ТҮРКІ ТІЛДЕРІНДЕГІ МАҚАЛ МЕН МӘТЕЛДЕРДІҢ ӨЗАРА АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ

                             

ф.ғ.к., аға оқытушы  

  Османова З.Ж.

                                                  

Көптеген түркі тілдерінде мақал мен мәтелді ажыратпайды, немесе екеуін қосып, мақал деп қарайды. Ал, ол екеуінің екі басқа дүние екендігін, көптеген тілші ғалымдар дәлелдеп шықты. Қазақ тіл білімінің негізін қалаушы ғалым, Ахмет Байтұрсынұлы «Сөз өнерінің ғылымы» және «Қара сөз бен дарынды сөз жүйесіне» тоқтай келіп, оларды өрнекті сөйлемдер, өлеңді сөйлемдер, шешен сөз, дарынды сөз, ділмар сөз деп бөледі де әр қайсысына жеке – жеке тоқталады. Солардың ішінде мақал мен мәтелге айрықша орын беріледі: «Мәтел. Мәтел дегеніміз кезіне келгенде кесегімен айтылатын белгілі – белгілі сөздер. Мәтел мақалға жақын болады. Бірақ мaқал тәжірибеден шыққан ақиқат түрінде айтылады»[1. 250]. 

Ал әдебиетші - ғалым Мәлік Ғабдуллин: «Мақал үлкен толғау, образ арқылы берілген логикалық ой қорытындысы болып келеді. Ал мәтелдерде бұл секілді мазмұнды, оқиғалы әңгімелер өте аз кездеседі. Мәтелдер, көбінесе, сөз айшығы, көркем теңеу, сөз образы ретінде қолданылады. Егер мақалда дәлелдеу мен  қорытынды бірдей болып отырса, мәтелде бұл екеуінің бірі ғана болады»,- деп жазды [2. 70 ].

Мұхтар Әуезов қазақ мақал – мәтелдерін былайша сипаттайды: «Мақал – мәтел халық әдебиетінің қоғамдық құбылыстарын кең қамтып, өмірдегі әр қилы қарым – қатынастарды әсерлі де көркем бейнелейтін, тақырыбы, идеялық мазмұны бай, ең бір мол саласы.

Мақал – мәтел дегеніміз – халықтың нақыл сөздері, белгілі бір ойды ықшам түрде, ұтымды, өткір етіп айтып беретін сөз. Халық даналығы үлкен ойды аядай қалыпқа сыйғызып, асқан шеберлік танытқан. Мақал – мәтелдің өн бойынан поэзияға тән жинақылық, үнділік, саздылық, ұйқас, ырғақтықты кездестіреміз. Онда басы артық бір сөз болмайды.  Мақал – мәтелде бәрі екшелген, сұрыпталған, жымдаса біріккен, ой – өрнек ажыраспас туыстық тапқан. Мысалы, «Қой шелді болмай, төлді болмайды», осындағы сөздердің бірін де өзгерту мүмкін емес.     

Мақал толық тұлғалы болады, ойы тұтас келеді, әдетте ол бір немесе бірнеше толық сөйлемнен құралады. Ал, мәтел мақал сияқты, толық түрінде құрылмай, сөз тіркесі, қалыптасқан нақышты, орамды сөйлемше түрінде жасалады »[3.394]. 

30 - жылдардан бастап қазақ  мақал – мәтелдерін жинақтап, жүйелеп, жариялап келген әдебиетші ғалым Өтебай Тұрманжановтың ол жөніндегі тұжырымы былайша: «Мақал мен мәтелдер – ауыз әдебиетінің ең байырғы,ең көне түрі; ол ғасырлар бойы халықтың ұқыптап сақтап келген еңбек тәжірибесінің жиыны, ой- пікірінің түйіні, аңсаған асыл арманының арнасы, өмір тіршілігінің айнасы, көнеден жаңаға, атадан балаға, қалдырып келе жатқан, тозбайтын, тот баспайтын өмірлік өшпес мұра»,- деп анықтайды [4. 3] .

Қазақ мақал – мәтелдерінің тарихи даму жолын зерттеген ғалым С.Н.Нұрышевтың анықтамасы бойынша: «Мақал – ауыз әдебиетінің қазақ халқының өмірін барлық жағынан кең түрде қамтып алынған жанрларының бір түрі» [5. 128].

