#Дәрібаева Б. Қ.,  Айтжанова Б.А. Мектеп пен отбасы ынтымақтастығы

 

 

Дәрібаева Б. Қ.,  Айтжанова Б.А.

Қазақстан, Ақтөбе облысы   Шалқар қаласы   «№2 мектеп-гимназия»  ММ

 

Мектеп пен отбасы ынтымақтастығы

           Отбасы - адам үшін ең жақын әлеуметтік орта. Отбасы белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің, мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаулысы. Отбасында бала алғаш рет өмірмен, коршаған ортамен танысып, мінез-құлық нормаларын игереді. Отбасы баланың, азамат болып өсуінің негізі болып табылады.

           Отбасының басты қызметі - бала тәрбиелеу. Отбасы тәрбиесі - бұл жалпы тәрбиенің ең басты бір бөлігі. Ата-ана және отбасы мүшелері жас нәресте дүниеге келген күннен бастап, оның өміріне қамқорлық жасап, болашағын жоспарлайды және саналы азамат болып өсуі үшін қажет жағдай жасайды. Бұған баланың қажеттілігі толық қанағаттандыру, оны дене және ой-еңбегіне үйрету, күн тәртібін дұрыс реттеуге, салауатты өмір сүруге, адал болуға тәрбиелеу, жақсылықты үйренуге, жамандықтан жиренуге үйрету, бойында жастайынан мәдени құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру жатады.
             Отбасы - сапасы бірқатар параметрлермен анықталатын, бала өмірі мен дамуының ортасы. Отбасының әлеуметтік-мәдени параметрі ата-аналарының білімдік деңгейімен және олардың қоғам өміріне қатысуымен анықталады. Отбасының әлеуметтік-экономикалық параметрі дүние-мүліктік сипаттамасымен және ата-аналарының жұмыспен қамтылуымен анықталады. Техникалық-гигиеналық параметрі өмір сүру жағдайымен, баспананың жабдықталуымен, өмір салтының ерекшелігімен анықталады. Демографиялық параметрі отбасы құрылымымен анықталады. Баланың дамуының қандай қырын алмайық қай жас кезеңінде болмасын оның тиімді болуында отбасының рөлі ерекше.

            Бала тәрбиесінің негізі - бұл оның отбасы. Осы шағын әлеуметтік топ - бала үшін өмір мектебі. Отбасындағы ата-ана - баланың өмірлік ұстазы және тәрбиешісі. Баланың болашағы, білімі, мәдениеті отбасындағы ата-ананың сіңірген еңбегіне, тәлім-тәрбиесіне байланысты. Сондықтан, әрбір ата-ана өзінің баласын білімді, мәдениетті, жан-жақты етіп тәрбиелеуге міндетті. Қазіргі кезде отбасы тәрбиесі мәселесі әлемдік деңгейде қарастырылуда. Оған «Балалар құқығы туралы Конвенция» (1995), Қазақстан Республикасының «Білім туралы заңы» (1999), Қазақстан Республикасының «Балалардың құқығы туралы заңы»  (2002)  сияқты құжаттар дәлел бола алады.  Ата-ананың педагогикалық білімінің неғұрлым жоғары болуы олардың қоғам алдында өз балаларының тәлім-тәрбиесі үшін жауапкершілігін арттырады. Сондықтан да баланы жағымды ортада тәрбиелеу мен оқыту қазіргі таңдағы ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады.          

Қазіргі отбасының басты қызметтері мен міндеттеріне тоқталайық.
Басты қызметтері: тәрбиелік; сауықтыру; рухани-адамгершілік;  танымдық-білімдік;  тұрмыстық;  еңбек;  мәдени-ағартушылық;  демалыс-шығармашылық;  тұлғаның өзіндік тәжірибені ынталандырушы;  қорғау.

Басты міндеттері: баланы үйлесімді дамыту;  бала денсаулығына қамқорлық жасау; оқуына көмек көрсету; еңбек тәрбиесін жүзеге асыру және мамандық таңдауға көмектесу;  тұлғаның әлеуметтенуіне көмектесу;  ізгі, эмоционалды-адамгершіліктік қатынас тәжірибесін қалыптастыру;  жалпы мәдени және интеллектуалдық дамуына қамқорлық жасау;  қызығушылығы, қабілеті, бейімділігі мен шығармашылығын дамыту;  өзін-өзі тәрбиелеу мен өзін-өзі дамытуға дайындау;  жыныстық тәрбие, болашақ отбасылық өмірге даярлау.                            

