#Айтжанова Б.А., Жубаева Б.О. Бала -
жанұя айнасы
Айтжанова Б.А., Жубаева Б.О.
Қазақстан, Ақтөбе
облысы Шалқар қаласы «№2 мектеп-гимназия» ММ
Бала - жанұя айнасы
Отбасы...Әрбір адам үшін ерекше ұғым.
Адамның мінез бітістерінің қалыптасу негізі, оның
рухани-адамгершілік дамуы, өмірлік тәжірибесі, басқа
адамдарға және қоғамға қарым-қатынасы
отбасынан бастау алады. Жеке тұлғаның азаматтық
тұлғасы отбасында қалыптасады. Сондықтан отбасы – жай
ғана жеке одақ қана емес, ол біздің
қоғамымыздың бөлшегі.
Балаларды отбасында тәрбиелеудегі негізгі шарт – ол
ата-аналардың отбасындағы беделі мен жеке басының
үлгісі. Ата-аналардың өздерін ұстауы,
тәрбиелілігі шешуші роль атқарады. А.С.Макаренко ата-аналарға
былай дейді: «Сендер баланы тек онымен әңгімелескенде, бір
нәрсеге үйреткенде және бұйрық берген кезде
тәрбиелеп жатырмыз деп ойламаңдар. Сендер баланы
өмірлеріңнің әрбір сәтінде, тіпті үйде
болмаған кезде де тәрбиелейсіңдер. Сендердің киім
киістерің, басқалар жөнінде
әңгімелегендерің, қалай қуанғандарың
мен ренжігендерің, достарың мен дұшпандарыңа деген
қарым-қатынастарың, күлгендерің, кітап оқығандарың
– бұның барлығы бала үшін маңызы зор».
А.С.Макаренконың айтуынша, жан-жақты дамыған
тұлғаны тәрбиелеп шығару үшін, оның
болашақтағы бейнесін көз алдыңа елестетіп,
болашағын жоспарлап тәрбиелеген жөн.
Ата-ана беделінің негізі болып олардың адамгершілік-рухани
келбеті, яғни, Отанына деген сүйіспеншілігі, жұмыс
орнындағы қызметі және тұрмыстағы тәртібі
саналады.
Бала тәрбиесінде жетістікке жету үшін отбасының тату,
ауызбіршілігі, сыйластығы мол, берік отбасы болуы қажет.
Қазақтың: «Ұлыңа бес жасқа дейін
патшаңдай сыйла, он бес жасқа дейін қосшыңдай сана, он
бес жастан асқан соң досыңдай бағала» деген
мәтелі еркін тәрбиелеудің, көмекшім деп үмітпен
қараудың, ақылшым деп санаудың қажеттілігін
меңзейді. Осыны құптаған ата-бабамыз мынадай
мақал- мәтелдер арқылы баяндаған: «Балаға
үміт арту әкенің парызы, ақтау баланың
қарызы», «Бір биеден ала да туады, құла да туады», «Баланы
туады екенсің, мінезді тумайды екенсің».
Ж.Аймауытов «Тәрбие» атты көлемді мақаласында «адам
мінезінің, ақыл-қайратының әр түрлі болуы
тәрбиенің түрлі-түрлі болуынан...» деп алдымен бала
тәрбиесіндегі отбасының орнына ерекше тоқталады. «Баланы
бұзуға, яғни түзеуге болатын бір шарт – жас
күнінде көрген өнеге», «Сүтпен сіңген мінез
сүйекпен кетеді» дегн сөз ата-ана тәрбиесінің
күштілігін көрсетеді...» дей келе жазушы бала мінезін
қалыптастырудағы жанұя мүшелерімен әке-шешенің
ықпалын ашып берді.
Жеке тұлғаның жетістіктерін зерттеген танымал
ғалым Брайан Трейси деструктивті сыншылдық жайында былай дейді:
«Көптеген ата-аналар өз баласына жеке меншігі ретінде қарайды.
Олардың түсінігінше, ата-анасының тілін алған бала
ғана жақсы. Егер бала олардың айтқанын орындамаса,
әкесінен не анасынан сөгіс естиді. Осылайша ата-ана өзі
қаламаса да баласына берген махаббаты мен қамқорлығын
кері қайтарып алады. «мені ешкім жақсы көрмейді» деген
ойға келген баланың бойында болашақта кездесетін
тұлға проблемаларының іргетасы қаланады.
Сүйіспеншілік көрмей өскен бала өмір бойы
өзінің жеке потенциалын нығайтудың орнына сол махаббат
пен сүйіспеншілікті іздеп өтеді.
Адамның жасаған әрбір жағымсыз немесе
қоғамдық түсінікке қарсы әрекеті-бұл
оның жәрдем сұрауы, бала кезіндегі
сын-сөгістердің салдарынан туындаған кінә, ыза, реніш
сезімдерінен арылуға деген талпынысы.
Адамға бөгет болатын кертартпа әдеттер «Тиіспе!
Әрі тұр! Оны істеуге болмайды! Абайла! т.б.» сиқты
сөздерді үздіксіз ести бергеннен қалыптасады.
