#Ержанова С.Б. , Алиева Ж.А.
М.Жұмабаевтың түрікшілдік идеялары
М.Жұмабаевтың түрікшілдік идеялары
Ержанова С.Б. –
филология ғылымдарының докторы, профессор,
Қазақ мемлекеттік қыздар
педагогикалық университеті
Алиева Ж.А. –PhD докторанты, Қазақ мемлекеттік қыздар
педагогикалық
университеті
ХХ
ғасырдың басындағы әдебиет өз
уақытына
сай
өте жедел дамыған, жаңғыру
үрдісі
кең, мазмұны
барынша
бай
әдебиет
болуымен
ерекшеленеді. ХІХ ғасырдағы жаңа дәуір
әдебиетінің мызғымас ұстынына айналған «Абай
мектебі, Абай дәстүрі мен дүниетанымы ХХ ғасырдан
бастап жаңа қазақ әдебиетінің бет түзер
темірқазығына, алтын арқауына айналды. Осы уақытта қазақ
әдебиеті жанрлық, түрлік тұрғыдан,
мазмұн мен халықтық мұрат
жағынан жедел өсіп өркендеді. Әдебиеттің
поэтикасы байыды, тәжірибесі молықты. Қоғам мен
әдебиет арасындағы байланыс барынша айқындық сипат
алды. Бұл баспасөз бен әдебиеттің байланысының
артуына ықпал етті. Әдеби байланыс өрістеді. Тұтастай
алғанда, ХХ ғасырдың басында әдебиет жаңа
сипаттармен толысып, ұлттық сананың сара көрінісіне жол
ашты» [1, 7 б].
Бас-аяғы он
бес-жиырма жылды қамтитын ХХ ғасырдың басындағы
қазақ әдебиеті – ел тарихындағы,
қоғамдық өмірдегі, жалпы ұлт руханиятындағы
өзіндік ерекшелігі басым кезең. Өйткені, дәл осы
уақыт аралығындағы қазақ қоғамы
әр түрлі шиеленісті қоғамдық-саяси
оқиғаларға толы болды да, мәдени-рухани дүниеде
күрделі де шешуші құбылыстарды тудырды. «ХІХ
ғасырдың соңына қарай қалыптасып, өзіндік
даму сатысына көтерілген ағартушылық, демократтық бағыттағы
әдебиет қайраткерлеріне енді жаңа ХХ ғасырдың
табалдырығында туындаған қазақ халқының
ұлттық-әлеуметтік саналуан мәселелеріне араласып,
сан-салалы ұлттық маңызы зор тақырыптарды
қозғауына тура келді» [1, 9 б].
Тарих сахнасына
Алашорда үкіметі мен Алаш қайраткерлері шықты. Кез келген
тарихи дәуірдің ішкі-сыртқы құбылыстары мен
өмірлік шындығын белгілі бір тұлғалар әйгілеп
беретіні бар. Ортасынан оза туған ондай дегдар тұлғаларды сол
қоғамның өзі, заманның талабы дүниеге
әкелетіні де шындық. ХХ ғасыр басындағы ұлт
тарихы мен әдебиетіне ерекше реңк әкеліп, өзіндік
бағыт қалыптастырған Алаш оқымыстылары мен
қайраткерлерінің дәуірлік миссиясы нақ осы
тұрғыдан айқын көрінді.
Зиялылықтың
өнегелі үлгісін танытқан, бар саналы ғұмырын
ұлттың тағдыры мен келешегіне сарп еткен бұл
ұлылардың әдеби мұрасы қазақтың
азаттық идеясын, бүкіл түркі әлемінің бірігу
мақсатын танытатын ұлы мақсат, даңғыл жол болды.
Осы мақсат жолында алғашында бар шығармашылығы
ағартушылық бағытта болып, кейіннен ұлтшылдық,
түрікшілдік сарынға тереңдеп ден қойған
Мағжан Жұмабаевтың азаматтық ұстанымдары ерекше.
«Қазақ әдебиетіне төңкеріс жасаған
М.Жұмабаевтың шығармашылығы қазақ
әдебиетінің алтын қорынан ойып орын алатын
құндылықтар. Мағжан аңсаған азаттық
таңы, Мағжан іздеген тәуелсіздік, Мағжан сезінген
бостандық оның шығармашылығына өлмейтін,
мәңгілік сипат берді» [2, 16 б]. Қайраткер ақынның
ұлт әдебиетіндегі романтизмнің қайта түлеп,
жаңғыруына, түрікшілдік сарынның тұтас
әдеби сипат алуына тигізген ықпалы – оның азаматтық
санасындағы биік рух пен берік тіннің жарқын көрінісі.
