Әбдіжамалова Н. А.,  Жумагалиев Р. А

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Қазақстан

ЖАҢА ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯНЫҢ ҒЫЛЫМИ- ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ

Сабақ беру – үйреншікті жай шеберлік емес, ол үнемі жаңадан жаңаны табатын өнер    

(Ж. Аймауытов)                                     

Қазіргі кезде білім беру саласында болып жатқан ауқымды өзгерістер түрлі ынталы бастамалар мен түрлендірулерге кеңінен жол ашуда. Осы тұрғыдан алғанда, ұрпақ тәрбиесімен айналысатын әлеуметтік, педагогикалық, психологиялық қызметтің тиімділігін арттыру, оны жаңа сапада ұйымдастыру қажеттігі туындайды. Бұл үшін әрбір оқытушының инновациялық іс-әрекеттің ғылыми-педагогикалық, психологиялық негіздерін меңгеруі мақсат етіледі. Ал жаңа технологияны пайдалану міндетті деңгейдегі білімді қалыптастыра отырып, мүмкіндік деңгейге жеткізеді. Сондықтан әрбір оқытушының біліктілігін көтеру мен шығармашылық педагогикалық, психологиялық әрекетін ұйымдастыруда қазіргі педагогикалық технологияларды меңгерудің маңызы зор.

Жаңа технологиялар арқылы білімгердің қызығушылығын арттыруға болады. Мысал ретінде Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында семинарлық сабақтарды түсіндіру барысында Кембридж бағдарламасы кеңінен қолданылады. Бұл бағдарлама білімгерлердің пәнге деген қызығушылығын арттырып, оқытушы мен білімгер арасындағы қарым – қатынасты дамытады.

Бір технологияның өзі мұғалімнің шеберлігіне байланысты әрқилы жүзеге асырылуы мүмкін. Қазіргі кезде әдебиеттерден қазіргі заманғы білім берудің даму бағыты мен технологияларын қамтитын елуден астам педагогикалық технология қолданылып жүргендігі мәлім. Сондықтан білім беру жүйесінде қолданылатын педагогикалық технологиялардың негізгі мақсаттарын білу қажет.

Ынтымақтастық технологиясы:

-  талап ету педагогикасынан қарым – қатынас педагогикасына өту балаға ізгілік  тұрғысынан қарау, оқыту мен тәрбиенің бірлігі

Білім берудің ізгілендіру технологиясы

-  баланың жеке қасиеттерін ашу арқылы азамат етіп тәрбиелеу;

-  баланың жайы мен жүрегіне жылылық ұялату;

-  баланың танымдық  күшін қалыптастыру және дамыту [1, 52 б.]. 

В. М. Монахов технологиясы

-    оқытудың тұтас технологиясын жобалау;

-    алға қойған мақсатқа жетуді көздейтін педагогикалық үдеріс туғызады;

-  мұғалімге нәтижені талдап, түсіндіріп бере алатындай жүйені таңдау және құру;

Белгілі психолог Л.Выготский: “Оқыту, білім беру, дамытудың алдында жүріп отыруы керек. Дұрыс ұйымдастырылған оқыту үдерісі ғана баланың жеке басының дамуын үйлестіре алады” – дейді [1, 49 б.].

“Жаңа педагогикалық технология”- әрбір сабақта пайдаланылатын, өте қажетті, сол тақырыпты оқушыға жеткізудің, түсіндірудің мұғалім тарапынан ең тиімді тәсіл.

Жаңа педагогикалық технологияның ерекшеліктері

Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы барысында орта білім берудің жүйелі реформалануы қоғамдық тұрғыдан үлкен маңызға ие. Білім беруді реформалауды жүзеге асырудың және бір маңызды сипаты қазіргі уақыттағы оқыту үдерісін технологияландырудың қажеттілігінен туып отыр.

Жаңа технологияның тағы бір психологиялық негізі болып табылатын теория – Л. С. Выготскийдің  “ оқыту үрдісінде оқушының ақыл –ойының дамуы “актуалды даму” аумағынан жақын арадығы даму” аймағына ауысуы туралы теория [2, 75 б.].

Тиімді жаңа педагогикалық технология қорларына топтық жұмыстарды жатқызуға болады, соның ішінде диалогтың оқытуды атап кеткен жөн. Әңгіме үдерісі негізінен диалогтың оқытылуы маңызды бөлігі болып табылады. Диалогтық оқыту  арқылы баланы сыни тұрғыдан үйретіп, көзқарасын дамытуға  болады.

 Мәселен, оқу тәжірибесін зерттеу қорытындысы бойынша Ұлыбритания сыныптарында әңгіме үдерісі негізінен проблемалармен байланыстырылады екен. Әңгіме балалардың білім алуына толық көлемде ықпал етіп, жеделдетуге көмектескен жағдайда ғана осы әңгімені түбегейлі тың тәсіл деп қарастыру ұсынылады. Аталған зерттеу мектептер мен мұғалімдер көп жағдайда:

-  әңгімені оқыту мақсаты емес, құралы ретінде қарастырылатындығын;

-  әңгімені салауаттылықты дамыту үдесіне қоса алмайтындығын;

-  сабақты тыңғылықты және өнімді топтың әңгіме құруға ықпал етпейтін жұмысты ұйымдастыратындығын;

-  оқушыларға тиімді диалогтің негізгі ережелерін үйрете алмайтындығын көрсетеді.

Диалогтік оқыту механикалық әңгіме, жауап алу, түсіндіру және талқылау сияқты әнгімелеуге үйретудің барынша дәстүрлі түрлерімен тығыз байланысқан.

Қорыта айтқанда, инновациялық технологиялардың қай түрін алсақ та,  олардың тиімділігі тек қана мұғалімнің шеберлігімен және осы шеберлікті шыңдай түскендігімен ғана шын күшіне ие бола алады. Сондықтан білім алушылардың ынтасын арттыруға арналған әдістемелік құралдардың жүйесі мен амалдары әр мұғалімнен оларды терең игеруін, іске асыруын және оған сай болатын іскерлікті талап етеді.

Әдебиет:

1.       Ф. Б. Бөрібекова, Н. Ж. Жанатбекова. Қазіргі заманғы педагогикалық технология.-Алматы, 2014.- 49 – 52бб.

2.       К. Ж. Бұзаубақова. Жаңа педагогикалық технология.-Тараз, 2003.- 75 б.

3.       К. К. Брибекова, А. К. Кусаинов. Профессиональное образование Казахстана.  - Алматы,2011.