Болат Ақшолпан Досымқызы

 

Ә.Кекілбаев  прозасының көркемдік  әлемі

 

Ә.Кекілбаевтың жазушы ретіндегі ең сүйікті тақырыптарының бірі — әділет пен сүйіспеншілікке, адамшылық пен қайырымдылыққа қарама-қарсы суреттелген көпшілікті өлшеусіз қасірет-қайғыға, алапат ойран-сұмдықтарға бастайтын шегі-шеті жоқ билік пен қарақан басының қамын күйттеген сол билік иесінің ештен кеш болса да, райынан қайту кезеңі, рухани қайыршылық көріністері оның көпшілікке белгілі «Ханша-дария хикаясы» повесінде жан-жақты сипатталады.  Бұл повесть Шыңғыс хан туралы көне аңызға құрылған: өз кеудесінің желіне өзі семірген Ұлы әмірші таңғұт елін түп-түгел қырып тастаса да, осы елдің ханшасы Гүрбелжін сұлудың аппақ тәнінен сусындай алмай, ақыр соңында әйел қолынан мертігеді. Автор көне аңызға философиялық мән-мағына қосып, өркөкірек адам рухының қайсарлығын дәріптейді: халықтарды қанға бояған айналасына қаһар шашқан әміршілердің әлсіздігін жер бетіне зұлымдықтың ұрығын еккен әрбіреудің Әлінің қылышынан бәрібір қашып құтыла алмайтынын, ондай қанқұйлы жауыздарды аспандағы алла емес, адам қолының өзі жазалайтынын айтады.

Ал жазушының «Шыңырау», «Бәсеке» атты повестері ондағы оқиғалар мен әлеуметтік ой-пікірлер жағынан біздің заманымызға жақын тұр. Мұнда да Ә.Кекілбаевтың о бастағы философиялық, аналитикалық суреттеу тәсілінен айнымағанын көреміз, дегенмен,  бұл жолы ежелгі аңыз-әңгімелердің бірін таңдап алып, соны өзінше байытып жатпайды, қайта керісінше — өткен ғасырда қазақ аулында өткен бірер қарапайым оқиғаны тілге тиек етеді де, соны шебер реалистік мәнерде трагедиялық коллизиялар дәрежесіне көтереді, сөйтіп, бүгінгі күннің қажетіне асарлық адамшылық, этикалық мәселелерді күн тәртібіне қояды.

«Шыңырау» повесіндегі құдықшы Еңсептің тағдыры аса қайғылы.  Бұл - өзінің тауқыметке толы қысқа ғұмыры ішінде жапан түзде талай құдық қазған, талайдың мейірін қандырған, өзіне осыншалық бейнет пен зейнет болған осыншама қауіп-қатерге толы еңбегіне ерекше қадір-қасиетпен қараған адамның тарихы. Бірақ ол заманда Еңсеп секілді адамдардың еңбегі көбіне еш болатын, ақыры ол да өз өмірінің ішіндегі ең терең шыңырауды қазып жүріп қазаға ұшырайды.

Ал «Бәсеке» повесінде дала шонжарының ару қызы феодалдық заманның қанды құрсауынан құтыла алмай, есірік біреудің қолына түскені баяндалады. «Шыңырау», «Бәсеке» повесінде кейін суреткердің біздің заманымызға арналған шығармаларында айқынырақ көрінген қолтаңбасы бар еді, ол ерекшеліктер; композициялық шымырлық, тұрмыстық және этнографиялық детальдардың дәлдігі, терең психологизм, кейіпкерлердің әрекет-қимылдарын жан-жақты талдап көрсету, кейде сатиралық, кейде жеңіл күлкі шақыратын сыпайы, сұлу баяндау тәсілі деп білеміз.
         Осы аталған повестердегі көркемдік-эстетикалық, әлеуметтік-философиялық қасиеттер «Аңыздың ақыры» атты күрделі романда әрі қарай жалғасып, дами түсті. Ә. Кекілбаевтың тарихи балладалар циклі, біздіңше, осы романда өзінің толық көркемдік шешімін тапқан.  Бұл шығармалар, сөз жоқ, суреткердің шығармашылық өсу жолындағы маңызды белес болып қалмақ.

   «Аңыздың ақыры» романында автор тағы да өзінің бұрынғы қалыптасқан байсалды, қазып айтатын баяндау тәсіліне ерік береді, мұнда жалпы сюжет, оқиғаның жотасы анық көрінгенмен, бірінші кезекте адам жанының алуан иірімдері, терең психологиясы, пейіл-мұрат, мінез-құлық, ішкі драмалық коллизия, сырт көзге онша байқала бермейтін, бірақ іште қайнап жатқан ой-сезім, сөз бен әрекеттің арбасуы тәптіштеледі.
         Тарихта болған дерек пен шығармашылық қиял, фольклорлық бастау мен реалистік баяндау осы шығармада ерекше жымдасып кетеді де, халықтың әр қилы аңыз-әңгімелерін өзінше қызғылықты түсіндіретін автордың көркемдік философиялық конңепңиясы барынша толық, барынша айқын танылады. Шыңғыс Айтматовтың осы арада фольклорды игеру жөніндегі ойлары маңызды көрінеді, ол әр түрлі мифологиялық желілерді бүгінгі күн талаптарына лайық пайдаланудың артықшылығын атай отырып: «Талантты қазақ прозаигі Әбіш Кекілбаев мифологиялық системалар мен структураларды игеру арқылы өткен мен бүгінгінің маңызды мәселелерін қозғай білген. Бұл кітап — ойшылдықтың жоғарғы сатысынан қарағанда да, аңыз-әңгімелер мен бүгінгі күннің өткен мен бүгінгі күндер тәжірибесінің қорытпасы, осы компоненттердің барлығы (әрине, мұның ішінде прозаиктің таланты да бар) қосыла келе, біздің пікірімізше, бұл шығармалардың мазмұнын ғана байытып қоймай, оның көркемдік қасиетін де арттыра түскен», –  деген пікірі аса қисынды көрінеді.

