Қамбарова Гүлнұр,

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың

1 курс магистранты

 

МЕДИА-МӘТІНДЕР ЖӘНЕ МЕТАФОРА

 

Қазіргі кезде бүкіл адамзат электронды бұқаралық ақпарат құралдарының  әсер ету объектісіне айналып отырғаны мәлім.  Академик Р.Сыздық: «Сөз жоқ, бұл күнде тіл тәжірибесінде публицистиканың, көпшілік информация құралдары баспасөздің, радио мен телевидениенің де рөлі күшейе түскенің мойындау қажет [1;81]», - дейді.

БАҚ тілін зерделеуде  әуелде баспасөздің, радио мен телеарна тілі зерттеу объектісі етіп  алынса, бүгінде  интернет  тілі (оnline форматтағы медиа-мәтіндер) нысанаға алынып отыр. «Медиа» термині (латын тілінде «media», «medium» - құрал,тасымалдаушы) XX ғасырда «бұқаралық мәдениет» құбылысын анықтап көрсету үшін енгiзiлген («mass culture», «mass media») [2;86]. Қазіргі кезде «масс-медиа» термині бұқаралық коммуникация құралдарын мағынасын білдіруде: баспа басылымдары, теледидар, радио хабарламалар, интернет беттеріндегі ақпарат қайнарлары, сонымен қатар кино, видео, ұялы телефондық байланыс. Бүгінгі күнде олардың маңыздылығы соншалықты, яғни басым бөлігі масс-медиаға тәуелді болғандықтан, тек «ақпараттандырылған»қоғам деп атап қана қоймай, сонымен бірге «медиаландырылған» қоғам деп те аталуда [3].

Қазақ тіл білімінде  медиа-мәтіндерді  зерттеу – бірнеше ғылым түрлерінің басын біріктіретін күрделі, ерекшелігі мол сала. Мәтін зерделеуде  аса қажет ететін маңызды мәселелердің бірі – мәтінінің тілдік және стилистикалық ерекшелігін таныту. Бұл ретте метафораның көтерер жүгі мол.

Метафора – грек тілінің сөзі, «ауысу» дегенді білдіретін термин. Тіл – тілде сөз мағынасының ауысуының бірнеше тәсілдері бар. Солардың ішінде өте жиі кездесетіні және ең бастысы метафора тәсілі. Белгілі бір ұқсастық белгілеріне қарай сөз мағынасының ауысып қолданылуы метафора деп аталады [ 4].

XX ғасырдың ортасына дейін метафора жай ғана стилистикалық құрал немесе көркем шығарманы әсірелеуші, көркемдеуші әдіс ретінде қарастырылып келді . Тек соңғы жылдарда тілтанушы ғалымдар метафораның көп- қырлылығына көңіл аударып, жан-жақты зерттеуді қолға алды. Мұндай ғалымдар қатарына метафора жайлы құнды еңбектер жазған Н.Д.Арутюнова, В.Н.Телия, Б.Блэк, Дж.Лакофф, М.Джонсон сияқты авторларды жатқызуға болады [4].  

Қазақ тіл білімінде метафораны зерттеу 1963жылы Рахым Барлыбаевтың «Қазақ тілінде сөз мағынасының кеңеюі мен тарылуы» атты кандидаттық диссертациясынан, 1966 жылы Алматыда жарық көрген Бақытжан Хасановтың «Қазақ тілінде сөздердің метафоралы қолданылуы»  кітабынан бастау алады.   

«Тілдік метафораны зерттеудің жаңа бағыттары» деген мақаласында А.Сыбанбаева метафораның бірнеше қызметін атап көрседі. Метафора жаңа мағына тудырады, бейнелі образ жасайды, көркем сөз стилінде бейнелеуші, мәнерлеуші тәсіл ретінде қолданылады, сөзге эмоционалды-экспрессивті баға береді. Метафораның қызметі арқылы тілдің лексикалық және фразеологиялық қабаты, жалпы сөздік құрылымы толыға түседі, белгілі бір ұғым аясы кеңи түседі [5;33].

Фразеологизмдер, мақал-мәтелдер, қанатты сөздер метафораға негізделіп жасалады. Осы орайда, Интернет жүйесінде оnline форматтағы медиа-мәтіндерде қолданылатын метафоралар көбіне сөзге эмоционалды-экспрессивті баға беру мақсатында қолданады. Мысалы:

 

Тас жүрек ана баласын буындырып өлтірді

                   ( 7 телеарна жаңалықтары)

Алматы облысында қатігез ана өз баласын буындырып өлтірді. Қаратал ауданының тұрғыны жаңа туылған сәбиін тұншықтырып тастаған. Тас жүрек ана "шарананың шырқырап жылаған дауысына шыдамадым", - дейді  [http://tv7.kz/kz/news/show/2718].

