#Билял Б.К., Ибрагим А. Экономикалық терминдердің жасалу ерекшеліктері

 

 

Филология магистрі Билял Б. Қ,

 Э-11к тобының студенті Ибрагим А.

Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті

Экономикалық терминдердің жасалу ерекшеліктері

Негізінен, терминдерді зерттеуде және оның қоғам үшін мәнін, маңызын анықтауда А.А.Реформатскийдің, В.В.Виноградовтың, О.С.Ахманованың, И.Ф.Протченконың, Р.А.Будаговтың, К.М.Мүсаевтың, Л.И.Скворцовтың, В.П.Даниленконың, Т.С.Канделакидің, А.В.Сперанскаяның, И.Н.Волковтың, М.Ш.Гасымовтың т.б. зерттеуші ғалымдарымыздың рөлі орасан зор. Бұл жөнінде қазақ түрколог тілшілері: А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Н.Т.Сауранбаев, С.Аманжолов, Ә.Т.Қайдаров, М.Балақаев, Ш.Сарыбаев, Ә.Әбдрахманов, С.Исаев, Ө.Айтбаев, Б.Қалиев қазақ тіл білімінде құнды пікірлер қозғап, қазақ терминологиясының дамуына сүбелі үлес қосқандарын атап кетуге болады.

Ал "термин" деген ұғымның өз басына келсек, күні бүгінге дейін бұл жайлы бірыңғай пікір қалыптаса алмай келеді [1].

Жалпы термин жасау дағдысында А.Байтұрсынұлы ұстанған ең басты екі принципті аңғарамыз. Оның бірі және ең негізгісі-термин жасауда қазақ тілінің өз мүмкіндігін барынша сарқа пайдалану. А.Байтұрсынұлының еңбектері, әсіресе оның "Тіл құралы" мамандардың назарын әлі күнге аударып келеді, себебі мұнда ол қазақ сөзін алғашқы рет жүйелі түрде терминдік мәнде қолданады.

Экономикалық терминдерге  келетін болсақ, олар сауда-саттықтың кең құлаш жайып өркендеуіне байланысты ерте кезден-ақ қолданыла бастаған.

1913 жылы "Айқап" журналында экономикалық шаруашылық жағдайына байланысты мақалаларда базар, доход, тауар, план, һөнер кәсіб т.б.сөздер кездеседі. Халқын байыту, қазыналық доходты арттыру, құрал ақша көбейту, халқын оқулы қылу жолында... һеш нәрседен қорықпады, шаршамады[2].

Мундағы доход сөйлеу тіліндегі қолданысынан гөрі тұрақтылық, ресми мәні сезіледі. Доход экономикадағы жалпы түсім, пайда емес, мемлекеттің тұрақты қоры мағынасында жұмсалып тур.

Кейінгі кездердегі мерзімді баспасөзде тіркес құрамындағы сөздердің арасы жақындап, бірігіп кетті, соның салдарынан "һөнер кәсіб"-өнеркәсіп тұлғасына өзгеріп, біріккен сөз болып кетті.

Тіл ғылымы саласында лексикологияның бір тарауы-лексикография-сөздіктердің жасалуына байланысты сөздер, терминдер зерттеліп белгілі бір ғылыми жүйеге түсті.

1936 жылы басылып шығарылған "Қазақ тілінің терминдері" деген кітапша латын әліпбиімен жазылған. Оған 160 экономикалық термин кірген.

Кейіннен 1962 Әбдіров М., Құлқашев Т., Долыбеков С., экономика терминдерінің орысша - қазақша сөздігін құрастырды. 1974 жылы "Қазақстан" баспасынан М. Әбдіровтың "Қазақша экономикалық сөздігі жарық көрді. Ол-қазақ тілінде тұңғыш рет жасалып, жарық көрген қысқаша экономикалық түсіндірме сөздік. Оған академик С.Бәйішев (ол кезде профессор) редакциялық жасаған. Жалпы 406 сөздер мен сөз тіркестері қамтылған.

Мырзаберген Малбақов "Қазақ сөздіктері" деген еңбегінде ғалым аламыз Р.Сыздықованың қазақ лексикографиясының келелі мәселелерін жан-жақты сөз ететін көлемді мақаласында, сауда капиталына байланысты ұғымдарды білдіретін сөздер ретінде: өсім, аренда, өсімші, сүтқор – банкир, пайда -прибыль, борыш, қарыз - заем, долг, кіреу - заклад, бексель -вексель, задетка – задаток, сома - капитал, дүкен – магазин, мүлленшік - миллионер, саудагер - торговец, залал - убыток, баһа -цена секілді аудармалары бар,- дейді[3].

