Филологические науки

 

Қазанбаева А.З.   (фил.ғыл.канд, доцент, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстан)

Кусаинова Ж.Е. (филология факультетінің студенті)

 

М.МАҚАТАЕВ ӨЛЕҢДЕРІНДЕГІ СӨЗ ТАПТАРЫНДАҒЫ ҚАЙТАЛАМАЛАРДЫҢ БЕРІЛУ ЖОЛДАРЫ

 

Қайталама ұғымы адамның санасы мен ойында пайда болып, тіл құралдары арқылы көрініс табады. Мұның өзі қайталама процесінің өте күрделі құбылыс екендігін және оны тілдік аядан да кең алып, философиялық, дүниетанымдық деңгейде қарауға толық болатындығын көрсетеді.

Қайталамалар дами келіп, сөзжасамның тәсіліне айналып, сөз мағынасын түрлендіретін, бір сөз табын екінші бір сөз табына айналдыра алатын тәсіл ретінде таныла бастады. Қайталамалардың сөзжасамдық қасиеті туралы әлемдік тіл білімінде де, қазақ тіл білімінде де біркелкі қамтылған [1, 10].

Академик Р.Сыздықтың қайталама жайындағы пікіріне тоқталатын болсақ: «Көркем текстегі қайталаманың типтерін іздестірген зерттеуші болса, қайталама элементтердің орны, морфологиялык, тұлғасы жағынан топтап қарастырса, бұл құбылыстың стильдік статусы айқындалары сөзсіз» [2, 89].

Қайталамалар тілдің барлық ішкі қабаттарын қамтитын құбылыс болып табылады. Морфология саласының стильдік мүмкіншіліктерін белгілеу – күрделі мәселе. Себебі тілдің қалған салаларына қарағанда морфологиялық бірліктердің стильдік қызметке қатысы бейтарап сипатта келеді. Морфологиялық бірліктер (сөз таптары, қосымшалар, көмекші сөздер) қайталану нәтижесінде стильдік бояуға ие бола алады. Сөз таптарының қайталамаға қатысы да қалған әдіс-тәсілдерге қарағанда ерекше сипатқа ие. Соның негізінде стильдік бояуға ие болу мүмкіншілігі жағынан көптеген толық мағыналы сөз таптарынан жоғары тұрады.

Мұқағали өлеңдерінде сөз таптарының бәрі де кездесіп, өлеңге айрықша стильдік жүк артады.  Олардың қолдану аясы мен мүмкіншілігі мәтінде айқын байқалады. Ақын өлеңінде қолданған зат есімдердің қайталануына тоқталамыз. Сөз таптары бірін – бірі толықтырып, айқындап тұратын грамматикалық категориялар. Олар бір – бірімен мағыналық байланысқа түскенде ғана өлеңінің тілі нақтылай түседі де, ал жеке тұрғанда олардың қызметі солғындау. Сол себептен мағыналық үлесімділік табуында үлкен мән жатыр. Сонымен, қалыптасқан грамматикалық ерекшеліктердің өзі де ақын талантын ашуға, шеберлік шыңын айқындауға, жаңа грамматикалық қолданыс, амал-тәсілдердің орнығуына ықпал етеді. Мұқағали тіл заңдылықтарын берік ұстанған ақын. Оның өлеңдерінен ақынның өзіндік сөз саптауын байқауға болады [1, 15 ].

М.Мақатаев лирикалық шығармаларының тілінде зат есімдердің барлық мағыналық топтары (нақтылық, абстрактілік, жалпылық, жалқылық, даралық, жинақтылық, жекелік, топтылық) кездесіп, өлеңнің көркемділігіне, икемділігіне, әсерлілігіне айрықша әсер етеді.

Ақын лирикалық шығармаларының тілінде жан зат есімінің бір өлеңдегі қайталануына көңіл аударып көрейік.

Қайдасың, қайдасың, менің ерке жан серігім?

Жабырқау жандырсаңшы жан сенімін.

Қайдасың, тәтті қиял ой шумағы,

Бассаңшы қасіретін жан шерінің!

