Саяси ғылымдарының кандидаты, доцент м.а.
Насимов М.Ө.
«Болашақ» университеті, Қызылорда,
Қазақстан
Спорттың халықаралық қатынастарды дамытудағы
қызметтері
Спорт маңызды əлеуметтік феномен ретінде
қоғамдық өмірдің барлық саларында
жоғары бағаланған, қоғамның тіршілік
əрекеттеріне зор ықпал жасайтын физикалық жəне
интеллектуалды мүмкіншіліктерді үйлестіретін дене
мəдениетінің құрамдас бөлігі. Бүгінгі
күнде ол ұлттық қатынастар, іскерлік өмір,
қоғамдық тұрмыс, сəн үлгілері, адамгершілік
құндылықтары мен адамдардың өмір салтын
қалыптастыруға мол əсер ететіні анық.
Жалпы спорт халықаралық
қатынастардың дамуына үлес қосатын төмендегідей
төрт негізгі қызмет түрлерін атқарады:
Спорттың халықаралық
қатынастардағы ықпалдастық
қызметі. Қазіргі спорт үшін көптеген
халықаралық спорттық байланыстар тəн. Спорт
саласындағы халықаралық ықпалдастық
процесінің дамуына ұзақмерзімді екі жақты жəне
көпжақты келісімдер жүйесі халықаралық
спорттық байланыстар тəжірибесіне енді. Спорт саласында халықаралық
спорттық байланыстардың институтталған базасы
қалыптасты. Спорттың жеке түрлерінің дамуын
басшылыққа алатын ұлттық жəне
халықаралық спорт федерациялары, түрлі комитеттер,
федерациялар, қауымдастықтар мен одақтар жұмысы
соның дəлелі. Спорт ұлттық сана-сезімнің
қалыптасуы мен дамуына жағымды ықпал жасап,
ұлттың бірігуіне себепші болады. Халықаралық
қатынастардағы спорттың ықпалдастық
қызметін орындауға оның өзіне тəн коммуникативтік
мүмкіндіктері ықпал жасайды. Өйткені, спорт тілі бəріне
түсінікті, нəсіл, діни сенім, идеологиялық
көзқарастарға тəуелді емес.
Спорттың халықаралық
қатынастардағы бітімгерлік қызметі. Спорт
əлем тарихында əріптестікті дамыту, мəдени жəне
саяси байланыстарды орнату мен қолдауда көп септігін
тигізді. Классикалық мысал ретінде 1971 жылы стол теннисінің
Америка Құрама Шттаттары спортшылары командасының
Қытай Халықтық Республикасына сапары дипломатиялық
байланыстардың ілгері дамуына жол ашты. Қарым-қатынасты
дамыту əрекетін ҚХР спортшылары бір жылдан кейін тағы да жалғастырды.
Сонымен қатар, Қытай Жапониямен экономикалық жəне
дипломатиялық қарым-қатынасты қалпына келтіру
үшін волейболдан əйелдер ұлттық құрамасын
шақырған болатын. Демек, спорттық ойындардағы ережелер
ынтымақшылдыққа тəрбиелеп,
қақтығыстарды күш қолдану арқылы емес,
ережелерді сақтау негізінде шешу мүмкіндіктерін көрсетеді.
Спорттың халықаралық
қатынастардағы нышан-белгілік қызметі. Спорт додада белгіленген модельдер, мағыналар мен мүдделер
кешенімен байланысты қызмет атқарады. Əсіресе спорттық
жарыстар бəсекелестіктің бейбіт моделінің мүмкіндігі мен
артықшылықтарын көрсетеді. Демек бейбітшілік нышаны ретінде
спорт бəсекелестікте «қару» қолданылғанын
қаламайды. Сонымен қатар, спорттық бəсекелестік
барысында əділдік пен теңдік мүмкіндіктері берілген
демократиялық принциптер дəрежесі сақталады.
Спорттың халықаралық
қатынастардағы əлем мəдениеті педагогикасының
тəрбиешілік қызметі. Соңғы жылдары
спорттың əлем мəдениеті құндылықтарын
ынтымақшылдық пен қақтығыстарды бейбіт шешудегі
толеранттылыққа үндеу тəрбиесіне бағытталған
педагогикалық қызметі жүзеге асуда. Спортшылар қызметі
əлем мəдениеті құндылықтары жүйесінде
маңызды рөлге ие демократиялық нормалар мен принциптерге
негізделген мінез-құлықты тəрбиелеуге ықпал
жасайды. Сондықтан да спорттық дипломатия мəдени жəне
көпшілік дипломатияның ажырамас бөлігі.
Халықаралық спорттық сайыстар түрлі елдер мен
құрлық халықтарының бірлігін көрсетеді.
Мәселен, 2015 жылы алғаш рет Әзірбайжан астанасы Баку
қаласында өткен Еуропалық ойындарда Белорусь спортшысы
татамиден жараланған қарсыласын арқалап әкетті.
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы
Д. Теннің үшінші рет ұйымдастырып отырған «Денис
Тен және достар» атты мұз шоуының өткізілуі достықты
білдіреді. Спортшылардың дайындық деңгейі, жеңіске
ұмтылысы мен жеңілістің ащы дəмін лайықты
қабылдауы мемлекет бейнесін қалыптастыратын үлестердің
бірі.
Осы уақытқа дейін мақала авторы
«masa.kz» интернет газетінде «Қазақтың ұлттық
брендтері» (http://masa.kz/article/view/id/2044), «Өңір имиджі»
(http://www.masa.kz/article/view/id/2125) атты мақалалар жарық
көрген болатын. Міне, осы мақала шеңберінде аталған
жұмыстар төңірегінде кейбір ойлар тұжырымдалды деп
ойлаймыз.
Шынында спорт феномені əлеуетті əлеуметтендіру
күшіне ие. Əлемнің көпшілік лидерлері
қоғамды ортақ жалпы
ұлттық идеяға біріктіру, идеологияны ерекше
түрде жеткізу жəне азаматтардың жетістіктер мен жеңіске
ұмтылу жолдары арқылы ұйымдастыруға болатынын
ұғынды. Демек, спорт салауатты өмір салтын
қалыптастырумен бірге, қоғамға ықпал ету
мүмкіндігімен қажет секілді.
Біздің жеңімпаздарымыздың медальдары
қоғамдағы этносаралық келісімді жəне
Қазақстан халқының бірлігін нығайта түсті.
Тəуелсіз Қазақстанның соңғы 2012 жылғы
Олимпиядалық ойындардағы жетістігі Орталық Азия
аймағының көшбасшысы саналатын еліміздің алдағы
уақытта спорттың қарқынды дамуына көңіл
бөлу қажеттілігін көрсетті.
Қорыта келе, қазіргі күндегі спорт
қоғамға жат мəдени құндылықтар мен
ұнамсыз қылықтардан аластататын, жоғарғы
əлеуметтік ықпалдастықтың бірігу жолдарын
нығайтып, ағымдағы əлеуметтік мəселелерді
ұмыттыратын қызмет түрі екені анық. Ел
азаматтарының діни сенімі, саяси ұстанымына қарамастан
бүкіл халықты жеңіс жолындағы жалғыз тілекті
қалыптастырып біріктіретін бірден-бір əрекет. Сонымен қатар,
спорт əлем халықтарын біріктіріп күш сынататын
мəдениет.