Біз ең алдымен қазақ тілінде экономика термині ретінде қалыптасқан сөздерді, онан соң шет тілдерінен кірген аударылмайтын терминдерді макроэкономиканың негізін құрайтын негізгі қаңқасы деп есептеуге болады.

Кейбір кездерде бірінің мағынасына ұқсас синонимдері қолданылуы керек болып қалады. Біреулері өте жиі қайталайды, басқалары ондай емес. Санмен белгілемегенмен өте жиі қолданыс тапқан терминдерді атап өтелік: ақша, айырбас курсы, сұраным, ұсыным, ұтымды күтулер, табыс өнім, деңгей, нарық, тұтыну,  инфляция, шығын, кіріс, төлем, баланс, ақша қоры, құнсыздану, процент мөлшерлемесі, жүмыссыздық, несие, тапшылық, молшылық, болжам, қарыз, бағалы қағаздар, банк, акция, экономика, қысқа мерзім, ұзақ мерзім,  реттеу, қаржыландыру. Бұл терминдер - экономика ұғымының тірек сөздері.

Нарықты экономикаға байланысты сөздерді, терминдерді сандық-статистикалық әдіс арқылы зерттегенде, жиі қолданылатын сөздер қатарына қазақтың байырғы сөздері: құн, мұра, несие, тауар, сауда, шығын, бәсеке, кор жататыны байқалды.

Қазіргі қазақ тілінде экономика термині ретінде қолданылатын "Құн деген сөзі, орыс тіліндегі баламасы – стоимость,  қазақ халқының сәздік қорында өте ерте кездерден колданылады. Құн сөзі барлық түркі халықтарының тілінде бар. Қазір "құн" сөзінің мағынасы өзгеріп, нарықтық экономика тілінде: құн - 1)бірнәрсенің ақшаға шаққандағы бағасы немесе бір нәрсеге жұмсалған шығын шамасы; 2) тауарды өндіруге жұмсалған және осы тауарда затқа айналған қоғамдық еңбек[4]. Осыдан келіп, құнға байланысты мынадай тіркестер жасалды: қосымша құн, қүнды ақша қоры, құны жоғары ақша, қосымша құнға салынатын салық, кредит кұны, "ноу-хау" лицензия құны т.б.

Нарықтық экономикалық терминдер, сөздер әр түрлі сөз тіркестері арқылы да жасалады: Мәселен: бір ғана нарық сөзіне байланысты тіркестер; нарық - рынок - mагкеt сөзі төмендегі тіркестерді тілімізге қалыптастыра бастады: мемлекеттік мекемелер нарығы, монополиялық бәсеке нарығы, сатып алушы нарығы, сатушы нарығы, өндіруші нарығы.аралық сатушылар нарығы, өндіруші нарығы, делдалдар нарығы, несие капиталының нарығы, таза бәсеке нарығы, нарыққа қатысты теория, нарықты мемелекеттік реттеу, нарық коньюнктурасы, нарықтық құн нарықтық инфрақұрылым, нарық тепе – тендігі, нарық күштері, нарық қорлары, нарыққа шығу, жабық нарық, банкаралық нарық, т.с. [5]. Экономикаға байланысты нарық мағынасы. Нарық - экономика саласы, бұл салада тауардың ақшаға айналу және керісінше ақшаның тауарға айналу процесі жасалады. Экономиканың әртүрлі саласында өндірілген тауарларды сатып алу - сатудың өзара байланысты актілердің жиынтығы. Экономикалық оқулықтарда бұл термин көбінесе сөз тіркестері арқылы қолданылады;

Әдебиеттер тізімі:

1. Ө.Айтбаев. Қазақ терминологиясының дамуы мен қалыптасуы. Алматы.Қазақ ССР-інің     "Ғылым" баспасы. 1988.86

2. Айқап. 1912.N13.289-6.

3. М.Малбақов. Қазақ сөздіктері.Алматы."Ана тілі". 1995

4.Ж.Аяпова, Е.Арынов.1993.259 бет

5.Іскер адамның экономикалық сөздігі.1993.235-бет