С.Н.Нұрышевтың тағы бір пікірі мақал – мәтелдердің ертедегі қазақ қауымында моральдық заң ретінде атқарған қызметіне байланысты:

 «Мақалдар халықтың қуанышы мен күйінішін, даналығы мен өмірден алған тәжірибесін жарыққа шығарудың бұқара арасында неғұрлым көп қолданылатын формаларының бірі болып қана қойған жоқ, оның үстіне моральдық заңдар жинағы сияқты болып кетті, мақал көбінесе елеулі талас- тартыстардың, дау – жанжалдардың тағдырын шешетін өте маңызды дәлел ретінде қолданылатын болды» .

Мақал – мәтелдер – шешендік өнерінің ең бір өзекті де түйінді мәселесі. Осыған байланысты көп жылдар бойы шешендік сөздер проблемасымен шұғылданған және бұл салада өндірте еңбек еткен ғалым Балтабай Адамбаев та мақал – мәтелдерге төмендегіше анықтама береді:

 «Мақал – мәтел – мазмұны бай, көлемі шағын, тілі көркем халық шығармасы, белгілі бір халықтың қоғам тіршілігінен, табиғат құбылысынан жасаған қысқаша қорытындысы, әлеуметтік және адамдар арасындағы қарым- қатынастарды белгілейтін заңы, кодексі, жас ұрпақты тәрбиелейтін өсиеті, насихаты, оқулығы».

 «Қазақтың мақалдары мен мәтелдері сан ғасырлық халық тәжірибесінің жиынтығы, ақыл- ойының қорытындысы және қоғамдағы дау – талас мәселесін реттейтін заңы, кодексі; бір сөзбен айтқанда: қазақ өмірінің айнасы, шежіресі»,- деп көрсетеді [6. 5, 27].

Қазақ халық даналығының ұйтқысы – мақал – мәтелдерді көп жылдар бойы жинақтап, зерттеп, жүйелеп, өңдеп, жариялап келе жатқан, сондай – ақ мақал – мәтелдер қорын өз туындыларымен де, аудармаларымен де толықтырып, бұл салада ерекше еңбегімен танымал болған әйгілі ақын Мұзафар Әлімбаевтың да бұл құбылысқа деген өзіндік көзқарасы мен пікірі бар. Ол: «Мақал дегеніміз өмір құбылыстарын жинақтайтын және типтендіретін, бір немесе екі бөлімнен құралып, алдыңғысында шарт немесе жалпы пайымдау, соңғысында қорытынды, түйінді пікір айтатын бітімі бекем, өте ықшам, бейнелі әрі ырғақты халық нақылы. Мысалдар: «Тұз астың дәмін келтірсе, мақал сөздің сәнін келтіреді», «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол »т.б., ал «мәтел дегеніміз – халық арасында көп тараған, қорытындысы болмайтын, тұжырымы тиянақталмаған, қарама- қарсы шендестіруі жоқ, ықшам да кестелі халық сөзі: «Апама жездем сай»т.б.,»- деп көрсетеді. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде»:  «Мақал – үлгі – өнеге ретінде айтылатын жалпы халықтық нақыл сөз. Мақал деп қысқа, образды, ұйқасты, ұжырымды нақыл сөздердің тізбегін айтамыз. Мақал – сөздің атасы, уәде – ердің опасы».

Ал, В.И.Даль: «Поговорка, по народному же определению, цветочек, а пословица – ягодка » деген анықтама береді. П. Жуковский: «Пословицы великолепно закрепляют в памяти и уясняют различные стороны народной жизни и выдающиеся события... пословицы и поговорки обозначают отношения народа к существующим явлениям жизни, поэтому при их помощи легко устоновить некоторые черты жизни прошлого» деп, мақал- мәтелдердің белгілі бір халықтың басынан кешірген тарихына, сол халықтың өз өмірінде болған бірақ бола бастаған, не біржолата ұмытылған құбылыстар мен оқиғаларға деген көзқарасын, жадында сақталған өткен өмір елестерін жаңғыртатын, мән – мағынасын түсіндіретін тіл деректері дегенді аңғартады. [7. 26-27]

