#Әбдіқалық Күнімжан
Сәдірқызы,Әділбекова Ләззат
Махайқызы
Ғ.ҚАРАШТЫҢ МАХАББАТ ЛИРИКАСЫ
Әбдіқалық
Күнімжан Сәдірқызы
ҚазмемқызПУ-дің
доценті, ф.ғ.к., Қазақстан
Әділбекова
Ләззат Махайқызы
ҚазмемқызПУ-дің
доценті, ф.ғ.к., Қазақстан
Ғ.ҚАРАШТЫҢ МАХАББАТ ЛИРИКАСЫ
Өз дәуірінің ірі тұлғасы
Ғұмар Қараш өзінің көзі тірісінде
жарық көрген бес поэзиялық жинағында заман сыры,
өмір мәні, дін-шариғат жолы, сезім шынайылығы,
табиғат, ғылым мен оқу-өнердің пайдасы
сияқты әр алуан тақырыптарда толғана білген.
Ғұмар
Қараштың «Тұрымтай» (Уфа, 1918) жинағында махаббат, табиғат тақырыптары да
қалыс қалмайды. Мәселен, «Махаббат туралы», «Достыма», «Тастаған
жарға», «Бармысың?» «Жазғы кеш», «Жазда тастамаған
телпек», т.б. сыршыл өлеңдерін айтуға болады. Осы
өлеңдерін оқып отырғанда елдің жайын, оның
мұң-мұқтажын жырлап келген ақынның енді
нәзік сезімге бой алдырған лирикалық қуатын
байқаймыз. Ақынның
«Махаббат туралы» өлеңінде:
Құдая! Бар
мұрадың һәрбір істе;
Кірмейді сырын ашу
біздің түске ...
Тындырып зар
жылаған асықтарды,
Жіберсең
құдіретіңе бұ да күш пе! [1, 122 б.]
деп
ғашықтардың қосылуын тілеп, тәңірге
жалбарынады. Біресе асықтардың атынан сөйлейді:
Бағымды аш, байлауым
шеш, басым босат,
Зарлатпа қам
көңілді ерте, кеш те,
Махаббат дидарыңнан енген
сәуле,
Бір берген
сәуле-нұрды енді кеспе [1,
122 б.].
Осы өлең арқылы
ақын махаббат деген ұлы сезімді де адам баласына беретін
алланың сыйы екенін ұғындырғысы келеді.
Ақынның махаббат
тақырыбындағы өлеңдері шынымен де ерекше әсер
қалдырады. С.Мұқановша айтсақ, «Омар...
мақсатының бәрін жоғалтып, бар тілегін әйелге
әкеліп төкті» [2, 268 б.]. Махаббат заңы туралы әрбір
ойшыл өзінше ой толғағандай әрбір ақын
өзінше жырлайды. Мәселен, Мағжан:
Сүй, жан
сәулем, тағы да сүй, тағы да !
Жылы тәтті у
тарады қаныма.
Бұл
ләззәттің бір минутын бермеймін,
Патша тағы,
бүкіл дүние малына,–
десе,
Ғұмар «Махаббат дидарыңнан енген сәуле, Бір берген
сәуле-нұрды енді кешпе» дейді. Жалпы, өзі өмір
сүрген заманның ауыр халін тереңнен суреттеген Ғұмар асыл сезімдердің
құндылығын да бағалай білді. Бұл
тақырыптағы өлеңдерінің рухы өзі
тұстас Мағжанға қарағанда Абайға жақын болды.
Мәселен, ұлы Абайдың «Дүниеде, сірә, сендей
маған жар жоқ, Саған жар менен артық табылса да» деген
ойлары Ғұмардың «Достыма» атты өлеңіне
бастан-аяқ өзек болғанын аңғарамыз.
«Жалғанда сенен артық табарым жоқ» деп бастаған
ақын өлеңнің соңына дейін, яғни бес
шумақ бойына өзінің сүйгенін білдіріп, асық
жарына сендірумен болады. Тіпті, ақын немесе лирикалық кейіпкер
«Хал-жағдайым көз көрмейтін қараңғы кеш,
Шамшырақ сенен басқа жағарым жоқ» деп
өзінің құлай сүйгендігін осылайшы да
дәлелдегісі келеді.
