ПЕДАГОГИКА. Современные методы преподавания

География пәнінің мұғалімі Д. М. Сейдазимова

Ерекше балаларға арналған “Дарын”

коммуналдық мектеп - интернаты,

Тараз қаласы, Қазақстан

География сабағында функциональдық

сауаттылықты дамыту туралы

Сауаттылық ұғымының нақты мазмұны дара тұлғаның дамуына қойылатын қоғамдық талаптарға байланысты құбылмалы сипатқа ие болады. Ол қарапайым оқу, жазу, санау біліктіліктерінен бастап адамның әлеуметтік үдерістерге саналы түрде қатысуына мүмкіндік беретін, қоғамдық қажеттігі айқын кешенді білімдер мен біліктерден құралатын функционалдық сауаттылықты меңгеруді де қамтиды. Сонымен, функционалдық сауаттылық дегеніміз не?

Функционалдық сауаттылығы дегеніміз - адамдардың әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсене араласуы, яғни бүгінгі жаһандану дәуіріндегі заман ағымына, жасына қарамай ілесіп отыруы, адамның мамандығына, жасына қарамай үнемі білімін жетілдіріп отыруы. Ондағы басты мақсат жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене және рухани тұрғысынан дамыған азаматын қалыптастыру, оның әлемде әлеуметтік бейімделуі болып табылады.

Заттар, нысандар, құбылыстар туралы мағлұматтар беру кезiнде де адам әрекетi солармен бiрлiкте, байланыста беріледі. Жер, табиғат, еліміздің табиғат жағдайлары, қоршаған орта, әлем елдері, табиғат ресурстары туралы бiлiм, білік, дағды қалыптастыру мектепте «География» пәні арқылы жүзеге асырылады. Пәндік білім, білік, дағдыларды меңгертудегі шығармашылық ұстаным сабақты шығармашылық үдеріс ретінде құруды мақсат етеді. Оқу үдерісінде жұптық, топтық жұмыс түрлеріне, біріккен шығармашылық тапсырмалар мен жобаларды орындауға үлкен мән берілді. Белгілі бір қатысымдық міндеттерді шешу барысында оқушылардың өз тілек-емеуріндерін іске асыруға мүмкіндігі болады. Оқу үдерісінде оқушылардың алдыңғы сабақтарда алған білім, дағды, біліктерін жаңа жағдаятта қолдана алуына қажетті дағдылары дамытылады. Пәнді интеллектуалдық және шығармашылық тұрғыда түсініп меңгертуге ден қойылады.Ол үшін қазіргі таңдағы оқыту технологияларының стратегияларын пайдалану тиімді болып келеді: «Джиксо-ұжымдық оқыту» стратегиясы, «Дана үкілер» стратегиясы, «Мозаика немесе Ара ұясы» стратегиясы. Мақсаты: Жалпы мәселені жұпта, ұжымда талқылау. Бұл стратегиялар мазмұнды жоғары табыспен меңгеру, оқығанды есте сақтау үшін тиімді. Оқушының оқуға деген қызығушылығы артады, ұжымда жақсы қарым-қатынас қалыптасады, саналы тәртіп орнайды, өз бетінше ойлауға, ізденуге, нәтижеге жетуге дағдыланады.

Сабақта әр бір өтілген мәтінді өмірмен байланыстырып, өз туған өлкеңмен, өз ауылыңның халқымен, тұрмыс жағдайлары мен байланыстырып өту баланың қызығушылығын арттыруда үлкен септігін тигізеді. Географияны оқытуда әр сабақ сайын тек қана теорияға негізделмей практикалық жұмыстарды орындап отыру қажет. Кескін картаға түсіру, масштабпен арақашықтығынын өлшеу, диаграмма құру, обьекттілерді салыстыру, азимутпен жол жүру, табиғат құбылыстарын жазып жүру, есептер шешу, ұғым құру, қорытынды шығару, тұжырым жасау сияқты тапсырмаларды жүйелі түрде орындаудың іске асырылуын ескеріп отыру керек.

Пәннің оқу экскурсияларын ұйымдастырып, сол кезде орындалған практикалық жұмыстарды оқушылардың  жете меңгергенін өз тәжірибемде байқадым. Мысалы: Төбені немесе ойысты деңгейлегішпен өлшеп, горизонтальдар арқылы түсіру, өзеннің су шығынын есептеу, құлау кеңістігін есептеу, азимутпен жол жүріп, масштабпен есептеп планшетке түсіру, шартты белгілерді қолдану, өсімдік жамылғысына мән беру, басқа табиғат зоналарымен салыстыру т.с. тапсырмалар. Физикалық георафия курсында планға түсіруді меңгертуде мынадай тапсырмаларды қолдануға болады: Өз бөлмеңнің планын сызу, үйдің планын сызу, мектепке дейінгі жүріп өтетін жолыңды шартты белгілердің көмегімен белгілі масштабқа салып дәптерге түсіру, мектептің планын түсіру- деген сияқты жеңіл тапсырмаларды орындау тиімді болады. Материктер мен мұхиттар географиясында салыстыру, мағынасын ашу, топтастыру, атлас картамен ендік, бойлық бойынша жер шарын айналып шығу (мұнда мысалға 45º ендікпен солтүстік жарты шарды және оңтүстік жарты шарды жүріп өтіңдер, көрген обьекттерді сипаттаңдар т. с)

Функционалдық сауаттылық – адамның сыртқы ортамен қарым-қатынасқа түсе алу қабілеті және сол ортаға барынша тез бейімделе алуы мен қарым-қатынас жасай алу деңгейінің көрсеткіші. Олай болса, функционалдық сауаттылық тұлғаның белгілі бір мәдени ортада өмір сүруі үшін қажетті деп саналатын және оның әлеуметтік қарым-қатынас жасауын қамтамасыз ететін білім, білік, дағдылардың жиынтығынан құралады. Ал кең мағынасында ол тек білік пен білімділік әлеміне барудың жолы ғана емес, ол – ұлттың, елдің немесе жеке адамдар тобының мәдени және әлеуметтік дамуының өлшемі. Осындай сапалық сипаты тұрғысынан қарағанда функционалдық сауаттылық жеке адамды дамытудың тетігі ретінде қолданылады. Қоршаған әлемде және табиғатта болып жатқан құбылыстарды түсіну, салыстыру, талдау, жіктеу, жүйелеу, жалпылау білік дағдыларын меңгерту мақсаттары көзделгенде ғана, оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыруға болады.

Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын қалыптастыруда қатысымдық, рөлдік ойын, дара тұлғаға бағдарланған оқыту және сұрақ-жауап әдістері арқылы жүзеге асатын жағдаяттық тапсырмалар, рөлдік ойындар, сұқбаттық тапсырмалар, құзыреттіліктерді қалыптастыратын тапсырмалар арқылы  кешенді жүргізудің тиімділігі жоғары болады.

Қолданылған әдебиеттер тізімі

1. Н. Оразахынова, Г. М. Кенжебаева - «Оқушылардың функциональдық сауаттылығын қалыптастыру жолдары» ғылыми мақаласы, 2012. 42-47 б.

2. Е. Я. Чернихова. География пәнінің оқу экскурсиялары. Алматы «Мектеп» 1985. 13 б

3. Қазақ тілінің сөздігі. – Алматы: Ғылым, 1986. 10 – шы том. – 17 б.

4. Г. Н. Якуш. Занимательная география. Минск - 1974. 30 – 34 б.