Педагогические науки/ 5.Современные методы преподавания

Сабитова Т.К.

МҚМ Қарағанды обл. балаларға арналған психоневрологиялық дәрігерлік-әлеуметтік мекеме Қарағанды қаласы, Қазақстан

Мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарына психологиялық көмек көрсету мәселесі

Отбасында кемтар баланың дүниеге келуі, әрине ата-анаға өте ауыр соққы болып тиеді. Осы жағдаят негізінде ата-аналар арасындағы қарым-қатынастар бұзылады, кейбір жағдайларда ата-аналар ажырасады немесе баладан мүлдем бас тартады. Кеміс баланың дүниеге келуі барлық ата-анаға бірдей әсер етпейді, бірақ басым көпшілігін күшті психологиялық күйзеліске ұшыратады, сөйтіп психиканың бұзылуына әкеліп соқтырады.

Мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасында өз кезегінде толып жатқан проблемалар туындайды: дамудағы кемістіктің қандай көріністе кездесетіні туралы мағлұматтың болмауы, баланың болашақтағы дамуы туралы болжай алмау, өздері қамқорлық жасай алмайтын уақыттағы баланың тағдыры үшін алаңдау; ата-аналардың психологиялық дезадаптациясы; кеміс баланы тәрбиелеуден бас тарту мен баланы мемлекеттік мекемеге орналастыру туралы шешім қабылдаудағы сергелдең т.б. сонымен қатар кеміс баланың тууымен қатар материалдық және әлеуметтік проблемалар да пайда болады, отбасы мен қоғам арасындағы қарым-қатынас қиындайды. Егер мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік және моральдық-психологиялық қолдау жеткіліксіз болса, мұндай жағдаяттар асқына түсуі мүмкін. Сондықтан кеміс баланы үй жағдайында тәрбиелеу туралы ата-аналарды сауаттандыру жұмыстары жүргізіледі, арнайы әдебиеттермен қамтамасыз етеді. 

Дамуында қандай да бір ауытқуы бар бала өсіріп отырған бар ата-аналардың мінез-құлқының бірнеше түрін ажыратады:

- Ата-ана баланы оның кемістігімен бірге қабылдауы – баланың кемістігін қабылдайды, адекватты бағалайды және балаға шынайы адалдық көрсетеді, оның кемістігіне деген жағымсыз көзқарас немесе өзін де, баланы да кінәлау сезімі болмайды.

- Теріске шығару, мойындамау реакциясы – баланың кемістігі мен мүмкіндіктерінің шектелуі теріске шығарылады, сондықтан баласының қабілетінің жоғары болуын талап етеді.

- Шектен тыс қорғау реакциясы – бұл тым күшті қамқорлық жасау, балаға аяныш сезімімен қарау және шектен тыс жақсы көру. Баланың орындайтын істерін өздері орындайды, нәтижесінде бала өздігімен әрекеттенуге дәрменсіз, өмір бойы инфантильдік деңгейде қалып қояды.

- Баладан жасырын бас тарту, шеттету – мұнда кемістік масқара, ұят болып саналады. Ата-аналар өздерінің жиреніш, жеккөрініш сезімдерін шектен тыс қамқорлықпен бүркемелейді.

- Баладан ашық бас тарту, шеттету – мұнда ата-аналар өздерінің жауығу, жеккөру сезімдерін жасырмайды. Ата-аналар өздерінің бақытсыздығына қоғамды, дәрігерлерді, мұғалімдерді кіналайды, балаға да оның кемістігіне де адекватты емес көзқараспен қарайды. 

Шектен тыс қамқорлық (протекция) пен бас тарту, жасырын немесе ашық шеттету – мұның барлығы ата-ананың теріс реакциялары, бұлар баланың дамуын тежейді немесе дамуға кедергі жасайды. Мұндай отбасыларына психологиялық қолдау қажет, сондықтан мұнда әлеуметтік қызметкерлер, арнайы мамандар үлкен роль атқарады.

Кемістігі бар бала ата-ана үшін теріс эмоциональдық сезімдер туғызып қана қоймайды, ол отбасының үйреншікті тұрмысын, өмір сүру жағдайын өзгертеді, отбасындағы басқа балаларға деген көзқарас пен олармен қарым-қатынасты да өзгертеді. Кейбір отбасылар ел көзіне түспеуге тырысып тасаланады, аяушылыққа немесе мазаққа тап болудан қорқады, басқа туыстарымен қарым-қатынастарын шектейді. Мұның барлығы қоғамның кеміс балаларды қабылдауға даярлығы деңгейіне байланысты, өкінішке орай, қоғам әлі де бұған дайын емес. Қоғам қоғам болғалы дені сау адамдар мен даму мүмкіндігі шектеулі адамдар арасында болатын «психологиялық бөгет» әлі де жоғалған жоқ. Бұл жағдайдан адамдардың моральдық қатігездігі арта түседі, өзге адамдардың бақытсыздығы мен қасіретіне деген сезімталдық жоғалады [1].