Өзінің азаматтық, саяси көзқарастары мен
ұстанымдарын Мағжан бір жерде ашық айтса, бір жерде
тұспалдап, ишарамен ғана білдіреді. Символмен сөйлеп, астарлы
ойға сүйене отырып, өзінің түпкі мақсатын,
негізгі идеясын оқырманға жеткізудің түрлі
тәсілдеріне жүгінеді. Өз занында оның бұндай
шығармашылық әрекеттері біреуге үлгі, мектеп болса
(Б.Күлеев т.б.), енді біреулердің саяси ойыны мен таптық
тартыстың тақырыбына айналды. М.Жұмабаевтың
ақындығына арнайы тоқталған С.Мұқановтың
оның түрікшілдігіне ерекше назар аударуы да сондықтан болса
керек. С.Мұқановтың: «... «Орал тауы» деген
өлеңінде:
Бір күнде сенің иең түрік еді,
Орын ғып, көшіп, қонып жүріп еді.
Қорықпайтын таудан, тастан батыр жүрек
Қойныңа жайыменен кіріп еді.
Қарашы төңірекке мойын бұрып,
Алтай, Орал бойында тұрған түрік.
Аты да, заты да жоқ, дыбысы жоқ
Жоғалған әлдеқайда іріп-шіріп...
–
деп, түріктің ескі
өмірін көксейді. Былай қарағанда, осы көксеу
шынында қаны қызып, бауырмалдығы ұстап
тұрған сияқты. Түріктің көрген кемшілігіне
ақын бауырмалдық жүрекпен қымсынатын сияқты.
Бірақ, анықтап тексергенде олай емес. Біз адам баласы еңбек
жеуші мен еңбек жегізуші атты екі тапқа бөлінген
дәуірдің адамымыз, тап бар, таптың тартысы бар дәуірде,
жалпы түрік былай тұрсын, қазақтың өзін де
түгел сүйеу деген саяси адамда болмақ емес» [3, 187б] деген сөзінен сол бір аласапыран
кезеңдегі көркем шығармадан саяси астар іздеу, сол
арқылы автордың қоғамға қажеттілігін
айқындап, оның келешек тағдырын сұмдық қатал
үкіммен шеше салу үрдісі көрінеді. Әр заманның
өз шындығы барын осыдан да байқаймыз. Сонда
зерттеушінің қадала қалған тұсы
Мағжанның:
Оралдай
атамекен жерлеріне,
Қасиетті атаның көрлеріне
Аузы түкті шет елдер ие болып,
Көрсетіп тұр қысымды ерлеріне, –
деген сөзі болса керек.
Бүгінгі күн үшін ұлт тарихынан белгі беретін
өмірлік шындық өз дәуірінде пантүркістік,
панисламистік бағытқа апарып көгендейтін саяси
бұғау қызметін атқарған.
Мағжанның
түрікшілдік идеялары көптеген шығармаларында көрініс
тапқан. Түрлі саяси ағымдардың белең алуы мен
қоғамдық құрылымдардың алмасуы азатшыл
ақынның шығармашылығына әсер етпей қоймады.
Ұлт тағдырына алаңдаған үзеңгілес
серіктерінің де ұстанған бағыттары мен
атқарған қызметтерінен бүкіл түркі
жұрының бірігуін аңсаған арман көрініп
тұрды. «Алыстағы бауырыма» деген өлеңінде ақын
халқының келешегіне жан жүрегі езіле отырып
қайғырады.
Алыста ауыр азап шеккен бауырым,
Қураған бәйшешектей кепкен бауырым.
Қамалған қалың жаудың
арасында
Көл қылып көздің жасын
төккен бауырым...
Шарқ ұрып, ерікке ұмтылған
түрік жаны,
Шынымен ауырды ма, бітіп халі?!
От сөніп жүректегі құрыды ма,
Қайнаған тамырдағы атқан
қаны?!
Бауырым! Сен о жақта, мен бұ жақта,
Қайғыдан қан жұтамыз,
біздің атқа
Лайық па, құл боп тұру? Жүр
кетейік,
Алтайға, ата мирас алтын таққа! –
деп, туған елінің
азаттығын аңсай отырып, барша түркі барқадар
тапқан бірлік заманды, берекелі күндерді сағына жырлайды.
Түркі жұртының ата қонысы, алтын бесігі өр Алтайды
сағынады, сезімі ырық бермей атадан мирас құт мекенге
ала қашады. Мағжанның бостан өмірге
құштарлығы, өткен күндердің сәулелі
шақтарын сағынуы оның базбіреулер айтқандай артта
қалған ескішілдікті емес, қайта керісінше, «...елдің
тәуелсіздігі мен бостандығын қорғау жолындағы
өшпес ерліктерін, бір жағадан бас, бір жеңнен қол
шығарған кездегі береке-бірлігін жырлағандығы» [4, 62 б] деп тануымыз орынды.
Пайдаланған
әдебиеттер:
1. Қазақ әдебиетінің тарихы, 6 том - ХХ
ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің тарихы. –
Алматы: Қазақпарат, 2006.
– 533 б.
2. Ержанова С.Б. Қазақ поэзиясы тәуелсіздік тұсында. –
Алматы: Білім, 2010. – 320 б.
3. Мұқанов С. ХХ ғасырдағы қазақ
әдебиеті. – Алматы: Атамұра, 2008. – 384 б.
4. Елеукенов Ш. Әдебиет және ұлт тағдыры. – Алматы:
Жалын, 1997. – 262 б.