          Қазақ отбасы тәрбиесінің өзекті мәселелері педагог-ғалымдар С.Қалиев, М.Смайылова, М.Оразаев, Е.Ұзақбаева, К.Қожахметова Р.М.Қоянбаев, Ж.Б. Қоянбаевтардың еңбектерінде жан-жакты сөз болған. Ж.Б.Қоянбаев "Семья және балалар мен жеткіншіктер тәрбиесі" атты еңбегінде отбасы тәрбиесінің бірқалыпты жағдайда іске асырылмайтындығы және отбасы тәрбиесінің сәтсіз болуьның басты себебі - ересек адамдардың педагогикалық көзқарастарының қауқарсыздығынан дей келе, отбасындағы бала тәрбиесіне игі ықпал етуде мәні бар төмендегі белгілерді атап көрсетеді.

1. Отбасының этикалық құрамы және құрылымы толық емес отбасы: бірбалалы, көпбалалы отбасы, бірұлттық, көпұлттық отбасы;

2. Тіршілік әрекетінің және ортаның жағдайлары: отбасы мүшелерінің білім дәрежесі, еңбектену, кәсіптік құрамы, бюджеті, жалпы материалдық әл-ауқаты, ауылдық және қалалық отбасы;

3. Отбасының мәдени потенциалы: күнделікті тұрмыстың жалпы мәдениеті, күн тәртібі, демалыс, оның формалары, кітапхананы, теледидарды, музыка аспаптарын пайдалана білуі, спортпен айналысу, үйелмендік дәстүрлік мерекелер.

4. Ішкі отбасылық қатынастар, отбасы микроклиматының сипаттамасы, отбасында көзқарастың бірлігі және айырмашылығы, отбасы мүшелерінің өз міндеттерінің көзқарасы;

5. Қоғамға көзқарасы: еңбек және қоғамдық міндеттерге, қоғамдық тәрбие институттарына қатысы;

6. Отбасының тәрбиелік потенциалы: отбасылық тәрбие, қолданылатын әдістер, ата-аналарының және мүшелердің педагогикалық мәдени дәрежесі.
          Бүгінгі қоғам алдындағы мақсат - өмірдің барлық саласында белсенді шығармашылық  іс-әрекетке қабілетті, еркін тұлға тәрбиелеу. Ол үшін бала тәрбиесімен айналысатын отбасы балабақша, мектеп, қоғам және жүртшылықтың тәрбие кіріктіріліп жүзеге асуы тиіс. Өйткені қазіргі кездегі жасөспірімдердің арасындағы қылмыстың көбеюі, жастардың нашақорлығы, адамзаттың басынан төніп тұрған әр түрлі дерттің қанат жаюы, бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Баланың негізгі тәрбиешісі-өзінің туып өскен ортасы, ата-анасы. Баланың дұрыс азамат болып өсуі немесе қате жолға түсуі көбінесе үлкендерге байланысты. «Баланы-жастан…» деген сөздің мазмұны өте терең. Себебі, есейіп кеткен соң баласының теріс мінезін, қалыптасқан қате көзқарасын өзгерту өте қиын. Жасөспірімдердің білім алуында, тәрбиесінің дұрыс қалыптасуында мектеп пен отбасының тығыз қарым-қатынаста болуы қажетті жағдай болып отыр.

Отбасы мен мектептің өзара әрекетінің басты қызметтері: ақпараттық;  тәрбиелік-дамытушылық;  қалыптастырушылық;  қорғау-сауықтырушылық;  бақылаушылық;  тұрмыстық.

Отбасы мен мектептің өзара әрекетін ұйымдастыру жолдары

·       отбасының тәрбиелік мүмкіндігі мен күш қуатын айқындау мақсатында зерттеу;

·       отбасының адамгершілік бағыттылығына қарай оларды топтастыру;

·        олардың бірлескен әрекеттерінің ағымдық және соңғы нәтижелерін талдау.

   Отбасын зерттеу педагогқа не береді?