Батыс, Шығыс халықтарының мақал - мәтелдер байлығын арнайы зерттеп, құнды еңбектер жариялаған белгілі орыс ғалымы Г.Л.Пермяков бұл күрделі құбылыстың тілге, философияға ,әдебиетке қатысты екенін айта келіп: «Біріншіден мақал – мәтелдер - қоғам мүшелерінің зердесінде қалыптасып, олардың қолдануына дайын тұрған көркемсөздің көрікті де тұрақты өрнегі; екіншіден, мақал – мәтелдер – ел жадында көптен сақталып келе жатқан, болашақ ұрпаққа рухани мұра болып ауысып отыратын халық даналығының қайнар көзі; үшіншіден, мақал- мәтелдердің – ұзақ тарихи жасалу, қалыптасу жолы бар, өзіндік уәжділік негіздері бар, құрамдық- құрылымдық қалпы тұрақты, көркем де әуезді, поэтикалық заңдылық бойынша құрылып, негізгі мағыналары абстракцияланып, ауыс мағынасында, гомоцентристік принцип бойынша негізінен, Адамға ғана қатысты қолданылатын этнолингвистикалық күрделі құбылыс», - деп көрсетеді.

Сонымен, мақал – мәтелдің жалпы мағынасы оның құрамындағы компоненттердің тура мағыналарынан туындаса, мәтелдердің жеке мағынасы оның астарлап айтылған ауыспалы,  идиомалық мағыналары негізінде қалыптасады. Мақал мен мәтелдің айырмашылығын ажыратудың бір параметрі осы.

Екінші параметрі мақал, әдетте жалпылама мағынаны білдірсе, мәтел бір ситуацияға байланысты іске асқан, не асуға тиісті құбылыстың, іс – әрекеттің тек өзіне ғана тән мағынасын білдіруге бейімділігі. Мұны жалпақ тілмен айтқанда мақал болған, болатын және болып жатқан құбылыс пен процестің өзгеру, даму, алмасу, т.б. себептеріне де және одан шығатын нәтижені де бірден, қолма- қол баяндаса, мәтел сол процестің өзін ғана атаумен шектеліп, оның немен тынатынын, қандай нәтиже беретінін, нақтылап баяндамайды, яғни процестің себебін айтады да, салдарын тәптіштеп атамай, астарлап, бейнелеп қана аңғартады. Міне, мақал мен мәтелдердің өзара айырмашылығын білдіретін негізгі теориялық принцип осы. Мұны мынадай мысалдар арқылы дәлелдеуге болады:

Ауруын жасырған өледі

Не ексең соны орасың

Ай жарық- қоян арық.

Көп жортқан түлкі терісін алдырар.

Міне, осы мақалдардың мағынасына пайымдап қарасақ, басталған басталуға тиісті істердің ( «ауруын жасыру», «бір нәрсе егу», «айдың жарық болуы», «түлкінің көп жортуы») барлығы белгілі бір нәтижемен аяқталғанын («өлуін», бір нәрсені оруын», «қоянның арқ болуын», «түлкінің өз терісін алдыруын») көреміз. Демек, бұлардың бәрі -  мақалдар [8. 56 -57].                 

Бұл әдет қазақ қауымында тым ертеде- ақ салт – дәстүрге айналып, даналықтың негізін салып, шешендік өнерін қалыптастырған. Басқа халықтарға қарағанда мақал – мәтелдердің қазақ қауымында ділмар шешендер мен дана би, айтқыштар баяндаған рухни өмірдің ұйытқысы- кең етек жаюы да осыдан болса керек. Қазақ қауымында халық данылығы мен оның ұйытқысы – мақал мәтелдердің толассыз дамып, толыға келе, бай қазына болып қалыптасуының тағы бір объективті себебі – ана тіліміздің мол рухани байлықты бойына сақтай білетін  бейнелі де көркем табиғатына байланысты.

Мақал - мәтелдер қорының толассыз толығып отыратын өміршең де жанды құбылыс, тіпті уақыт өлшемі екендігін дәлелдейтін бір мысал келтерейік. Мәселен, ел аузында «Тозға түспегеннің бәрі тарих емес» деген мәтел бар. Ол қазақ қауымында әлі қағаз пайда бола қоймаған, ел өз ойын, тарихын таңба-  белгілерін тасқа қашап, кесек бетіне бәдіздеп, теріге батырып, матаға кестелеп, қайың қабығы – тозға ойып жазған есте жоқ ескі кездерді елестетіп отыр. Мағынасы «тозға жазылған хат қана ұзақ сақталатын тарих болып саналады», яғни «хатқа түспей, ауызша айтылған әңгіменің бәрі тарих емес» дегенді аңғартып тұр. Мақал өз заманының ұғым – түсінігін баяндап тұрса да оның ауыс мағынасы бүгінгі ұрпаққа да түсінікті : «хатқа түспегеннің бәрі шынайы тарих емес».