Мұнда "жан" сөзі 3 рет қайталанған. Жан сөзінің бірінші қолданыстағы ұғымы адам, дос, жан серігі тәріздес мағынада алынған да, екінші жан сөзі өзінің тура ұғымында жұмсалып тұр. Одан соңғы, яғни ең кейінгі жолдағы "жан шері" - көңіл, ақыл-ой, сана деген мәнді аңғартады, жаным жара, көңілім қаяу, уайымдымын, мұңдымын деген тәрізді мазмұнда айтылып тұр.

Жоғарыдағы бір шумақта үш рет қолданылған жан есімінің мағыналық сипаты әр түрлі, яғни стильдік қолданылуы жағынан да айрықша қолданылып тұрғанын байқаймыз. Сөздің стилистикалық қолданысын аңғарамыз.

Мұқағали өлеңдерінде жүрек зат есімі жеке тұрып та, тіркесіп келіп те қызмет атқарады. Жүрек сөзі тура мағынасында да, ауыспалы мағынасында да жиі ұшырасып жатады.

...Мендегі бәрі бір жүрек

Ол өлсе мәңгі кеткенім

Сендегі семсе мың жүрек

Келгенде жасыл көктемің

Тірілер қайта дүркіреп

Бар жоғы менде бір жүрек

Беріпті жүрек саған мың.

                                                                  (Жас қайың)

Жүрек сөзінің семантикасы, тұлғасы, қолданылу мүмкіндігі мәтін ішінде келгенде айқынырақ берілген. Жүрек сөзінің 55 рет қайталануы оның актив сөз екенін дәлелдейді. Жүрек сөзі зат есім түбір күйінде, тіркесіп келгенде, тәуелденгенде, септелгенде қолданылу мүмкіншілігі орасан екенін көз жеткіземіз. Жүрек зат есімі еркін тіркесіп, өлеңде ерекше стильдік мәнерді байқатады. Жүрек сөзі тіркесу арқылы әр алуан метафоралар, фразеологизмдер жасайды. Мәселен, айбынды жүрек, жылы жүрек, жаралы жүрек, тұтқын жүрек, өр жүрек, сүйген жүрек, жүрек-күн, жан-жүрек, тас жүрек, алдампаз жүрек, өгей жүрек, әлсіз жүрек тіркестерінің алғашқы сыңарлары зат есімнен жасалғанын көреміз.

Жүрек зат есім жалпы, деректі ұғымында атқаратын қызметі өз алдына айқын көрінсе де, оның мәтін ішіндегі тіркесімділік қызметі өлеңге үлкен жүк артады.

Мұқағали өлеңдеріндегі өте жиі қайталанып, қолданылатын сөздердің бірі – өмір зат есім. Ақында өмір сөзі әр түрлі мағынада жұмсалып, өмірдің қыр-сырларын толық көрсетілген. Ақынның «Өмір жайлы» өлеңіндегі кейіпкерлердің образдары – өмірдің шынайы бейнесі екеніне көз жеткіземіз. Бұл өлеңдегі лирикалық кейіпкерлерден жастықтың, кәріліктің, өмірдің, уақыттың не екенін, қадір-қасиетін, құдіретін дұрыс ұғынып, түсінеміз. 

Өмір жайлы сұрай берме сен менен,

Өмірді мен әлі зерттеп көрмеп ем.

Өмір жайлы білгің келсе, қартқа бар,

...Өмір жайлы не түсінем мен деген...

Өмір жайлы сұрай берме сен менен.

Өмір жайлы білгің келсе, қартқа бар,

Өміріне кегі кеткен, өлмеген,

...Содан сұра, содан сұра өмірді,

Нені көрді, нені сезді, не білді.

Неге ақылды ақымықтан жеңілді,

Біреу жылап, біреу неге көңілді?

Содан сұра, содан сұра өмірді.

                                                                  (Өмір жайлы)

Өлеңдегі негізгі екі образ – қарт пен жесір келін. Яғни ақын идеясының бар жүгін көтеріп тұрған контраст мағынадағы жетім шал, жесір келін. Жетім шалдың сүйенері – жесір келін. Ал жесір келіннің сүйеніші – жетім шал. Біріне – бірі сүйеу болып, өмір сүріп жатқан екі жетім образы нақты берілген.

Үшінші шумақтағы риторикалық сұрақтар арқылы берілген өлең жолдарында өмір деген сөздің мән – мағынасы ашылады. Сонымен, үшінші шумақтағы бірінші және бесінші тармақтардың қайталануы алғашқы екі шумақтағы қарт образы арқылы берілген түрлі сезім, көңіл – күйлерін жинақтайды. 

