Муратов Жахангер Рахатулы

Алматы қаласы

Тарихи жырлардағы хандар тұлғасы

 

Тарихи жырлардағы тарихи тұлғалардың көркемдік бейнеленуі туралы айтқанда біз бұл туындылардың жанрлық ерекшелігіне орай мынадай басты компоненттерін бір-бірімен байланысты қарастырылатынын ескереміз. Алдымен тарихи жырлардың өзінен бұрын туған тарихи шағын шығар-малардағы жеке-жеке тарихи фактілер халық өмірінің маңызды кезеңдерін қам-титын кең оқиғалар панорамасына ұласады. Жырланатын оқиғалар тізбегінің саяси-әлеуметтік астары барлығы да байқалады. Тарихи  оқиғалардың бел ортасында жүрген бас кейіпкер-дің, оның айналасындағылардың ерен істері, ақыл-жігері, басқа да тұлғалық қасиеттері жырға қосылады. Жырдағы кейіпкерлердің әлгі айтылған тұлғалық қасиеттерін мейлінше толық ашу үшін әртүрлі көркемдік әдіс-тәсілдер пайдаланылады. Бұл жырлардың саяси-әлеуметтік сипаты болатындықтан, сондағы оқиғаларға, кейіпкерлеріне автордың, немесе жырды жеткізушінің көзқарасын  білдіріледі.

Бұл айтылғандар жалпы және барлық тарихи жырлардағы тарихи тұлғалар бейнеленуінің тән белгілері.  Сонымен қатар тарихи жырларды біздің зерттеу нысанамызға  байланысты хандар туралы тарихи жыр және батырлар туралы тарихи жыр деп бір-бірімен тығыз байланысты, бірақ кейбір ерекшеліктері бар екі топқа бөліп қарастырған жөн сияқты. Бұл топтарды тығыз байланыстыратын белгі – екеуінің әрқайсысында хандар да бар, батырлар  да бейнеленеді, екеуі де тарихи тұлғалар. Кейбір жырларда бұлардың бірінің функциясы екіншісіне телінеді, мысалы, Абылайдың жай батыр бейнесінде суреттелуі (хан сайланбай тұрған кездегі ерлігі туралы жырлар), немесе Қабанбайдың хан дәрежесіне дейін келтіре мадақталуы («хан ұраны Қабанбай» атануы). Айырмашылығы – бірінші топтағы жырларда бас кейіпкер – хан, екіншісінде – батыр. Қалай болғанмен алғашқы топтағы жырлардың саяси-әлеуметтік деңгейі биіктеу, мән-мағынасы жоғарылау сияқты. Өйткені ол жырлардың бас кейіпкері– хан, ал хан өзінің статусы бойынша – мемлекеттіктің белгісі, хандықтың символы, елдіктің ұраны. 

Қалай дегенде де, дер кезінде туған тарихи шығармалар бергі кездің әртүрлі қоғамдық жағдайларына, ой-сананың өсіп-ұлғаюына байланысты жаңарып, жаңғырып отырған. Тарихи туындылар– халқымыздың басынан өткізген тарихи-әлеуметтік жағдайлардың негізінде (ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда) тарихта болған адамдардың батырлық істерінің негізінде туған, елдік, ерлік салтын, әдет-ғұрпын, рухани күшін бейнелейтін құнды қазынаның бірі.

        Қазаңғап Байболұлының  тарихи жырларында қазақтың орта ғасырлық дәуіріндегі хандардың галереясы беріледі. Біз қарастырып отырған жырдың ерекшелігі онда эпикалық жырау дәстүрі әсерінен болған кейбір өзгерістерді есептемегенде ел билеушілері барынша тарихи шындыққа жақын суреттеледі. М. Әуезовтың «Тарихи жырларда эпостық баяндауға тән объективтік сарынның орнын автордың әсері араласқан субъективтік баға басады» деген пікірі бұл жағдайды түсіндіретін ғылыми негіз есебінде алынады.

Алдымен жыр атағын иеленген хан Есім туралы кейбір мәліметтерге көңіл аударайық.    Халық арасында аңызға айналған Есім хан жөніндегі тарихи деректер, мәліметтер, зерттеулер бойынша тарихта ондай атпен үш хан, болғанын айта кету керек.  XVII ғасырдың алғашқы ширегінде 30 жылдай қазақ хандығын билеген, халық арасында Еңсегей бойлы Ер Есім аталып, жырға қосылған Шығай сұлтанның баласы. Есім хан тұсында оңтүстіктегі қалаларды иелену үшін Мауараннахрмен байырғы күрес күшейтіліп, Бұхар шарты бойынша Ташкент қаласы атырабымен қоса Есім хандығына қаратылып, кейін 200 жыл бойы қазақ хандарының билігінде болады. Есім хан ойрат-қалмақтарға қарсы күресті жалғастырып, шығыс Түркістанмен, қырғыздармен қарым-қатынасты жақсартады. Есім ханның түпкі көздеген мақсаты – қазақ жерінде бір орталыққа бағынған мемлекет құру болды. Оның «Есім ханның ескі жолы» деп аталып кеткен жарғысы осы үлкен мақсатқа, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатын нығайтуға бағытталды.

