Ныязбекова К.С., педагогика
ғылымдарының кандидаты,
Абай атындағы
Қазақ ұлттық
педагогикалық университетінің доценті,
Ресей жаратылыстану академиясының профессоры
(Қазақстан, Алматы қ.)
Kulyanda2009@mail.ru
famous-scientists.ru /11624/
Қамбарова
Г.,
Абай атындағы
Қазақ ұлттық
педагогикалық университетінің 2
курс магистранты
ҒАЛАМНЫҢ МЕДИА-БЕЙНЕСІН
ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ
МЕДИА-МӘТІНДЕРДІҢ РӨЛІ
Ғылым
мен техниканың дамуы ғылымның барлық салаларына,
соның ішінде тіл білімінің дамуына да өз әсерін
тигізуде. Қазіргі заман талабына сай лингвистикада жаңа
бағыттар мен түрлі салалардың негізі салынып, дамып, тіл
білімінің зерттеу нысаны кеңейе түсті. Этнолингвистика,
когнитивті лингвистика, лингвомәдениеттаным, прагмалингвистика
паралингвистика, тәрізді лингвистика салалары тілді жан-жақты,
ғылыми тұрғыда зерттеуге мүмкіндік ашты. Қазақ тіл білімі де жаңа бағыттардағы
зерттеулермен толығып, алға қадам басуда.
«Ғаламның тілдік бейнесі» теориясы да өз кезегінде тілдік
зерттеулерге негіз болып, тілдің дамуына өз үлесін қосу
үстінде.
Әрбір жекелеген ұлт
түсінігінде әлем әр түрлі көрініс табады.
Бұл, әсіресе, тілде айқын байқалады. Яғни тілдегі
әлем бейнесі адамның әлемді тануының негізі.
Бұған Б.Уорф пен Э.Сепирдің көзқарастары
тұрғысынан қарасақ, әр түрлі ұлт осы
ғаламды өзінше танып, өзінше қабылдайды. Демек, тіл
біздің ұлтымыздың «ғалам бейнесін» қалай
пайымдайтынымызға мүмкіндік
жасайды, тіл арқылы біз ата-бабаларымыздың «ғалам бейнесін»
елестете аламыз. Бұлай дейтін себебіміз, тілдегі ғалам бейнесі, біріншіден, адамның әлемге
көзқарасымен сипатталатын болса, екіншіден, әрбір жеке тілдегі әлем моделіне
қоғамдағы ұлттық әлем бейнесіне
ұласады. Бұл жеке тілдің өзінше сипатқа ие
болуына ықпал етеді. Себебі әр тілдің өзіне ғана
тән концептуализациялық әдістері бар. Яғни әрбір
жеке тіл ғаламды өзінше бөлшектейді, әрбір
концептуальды тілдің негізінде ғалам бейнесі кескінделген. Ал осы
концепт ұғымы – когнитивтік лингвистикадағы негізгі
ұғым болып табылады.
Соңғы
жылдары медиа-мәтінді когнитивті лингвистика шеңберінде
қарастыруға айрықша мән берілуінің басты себебі –
медиа-мәтінді прагмалингвистикалық тұрғыдан
қарастырғанда оларды тілдік бірліктердің ғана емес,
жалпы білім аясы мен коммуникативтік саланың қосындысы болуымен
байланысты болып отыр. Онда тіл сырттан келіп түскен ақпаратты репрезентациялаушы және
онда кодталған мәліметтерді ашу үшін қолданылатын
когнитивті құрал ретінде танылады. Когнитивті лингвистика мамандары
үшін бұқаралық ақпарат құралдары
қалыптастыратын ақпараттық
кеңістіктің тақырыптық жағынан
ұйымдастырылуы аса маңызды. Өйткені онда орасан зор
ауқымды медиа ағынның өзіндік мәдени
спецификалық ерекшеліктері көрініс табады.
Қоғам
өмірінің айнасы болып табылатын бұқаралық
ақпарат құралдары, ондағы саяси, әлеуметтік,
экономикалық, мәдени, спорт, өнер, кино, денсаулық
сақтау және білім беру салаларындағы барлық
қордаланған проблемаларды жұртшылық назарына
ұсынатын да, қандай да бір ғылыми жаңалықтар мен
жетістіктерді көпшілікке таныстырып жеткізетін де әмбебап
құрал болғандықтан журналистер қауымын ғаламның ақпараттық
бейнесін жасаушылар деп тануға негіз бар. Осы топтың жинау,
талдау, саралау, іріктеу сияқты сатылардан өткізіп барып көпшілікке ұсынатын түпкі
өнімін медиа-мәтін
деп атауға болады.
