Құрақова Г.Б.

Семей қаласының  №10 «Жалпы орта білім беретін мектебі»

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Қариев Ә.Д.

Семей қаласының Шəкəрім атындағы мемлекеттік университеті, 

педагогика кафедрасының оқытушысы,

педагогика  ғылымдарының магистрі

Қазақстан Республикасы, Семей қаласы

 

ОРЫС ТІЛДІ МЕКТЕПТЕРДЕ ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Біздің өркениеттік мақсатымыздың  бірі - әлемнің ең озық елдерінің даму дәрежесімен терезе теңестіру, дуниежүзілік бәсекеде қатар жүру.

Сол негізге ала отырып  Елбасы Н. Назарбаев 2012 жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту бойынша бес жылдық ұлттық жоспарды қабылдау жөнінде нақты міндет қойды.

Аталған міндет Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіруі процесінде де маңызды болып табылады. Еліміз үшін маңызды болып табылатын аталған стратегиялық міндетті шешу жағдайында тұлғаның ең басты функциялық сапалары белсенділік, шығармашыл тұрғыда ойлауға және шешім қабылдай алуға, кәсіби жолын таңдай алуға қабілеттілік, өмір бойы білім алуға дайын тұруы болып табылады. Бұл функционалдық дағдылар мектеп қабырғасында қалыптасады.

Функционалдық сауаттылықты дамытудың жалпы бағдары Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында анық көрсетілген. Ондағы басты мақсат жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене және рухани тұрғысынан дамыған азаматын қалыптастыру, оның физикалық құбылмалы әлемде әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз ететін білім алудағы қажеттіліктерін қанағаттандыру болып табылады.

Осы Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012 - 2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспары (бұдан әрі - Ұлттық жоспар) мектеп оқушыларының функциялық сауаттылығын дамыту процесін мазмұндық, оқу-әдістемелік, материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар кешенін қамтиды. Ұлттық жоспар Қазақстан Республикасындағы білім сапасын жетілдірудің негізгі бағдары ретінде мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту іс-қимылдарының мақсаттылығын, біртұтастығы мен жүйелілігін қамтамасыз етуге арналған. Ұлттық жоспардың мақсаты - Қазақстан Республикасындағы мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту үшін жағдай жасау.

Ұлттық жоспардың міндеттері:

Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамытудың отандық және халықаралық практикасын зерделеу.

Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту бойынша шаралар жүйесін іске асырудың тетіктерін анықтау

Білім мазмұнын жаңғыртуды қамтамасыз ету: стандарттар, оқу жоспарлары мен бағдарламалар.

Білім беру процесін оқу-әдістемелік қамтамасыз етуді әзірлеу.

Мектеп оқушыларының білім сапасын бағалау және мониторинг жүргізу жүйесін дамыту.

Мектептің және қосымша білім беру жүйесі ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту.

«Ұлт тағдыры-ұрпақтан» дегендей біздің болашағымызда үлкен үміт күткен жеткіншек ұрпағымызды бәсекеге қабілетті маман, білімді, тәрбиелі адам етіп тәрбиелеу қазіргі мұғалім алдында тұрған үлкен міндет. Қазіргі білім беру жүйесі әлемдік білім кеңістігіне кіруге бетбұрыс жасауда. Оқытудың мақсаты тек қана білім беру емес, сол білімді өмірде қолдана алатын, болашаққа жаңа көзқараспен қарай білетін, өзгерістерге, өмір сүруге бейім, өзіндік ой-толғамы бар, таным белсенділігі биік, қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру. Бұл мақсат мұғалім алдына да үлкен міндет  қояды. Заман сұранысы бойынша оқытуда жаңа технологияларды қолдану мәселесі пайда болады. Мемлекеттік тілді меңгерту, оны деңгейінше қажетіне қолданатын жағдайға жеткізу үшін мұғалім көп еңбек етеді. Мұғалім алдында тұратын сұрақ:

Оқушыны ынталандыру үшін не қажет?

Қандай тәсіл, технология қолданған жөн?