   Оқушы отбасын зерттеу педагогқа отбасының тәрбиелік мүмкіндігі мен оның күш куатының деңгейін анықтауға, соның негізінде бірлескен әрекеттің оңтайлы әдісін, формасын таңдауға, нәтижесінде тәрбие мәселесін табысты шешуге мол мүмкіндік туғызады. Ол үшін мұғалім дәстүрлі педагогикалық- психологиялық диагностика әдістерінің кешенін пайдаланады. Отбасын зерттеу сынып жетекшіден кәсіби шеберлікті талап ететін өте күрделі мәселе.
Сынып жетекшісі отбасын зерттеуде төмендегідей ережелерді сақтағаны дұрыс:
– Ата-аналар мен балалар өздерін зерттеу нысаны ретінде сезінбеуі тиіс.
– Зерттеу мақсатты бағытталған, жоспарлы және жүйелі болуы қажет.
– Зерттеу әдістері тәрбие әдістерімен өзара байланысты болуы шарт.
– Психодогиялық-педагогикалық әдістер түрленген және кешенді түрде қолдануы керек.

        Мектеп пен отбасының ынтымақтастығын жүзеге асыруда сынып жетекшісі негізгі рөл атқарады. Педагогика практикасында  оқушылар  ата-аналарымен мектеп пен  сынып жетекшісінің жұмысының 5 түрлі қызметі анықталған. Олар:

1 қызметі. Ата-аналарды оқу-тәрбие үрдісінің мазмұны мен әдістемесімен таныстырады. Алғашқы ата-аналар жиналысында сынып жетекшісі өзі ата-аналармен танысады және өзінің педагогикалық ұстанымдарымен таныстырады, өзінің болашақта жүргізетін жұмыстарының бағдарламасымен, мақсат, міндеттерімен және тәрбие жұмысының жоспарымен таныстырады, өзекті мәселелерді бірігіп талқылайды.

        Ата-аналарды оқу-тәрбие үрдісіне балалар мен олардың ата-анасының шығармашылығының күні,  сыныптан тыс іс-шаралар ұйымдатыруға көмек көрсету;  шефтік көмек;  ата-аналардың мектеп кеңесі жұмысына қатысу  әрекеттері арқылы тартады.

2 қызметі. Ата –аналармен педагогикалық-психологиялық ағарту жұмысын ұйымдастыру. Оны келесі әрекеттер арқылы іске асырады:  тәрбиенің жекелеген мәселелері бойынша ата-аналарға арналған мектептік, сыныптық конференциялар ұйымдастыру;  ата-аналар университеттері;  дарынды балалар, қиын балалар, түрлі үйірмелерге қатысатын балалардың ата-аналары үшін; психологиялық, педагогикалық, медициналық, заң туралы кеңестер;  тренингтер.

3 қызметі. Ата-аналарды балалармен бірлескен әрекетке тарту. Оның формалары:
 a.) сынып жетекшісі ұйымдастырған сабақтан тыс барлық әрекетке қатысу (серуен, саяхат, жөндеу жұмыстары, сенбіліктер, турнирлер);  b.) жалпы мектептік дәстүрлі іс-шараларды ұйымдастыруға ата-аналарды қатыстыру (түлек кеші, туристердің мектептік слеті, мектеп бітіру кеші, ардагерлермен кездесу т.б.)  c.)  республика және оның шегінен тыс алыс жорықтарға шығуды немесе дайындалуды ата-аналармен бірге жүргізу;  d.)  оқырмандар конференциясы; e.) отбасылық ойын байқаулары.

4 қызметі. Жекелеген оқушылардың отбасындағы тәрбиеге түзету жұмыстарын жүргізу.
Алдымен отбасы тәрбиесін жүргізу бойынша психологиялық, педагогикалық көмектер мен кеңестер беру. Көп көңілді отбасындағы жиі кикілжіңдер нәтижесінде психологиялық ахуалы ауыр және қиын бала өсіп келе жатқан отбасына көңіл бөлу керек.

5 қызметі. Ата-аналар белсенділері мен ата-аналардың қоғамды ұйымдарымен өзара әрекет ету.