 

«Тас жүрек» - мейірімсіз адам мағынасында қолданылып тұр. Ал орыс тілінде осы метафора  «каменное сердце»  деп аударылады. Онлайн форматта бұл метафораның да эмоционалды-экспрессивті қырын аңғару қиын емес. Мысалы, http://rutube.ru/ сайтында жарияланған жаңалықтың тақырыбы «Южноуральские дорожники реанимируют каменное сердце Карталов». Мұндағы «каменное сердце»  қазақтың «тас жүрегі» емес. Ол «қозғалмайтын, мызғымайтын» деген мағынада қолданылып тұр. Алайда, эмоционалды-экспрессивті қыры айқын.

Ағылшын тілінде бұл тіркестің берер ақпараты қазақ, орыс тілдерімен ұқсас. Мысалы, көп тілді, ғаламторға негізделген  Уикипедия  тегін және ашық мазмұнды энциклопедиялық жобасында Саркисян Шерилиннің (Шер) (тас жүрек)» әніне мынандай түсініктеме береді:

"Heart of Stone" is the fourth North American and third European single release from American singer/actress Cher's twentieth studio album Heart of Stone. The video featured Cher in a dark room with old clips of herself projected onto screens in the background. The video was shot in the first week of 1990. It made the Top 20 in the United States, Ireland and Poland. It narrowly missed the Top 40 in the UK. Her vocal range spans from a D3 and belting up to an Eb5, making her vocal range here about 2 octaves and a semi-tone [wikipedia.org].

«Тас жүрек (Heart of Stone)» өлеңінің мәтініндегі «тасжүрек» - адамға байланысты айтылып тұрғанын байқауға болады:

Honey you're a shipwreck (Жарығым, сен опат болдың),

With your heart of stone  (Себебі сен тасжүрексің) [ www.amalgama-lab.com].

 

Тілдегі мұндай құбылыстарды И.Н.Касимова: «Бір сөз әр тілде әр түрлі метафоралық мағына беруі мүмкін. Бәріміз білетініміздей, «ит – адамның досы». Бұған ешкімнің дауы жоқ. Бірақ біреуді «Нағыз ит екенсің!» деп атаса, сол адам туралы өзгелерде жағымсыз әсер қалады, яғни «ит» сөзі адамға қатысты қолданылса сөзге негативті бағалауыштық реңк береді. Орыс тілінде де осындай жағдай (мысалға «Вот, собака!»). «Жылан» сөзі де қазақ-орыс тілдерінде адамның жағымсыздығын көрсету үшін қолданылады. Көбінесе кейбір нәзік жандыларға қатысты айтылады: «Ол – сұр жыланның өзі!», «Змея подколодная!». Ал ағылшын тілінде, бір қызығы, dog, serpent сөздері адамға қатысты теріс әсер беруші сөздер ретінде қолданылмайды              [4]», – деп анықтайды.

Қорыта келгенде, оnline форматта медиа-мәтіндердегі экспрессивті мағынадағы эмоцияны бейнелейтін метафоралар көптеп кездесетінін аңғаруға болады.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

1.     Сыздық Р. Бүгінгі көркем проза тілі және әдеби норма (сәйкестік пен алшақтықтар) // Өнер алды – қызыл тіл. Мақалалар жинағы. –Алматы: Жазушы, 1986. 

2.     Федоров А.В. Словарь терминов по медиаобразованию, медиапедагогике, медиаграмотности, медиакомпетентности. Таганрог: Изд-во Таганрог. гос. пед. ин-та, 2010. 64 c.

3.     Есенова Қ. Қазіргі қазақ медиа-мәтінінің прагматикасы (қазақ баспасөз материалдары негізінде) // филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. –  Алматы, 2007.

4.      Касимова И.Н. Метафора – тілдің лексикалық қабатын дамытушы құрал.//ҚазҰУ хабаршысы. Алматы, 2005

5.     Сыбанбаева А. Тілдік метафораны зерттеудің жаңа бағыттары.//Вестник КазГУ, Алматы, 1997, серия филологическая, №15, (33 б).