы өз ішінде әртүрлі байланысу типтерін құрайды. Соның әсерінен сигнификаттық макробөлік күрделі сипатқа еніп, өзгермелі позицияда құбылып отырады. Кейбір үлгідегі тұрақты тіркестер сан жағынан аз көлемде, ал бірқатары көп мөлшерде келеді. Синтагматиканың тұрақты тіркестердің өз ішінде келу типтері әр алуан болғандығынан байланысу дәрежелері де жеңіл және терең түрде болады. Ал тұрақты тіркестің басқа еркін сөзбен синтагматикалық байланысқа түсіп, жүйелі түрде қатынасу ерекшелігі бұдан терең жатқан, күні бүгінге дейін қарастырылмаған мәселе екенін айта кеткен жөн. Осы тұрғыдан келіп, Ф.А.Краснов тұрақты тіркестердің синтагматикасын зерттейтін «синтагматикалық фразеология» ғылымын дамыту қажеттілігін айтады [5,9]. Қорыта айтқанда, тұрақты тіркестердің синтагматикалық аспектісі екіге жіктеледі, бірінші; тұрақты тіркестердің өз ішінде тіркесу ерекшеліктері, яғни ішкі синтагматика және тұрақты тіркестердің қоршаған контекспен, басқа лексемалармен байланысы, яғни сыртқы синтагматика.

                          Пайдаланылған әдебиеттер:

1.          С.М.Исаев. Қазақ тілі жайында ойлар. 1997. Алматы.

2.          Н.М.Шанский., В.В.Иванов. Современный русский язык. М.,1981.

3.          Ф.де Соссюр. Труды по языкознанию. М.,1977.

4.          М.М.Копыленко., З.Д.Попова. Очерки по общей фразеологии. Воронеж.1978.

5.       Ф.А.Краснов. Парадигматический и синтагматический аспекты фразеологии. Вестник КРСУ №2.,2003.