Халықтық спорт түрі қамшыгерліктің мәні мен маңызы

                                                                            

   К. С. Әбішев

                                                педагогика ғылымдарының кандидаты

                         М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың доценті

 

Ұланғайыр жерді негізгі төл иесі қазақ халқының жауынгерлігі, ептілігі, төзімділігі, батырлығы, шеберлігі туралы аз айтылып жүрген жоқ. Ұлттың рухани мәдениетінің аса маңызды құндылықтары боп есептелетін көптеген жәдігерліктердің жаһандануға бет алған қазіргі кезеңде өткеннің қойнауында қалып бара жатқаны өкінішті. Ата бабамыз өз тіршілігінде қолданған, қазір мүлдем қолданыстан шығып кеткен сондай өнердің  бірі – қамшыгерлік. Бұл жөнінде ұлттық құндылықтардың жоқтаушысы этнограф-ғалым Ж. Бабалықұлы былай дейді: «Қамшыгерлік – спорттың бір түрі. Спорттың бұл түрі қазірде ұмытылып кеткен, ешкім көңіл аудармайды. Қамшыгерлікті спорттың бір түрі етіп ендіру үшін екі нәрсе керек: бірі – қамшыгер адамды тәрбиелеу керек, екіншісі – қамшы жасайтын адам табу керек».

Қамшы – ат-көлік, мал айдауға арналған жабдық. Қамшы – қорғануға, қарсыласын алып жығуға арналған және жауын жайратып салатын машық (мамандық). Қазақ халқының көшпелі мал шаруашылық, тірлік салтына байланысты тепкішекке аяғын салған бөбектен бастап, еңкейген кәріге дейін, ат-көлік мінетін ер-әйел түгелімен қамшы ұстайды. Әркімнің өзіне лайық, өзіне тән қамшылары болады. Ат-көлікке мінгенде қамшы қолында, қонышында, білегінде, белінде, тақымында, ерінің алды-артында, үстінде ілулі тұрады. Кейде тіпті, қарбаластықтан ауызға да көлденең тістеледі. Ал үйде отырған кезде керегенің басында, көгінде, уық қырында, сыртқы дәдеге мен белдеуде немесе ашада қыстырулы тұрады. Қарбалас кезде жабық киіз-сырмақ астында, тіпті, тізе астында жатады. Өмір талабына орай, әркімнің қамшысы өз қойған жерінде тұруға тиісті.

         Қамшы – әркімнің қолында жүретін жабдық және елеусіз суық қару. Бірақ қолында қамшы жүргенімен, оны қару ретінде пайдалану көрінгеннің қолыннан келе бермейді. Қамшылы адам – сырттай қарағанда қарулы адам. Ал қамшыгерлер өздерін «елеусіз қаруға иемін» деп санайды. Халықтың салт-заңында қамшыгерлердің қарапайым адамды қамшымен ұруына тыйым салынады. Қамшыгерлер де мұндай қылықтан өзін-өзі тыяды. Ертерек дәуірде қазақ халқының салты бойынша, қамшыны қолға ұстап, үйге кіру бір пәленің басы саналатын болғандықтан, сырт адамдар қашанда қамшыны үй сыртында, ат үстінде қалдырып кететін болған. Осы салт моңғол халқында әлі күнге дейін сақталған. Оларда үйге кіретін адам қамшыларын сыртқа қалдырады. Мақсатсыз болса да қамшымен үйге кірген адам ауыр сөгіс естиді не айыпқа тартылады.

Қамшы арқылы жауынан қорғана алатын не жайратып салатын адамдар қамшыгер атанады. Қамшыгерлік тума қабілет емес десек те, адам табиғатындағы тездік, ептілік оралымдылық, дәлшілдік, мергендік, қарақшылық, сезімталдық, өткірлік, батылдық, қараулылық, қатты қолдылық, сексенбейтін серттілік сияқты ішкі қасиеттермен ұштасып жататын мамандық.

         Жастайынан қамшыгерлікке құмарту не жастайынан қамшыгерлікке баулу, тәрбие алу, қамшыгер мамандардан үйрену, қамшыны ұстай білу, қамшыны ұра білу, қарсыласын қай жерінен қалай ұрғанда естен тандырады, аттан түсіреді, жаралайды – мұның бәрін қолмен қойғандай қапы жібермейтіндей білу шарт. Қамшы – көп сәтте ат үсті шайқастың қаруы. Қамшыны бір-ақ рет ұрғанда дәл тигізген және айтылған шарттарды бұлжытпай орындаған адам қамшыгер бола алады.