Білім беру саласында технология түрлері жеткілікті. Олар сабақтың әр түрлі аспектілерін қамтып, өз мақсаттарын орындайды. Мәселе бір технолоигяны пайдалану ғана емес, оның нәтижесін көру, оқушының таным белсенділігін арттырудағы жолдарын анықтау. Бұл жағдайда ақпараттық-қатынастық технология сабақтың әр кезін тиімді қолдануға ыңғайлы, көрнекілік әдісі мен техникалық құралдарды қолдану әдісін қосқан, ақпаратты жинау, сақтау және өңдеу үшін бір технологиялық тізбекте біріктірген әдістер мен бағдарламалардың технологиялық құралдарының жинағы. Осыдан жүз жыл бұрын ақпарат аяңдап, «ұзын құлақ» арқылы ауылдан-ауылға апталап, айлап жетсе, қазіргі заманда ақпарат жылдамдығы минут, секунд  аралығы болады. Оқушыны сол ақпаратты қабылдауға, сақтауға, өз керегіне қолдануға үйрететін ұстаз. Сондықтан мұғалім алдында енді құзіреттілік деген ұғым пайда болды. Қазақстан Республикасының 12 жылдық жалпы орта білімнің мемлекеттік жалпыға білім беру стандарттарының жобасында «Құзіреттілік-әрекеттің әмбебап тәсіл-дерін оқушы игеруі арқылы көрінетін білім беру нәтижесі» делінген. Қазақ тілі мен әдебиет сабақтарында қалыптасуы тиіс құзіреттілік - қатысымдық құзіреттілік деп белгіленген. Бұл оқушының  сөйлесім әрекетінің барлық түрлерін (тыңдалым, оқылым,жазылым, сөйлесім, тілдесім) өз ара бірлікте меңгеру басшылыққа алынған. Жеке тұлғаны дамытудағы құзіреттіліктің аспектілері: Жаңа технологиялық құзіреттілік; Ақпараттық информациялық құзіреттілік; Коммуникативтілік құзіреттілік. Оқушының таным белсенділін қалыптастыруға бағытталған білім беруде күтілетін тұлға құзіреттілігі:

а) Өзінің даралығын сезініп, өзін-өзі дамыта білуі.

б) Өзінің қызметін бағалай білуі.

в)Түйткіл мәселелерді шешудің ең тиімді жолдарын таба біліуі.

г) Өз алдына мақсат қоя біліуі және оны жүзеге асыра біліуі.

д) Өз әрекетінің нәтижелерін бағалай білуі.

е) Түрлі өмірлік жағдайда пайдалы, тиімді шешімдерді қабылдай білуі.

ж) Интеллектуалдық қабілетінің дамуы.

Бұл нәтижеге жету үшін жаңа технологияларды, техникалық құралдарды сабақта жан-жақты қолдану мұғалім қызметін жеңілдетіп, осы іскерліктің ұстанымы жаңа тәсілдердің пайда болуына мүмкіндік туғызады.Осының негізінде оқу әдістері мен оқу әрекеттері түрленіп, жұмыстың құрылымы да, мазмұны да,оны  ұйымдастырудың педагогикалық-психологиялық мақсаттары да түрлі өзгеріске ұшырайды. Сондағы жаңа жолдардың біріне ақпараттық оқыту жүйесіндегі компьютерлік бағдарламалардың түрлері арқылы тіл үйретуді жатқызуға болады.

Компьютер сабақта, сабаққа дайындалуда не үшін қажет?

Оқу әдісі ретінде, не оқу процесінде техникалық құрал ретінде?

Бүгінгі күнде оқушылардың 90-95 % компьютер бар. Бұл оқушының танымдық әрекетін дамытып, білімді өздігінен ізденіс арқылы табу жолдарын жеңілдетсе, мұғалімге жалпы педагогикалық принциптерді басшылыққа ала отырып, оқушы әрекетін басқаруға, оны бағыттауға көмектесіп, оқытушы мен білім алушы арасындағы қарым-қатынас дәрежесін жаңа деңгейге көтереді. Осының негізінде оқыту әдістері мен оқу әрекеттері түрленіп, жұмыстың құрылымы мен мазмұны, оның педагогикалық, психологиялық мақсаты да өзгеріске ұшырайды.Егер де компьютерді техника ретінде қолданса - ол ақпаратты өндеу,сақтау құралына айналып отыр. Техника ретінде, ол мұғалімнің сабақ тексеруінде, бекітуінде, түрлі тест жұмыстарын өткізуінде жұмысын жеңілдетіп, уақытын үнемдейді. Компьютердің құрал ретіндегі артықшылығы: денсаулығы нашар, әсіресе нашар еститін балаларға көмек, тақырып шеңберінде айтуға тиісті бір мәліметтер дайындауға ыңғайлы (презентация дайындауға), жеке жұмыс істеу арқылы өзіне сенімі молаяды, өз білімін өзі тексеріп, білімін бағалай алады.

Ал компьютерлік технологияға әдіс ретінде қарасақ, ол тереңірек. Мұғалімнің алдында қойылған ақпараттық-қатынастық технологияны пайдалана өткізетін сабақтарды жоспарлаудың негізгі талаптары мынадай:

а) Жағымды психологиялық орта жасау.

б) Оқушының тіл үйренуге деген қызығушылығын тудыру.

в) Ақпараттық–қатынастық технологиямен жұмыс істеуді үйрету.

г) Өзіндік пікір, идеялар, тұжырым,түсінік келтіру.

д) Оқытушы, оқушы құзіреттілігін дамыту.

е) Жауапкершілікке, шығармашылыққа үйрету.

ж) Өз үйренгені мен өз білімі туралы түсініктерін ортаға салып, бірлесе талқылап, олар туралы пікір алмасуға мүмкіндік жасау.

и) Компьютерді қолдану, интернет кеңістігінде қарым-қатынас жасау, тіл мәдениетін тәрбиелеу.

