#Биназарова Н.Н. ТӨЛ ТАРИХЫМЫЗҒА ЖАНАШЫРЛЫҚ ТАНЫТСА...

 

 

Биназарова Н.Н.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

ТӨЛ ТАРИХЫМЫЗҒА ЖАНАШЫРЛЫҚ ТАНЫТСА...

 

Тарих сөзін ауызға алғанда ойланбайтын, тебіренбейтін жан болмас, сірә. Өйткені тарихы таразыланбаған елдің өткені бұлыңғыр. Ал өткені бұлыңғыр халықтың келешегі де күңгірт. Біздің басты міндетіміз бүгінгі жас буынды өз халқының тұрмыс тіршілігін білуге, ұлттық болмысын ұғынуға, төл тарихымыздың ақтаңдақ беттерінен, қайшылықты, таласты тұстарынан хабардар беру.  Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге енді ғана 25 жыл толып отыр. Жас мемлекетіміз үшін Қазақстан тарихын оқыту – Тәуелсіздігімізді тұғырлы етудің бірден-бір жолы. Себебі тәуелсіз елдің азаматтары халықтың арғы, бергі тарихынан толық хабардар бомаса, кез-келген іске ел мүддесі тұрғысынан қарай алмайды. Мемлекет мүддесі ескерілмесе, оның негізгі ұстанымы болатын жергілікті халықтың мүддесі ескерілмесе, тәуелсіздіктің баянды болуы мүмкін емес. Ендеше Қазақстан тарихын ЖОО-да жан-жақты, тереңдете оқыту –тарихшылардың басты әрі жауапты міндеті.

Бүгінде өз тарихымызды жан-жақты білу мен зерделеудің, тәлімнен үйреніп, сабақ алудың келешек үшін маңызы зор. Өткен тарихымыздың қандай маңызы бар екенін өзінің «Жадымызда жатталсын, татулық дәйім сақталсын» деген еңбегінде Елбасы Н.Назарбаев: «... өткенімізді тұтас күйінде, ешқандай боямасыз, қоспасыз, қаз қалпында қабылдағанымыз ләзім. Ал өткен жылдар шежіресін үнемі әрі бұрмалаусыз зерделеп отырудың жөні бөлек. Мұның өзі өткендегі тәжірибенің жақсысынан үйрену үшін, ескі қателіктерді қаулата бермес үшін, жаманнан жирену үшін қажет» деп баға берген болатын.

Тархқа берілген осы шынайы бағаны негізге алып, бүгінгі жаһандану үрдісінде халықты ұлт ретінде сақтайтын жас ұрпақты өз Отанының тарихын бойына сіңіру арқылы елжандылық рухта тәрбиелеу қажет.

Тарих мемлекеттің, қоғамның өркениеттілігін көрсетеді. Өркениетті елдердің тарихы бұрмалаусыз қалпында жақсы сақталған. Сондықтан да ондай елдерде өз тарихына деген ілтипатты көзқарас қалыптасқан. Өткен тарихын сыйлай білген ұрпақ келер ұрпаққа да өз дәуірін сыйлата біледі. Бізге де осы ұстанымды басшылыққа алатын уақыт жетті. Қазақ елі мен қазіргі тәуелсіз Қазақстан халқы аспаннан түскен жоқ және ата-тегін білмейтін мәңгүрт емес. Мемлекетіміздің, халқымыздың терең ежелгі тарихы бар. Қазақстан – қазақтың ата-бабаларынан қалған өзіміздің жер, халқымыздың тарихи ата-мекені. Бірақ, бай тарихымызды өзіміз ғана емес, алыс-жақын көршілерімізге де көрсете, сіңдіре білуіміз қажет.         Бүгінгі өркениетті елдер өз мемлекеттілігінің ежелгі тарихын жан-жақты көрсетіп, насихаттау ісін дәстүрге айналдырып отыр . Бұл осы ұлттың мемлекеттігінің тұрақтылығы мен құқы бар екендігін айғақтайды. Бүгін де біз, қазақ мемлекеттілігінің терең тамырлы және бай дәстүрлі екендігін көрсете алмасақ біз қазақ елін еш әлемге таныта алмаймыз. Елбасы 2015 жылдың 17 қаңтары күні, дәстүрлі жыл сайынғы Жолдауында өркениетке қадам басқан Еліміздің төл мәдениетін насихаттауды баса айтқан болатын. Ал ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениетіміз – бай тарихымыздың көрсеткіші болып отыр. Сол арқылы біз қазіргі Н. Назарбаевтың тікелей басшылығымен қалыптасқан заман сұранысына лайық жаңа тұрпаттағы мемлекеттігімізді өз дәрежесінде көрсете аламыз.