Өзінің айналасындағы кез-келген затты ұстап көру,
дәмін тату, ашып, зерттеп көру – балаға тән
табиғи импульс. Ата-ана баласының мұндай іс-әрекетіне
айқайлап, ұрсып немесе қалай да өзінің риза
еместігін білдірсе, бала мұның мәнісін түсінуге
әлі дайын емес. Бірақ ол өздігінше былай қорытынды
жасайды: «Мен не істесем де мамам мен папам маған ренжиді және
ешнәрсе білмегенімнен болар. Менің қолымнан ешнәрсе
келмейді, мен ешнәрсе істей
алмаймын». Мұндай сезімдер көп ұзамай сәтсіздік алдындағы
қорқынышқа айналады. Кейін сіз бір жаңаша әрекет
жасап, қандай да бір тәуекелге барғыңыз келсе,
бұл сезім сізге кедергі жасап отырады.
Жан-жақты үйлесімді дамуы үшін балаға еркіндік
қажет. Ол барлық нәрсені зерттеп көріп, жаңа
тәжірибе алуы керек, қателік те жасап, одан сабақ алуы керек.
Психология саласының білікті маманы атақты Вера
Биркинбильдің ойынша, мәселе қателіктерге мүлде жол
бермеуде емес, мәселе оларды қалай қабылдауда. Ғалымның
сөзімен айтсақ: «Баланың жасаған әрбір
қателігі оған көп нәрсені үйренуге, сабақ
алуға мүмкіндік береді.
Мәселен, бір нәрсені дұрыс жасамаған үш жасар
балаға қарап көрейік. Ол қате жасап қойдым деп
сезінбейді, қайтадан әрекетке ұмтылады. Тіпті ол
қателік деп ойламайды да, құлап түссе, қайтадан
орнынан тұрады, қолынан түсіріп алған затты аламын деп
талпынады т.б.
Ал енді он жасар баланы алайық. Бір нәрсені дұрыс
жасамаса, оның ойына келетін бірінші мәселе – қателікті
түзету емес, ешкім көріп қалмады ма, өзгелер мен туралы
не ойлайды деген қорқыныш. Ол қателігін барынша жасырады,
жан-дағына жалтақтап үреймен қарайды. Бұған
не себеп және кім себеп?
Мұның ең басты себепшісі – ата-аналар мен
мұғалімдер. Өйткені біздің баламыз қандай да бір
қателік жіберсе, ата-анасы немесе мұғалімі тарапынан
сөгіс пен ұрысқа душар болады. «Жарайды, сен қателік
жасадың. Бірақ бұл сені неге үйретті?» деп баласымен
ашық сөйлесетін ата-ана кемде-кем.
Ата-ана мен баланың рухани байланысының маңызы зор. Ол
көп күшті қажет етеді, үлкендердің
шаршап-қажуы оны орнатуға мүмкіндік бере бермейді. Ал егер
сол байланысты орната алсаңыз, балаңыздың сеніміне
бөленіп, ішкі жан дүниесін түсінесіз, оның басында
туындаған қиындықтар туралы бірінші болып білетін боласыз
және дер кезінде көмектесе аласыз.
Өзіміз балалық шағымыздағы ең жарқын
сәттерді еске түсірейікші. Адам үшін бала кездегі ең
бақытты сәттер -
ата-анасымен бірге өткізген уақыт. Біз бұл
уақытты, яғни баламызбен қарым-қатынас уақытын
ұлғайта аламыз. Үй шаруаларын қоя тұрып, баламызбен саябақта
қыдырып, кешке қызықты фильм тамашалап , одан кейін
көргенімізді бірге талқылауға болады. Бірлесе отырып
ойын-сауық құруға, бірге өткізген
уақытымызды күлкі мен қуанышқа толтыруға болады.
Сондай-ақ баламыздың достарымен, мұғалімдерімен
арақатынасы қандай екенін біліп отырғанымыз жөн.
Мұның барлығына аса көп уақыт кете қоймас,
ал есесіне баланың жан дүниесін тереңінен тани аламыз
және екеуіңіздің арадағы
қарым-қатынасыңыз ныға түседі.
Барлық тәрбие балаға ата-ана, мектеп, өзін
қоршаған орта арқылы беріледі. Сондықтан да оның
үйлесім табуы оқушының жан-жақты дамуына ықпалын
тигізеді. Ал мектеп жан-жақты дамыған жас ұрпақ
тәрбиелеуге байланысты негізгі қамқорлықты өз
міндетіне алады. Отбасы осы қамқорлыққа жауап ретінде
бала тәрбиесінің өзіне тиісті бөлігін адал атқаруы тиіс. Ата-ана баланы тек
асыраушы ғана емес, оны болашақта ата-ана болуға әрі
үйретуші.
Ата-ананың ең басты міндеттерінің бірі – баланы
еңбекке баулу. Егер бала жастайынан еңбектенуге бейімделсе,
оның бойында өз күшіне деген сенім, батылдық қалыптасады.
Ол туындаған барлық қиындықтарға мойымай, оларды
оңай шешетін болады.
Өз басындағы проблемелер мен ауыртпалықтарға
қарсы тұра алатын адамдардың денсаулығы
қиындықтан қашатын адамдарға қарағанда анағұрлым
мықты болады. баланы кез-келген қиындыққа төтеп
беруге үйреткен жөн, сонда бала өз-өзіне сенімді биік
тұлға болып қалыптасады.
Пайдаланған әдебиеттер
1. Педагогика және оқушы психологиясы журналы 2015ж. №4,6
2. Мектептегі психология 2006ж. №4
3. Психологияны мектепте және
ЖОО-да оқыту 2014ж.№ 1