Енді жаңа дәуірде пайда болған, жаңа нарықтық қатынастың, яғни шағын кәсіпшілердің шығуына байланысты, кеше ғана дүниеге келген: «Шағын кәсіп – елге нәсіп» деген, авторы да белгілі  жап-жаңа мақалды алатын болсақ, ол замана талабына сәйкес елбасының қолдауымен елімізде кең дами бастаған шағын кәсіпшілердің іс- әрекетін дәріптеуден туындап отыр.  

Мақал – мәтелдердің табиғаты барлық елдерде бір – біріне ұқсас. Сондықтан да олардың алғаш пайда болуына байланысты айтылып жүрген пікірлермен санасу да қажет. Мәселен, көптеген зерттеушілер  мақал – мәтелдер алдымен міндетті түрде жеке – дара адамдардың көбіне- көп ділмар-шешен, айтқыш – ақылмандардың дуалы аузынан шығып, халық арасына сіңіп, ел жадында сақталу арқылы қалыптасады деп топшыласа, кейбір зерттеушілер мұны керісінше қарастырады. Мысалы, белгілі әдебиетші ғалым Халық Көроғлы: «Издавна пословицы и поговорки проникли в персидскую литературу- в прозу и поэзию. Не было ни одного более или менее известного персидского поэта, который не приводил бы в своих произведениях пословиц и поговорок. В персидской и персоязычной литературе классического периода они встречаются в огромном количестве и большой частью в стихотворной форме. С XXI в. пословицы и поговорки стали собирать в отдельные антологии» - деп көрсетеді.

Бұл пікірден парсы мақал – мәтелдері алдымен халық тілінде пайда болып, қалыптасып алғаннан кейін ғана әдебиетшілердің шығармаларында қолданыла бастады деген ұғым туатын сияқты. Шын мәнісінде, олай емес, әбден сұрыпталып, ширығып барып шырадай жанатын, ел аузынан тастамай айтып жүретін аталы сөзге айналады.

Қазақ  мақал- мәтелдерінің табиғатына зерделей қараған адамның осы объективті заңдылық бойынша қалыптасатындығына көзі толық жетеді тілде қалыптасқан көне де байырғы мақал-мәтелдердің қай-қайсы болмасын өзінің даму барысында ұзақ тарихи жолды басып өтіп, екшеліп- еленіп, сұрыпталып, бүгінгі ұрпаққа сақадай сай болып, сараланып жеткендігі байқалып-ақ тұр.

Қазақ  мақал - мәтелдерінің жарыққа шығу тарихын сөз етпек болсақ, халықтық фольклор ғана емес, сонау ежелгі тайпалық, одақтық дәуірдегі ескі жазбалардан да бастауға тура келеді. Бұған бүгінге жеткен санаулы «Оғызнама», «Орхон - Енисей ескерткіші», «Қорқыт ата кітабы», «Балнама», «Түркі тілдерінің сөздігі» қатарлы әдеби үлгілер дәлел. Мәселен, Орхон жазуларында: «Жырақ болса жаман сыйлық берер, жақын болса жақсы сыйлық берер», «Бастыны еңкейткен, тізеліні бүктірген»(Күлтегіннен), «Жұқаны таптау оңай, жіңішкені үзу оңай», «Өлімнен ұят күшті»(Тоныкөктен), деген мақал – мәтелдерді кездестіреміз. Ал Махмұт Қашқаридың «Дивани лұғат ат- түрік» сөздігінен: «Ұлы болсаң кішік бол, халық үшін бәлік бол», «Кісі аласы ішінде, жылқы аласы сыртында », «Тай ат болса – ат тынар, ұл ер болса – ата тынар» дейтін мақалдарды, ал «Құдатғу біліктен»: «Біліп сөйлеген білікке саналар, білімсіз сөз өз басын жояр», «Ауыздан бірде от, бірде су шығар,бірі жанса, бірі сөндірер », деген мақал – мәтелдерді оқимыз. «Түркі тілдер сөздігіндегі» сөз түсіндіру қажетіне бола алынған мақал-мәтел қорының   өзі үш жүзге жақын болып, бұл жағында ескі жазбалардың ішіндегі ең құндысы саналады.