Медиа-мәтінге
бүгінгі күні әр түрлі анықтамалар беріліп
жүр. Ғалым Есенова Қалбике «Қазіргі қазақ
медиа-мәтіндерінің прагматикасы» атты филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін
алу үшін дайындаған диссертациясында:
Ø Медиа-мәтін – БАҚ арқылы жүзеге асырылатын
ақпараттық-коммуникативтік процестің маңызды элементі;
Ø Медиа-мәтін қарым-қатынастың өзге
түрлерінің жүзеге асырылуы үшін қолданылатын
сөзжұмсамдық әрекет формасы;
Ø Коммуникацияның аяқталған, тиянақты және
тұтас бірлігі;
Ø Медиа-мәтін ақиқат болмыстың қандай да бір
үзігінің репрезентациясы болып табылатын күрделі,
құрастырылмалы моделі;
Ø Медиа-мәтін – оқиғаларды, құбылыстар мен
процестерді интерпретациялаушы көп құралдың ішіндегі
аса әлеуеттісі;
Ø Медиа-мәтін – мәтіндік интерпретациялаушы механизмдер
әрекетінің жемісі;
Ø Медиа-мәтінде – әсер етудің прагматикалық
стратегиялары жүзеге асырылады;
Ø Медиа-мәтін – әлеуметтік регуляцияда қолданылатын
қуатты құрал;
Ø Медиа-мәтін – ғаламның медиа бейнесін
қалыптастырушы негізгі фактор болып табылады [1;36]», – деген тұжырымдар жасайды.
Филолог-ғалым
Қ.Есенова «Жалпы БАҚ-тың ақпаратты жеткізу формасына
қарай үш түрге бөлінетіні белгілі: телевизия, радио
және мерзімді баспасөз [1;15]», –
деп жорамалдайды. Бұл орайда, ғаламтор жүйесін де ескерген
жөн болар. Себебі, басқа біреуге ұсынуға және
тасымалдауға болатын әрбір мәлімет, құжат, файл
немесе хабарлама ақпарат (information) деп аталады.
Құқықтық тұрғыдан алғанда
ақпарат жарнама сияқты ақысыз болып келеді немесе
авторлық құқық, жеке бастың мәліметі
немесе мемлекеттік құжаттар сияқты
қаржы-экономикалық құндылығы бар ақпарат
болып келеді. Ақпарат технологиялары қоғамда
ақпарат тарату жүйесін қалыптастыру үшін қажетті
ең маңызды технология болып табылады. Компьютер – осы
технологияның бірі. Интернет жүйесі іске қосылғаннан
кейін ақпарат тасымалдауда төңкеріс жасалып,
ақпаратқа жаппай қол жеткізу құқығына
қатысты ұғымның толықтай өзгеруіне себеп
болды.
Бұқаралық
ақпарат құралдарының тілі нысанаға
алынғанда лингвистика ғылымындағы негізгі ұғым мәтінге
бұқаралық коммуникацияда жаңа мағыналық
реңктер үстеледі. Сөйтіп бұқаралық
ақпарат құралдары арқылы таралатын аудиалды және
визуалды түрде қабылданатын хабарламалардың бәрі біріге
келіп вербалды және
медиалық белгілердің жиынтығы ретінде медиа-мәтін ұғымын құрайды. Қазіргі кезде бүкіл адамзат электронды
бұқаралық ақпарат құралдарының әсер ету объектісіне айналып
отырғаны мәлім. Ақпарат құралдары
түрлерінің қай-қайсысында да қолданылатын
әмбебап құрал ретінде медиа-мәтін
әлеуметтік-реттеуші қызметін атқарады.
Академик
Р.Сыздық қазақтың ұлттық жазба әдеби
тілінің даму барысында көркем әдебиет стилінің жетекші
орын алатынын айта келіп былай дейді: «Сөз жоқ, бұл
күнде тіл тәжірибесінде публицистиканың, көпшілік
информация құралдары – баспасөздің,
радио мен телевидениенің де рөлі күшейе түскенің
мойындау қажет» [2,81]. Әртүрлі БАҚ-та
медиа-мәтіннің өзіндік ерекшеліктері болатыны мәлім,
дегенмен, оның әмбебаптық сипаты негізінен өзгеріссіз
қалады.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1. Есенова Қ.
Қазіргі қазақ медиа-мәтінінің прагматикасы
(қазақ баспасөз материалдары негізінде). // филология
ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін
дайындалған диссертация. – Алматы, 2007.
2. Сыздық Р.
Бүгінгі көркем проза тілі және әдеби норма
(сәйкестік пен алшақтықтар). // Өнер алды – қызыл
тіл. Мақалалар жинағы. – Алматы: Жазушы, 1986.
3. Федоров А.В. Словарь
терминов по медиаобразованию, медиапедагогике, медиаграмотности,
медиакомпетентности. Таганрог: Изд-во Таганрог. гос. пед. ин-та, 2010. – 64 c.