Қайталаудың қай түрі болмасын стильдік мақсат пен ойды әсерлендіру үшін қолданылатыны белгілі. Лексикалық және синтаксистік қайталаулар арқылы ақын өзінің тәжірибесіздігін, өмірден аз көргендігін білдіреді [3, 74].

Өмір деген не десем,

Өмір деген осы ма?

Үрейлендің неге сен?

Үрікпе, жаным, шошыма.

Өзіңе – өзің жүк артып,

Өмір деген – тер төгу.

                                                                   (Өмір деген не десем)

Бұл өлеңде өмір – адамның тағдырындағы болатын сан алуан оқиғалардың алмасуы, сәттілік пен сәтсіздікке өзгерілуі және де керісінше мұңлы, қайғылы уақыттың тез өтіп, «дүние – кезек» екендігін айқындайды. Ақын «өмір деген» анафора арқылы өмірдің бейнесін нақтылап, өлеңге эмоционалдық күш – қуат беріп отыр.

Мұқағалидың «Өміріме» деген өлеңінде эпифора тәсілі арқылы жасалып, ақын ойының аяқталуы ықшамды, нақты болуы үшін қызмет етіп тұр. 

Қысқа өлең сияқтанып қысқа болар

Деп ойлап ем,

Ұзын болдың, өмірім.

Ұрдым – пердім ұлым болар

Деп ойлап ем,

Ұзатылар қызым болдың, өмірім.

Бұл өлеңдердің барлығында өмір дерексіз зат есімі жиі кездесіп, қайталанып, заттың атауы болып ғана қоймай, мәтін ішіндегі қызметі әр өлең жолында ашыла түскенін байқадық. 

Демек, Мұқағали өмір сөзін әр түрлі мағынада жұмсаған. Өмір – рухани байлық, өмір – ұрпақтардың даналығы, өмір – оқиғалардың алмасуы, өмір – тіршіліктің тірегі. Анафора мен эпифора тәсілдерінің қолданылуы ақынның шеберлігін, ерекшелігін көрсетеді.

Өмір өлеңіне қарама-қарсы ұғымдағы сөз – өлім. Мұқағали «Тірі адамдар өлмесін» өлеңінде өлім мен өмір жайлы сөз қозғайды.

Өлім, өлім, өлім деп,

Неғыламыз күрсініп.

Өлген адам көмілмек,

Тірі адам – тіршілік.

Өлім, өлім, өлім деп,

Өкінеміз несіне.

Өлген адам көмілмек,

Тірі адамға – несібе.

Өмірге адам келген соң, өмір жолы бір күні аяқталатынын, өлген адам көмілмек, ал тірі адам несібесін, тіршілігін жасасын деген ниетін білдіреді.

Ақын лирикасының  тіліндегі зат есімдердің қолдану, қайталану мүмкіншілігін, мағыналығын, тіркесімділігін, оралымдылығын, стильдік бояуын, бейне ашудағы қызмет дәрежесін дәл тауып, нақтылай жеткізіп береді. Мұқағали Мақатаев өзінің шығармаларында айтар ойын поэтикалық тіл биігіне көтеру мақсатында зат есімдердің көркемдік дәрежесін арттырып қолданады. Ал сөздің бояулы бейнесін жасау үшін зат есімдерді бірнеше рет қайталайды.

Қорыта келгенде, дарынды ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығы қазақ поэзиясында ерекше орын алып, ғасырдан ғасырға тарих көшімен бірге ілесіп, ұрпақтан ұрпаққа ұласып мәңгі жасай бермек. Ақын поэзиясы әлі де сан қырынан зерттелетін күрделі нысан болып табылады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қазанбаева А. Мұқағали Мақатаев лирикасының лексика-грамматикалық ерекшеліктері. – Қарағанды: Санат, 1999. – 31 б.

2. Сыздық Р.  Сөз құдіреті. – Алматы: Санат, 1997. – 224 б.

3. Сыздық Р., Шалабай Б., Әділова А. Көркем мәтінді лингвистикалық талдау. – Алматы: Ғылым, 2002. – 174 б.