 Бұл еңбектің авторы бұдан 9 ғасыр ілгері өмір сүрген Махмұт Қашқари өзінің еңбегін жазудағы, болашақ ұрпағына рухани мұра етіп қалдырудағы мақсатын былайша түсіндіреді: «Мақсатым – талаптанушыларға тура бағыт көрсетіп, болашаққа кең жол ашу. Ниеттес жандарды мәңгілікке риза ету ғана. Түркі халықтарының атам заманнан бері көрген- білгендерін баяндайтын бәйіт – жырлар мен қайғылы және қуанышты күндерінде айтатын терең мағыналы мақал- мәтелдерінен мысалдар келтірдім. Бұл кітапты пайдаланғандар кейінгілерге, олар өздерінен кейінгілерге жеткізсін деген ниетпен тағы біраз табылмайтын тіркестерді пайдаландым. Сөйтіп, бұл кітап ұрпақтан- ұрпаққа халықтық мұраны қаз- қалпында жеткізу мақсатымен қияға қанат қағып, әсемдік әлемі – мәңгілік өмірге біржолата жолдама алды...  ».

Халық ауыз   әдебиеті арқылы таралып, өміршең түрлері бүгінге дейін жалғасып, әр дәуірдегі қоғамдық құбылыстарды, өмірдегі алуан түрлі адамдар  қарым қатынастарын көркем бейнелей алатын мақал- мәтел, ұзақ қолданылу барысында шымырлана ықшамдала келе «сөздің көркі» ретінде тұлғаланып, қалыптасқаны, талассыз шындық. Сөздіктегі мақал -мәтелдерді бүгінгі қазақ мақал - мәтел үлгісімен салыстырып қарасақ, мақал -мәтелдердің сол қалпында жеткен нұсқаларын, негізгі мазмұны ұқсас, формалық, мазмұндық жақтан аздап өзгеріске ұшыраған нұсқаларын, ұмыт болғанымен әлі де қолдану құны бар өміршең нұсқаларын, қазіргі кезде қолданудан мүлде қалған ескі нұсқаларын да кездестіреміз. «Сөздікке алынған мақал- мәтелдер 11 – ғасырдың арғы бергі жағында түркі тілдес халықтарға ортақ үлгілер болған, бұлар сөздікке халық фольклорының сол кездегі мазмұны, формасы бойынша енгізілген, сондықтан халық арасында ауызекі сақталған мақал -мәтелдерге қарағанда формасы, мазмұны ұқсамауы табиғи деп » білсек, ескі жазбаға  түскен үлгідегі мақал -мәтел мен жаңа үлгідегі нұсқаларын салыстыра зерделеу халқымыздың  ауыз әдебиеті тарихын, дүниетану тарихын, ұлттық философиямыздың қалыптасу тарихын, халықтық тілдің даму тарихын зерттеп, танып білуде өзіндік маңызы зор.

Мақал- мәтелдер қай халықта болсын, қай кезеңде болсын, оның тарих сынынан сүрінбей өткен түрлері мүлде өзгеріске ұшырамаған, тек әр жаңа дәуірлік ауқым кезеңдеріндегі жаңа таным мен жаңа қоғамдық құбылыстардың ықпалына ұшыраған жағдайда ғана, мұндай түрлер соған сәйкесті біраз өңделу барысын бастан кешірген. Міне, қорыта айтқанда осылай пайда болып, еленіп – екшеленіп, халық жадында сақталып, өзінше қорланып, даналықтың ұйтқысына айналған қазақ  мақал – мәтелдерінің құрамдық – құрылымдық, мазмұн – мағыналық табиғаты да күрделі, қолданыс ауқымы да кең, іштей жіктеліп, сан алуан нысанды қамтитын тақырыптық – материалдық, логикалық, семантикалық топтары да көп. Мақал – мәтелдер – о баста тура мағыналары негізінде қалыптасып, одан абстракциялану арқылы ауыс мағыналарға ие болатын күрделі құбылыс .

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

1.     А.Байтұрсынов. Шығармалар жинағы. Алматы, 1989. 

2.     М.Ғабдуллин. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. Алматы, 1958.

3.     М.Әуезов. Қазақ әдебиетінің тарихы. 1т., кітап 1, Алматы, 1960.

4.      Өтебай Тұрманжанов. Қазақ мақал –мәтелдері. Алматы,1997.

5.      С.Н.Нұрышев. Қазақтың халық мақалдарының даму тарихынан. Алматы,1959.

6.      Б.Адамбаев. Қазақ халық әдебиеті: мақал – мәтелдер. Алматы, «Ғылым»,1996.

7.      М.Әлімбаев. Өрнекті сөз - ортақ қазына. Алматы, «Қазақстан», 1967.

8.      Пармиологический  сборник. Москва, 1978.