         Жабдық және қару ретінде ұстаған қамшының ұрылуы мен тиюіне қарай қамшы үйіру, қамшылай білу, қамшымен жасқау, сипай қамшылау, батыра қамшылау, орай тарту, шықпыртып жіберу, көсіп жіберу, баса тарту, серпе тарту, салып жіберу, тартып жіберу, тіле тарту, көстите салу, шекесін шеруен аттандыру т.т. сияқты сөздер арқылы қамшының қалай ұрылып, қалай тиген зардабын білдіреді. Қай жерден қалай ұрғанға байланысты қамшы теседі, тіледі, сызады, осады, көгертеді, езеді, жаралайды, сындырады, өлтіреді. Жан-жануарлардың, адамның талмау және осал жерлері болады. Адамда шеке, самай, құлақшеке, қызыл асық, аяқтың үсті (басы). Ит пен қасқырда – қара тұмсық, бура, айғыр бұқаларда –қасқамаңдай, орай тұсы талмау және осал жерлері саналады. Қай жерінен ұруды қамшыгерлер өзі таңдап алады немесе қарбалас сәтте қай жері орайлы келсе, сол жерден ұрады.

         Қазақ еліне отты қару тарамай тұрған кезде адамдар қылыш, найза, сүңгі, сойыл, шоқпар, босмойын, қайтыпкел, садақ сияқты соғыс қаруларын пайдаланған.

         Солардың қатарында әрі жабдық, әрі қару ретінде қамшы да бар. Той-томалақта, ас-жиында, ел-жұрт жиналған ұлыстың ұлы күндерінде бәйге атты жарысқа, жорғаны салысқа, балуанды күреске, мергенді қараға, қамшыгерді бәсекеге шақырып, жиылған жұрт алдында топтан озғандарына жүлде берілген, мадақталған. Солардың ішінде қамшыгерлік те ертедегі спорт түрінде сайысқа, бәс-бәсекеге, егес-намысқа түсетін мамандықтың бірі болған.

         Арнайы жасалған қамшылы қамшыгерлер өздерін қарулы адам ретінде сезінеді. Оңай оспақ, тапберме шабуылға алғыза қоймайды. Аяқ астынан ұмтылған ит пен қасқырды, бура, айғыр, бұқаларды қамшымен ұрып, бетін қайтарған немесе мертіктіріп, жаралап, өлтіріп кеткендері де кезігеді.

Қазақтың салт заңы бойынша ішкі қайшылық кезінде адамды өлтіріп, құн тартудың орнына қарсыластарын өлмейтін жерінен атып кету, найза-сүңгі шаншып, аттан түсіріп кету, сойылмен ұрып түсіріп кету, қамшымен ұрып, аттан құлату да жеңіске жатады.

         Қазақ халқы ертерек кезде қамшыгерлік өнерін ел-жұртқа үйрету және дәріптеу, әруақтандыру мақсатында арнайы жарыс өткізіп отырған. Соңғы кездегі кейбір бәсекеде сиырдың терісін төрт пұшпағынан төрт қазыққа керіп тастап, шауып келіп ұрып өткенде, тері тесіледі, жыртылады, тілініп түседі деседі. Төртке бүктелген сиырдың жас терісін жерге тастап қойып ұрғанда, терінің бір қабатын, не екі қабатын тесіп немесе жыртып, тіліп кететін көрінеді. Қамшыгерлер машығының салтанатын көрсететін толып жатқан мысалдар бар.

         Адам баласының ат-көлік міну, айдау тарихын ең жақын дегенде,               10 мың жыл мөлшерінде айтуға болады. Мал айдау, жасқау, жыртқыштардан қорғану сияқты тұрмыс қажеттерінен туған бұл қарудың алғашқы түрлері табиғи заттардың – қурай шыбық, балғын, бұта-бұтақтан басталып, қамшы мен бишікке дейін жетілдіре келіп жеткен ғой.

         Әрі мықты, әрі шып етпе өткір, қолға ұстауға қолайлы, жеңіл қамшы мен бишік көп. Қамшының: ат қамшы, дырау қамшы, дойыр қамшы, дүре қамшы, күдері қамшы, жортуыл қамшы, ұзын қамшы, шолақ қамшы, орама сапты қамшы, мүйіз сапты қамшы, «сайтан» қамшы, «киелі» қамшы, «қасиетті» қамшы, жыланбауыр қамшы, өзекті қамшы, шашақты қамшы, тобылғы сапты қамышы, бала қамшы, шыбыртқы қамшы сияқты көптеген түрлері бар.

         Ат-көлікті айдау жабдықтарының бір түрі – бишік. Түрлері: жалғыз таспа шыбыртқы бишік, екі таспа, үш таспа, төрт таспадан есілген, ширатылған ұштарына таспа жалғанған ұзын және қысқа сапты бишік. Төрт таспа, бес таспа, алты таспа,сегіз таспадан өрілген, ұштарына таспа жалғанған қысқа түрлері көп кездеседі. Қамшы төрт таспа, алты таспа, сегіз таспа, он екі таспа,он алты таспа деп аталады. Таспаны тіліп, қырнап, сыдырып өңдеуіне қарай жуан-жіңішке болады. Қамшы да таспаның өңделуіне орай жуан, жіңішке болып өріледі. Көп таспалылар мен ішіне өзек салып өргендері әдейі жуандатылады. Өрілгеннен кейінгі үлгісі-жұмыр, төрт қырлы,алты қырлы болып шығады. Сапталмай тұрып, түрлі-түрлі ысқыдан өткізіледі.Қамшының сабынан өрімі қысқа түрлері де бар. Ерлерге арналған, әйелдерге арналған, балалар мен шал-шауқанға арналған түрлері молдау кезігеді. Жастар мен жігіт ағалары ұстайтын қамшылар алты тұтам ат қамшы, жеті тұтам жер қамшы деп аталады. Өткірлік жағынан өлшемі сабы алты тұтам, өрімі жеті тұтам қамшы дұрысырақ саналады.