 Ә.Кекілбаевтың повестері жөнінде осы айтылған пікірдің «Аңыздың ақыры» романына да түгелдей қатысы бар. «Аңыздың ақыры» романының оқиғасы да Самарқан шаһарының жолбасшылары туристерге күнде айтып беріп жүрген, Темірланның сүйікті тоқалы Бибі ханым салдырған атақты ғимараты жөніндегі хикаяға негізделген секілді.

 ...Ұлы әмірші алыс жортуылға аттанып кеткен. Ерін сағынған жас әйел қосағы қайтып оралғанша, ғажайып күмбезді көк мұнара салғызуды ойлайды. Осы мұнараны салушы жас шебер сұлу ханшаға өлердей ғашық болады да, егер тілінен бал татқызбаса, мұнараның күмбезі әрі қарай қаланбайтынын шарт етіп қояды. Бұған ашуланған ханша қиқар шеберге өзінің ең сымбатты күңін сыйлыққа ұсынады. Бірақ анау қасарысып көнбейді.  Бұл кезде әмірші де жауын женіп, атының басын кері бұрған екен дейді. Әмірші астана жұртына келмес бұрын жас ханша жас шебердің тілегін орындауға ыңғай танытады. Әйелі салдырған ғажайып мұнараға әміршісі бек риза болады, бірақ ханшаның бетіне түскен ыстық таңбаны көріп, қаһар шашады. Ханша «қылмысын» мойындайды, шебер дарға асылады...

            Автор бас кейіпкеріне басы жоқ, аяғы жоқ қара бояуды баттастырып жаға бермейді, оның іс-әрекеттерін төтелеп даттай да бермейді, автор адамшылық қасиетті, адамның жеке басын аяққа таптайтын зорлық пен зұлымдықтың, билік құмарлықтың шірік философиясын әшкерелеуге назар аударады. Қаншалық қаһарлы, қайратты болғанмен, Әміршінің өзі де, шынтуайтқа келгенде көрсоқыр, қатыгез догманың кесік құлақ құлы, ол өз ниетіне өзі кіріптар болған біреу. Ол өзгелерді қайғы-қасіретке ұшыратумен бірге, өзі де шектеусіз биліктің құрбаны болады.

   Әміршінің күйреуі - романнын соңында заңды құбылыстай әсер етеді. Өйткені ол өзінің бойындағы барша қайрат-жігерін, ақыл-парасатын, әуре-сарсаңға толы тынымсыз өмірін түгелдей өзімшілдік пен өркөкіректікке, өзгеден артық туысын дәлелдеуге жұмсайды. Автор осы күйреудің философиялық, әлеуметтік адамшылық негіздерін жан-жақты, нанымды суреттейді.

Ал «Шеткері үй» повесіндегі Зуһраның жеке бастық өмірі де адам қызығарлық емес. Айнала ағымға талғау-таңдаусыз ілескен әйел ақырында жағаға шығып қалғанын өзі де сезбей қалады. Бір кездегі алаңсыз, албырт сұлу енді келіп тағдырдың тәлкегіне ұшырағанын көргенде, қатты опынып, күйінеді, бірақ Зуһра кеш қалған еді. Ол өлген күйеуінің аруағы алдында, жалғыз ұлының алдында, қала берді туған-туыс, көңіл қосқан еркектерінің алдында әбден күнәға батады. Оның ендігі серігі қасындағы қарғылы иті секілді еді. Ақыр соңында сол ит те далаға лағып кетеді. Зуһра, шынында, ешкімге залал жасамаған, бірақ ешкімге қайырымдылық та көрсетпеген әйел. Қайырымдылықпен өткен өмірдің ғана мән-мағынасы бар екен. Жер бетіне жақсылықтың ұрығын ексең, белсенді, берекелі емір сүру деген, әне, сол. Әйткенмен, осыны түсініп, осылай өмір сүру әркімнің қолынан келе бермейді екен...

«Құс қанаты» повесіндегі кемпірдің басынан өткергендері аз емес. Алыстағы ауылда, құм-белестердің ортасында дүниеге келген ол бала жасынан ашты-тоқты, қиын-қыстау тірлік кешеді, кейін күйеуі өліп жесір қалады, бірақ қайғы-қасіреттің шылауында кетпей, қапа-наланың бәрін дала әйелдеріне ежелден тән көнбістікпен, қайсарлықпен қарсы алады. Майданда қазаға ұшыраған ерінің артында қалған жалғыз тұяғы - ұлын аман-есен адам қатарына қосуды ол өзінің осы өмірдегі ең зор аналық мұраты деп біледі. Сол ұлы ержетіп, семья құрған шағында белгілі азамат қатарына қосылған кезінде де, анасы оның қасынан қалмайды, оның қазіргі тұрмысын, ой-мүддесін, жүріс-тұрысын, дос-жарандарын, құдай қосқан жарын, тіпті қартайған шағында тап келген бейтаныс қала тіршілігін өзінше танып, өзінше түсінуге жұмылады.