Мектеп пен отбасының ынтымақтастығы дегеніміз – бала тәрбиесінде отбасы мен мектептің бірін-бірі толықтыруы, өзара хабарласа, келісе әсер етуі, ықпал жасауы деген қорытындыға келдік. Яғни жасөспірімдердің тәрбиесіндегі мектеп пен отбасы ынтымақтастығы- жасөспірімнің тәрбиесін жақсарту мақсатында бағытталған, келісілген, үйлестірілген, әсер ететін шаралардың бір жүйеге бірігуі. Жасөспірімдерді тәрбиелеуде мектеп пен отбасы ынтымақтастығының жоғары өлшемді болуына сынып жетекші, педагог-психолог, әлеуметтік-педагогтың орны ерекше. Сонымен қатар пән мұғалімдері де жасөспірімді тәрбиелеуде өз үлестерін қосып отырады. Олар жасөспірімдердің пәнге деген ынта-ықыласына байланысты жасөспірім бойындағы белгілі бір ерекшеліктері, қызығушылықтары арқылы тәрбиелей алады. Жасөспірімдерді тәрбиелеуде ортақ келісімде іс-әрекеттер, өзара түсіністік қалыптасады. Бұл жерде мектеп ұжымының ынтымақтастығы, жасөспірімдердің бір-бірімен ынтымақтастығы және отбасы мүшелерінің ішкі ынтымақтастығы да аса маңызды факторлар екендігі айту керек. Мектеп еш уақытта отбасынан, қоғамнан бөлініп, жеке болған мекеме болған емес. Сондықтан оның іс-әрекеті отбасымен, қоғаммен, еңбек ұжымдарымен тығыз байланысты. Мектеп басшылығымен жүргізілетін тәрбие жұмыстарының формалары көп. Олар: ата-аналармен жұмыс; сынып жетекшілерінің және мұғалімдердің отбасымен жұмысы; сыныптан және мектептен тыс тәрбие жұмыстары. Осы жұмыстарға мектеп басшылық жасайды, көмектеседі, тиісті адамдармен, ұйымдармен, отбасымен бірігіп іске асыруды қамтамасыз етеді.

  Ата-аналармен жұмысты әрі қарай жандандыру барысында  мынадай ұсыныстар жасауға болады:

1) Отбасылармен тығыз қарым-қатынас орнату мақсатында түрлі әдістерді («алғыс хат»; «интернет арқылы қарым-қатынас орнату және жүздесу»; «ақпарат бетіне үлгілі ата-аналар туралы мақалалар жазу»; «ата-аналар комитетін дұрыс жүргізу»; «тақырыптық дөңгелек үстелдер» т.б.) жиі қолдану;

2) Ата-аналарға арналған отбасындағы баланы тәрбиелеу тақырыбында дәрістер, семинар, тренингтер өткізу;

3) Отбасы тәрбиесінде қолданысқа тиімді әдістемелік-ақпараттық оқу құралдарын көбейту және т.б.

«Ертең өсіп келеді, ертеңмен бірге адам өсіп келеді. Бізде қазір жаңа қоғам ғана жасалып жатқан жоқ,жаңа адам жасалып келеді», деген екен академик З.Қабдолов.Олай болса ертеңіміз нұрлы да жарқын болуы үшін мектеп , ата-ана болып бірлесе жұмыс жасайық.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 1.      «Балалар құқығы туралы Конвенция», 1989 ж. Нью Иорк. БҰҰ бас штаб пәтері

2.       Қазақстан Республикасының «Балалардың құқығы туралы заңы», 2002 ж.

3.       Байдельдинова Г.К. Научно-теоретические основы подготовки будущих учителей для организации взаймодействия школы и семьи. – А.: Ғылым, 1998. – 81 б.

4.         Әтемова Қ.Т. Оқушыларда гумандық қасиеттерді қалыптастыруда  мектеп пен отбасының бірлескен жұмысы: п.ғ.к. дисс. – А.: 1999. – 127 б.

5.       Шарафадин А.А. Отбасында ата-ананың балаға тәрбиелік ықпалын арттырудың педагогикалық шарттары. п.ғ.к. дисс. – А., 2004. – 130 б.

6.       Қоңырбаева С.С. Жоғары сынып оқушыларын отбасылық өмірге этномәдени құндылықтар негізінде даярлаудың педагогикалық шарттары: п.ғ.к. дисс. – А., 2008. – 180 б.