         Қамшы өлшемі мұнымен шектелмейді. Терінің иеленуі, таспаның тілінуі, тері мен таспаның ерекше қасиеттеріне байланысты атаулары бар. Қалай өрілуі, өрім мен саптың өзара ұзын-қысқалық салыстырмасы, қамшының алақаны, алақанның ұзын-қысқалығы,қатқыл не жұмсақтаулығы шарт боп айтылады.

         Қамшыгерлер өз дағдысы, өз есебі бойынша қалғанын өздері жасап алады немесе өрімшілерге арнайы тапсырма беріп өргізеді. Қолайына жаққан қамшыларын ұстаған қамшыгерлер өздерін қарулы адамдай сезінеді.

Қамшы жасауға аттың, сиырдың терісі дайындалады. Сиыр терісімен салыстырғанда аттың терісі тегіс, жұқа болады, өргенге ыңғайлы келеді.

         Қамшының бабын келтіруде төмендегі мәселелерді ескерген жөн: .

         Қамшының жасалуы: 1. Қайыстың бабы,         2. илену шарттары, 3. тілу, таспа шарттары, 4. сыдырғыдан өткізу шарттары, 5. өру баптары, 6. ысқыдан өткізу 7. алты таспа бұзау тіс, былжырамай аттан түс деген қазақтың сөзіндегідей, алты таспалы қамшы жасау. 8. Алақанның шарты, 9. саптың шарттары, 10. саптау шарттары, 11. бүлдіргі шарты, 12. қамшының салмағы, 13. қамшының ұзындығы. 14. қамшының бағасы (құны): қамшының құны бір қой, бір тайынша, бір ат болуы да мүмкін. 15. қамшының атақтары: бірінші дәрежелі, екінші дәрежелі, үшінші дәрежелі деген сияқты.

         Қамшы өрімі: 1. жұмсақтық бабы,

 2. ұлпа, тірілеу, қатқылдау, жұмсақтау, шылғилау, шылғисымақтау, т.б.

 3. шикілеу, сәл шикілеу, иі қану, иі қанбау, иін қандыру, иін қандырмау

Сондай-ақ төмендегі мәселелерді де ескеру керек:  таспаның бабы, сыдырғыны өткізу бабы, алақанның бабы. Осы бабының келісу-келіспеуіне қарай қамшылар екіге бөлінеді: қоқима қамшылар, өте жұмсақ қамшылар.

Бүкіл әлемге ортақ суық қару, көкқару, отқарулар өздерінің ілгерінді- кейінді тарихымен бірге әрбірі өзіне ылайық халықтық, мемлекеттік заңдылықтарында сақталған. Мысалы, суыққарудың бір түрі қамшыға арналған халықтық Заңда, қамшыны жасарын ұстамау, қамшы ұстап үйге кірмеу, қамшыны біреуге қаратып білемеу, сияқты халықтық тиымдар қазақтың кейбір руларында, әсіресе моңғол елінде бүгінге дейін сақталып келгендігі айтылып жүр.

Мұндай тимды ұстанған елде үйге кірерде, қамшыны аттағы ердің үстіне қыстырып сыртта қалдырады. Киіз үйдің сырттағы белдеуіне қыстырып кетеді. Егер байқаусыз үйге қамшы ұстап кірсе, қамшыны керегенің басына қыстырып барып, төрге шығады. Тағы-тағылар бар.

         Қамшыгерлік машығын (мамандығын) егжей-тегжейлі есептегенде Қытайдың, Жапонияның «У-шу», «Каратэсі» сияқты деуге болады. Ал «У-шу» мен  «Каратэ» дамытылып, үстемеленіп, мамандарды жетілдіріп, тарихи тәжірибелері қағазға түсіріліп келеді. Ал қамшыгерлік  ұмытылып, жоғалып барады. Сондықтан осы спорт түрін әлі де халық арасында бар жұрнағын қайта тірілтіп, адам өміріне қауіп келмейтін жағын ескере отырып, ережесін жасауға болар еді.

 

Резюме. В статье рассматривается проблемы один из старинных национальных игр – камчи.

Summary. The paper considers the problem of one of the old national games – Camci.

 

Әдебиеттер:

1.     Бабалықұлы Ж. Қамшыгерлік көне спорт түрі. «Жас қазақ», 2001, №4

2.     Нұржекеев Б. Қазақтың ұлттық ойындары. А., 1971.

3.     Абишев К. Ұлттық ат ойындары.А., 2009