Мүмкіндігі шектеулі бала дүниеге келгеннен кейін оның тәрбиесіне отбасының әрбір мүшесі жауапты. Сондықтан, мұндай отбасылар арнайы педагог мамандардың, соның ішінде дефектолог, психолог, әлеуметтік-педагогтардың көмектеріне зәру. Мүмкіндігі шектеулі балалар ерекше көңіл бөлуді, арнайы тәрбиелеу мен оқытуды талап етеді. Оның отбасындағы қарым- қатынасын және өзі қатарлас балалармен қарым-қатынасын анықтау, олармен бірдей деңгейде араласуына мүмкіндік туғызу, білім деңгейіне сай оқыту және қоғамның болашақ өз-өзіне сенімді азамат етіп тәрбиелеу үшін педагог мамандар ата-аналармен, әлеуметтік сала қызметкерлерімен тығыз байланыста болуы керек. Тек осы жағдайда ғана, мүмкіндігі шектелген балалардың өздерін қоғамның толыққанды азаматы ретінде қабылдауына жағдай туады.

Қазіргі кезде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған әртүрлі дәрігерлік-әлеуметтік мекемелер мен психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері т.б. қызмет етеді. Аталған мекемелердің қызметі үш негізгі мәселені қамтиды. Бірінші орында – білім бағдарламасын меңгеруде қиындық көретін балаларға көмек беру; екінші орында – әр баланың ерекшелігіне қарай дара психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік, дәрігерлік, заңгерлік қолдау жасауды жүзеге асыру; үшінші орында – білім беру мекемелерінде баланың дамуына ықпал ететін анағұрлым қолайлы жағдайлар туғызу.

Қазіргі кезде психолог мамандар 90-жылдары жасалған Қазақстан Республикасындағы білім беру мекемелеріндегі психологиялық қызмет моделі бойынша жұмыс істейді [2].

Психологиялық қызметтің құрылымдық буындары Қазақстан Республикасындағы әрбір білім беру мекемесінде бар (балабақшалар, әртүрлі типті мектептер, балалар үйлері, интернаттар, орта кәсіптік оқу орындары, жоғары оқу орындары т.б.).

Қазір елімізде осыған орай бірқатар шаралар жасалып жатыр. Мысалы,  «2015 жылғы 1 мамырдан бастап мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға психологиялық көмек көрсету үшін онлайн қолдау қызметі жұмыс жасай бастайды. Қызмет жұмысын білікті психолог мамандарды тарта отырып, «Skype» бағдарламасының көмегімен ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл шара мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға үйлерінен шықпай-ақ, кәсіби білікті кеңес алуға мүмкіндік береді» -   деп хабарлайды денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі [3].

Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында және Қазақстан Республикасының 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» денсаулық сақтауды дамыту Мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында республиканың 14 қаласында ата-аналарға арналған «Мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығын сақтау» бойынша сабақтар өткізілуде, - деп хабарлайды бұқаралық ақпарат құралдары.

«Ата-аналар мектебі» тренингтерін өткізу мақсаты – мүмкіндігі шектеулі балаларды күту бойынша ата-аналардың дағдыларын, олардың әлеуметтік, бала ауруының қауіпті белгілеріне, өзіне- өзі көмек көрсету әдістеріне бейімделуін жақсарту, денсаулық сабақтарын өткізу, - дейді Алматыдағы жоба үйлестірушісі Е. Колмогорова  [4].

Сондықтан мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік реабилитация жасауды оның өзінен емес ата-анасынан бастаған дұрыс, нақтылап айтқанда олардың даму мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеуге деген психологиялық  даярлығын қалыптастырудан бастаған жөн.

Әдебиетттер:

1.     Тебенова Қ.С, Рымханова А.Р. Арнайы психология.- Алматы: Дәуір. – 2011.- 274 б.

2.           Ковалев С.Э. Психологическая служба в образовании: Учебно-методическое пособие. – Усть-Каменогорск: изд. ВКГУ им. С. Аманжолова, 2006. – 102 с.

3.     http://strategy2050.kz/news/18729

4.     http://bnews.kz/kk/news/post