 Есім хан туралы жыр, толғау, дастан туғызған ақын-жыраулар арасынан бізге негізінен М.Мағауин, Х.Сүйіншәлиев арқылы белгілісі Жиембет жыраудың Есім ханға арналған толғаулары.

Есім хан туралы жұртшылыққа онша көп таныс емес «Еңсегей бойлы ер Есім» атты көлемді (7 мың жол) тарихи жыр бар. Ғылым Академиясының қолжазба қорынан алынып, 1991 жылы басылып шыққан тарихи дастандарының авторы ақын Қазанғап Байболов делінген. Дегенмен оны Қазанғап жырлаған нұсқа деп алған дұрыс. Жыр тарихи аңыз-деректерге негізделеніп, сол кездің тарихи оқиғаларын мол қамтыған. «Еңсегей бойлы Ер Есім» атты тарихи жырды кезінде М.Әуезов жоғары бағалаған болатын. Ә.Марғулан оны «ең ғажайып әңгіме – Қазанғап ақын жеткізген «Еңсегей» деген тарихи жыр», - деп таныстырған.

Ә.Марғұлан тарихи шындықты «тұрмыстың егжей-тегжейімен қоса баяндауы жағынан қазақ эпосы кейбір шақтарды жазба жылнамалардан кем түспейді» деп, дәлел ретінде Қазанғап ақынның «Еңсегей бойлы Ер Есімін» де атап айтады.

Кеңес  үкіметі кезінде саясатпен керағар Қазанғаптың «би», «хандарды», яғни үстем тап өкілдерін жырлауын байланыста бұл жыр ұзақ айтылмай келді.   

Жырдың басты кейіпкері Есім хан эпос дәстүрі бойынша тез ер жетіп, әскери өнерді жетік меңгерген шебер қолбасшы. Жау шебіне шабуыл жасағанда, қалмақтарды алуда әртүрлі тәсілдер қолданып, әскерін көп шығынға ұшыратпай, көбінесе аз қолмен, сан жағынан әлде қайда басым қалмақтарды, қатағандықтарды жеңіп отырады.

Есім хан отанын қалтқысыз сүйетін, халқына шын берілген, ақылды ел билеуші, саясаткер-дипломат. Үлкен іс, жорықтар алдында халқының алдынан өтіп, ақылдасып отырады. Сондықтан ол отандастарының кұрметіне бөленеді, оны халық әкесінің орнына хан көтереді. Есімнің ел басқарудағы басты ұстанымы – ел бірлігін сақтау, сол жолда Әбілғазы ханның ара түсуімен Тұрсынға кешірім жасайды, қырғыз-қазақ ынтымақтығы жолында Көкім биге Ташкентті билетеді.

Ел билеушіден талап етілетін басты қасиет оның әділдігі болса, Есім хан осы қасиеттің биігінен көрініп отырады. Жауына қатал, досқа адал, халқына, үлкендерге, әке-шешесі мен қарындасына мейірімді. Осыған байланысты Есімде қайшылықты мінез де байқалады. Жауынан, әсіресе, хан Тұрсыннан талай сатқындық көріп, елі қырылып, бар өмірі жорықта қан кешумен жүрген ел билеушінің қаталдығы бір жағынан түсінікті - жеңілген қатағандықтарға Тұрсынның өзі жасаған қырғынын өздеріне жасайды. Сонымен қатар Есімнің әлгі қаталдығына үйлеспейтін жырдың өне бойынан оның жүрегінің жұмсақтығы әр кез көрініп отырады. Жырақта жүргенде елі, әке-шешесі, қарындасы ойына түскен сайын сағыныштан көңілі босайды, тіпті өзіне деген мейірімсіз Тұрсын ханға әлденеше кешірім жасайды, достасуға бар, ұрыстарда, жекпе-жекте ылғи үлкендігін сыйлап, кезек беріп отырады. Ең соңғы ұрыстан кейін де жеңілген жауына қол жұмсамайды, соңғы тілегін орындайды, ақыры жау өз қолынан өзі өледі. Сонымен бұл тарихи жырда, кей жағдайда эпостық дәстүр жолымен жырланғанмен, оған тән бас кейіпкерді тұтастай идеалды, мінсіз кейіпкер ету жоқ, тарихи жыр-дастандарға тән, негізінен реалды шындықтан ауытқымайды.

Әдебиеттер:

1.      Мағауин М.  Алдаспан. – Алматы:  Атамұра , 2006. - 312.

2.      Бораш  Б. Қазақ поэзиясындағы хандар тұлғасы - Алматы : Дәуір, 2012. - 440 б.

3.      Мағауин М. Қазақ Ордасындағы хан сайлау дәстүрі // «Қазақ әдебиеті» - 1994. - № 18-19. – С.102-110.

4.                           Әуезов М. Әдебиет туралы. - Алматы: Санат, 1997. - 324 б.