Ал сабақты интернет желісіне қосылған копьютер арқылы басқару – оқушының қазақша сөйлеуге үйренуінің тиімділігін арттырып, оқушылардың ойлау қызметін белсендіреді. Компьютерді қазақ тілі сабағында пайдаланудың негізгі мақсатының бірі – қазақ радиосы, теледидар бағдарламасы, интернеттің қазақ тіліндегі желісі материалдарын сабақта тиімді қолдану арқылы оқушының танымдық қасиетін баулу. Бұрынғы уақытта сабаққа ақпарат – материалдарын табу үшін талай кітап, газет бетін ақтарып, үлкен фонотека жасау үшін күш пен қаржы шығарсақ, қазіргі заманда ол ақпаратты қас-қағым уақыттта табуға болады.

Мысалы: «Қазақ күйшілері» деген тақырыпты өткенде ақпаратты, көрнекілікті, музыканы, интернет желісінен тез табуға болады. Бұл жұмысты оқушы өздігінен де орындай алады. Оқушылар: «Дәулеткерей», «Құрманғазы», «Дина» атты тақырыпқа презентация жасап келіп, өз білімдерін тереңдетіп қана қоймай, мұғалім жұмысын да жеңілдетеді. Тіл үйрену қабілеті төмен оқушылардың өзі де компьютермен берілген тапсырмаларды орындау арқылы сөйлеуге, ойын жеткізуге тырысады.

Оған мысал, мектептегі «В» деген оқушыны бақылау кезінде анықталғаны: кітап оқымайды, ынтасы төмен, қайтадан айтып беруді жек көреді, тіл мәдениеті төмен, еріншек пен жалқаулық қалыптасқан, ата-ана ықпалы төмен, сабақты себепсіз босатады.

Мұғалім ретіндегі іс әрекетім: оқуға ынтасын арттыру үшін  оқушымен жиі әңгімелесіп, ата-анасымен байланыс жасадым; үйде компьютер бар екенін, интернет желісі қосылғанын, оқушының компьютердің алдында көп отыратыны анықталды. Үйге интернет желісінен ақпарат табу, компьютермен орындайтын жұмыс түрлерін бере бастадым. Жаттығуларды өз еркімен, жеке орындауға мүмкіндік жасадым.

Жеткен нәтиже: оқушы әрекеттелу арқылы өзінің қабілетін дамытты, сабаққа деген талабы біртіндеп өсе бастады, өз күшіне сенім пайда болды, тілді меңгеру үшін компьютер аудармашысымен, басқа бағдарламалармен жұмыс істей бастады, қосымша сабаққа келіп, тапсырма орындай бастады. Рефераттар, презентацияларды интернеттен іздеп, жұмыс түрін өзі орындайтын нәтижеге жетті. Білім сапасы 11 % өсті. Бұл тек қана бір оқушы көрсеткіші емес, мектепте қазақ тілі пәнін ақпараттандыруда оқушылардың білім сапасы 9-12 % көтеріліп, оқу үрдісінде бірталай нәтижеге ие болдық. Сабақта ақпараттық-қатынастық технология оқушының таным белсенділігін қалыптастыруда кеңінен пайдалатын үйреншікті, қалыпты жағдай ретінде қарастырылып, мұғалім ол технологияны пайдалану арқылы әр түрлі сабақтарда әзірлемелер дайындап, оны жоғарғы деңгейде өткізе білсе, сабақ та қызықты, тартымды өтеді.

Қорыта келгенде, ақпараттық-қатынастық технология: білім сапасын арттыруда, жеке тұлғаға бағыттап оқытуда, оқушының таным белсенділігін арттыруда, оқу материалдарын терең түсінуге, оның мотивациясын арттыруына, білімнің ұзақ есте сақталуына көмегі көп, демек:

а) оқушылардың белсенділігін арттырады.

б) білімге деген қызығушылығын тудырады.

в) қомпьютерді өз беттерімен қолданып, интернет желісінен ақпарат іздеуге көмектеседі.

г) зерттеу, іздену жұмыстарына баулиды.

д) өз елінің, туған жерінің әдебиетімен, салт дәстүрімен, мәденеиетімен таныстыру арқылы өз еліне деген сүйіспеншілік пайда болып, мақтаныш сезімі туады.

е) оқушы мен мұғалім бірлесе  жұмыс істеу барысында көптеген нәтижеге ие болды, жазылған реферат, ізделінген мәлімет, жиналған материалдар, қолданылған әдебиет  оқушы жадында, мұғалім қорында қалады.

Пайдаланған әдебиеттер:

1.«Мемлекет басшысының 2012 жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік- экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы

2.Әлметова Ә.С. «Қазақ тілі сабағында  сұхбаттастық тілдесім мәдениетін қалыптастырудың ғылыми-әдістемелік негіздері». Алматы 2007, 48 бет.

3. Поташник И. «Инновационный процесс в школе». Москва 1991 г.

4. Тогусова Б.К. «Оқушылардың шығармашылығын дамытуда ақпараттық-технологияның тиімділігі». Жаңа технологиялар және әдістеме. 2006 №1.

5.Караев Ж.А. «Компьютерді оқыту процесіне пайдалануға кіріспе». Алматы. Рауан. 1992 ж.