Наремгенова А.

Т.Жүргенов атындағы ҚҰӨА

Алматы қ.

Тіл  ұстартудағы  жаңылтпаштың  көмегі

              Қазақ  ауыз  әдебиетінің        жанры,       ғибраттылық мәні, өнегелі ой - тұжырымы бар, айрықша тапқырлық танытатын нақыл сөз ол, шешендік өнер.Өнер алды қызыл тіл деп қазақ бекер айтпаған. Шешендік сөздің негізгі мақсаты белгілі бір шындыққа тыңдаушылардың көзін жеткізу үшін баяндай, дәлелдей білумен бірге ақылы мен сезіміне әсер ете білу қажеттілігін ескере келіп, қазақ халқының мәдени байлықтарының бірі бай фольклоры. Шешендік сөздер - белгілі бір мәселеге байланысты тапқыр ой, көркем тілмен айтылған және халық қабылдап, жиі қолданып, сөйлемдік құрамы қалыптасқан жүйелі, үлгілі сөздер. Онда халықтың бастан кешкен уақиғалары, ақыл-ой, арман-тілегі бейнеленеді, дүниеге көзқарасы көрінеді. Сонымен бірге шешендік тапқырлық сөздер белгілі дәрежеде жеке адамның  өздерін қанаушыларға,       езушілерге қарсы жұмсайтын қаруы, құралы болған. Халқымыздың қанына сінген өнерпаздығы рухани асыл мұраның небір інжу-маржанын артта қалған алыс кезеңдерден бүгінгі жарқын заманымызға жеткізе білді. Ғасырлар  сілемінің құрдымында ұмыт қалмай, үлкен өнердің арналы салалары болып ауыз әдебиетіміз, жыр-дастандарымыз жетті. Жай жеткен жоқ, замана толқыны әлдеқашан ізін шаюға айналған  елдің елдігін, ердің ерлігін паш ететін шежіре сыр болып жетті. Халықтың рухани әлемін бір сәт шабыт тұғырынан  түсірмей ғасырлар бойы жан сұлулығының ең ұлы тәрбиешісі болумен жетті. Алайда ол қолда бар қазынаның бүгінгі  рухани әлеміміздің нұрландыруы қалай, бүгінгі кемел зерденің бағасын алып саралануы  қалай  ден қоюға  тұрарлық шұрайлы ойдың өрісі осы болса керек. Халықтың арманы мен үмітін бейнелейтін тіл қазақ халқының ауыз әдебиеті.Ауыз әдебиеті көркемдік-идеялық нәрімен, эстет, қуат-тегеурінімен, түрі мен жанрлардың молдығымен, тақырыптық және сюжеттік байлығымен, қоғамдық - әлеуметтік және тәрбиелік терең мән-мазмұнымен ерекшеленеді. Сондықтан да  қазақ  халқының ауызша сөз өнері, ауызекі тілдің  сөз сөйлеудің алдын - ала дайындықсыз тікелей қарым-қатынас  жасау  барысында  жүзеге  асатындығы. Тіл – халықтың нәресте кезінен бүгінгіне дейінгі барша болымысының шежіресі, халықтың мәдениеті мен ақыл-ойының  ең асыл айғақтары  жинақталған  қоймасы. Сөз  құдіреті  оның  бітпесті  бітістіріп, жетпесті  жеткізген, үзілгенді  жалғаған қасиетінде. Бір  ауыз  сөз  опық  жегізіп, өмір  бойы  өзегіңді  өкінішке  толтырса, бір  ауыз  орынды   айтылған  пікір  жадында  жатталып  қуанышқа, бақытқа  жеткізері  ақиқат. Халқымыз  ертеден-ақ  сөз  өнеріне айрықша мән берген. Аталы  сөзге  арсыз тоқтамас  деп қадір тұтқан ел-жұртымыз  мірдің   оғындай  нысанаға  дөп  тиетін  сөздің  құдіретін-күшін  ерте  танып  қастерлей  білген. Сондықтан сөздің  нақтылығы, ойдың  анықтылығы  мен  тереңдігі, тілдің өткірлігін  бейнелеу  үшін   ауыз әдебиетінің ішінде тіл техникасын шебер меңгерудің, яки сөз тазалығын жатық, ашық айтуға дағдылануға үйрететін және жаттықтыратын жанр – жаңылтпаш.                                                                                                                                                                                            