Жиһанда сенен
өзге жарды сүйіп,
Жолында болып асық
жанарым жоқ.
Өз еркің
ақ етсең де, қара етсең де,
Мойныма бір алған
соң танарым жоқ [1, 127 б.],–
деп
тоқ етер түйінін айтады. «Сүйдім, күйдім» деп
жүрегін қолына алып,
сезімін басқа күйде білдірмейді де. Ақыл
тоқтатқан кісінің сабырын танытқан ол:
Аспан-ау, жер
төңірек уысында,
Қарсылық
қылар саған амалым жоқ.
Есірке, халімді ая,
көзіңді сал,
Тілегім, сонан
артық талабым жоқ [1, 127
б.],–
деп
көкке де жалбарынады. «Дидарың көріп көңіл бір
ашпасам, Тапсам да сегіз ұжмақ қарарым жоқ» деп
өзінің ғашықтығының
шынайылылығын танытады.
Сондай-ақ бұдан махаббатқа адал жанның жағымды
бейнесін байқаймыз.
Осы өлеңдегі
«Байлаулы сөзіңді алып, шөл баспасам, Берсе де кәусар
суын қанарым жоқ» деп келетін өлең жолдары
ақынның «Бармысың» атты өлеңімен сабақтасып
жатқандай. Өйткені «Бармысыңда» қазақтың
«сөз байласу» ұғымына кіретін дәстүрлі серт алысу
шарттарының бәрі де айтылған. «Ақ жүрекпен серт
еткен, Уағда да бармысың?» деп өрілген
өлеңнің өн бойында серт алысу сөздері
тізбектеледі. Сөйтіп, мұнда уәделі сөздерге берік
жандардың асыл қасиеті дәріптелгендей.
«Тастаған жарға»
өлеңінде ақын осы ойларын толықтырып,
уағдаласқан жандардың бейнесін аша түседі.
Жарым, жаным,
Бұл қалай?
Жалғызым, барым,
Бұл қалай?
Ұмыттың ба
құдайды?–
деп уәдесін
бұзған асыл жарына қапаланып қана қоймайды,
«Жүрегім нағып шыдайды?», «Алысқан қол, айтысқан
серттің» қайда кеткенін сұрайды. Неліктен өзгергенін
білгісі келеді. «Аумалы көңілің... Әлде өзгені
тапты ма?» дегенді де айтады.
Сарғайған жүз,
Сағынған
жүрек,
Шалдыққан көз,
Жалынған тілек,
Алдыңда тұр, міне!
Қан солды,
Шаршадым, біттім,
Мезгіл толды,
Уағадаң күттім
Маған айтарың не?! [1, 133
б.]
Сөйтіп, мұнда асыл жарға
қарама-қарсы лирикалық кейіпкердің махаббатқа
адал да тұрақты мінезі байқалады. Өлеңнің
сыртқы құрылысы да ақынның басқа
өлеңдеріне қарағанда өзгешелік танытады.
Сағыныш, наз, реніш-өкпе, серт сияқты жан иірімдерінің
пернесін қозғайтын өлеңдерінде ақын осылайша
сезімге беріле жырлайды.
Түйіп айтқанда, Ғұмар Қараштың
ақындық тұлғасын биіктете түсетін
«Тұрымтай» жинағында басылған махаббат лирикасы да
тақырыптық-идеялық жағынан алдыңғы
жинақтарға қарағанда өзгешелік сипат
танытатын мұралар болып табылады.
Әдебиеттер:
1. Қараш Ғ. Замана.
Алматы: Ғылым, 1994.– 240 б.
4. Мұқанұлы С. CC ғасырдағы қазақ әдебиеті. 1 бөлім.
1932.
Резюме
В данной статье объектом исследования
является сборник Гумара Караша «Тұрымтай».
Resume
The main object
of this article is the collection of "Turymtai" by Gumar Karash.