               Жаңылтпаш - тілдің жетігіп-жетілуіне, оралымды, анық сөйлеуіне, ана тілінің үн сұлулығын мінсіз меңгеруіне, шебер сөз саптауға баулиды. Жаңылтпаш біріне-бірі ырғақ және ұйқастылық                                                                                                                                жағынан біріңғай қиын сөздерінен құрылған, айтуға ауыр сөйлемдерді айтқызады. Жаңылтпаш деген аты жаңылтудан шыққан, қатарынан қайта-қайта шапшаң айтқанда тілі келмейтін,  тілі басқа сөз қылып бұзып кететін сөздерді асықпай анық, әр әріпке мән беріп, әсіресе дауысты дыбыстар кездескенде жақты ашып сөйлеуге, ал дауыссыз әріптер айтылғанда алға қарай демнің күшімен айтылуын қадағалап машықтануы қажет. Ерінбей еңбек жасаудың арқасында сахнада  халыққа қызмет жасап жүрген актердің тілі таза, айтар ойының төркіні жетік жетуіне осы жаңылтпаштарды  бірнеше рет қайталау арқылы  жетілдіруге  болады.С.Сейфуллиннің сөзімен айтсақ, «Тілдің ойнақы, еркін, анық шығу ол сабақ барысындағы тәжірбие, қиыннан құралған қырлы сөздерді жаңылмай айту міндет»,-деді. Жаңылтпаш біріне- бірі ырғақ және ұйқастылық жағынан біріңғай қиын сөздерінен құрылған, айтуға ауыр сөйлемдерді айтқызады. Сондықтан да айта алмайтын сөздерді бірнеше рет қайталау арқылы жетілдіруге болады. Ал А.Байтұрсынов болса «Әдебиет танытқыш» атты еңбегінде жаңылтпашқа мынандай түсінік береді.Жаңылтпаш деген аты жаңылтудан шыққан. Қатарынан  қайта - қайта  шапшаң айтқанда иә, тілі келмейтін иә, тілі басқа сөз қылып бұзып кететін сөздердің  басын құрап, келістірген шығарма жаңылтпаш деп аталады деді. Жаңылтпаш тілді ширатып, дұрыс та сауатты айта білуге баулитын сөзбен сөйлесу қасиеттерін дамытатындығына баса назар аударған.

Мысалы:

 Әпендіше Әкімнің,

                                                   Әкелді де әлгінде.

                                                   Әпкесінің әтірін

      Әлек шашып әркімге.

 

   Досым маған еліктеп

      Домбырамен ән салды,

  Дән риза болып көп,

    Дуылдады, тамсанды.

 

                                                  Уәли атты ағасы,

         Украинадан келемін деп.

     Уалихан жүр қарашы,

       Уақытын күтіп елеңдеп.

       Жаңылтпаш айтқан кезде алдыңғы жолың төменгі регистрмен бастап, соңғы жолына дейін жоғарғы регистрге дейін көтеріп айтса онда бұл актерды бір сарынды сөйлеуден сақтандырады. Актердың сахнадағы сөзі әдемі, әуезді, үнді  болуы  шарт.

       Ал әуезділік деп нені айтамыз? Әуезділік деп сөз турасында айтсақ, сөздің ішіндегі дыбыстардың үндері құлаққа жағымды болып естілуін айтамыз. Егер актер осының бәрін күнделікті жаттығу арқылы меңгерсе,театр сахнасында сөздің майын тамызып көрерменге тіліміздің бай екенін және тіл білмейтін шала қазақ көрермендерімізге ана сүтімен келген  тіліміздің баға жетпес телегей теңіз  бай қазынасын мүмкіндігінше молырақ  игеруге, оның қилы-қилы әр қызық құбылыстарын жете түсіну мен сөздің мән-мағынасындағы ұланғайыр өзгерулер мен өңдеулерді, ауыстырулар мен алмасуларды, құбылулар мен құлпыруларды дәл аңғара білуіне жол ашар мүмкіндік  көркем  тіл, сұлу тілді актер болуы шарт. Актер сөйлеу кезінде анық, таза сөз айту үшін ең алдымен жақтың дұрыс ашылуы өте  маңызды. Сахнада көп актерлеріміз тістеніп сөйлеп жатады. Сол себепті сөйлеуді жақсарту үшін, әрбір әрпі анық естілу үшін, ең алдымен осы жаңылтпаштармен жаттығу керек. Ол үшін жаңылтпашты асықпай айтып бірте-бірте жылдамдық қосу арқылы дамытуға болады. Тіл актердің ой парасатының шешен  шежіресі. Сондықтан қазақ фольклорының қайнар бастауынан сусындап, оның сөз маржандарынан тыныс алған әрбір жас қазақ өнерінің көсегесін көгертері анық. Бұл мезетте елдің болашағы қазіргі жастарда, өнегелі, тәрбиелі, білімді маманда десек қате айтпаған болар едік.Себебі олар халыққа қызмет көрсету барысында ұлттық дәстүрді және сырлары көп сыңғырлаған асыл тілді жеткізер, паш етер маман  иелері - актер. Кәсіби маман болу үшін оқыта  жүре  үйренуге, үйрене жүріп, тілінің  тазалығы  шешендік тілдің және сахна тілі –тіл мәдениеті мен тіл тазалығының бастау алатын ошағы. Сахна тілі халықты жүзбе-жүз көріп отырып, әдебиетті, өнерді, саясатты басқа мәселелерді уағыздайтын, халықтың санасына сіңіріп, ұрпақты тәрбиелейтін тіл. Тіл арқылы актердің тәжірибесі, санасы көрермен қауымның игілігіне айналмақ. Тіл сахнадағы актердің сана-сезім, психологиясын көрсетеді және жеткізеді. Актердің сөзі ойлы да мәнерлі болу керек. Сондықтан сөзді нақышына келтіріп меңгеруі тиіс.Тілді әдемі жаза білу бар, сөйлей білу бар. Сол тілді халыққа әдемі, мәнерлі, сазды жеткізе білу  үшін актер көп ізденіп, еңбектенуі қажет. Актер өз ісінің маманы болуы оңай да, жеңіл де емес. Адамды тірілтетін де, өлтіретінде де сөз. «Сөз тапқанға қолқа  жоқ» дейді, халық  даналығы.